Валюта бағамы
  • USD -

    477.1
  • EUR -

    543.5
  • RUB -

    5.77
2022 жылдан бері елге 1,12 триллион теңге қайтарылды
canva.com 17 қаңтар 2025
2022 жылдан бері елге 1,12 триллион теңге қайтарылды

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елімізде қабылдаған шаралары туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Антикор қызметінің биылғы жоспары, соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі негізгі міндеттері таныстырылды.

Асхат Жұмағалидың айтуынша, былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталған. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталды. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталды.

Агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы 1,12 триллион теңгеге бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткен. Былтыр сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.

Президентке ведомствоның мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізіп, 87,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегені жөнінде айтылды. Маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың құрылысын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Агенттіктің қадағалауында 182 нысан бар, оның ішінде 81 құрылыстың жұмысы аяқталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Президент тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады. Атап айтқанда, жол саласындағы жемқорлықты жою үшін талдау жүргізіліп, уәкілетті органдарға бірқатар ұсыным берілді. Агенттік қызметкерлерінен арнайы құрылған топтар өңірлердегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатыр. Бақылауға алынған 258 жобаның жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын 119 учаскесі пайдалануға беріліп, оларда анықталған ақаудың 95 пайызы ретке келтірілді.

«Цифрлық теңге» платформасында «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл тетік ауыл шаруашылығы мен жол салаларының жекелеген бағыттарында қолданылып жатыр. Кейіннен оны цифрлық жүйемен бірге бюджет қаржысын жұмсаудың барлық кезеңіне енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, медицина, спорт және әлеуметтік қолдау салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары аяқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық сақтау секторындағы талдау қорытындысы бойынша дәрі-дәрмектің үстеме бағасы арзандағаны жөнінде ақпарат берілді. Бұл азаматтардың қажеттілігін өтеп, әлеуметтік мәселелерін шешуге оң әсер етеді. Елімізде науқастарға QR-код арқылы тегін дәрі-дәрмек беру жобасы іске қосылды. Аталған бастама жалған рецепттер жазып беру, дәрі-дәрмектерді ұрлау тәуекелдерін азайтып, бюджет қаржысын үнемдейді.

Президентке халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелері, соның ішінде Әзербайжан, Ресей, Гонконг, Иордания және Қатар елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен меморандумдарға қол қойылғаны туралы айтылды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының ұсынымдарын іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда. Оның аясында озық халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтін 2 заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

RELATED NEWS
Футбол федерациясының бұрынғы басшысына қатысты тергеу басталды
04 наурыз 2025
Футбол федерациясының бұрынғы басшысына қатысты тергеу басталды

Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulys.

Қаржы мониторингі агенттігі Барменқұловқа, сондай-ақ федерацияның бірқатар бұрынғы қызметкерлеріне қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Барменқұлов 2021-2024 жылдар аралығында ҚФФ басшысы қызметін атқарған.19 қарашада ұйымның кезектен тыс отырысында ол қызметінен кетті.

БАҚ тