Валюта бағамы
  • USD -

    512.3
  • EUR -

    580
  • RUB -

    6.37
АЭС құрылысы: саяси басымдықтар мен тәуекелдер
Фото: Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ» 02 қазан 2024
АЭС құрылысы: саяси басымдықтар мен тәуекелдер

Қазақстанда атом электр станциясының  құрылысы –  ел экономикасына, энергетикалық кешеніне және саяси тұрақтылығына елеулі әсер ететін маңызды стратегиялық қадам. Қазақстандық қоғамда атом электр станциясы туралы мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Алайда АЭС құрылысының басымдықтары мен  саяси тәуекелдері жан-жақты талқылауды қажет етеді.

АЭС құрылысының басты артықшылықтарының бірі — Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Электр қуатына сұраныстың артуына байланысты  елдің оңтүстік аймақтарында уранның мол қорын ескере отырып атом электр станциясы ауа-райына тәуелсіз тұрақты энергия көзіне айналуы мүмкін. Атом қуатының  күн немесе жел энергетикасы сияқты баламалы энергия көздерінен басты  ерекшелігі — оның тұрақтылығы. Бұл еліміздің энергетикалық кешенінің  ұзақ мерзімді перспективада  электр қуаты  мен қазба отын импортына тәуелділігін азайтуы мүмкін.

Француздық Assystem халықаралық компаниясының атом саласындағы бизнесті дамыту жөніндегі сарапшысы Эдгар Сибергер Қазақстанның уран жеткізушісі ретінде ғана емес, атом энергиясын өндіруші ретінде де даму үшін бірегей мүмкіндіктері бар екенін растайды.

- Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел ретінде аумақтың энергетикалық жүйесінде  шешуші рөл атқарады. Оның стратегиялық әлеуеті мен бай ресурсы, соның ішінде әлемдегі уранның ірі қоры Қазақстанды әлемдік  атом энергетикасы индустриясында маңызды ойыншыға айналдырады. Бұл салада  көрші елдер мен халықаралық серіктестерге байланысты шешім қабылдау қажет. Қазақстан Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен атом энергетикасы саласында белсенді ынтымақтасады,  тиімді өңірлік энергетикалық жүйелерді құру үшін мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай ынтымақтастық Қазақстанға өзінің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі, - деп атап өтті сарапшы.

АЭС құрылысының маңызды артықшылығы – көміртегі қалдықтарын азайту. Қазақстан  әлем бойынша көмірсутегі шикізатының  ірі өндірушісі болғандықтан жаһандық көміртегі бейтараптығы саясатына қатысты  қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ал АЭС құрылысы  Қазақстанда энергияның негізгі көзі саналатын көмір электр станцияларын пайдалануды қысқартуға және сол арқылы халықаралық экологиялық стандарттар мен міндеттемелерге сәйкес ауаға бөлетін  парниктік газдар деңгейін төмендетуге септесер еді.

Атом электр станциясының құрылысы отандық ғылым мен технологияның дамуына түрткі болады. Атом энергетикасын енгізу білікті кадрларды даярлауды, заманауи технологияларды енгізуді және елдің жалпы технологиялық деңгейіне оң әсер етуі мүмкін ғылыми кластерлерді құруды талап етеді.

Атом электр станциясының құрылысы басымдықтармен қоса  саяси тәуекелдерге ие. Ең бастысы-қоғамдық пікір негізінде  саяси тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін. Посткеңестік  елдерде, соның ішінде Қазақстанда атом энергетикасын халық Чернобыльдағы апатпен және Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарымен байланыстырады. Бұл  кешенді жобаға теріс көзқарасты  қалыптастыруы мүмкін. АЭС салу бойынша түпкілікті шешім қабылдау мүмкіндігі  азаматтарға биыл 6 қазанда референдум барысында беріледі. Референдум өткізілмес бұрын елімізде ақпараттық- түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, басқосулар барысында мамандар бейбіт атомның қауіпсіздігі туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар, сарапшылар қазіргі заманғы атом станциялары қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын ескере отырып салынып жатқанымен, апаттар қаупін толығымен жою мүмкін еместігін де ескереді. Кез келген апат экологияға да, елдің халықаралық аренадағы имиджіне де  әсер етуі мүмкін. Апат немесе радиацияның шамадан тыс мөлшері   Қазақстан экожүйесі  мен халықтың денсаулығына орны толмас залал келтіреді.  Алайда, мамандар барлық нормалар мен ережелер қатаң сақталса, атом энергетикасы қауіпсіз екеніне сенімді.

- Пандемия кезінде атом энергетикасы өзінің тұрақтылығын дәлелдеп қана қоймай, оның қауіпсіз екенін әрі құбылмалы энергетикалық қажеттіліктерге жауап беруге жақсы бейімделгенін  көрсетті. Пандемия басталғаннан кейін көптеген елдерде, соның ішінде Бразилияда, Үндістанда және Оңтүстік Кореяда ядролық қуатты игеруге бетбұрыс жасалды. Атап айтқанда, Ұлыбританияда атом энергетикасы электр қуатын өндіру үшін көмір жағу көлемінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті, - дейді халықаралық атом энергиясы агенттігінің сарапшылары.

АЭС құрылысын талқылауда халықаралық деректер  маңызды рөл атқарады.  Қазақстан әр түрлі халықаралық келісімдер мен шарттардың қатысушысы екенін ескерген жөн. Ядролық материалдарды рұқсатсыз пайдалану күдігі халықаралық шиеленістер мен санкцияларды туындатады, бұл елдің сыртқы дипломатиялық қатынастары мен экономикасына теріс әсер етеді.

Саяси тәуекел шетелдік технология жеткізушілердің қарым-қатынасына да тікелей тәуелді. АЭС құрылысы үшін Қазақстан шетелден  озық технологияларды  сатып алады. Бұның бір тараптан  геосаяси салдары болуы мүмкін.  Шет мемлекеттерге тәуелділіктің артуына жол ашады. Мысалы, егер технологиялардың негізгі жеткізушілері Ресейден, Қытайдан немесе басқа елдерден болса, бұл олардың саяси ықпалының күшеюіне әсер етуі мүмкін  деген күдік басым.

Қазақстан АЭС құрылысына қатысты қандай талаптар қоюы мүмкін деген сауалға жауап іздеп көрдік.

​- Қазақстанда АЭС салу үшін мердігерді таңдау экономикалық тұрақтылық, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық стандарттарға  негізделетін болады. Жоба Ұлттық атом энергетикасын дамытуға және жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл —   тек коммерциялық бағыт және таңдалған компания немесе компаниялар тобы тек  станция  құрылысымен айналысады,— деп хабарлайды ресми ақпарат көзі.

Жалпы айтқанда Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы – бұл энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ете алатын стратегиялық шешім. Сондықтан жобаны сәтті жүзеге асыру үшін тәуекелдерді азайту және ел үшін атом энергетикасының артықшылықтарын барынша пайдалану үшін ішкі және сыртқы сын-қатерлерді ескеретін кешенді стратегияны жан-жақты талқылау және әзірлеу қажет.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.