Валюта бағамы
  • USD -

    473.5
  • EUR -

    549.5
  • RUB -

    5.99
АЭС: инфрақұрылымдардың жаңаруы мен жаңа жұмыс орындары
avsplast.kz 29 қыркүйек 2024
АЭС: инфрақұрылымдардың жаңаруы мен жаңа жұмыс орындары

Қазақстанда атом электр станциясы құрылысының салынуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, елдің еңбек нарығына оң әсер етеді деген сенім бар. Егер АЭС салынып, нысан іске қосылған жағдайында аймақтың инфрақұрылымында айтарлықтай өзгерістер болады. Атап айтқанда, көлік, әлеуметтік, инженерлік және телекоммуникациялық желілер жақсарады.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда атом электр станциясы салынған жағдайда уақытша жұмыспен қамту шараларына 8 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Атап айтқанда, инженер, құрылысшы, техник, сәулетшілер, сондай-ақ бірқатар басқа мамандықтардың өкілдері қызмет етеді.

АЭС құрылысы аяқталғаннан кейін станцияны басқару және пайдалану үшін тұрақты қызметкерлер алынады. Атом электр станцияларының тұрақты жұмыс істеуі үшін энергетика, атом техникасы, қауіпсіздік, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және басқа да мамандандырылған салаларда білікті қызметкерлер қажет болары сөзсіз.

Атом энергетикасы саласында білікті кадрларға деген қажеттілік артқан жағдайда мемлекет пен жеке компанияларға білім беру бағдарламаларын жасап, мамандар даярланады. Сол арқылы мұғалімдерге, нұсқаушыларға және білім беру мамандарына сұраныс артады.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин АЭС құрылысына отандық мамандардың әлеуеті туралы пікір білдірді.

– Әлемдік тәжірибеге сәйкес, орта есеппен атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын персонал қажет. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды. Атом өнеркәсібінде кадрларды даярлау «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық физика және ядролық энергия», «Атом инженериясы», «Атом электр станциялары мен қондырғылары» білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Елдегі университеттерде білім беру бағдарламалары бойынша 2023-2024 жылдар аралығында осы салада оқып жатқан студенттер саны 250-ге жуық. Студенттер: «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ (Өскемен қ.), Қазақстан Республикасының Ядролық физика институты (Алматы қ.), Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (Курчатов қ.), сонымен қатар металлургия өнеркәсібінің кәсіпорындарында, ғылыми-зерттеу зертханаларында тәжірибеден өтіп, білім алады», - деді Серғазин Elorda.info интернет-басылымының тілшісіне.

Нысан орналасқан жер үлкен маңызға ие. Егер атом электр станциясы Қазақстанның экономикалық жағынан аз дамыған аймағында салынса, бұл инфрақұрылымның дамуын ынталандыруы мүмкін. Сол арқылы жол, тұрғын үй, денсаулық сақтау және құрылыс салаларында қосымша жұмыс орындары пайда болып қана қоймай, білім беру мекемелерінің саны артады.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша 1,5 мыңға жуық адам тұратын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылының маңындағы аумақ атом электр станциясын салуға ең қолайлы аумақ ретінде таңдалды.

– Атом электр станциясын салудың әсері әрқашан жоғары. Біріншіден, жұмыс орындары салынады. Қазақстан нысанды салуға қарастырып жатқан өңірде жұмыс аз. Станция құрылысы кезінде де, пайдалану кезінде де жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мысалы, АЭС құрылысы басталғаннан кейін Беларусьтің Островец ауылы энергетиктер қаласына айналды. Бүгінде онда 15 мыңнан астам адам тұрады. Ал іргесінде Аккую станциясы салынып жатқан Түркияның Мерсин қаласында қазір бос пәтерлер жоқ. Барлығында қызметке келген адамдар қоныстанған, жылжымайтын мүлік күрт қымбаттап кеткен. Балқаштың жағасында 15-20 мың халқы бар ядролық ғалымдардың қаласы да пайда болады деп ойлаймын. Бұл адамдар тек атом электр станциясын ғана емес, сонымен қатар барлық оған байланысты инфрақұрылымды: жолдарды, мектептерді, ауруханаларды салуға қатысады. Ол үшін көп жұмысшы керек, - деді Халықаралық ядролық бақылау институты консультативтік кеңесінің төрағасы Бауыржан Ибраев Informburo.kz тілшісіне.

Сарапшылар атом электр станциясының құрылысы аймақтың инфрақұрылымына күрделі әсер етеді деп түсіндіреді. Бұл, ең алдымен, құрылыс сатысында да, кәсіпорынды пайдалану кезінде де қуатты энергиямен жабдықтау жүйесін құру және техникалық инфрақұрылымды қолдау қажеттілігімен байланысты.

Құрылыс кезеңінде көлік инфрақұрылымын ауқымды дамыту жүргізіледі. Атом электр станциясын салу құрылыс материалдарын, жабдықтарды және персоналды көп көлемде жеткізуді талап етеді. Мұндайда жол, теміржол желілерін және порт терминалдарын құруды немесе жаңартуды қажетілігі туындайды. Көлік инфрақұрылымын дамыту, өз кезегінде, аймақтағы логистикалық байланыстарды жақсартып, экономиканың өсуіне ықпал етеді.

Әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы да сөзсіз жақсы нәтиже көрсетеді. Жұмысшыларды көптеп тарту қажеттілігіне байланысты, әсіресе құрылыс кезеңінде тұрғын үй кешендері, ауруханалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Процесс демографиялық жағдайға әсер етіп, аймаққа адамдарды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, тек атом электр станцияларына тікелей қатысты емес, сонымен қатар АЭС-пен сабақтас экожүйеге де әсер етуі мүмкін.

Маңызды аспектінің бірі: инженерлік желілерді – сумен жабдықтау, кәріз және электр желілерін құру және жаңғырту. Инженерлік желілер құрылысы нысанның өзін де, онымен байланысты елді мекендерді де тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

АЭС құрылысы дамыған телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялар жүйесін қажет етіп, тіпті инфрақұрылымға да оң әсер етеді. Байланыс құралдары мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қазіргі заманғы коммуникациялық шешімдерді дамытуда басым бағыт екені белгілі.

Сонымен қатар, атом электр станцияларының қызметі инфрақұрылым үшін белгілі бір проблемаларды тудыруы мүмкін. Мысалы, халық санының өсуіне және көлік және коммуналдық жүйелерге жүктеменің артуына байланысты олардың жұмысында қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда жолдарды, инженерлік жүйелерді және әлеуметтік нысандарды тиісті деңгейде ұстауға қомақты инвестиция қажет. Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы оң шешім қабылданған жағдайда бұл мәселені де шешуге тура келеді.

Шалқар Абылова,  Маңғыстау облысы

RELATED NEWS
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады
15 мамыр 2025
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады

 

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жамбыл облысында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асырады, деп хабарлайды Ulys.

Бүгін Сенатта Қазақстан мен БАӘ арасында Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Қазақстан жобаны халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Электр станциясы жылына 3,4 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етпек.

«Жоба аясында 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезінде мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылса, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияларға қол жеткізіп, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ, жоба аясында ұзындығы 425 шақырымдық жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады», - деп атап өтті Энергетика министрлігі.

Жобаны жүзеге асыру барысында инвесторлар қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдаланбақ.

«Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сай келеді. Бұған қоса Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады», – деді Есімханов.

АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания?
12 маусым 2025
АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания?

Қазақстанда атом энергетикасы жайлы әңгіме биыл күшейіп тұр. Үкімет білек сыбана кіріскенмен, халық екіұдай пікірде. Бірі қауіптенеді, бірі үміттенеді. Еліміз АЭС саламыз десе – әлем қарап отыр. Ал Қазақстан сол жауапкершілікті мойнына алып, алға қарай қадам басуда.

Сол сәтте сахнаға шыққан бір шетелдік серіктес бар. Аты – Assystem. Қайдан келді, не үшін келді, кім үшін жұмыс істемек?

 Француз ізімен келген тәжірибе 
Assystem – Францияда негізі қаланған, ядролық инженерия бойынша әлемдегі ең ірі үш компанияның бірі. Қазіргі таңда 12 елде 8 000-нан астам маманымен жұмыс істейді. 55 жылдан бері инженерия, цифрлық шешімдер, жобаны басқару мен құрылысты қадағалау бағытында қызмет көрсетеді.

Басты ерекшелігі – қауіпсіздік пен сенімділікке құрылған жоғары технологиялар. Assystem ядролық станцияны жобалап қана қоймайды, оны басқару жүйесіне дейін жетелейді.

 Assystem – енді Қазақстанда 
2025 жылдың басынан бастап Assystem Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясына ресми түрде араласты. Ол «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің техникалық кеңесшісі ретінде бекітілді.

Француздар бұл жобада не істейді? Олар АЭС салу барысындағы инженерлік шешімдерді тексереді, құрылысты бақылауға көмектеседі және жобалық басқару жұмыстарын үйлестіреді. Яғни, технологиялық процестің әділ төрешісі де, сенімді серігі де болмақ.

 "Қазақстан-2050": мұнайсыз болашақтың энергиясы 
Assystem Қазақстанға бизнес үшін ғана емес, болашақтың энергетикалық архитектурасын бірге тұрғызу үшін келіп отыр.

"Қазақстан-2050" стратегиясында 2050 жылға қарай еліміздің энергия өндіруінің 50 пайызы көмір мен мұнайдан емес, таза көздерден алынуы тиіс делінген. Қазір бұл көрсеткіш 30 пайыз шамасында. Демек, АЭС – көмірсіз келешектің бірден-бір баламасы.

 МАГАТЭ ұсынған жолмен 
Assystem АЭС жобасына халықаралық талаппен қарайды. Компания 2025 жылдан бері КАЭС-ке (ЖШС) технология таңдау әдіснамасын жетілдіруге көмектесіп келеді. Бұл процесте МАГАТЭ ұсынымдары – әсіресе NP-T-1.10 стандарты – негізге алынған.

 Француз сөзі – байсалды уәде 
Assystem компаниясының бас директорының орынбасары Стефан Обарбье былай дейді:
«Қазақстанның жаңа атом бағдарламасында серіктес болуға қуаныштымыз. Бұл бағдарлама өте маңызды. Біз оның қауіпсіз әрі тиімді жүзеге асуына үлес қосуға дайынбыз».

 Assystem – ядроның инженерлік ақылгөйі 
Assystem – жәй мердігер емес. Ол – күрделі инфрақұрылымға инженерлік дем беретін жүйе.

Компания тек реактор салып кетуді емес, тұтас технологиялық мәдениетті енгізуді көздейді. Оның фокусында – төмен көміртекті болашақ. Яғни ядролық және жаңартылатын энергия, таза сутегі, электр желілері мен көлік инфрақұрылымын декарбонизациялау.

 Қорытынды 
Қазақстан ядроға иек артып отыр. Бұл – үлкен тәуекел. Ал Assystem – сол тәуекелге халықаралық тәжірибе арқылы кепіл болуға дайын.

Атом энергиясы – бүгінгі емес, ертеңгі әңгіме. Сол ертеңге барар жолда Қазақстанның жанында кімдер болмақ? Қазірше бір жауабы бар: француздар.

Power Central Asia + China форумы мұнай-газ химиясы мен «жасыл» энергетика саласында стратегиялық жобаларды іске қосады
16 маусым 2025
Power Central Asia + China форумы мұнай-газ химиясы мен «жасыл» энергетика саласында стратегиялық жобаларды іске қосады

Бүгін АстанадаPower Central Asia + China алғашқы өңірлік энергетикалық форумы басталды. Халықаралық шара ҚР Энергетика министрлігі мен «Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығының» (АСИИР) ұйымдастыруымен өтуде. «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында ұйымдастырылған басқосуда үкіметтік және іскерлік топ өкілдері энергетика, өнеркәсіп және жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық бастамаларды талқылап, іске қосуды жоспарлауда.

Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшылары  қол жеткізген екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық пен келісімдерді іске асыру. Нәтижесінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтатын, шикізатты терең өңдеуді жеделдететін және тиімді энергетикалық экономикаға көшуге жағдай жасайтын стратегиялық жобалар жүзеге асып, ірі инвестициялық келісімдер жасалады.

Форумның негізгі бағыттары

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жиынды ашып, өз сөзінде форумның негізгі басымдықтарын атап өтті:

«Энергетикалық ынтымақтастық – Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің өзегі. Бүгінде біз «алтын отыз жылдыққа» қадам баса отырып, мемлекетаралық байланысты дамыту тарихында жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз. Негізгі бастамалар қатарында – Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаларды іске асыру бар. Бұл – әртараптандырылған, технологиялық экономика құруға бағытталған қадамдар».

Флагмандық жобалар мен келісімдер

Пленарлық сессия барысында Қазақстан мен Қытай өкілдері стратегиялық келісімдер арқылы жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды:

Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту: ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен CNPC зауыт қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қояды. Нәтижесінде еліміздің шикізат өңдеу, мұнай өнімдерін экспорттау әлеуеті артады.

Газ саласы: Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауытты іске қосу. Негіздемелік келісім «QazaqGaz» ҰК, Ақтөбе облысы әкімдігі мен қытайлық серіктестер арасында жасалады. Сонымен қатар, China Construction Bank Corporation инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін 1 млрд доллар көлемінде несиелік желі ұсынатын болады.

«Жасыл» энергетика: Форум жаңа бастамаларға жол ашады. Мәселен, энергия жинақтау құрылғысымен жабдықталған «Сауран» күн электр станциясының құрылысы, China Southern Power Grid компаниясымен гидроаккумуляциялық станциялар салу және China Energy International компаниясымен сутегі энергетикасы саласында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.

Технологиялық ынтымақтастық және өндірісті жергіліктендіру

Қытайлық PowerChina, Huawei және Longi корпорациялары Қазақстан аумағында озық технологияларды енгізіп қана қоймай, оларды жергіліктендіруге де дайын екендіктерін жеткізді. Форум аясында зерттеу және даму (R&D) орталықтарын құру, цифрлық шешімдерді енгізу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөнінде бірқатар келісімдер жасалады.

Қорытынды және тың жобалар бастауы

Форумдағы шешуші сәт – энергетика саласының жетекші өкілдері мен инвесторлардың келісімдер топтамасына ресми қол қою рәсімі. Негізгі құжаттардың қатарында Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту, газ-химия өндірісін құру және жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жөніндегі келісімдер бар.

Power Central Asia + China форумы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласындағы әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын көрсетті. Қол қойылған келісімдер мен ауқымды жобалар өңірлік энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты экономиканың негізі болмақ.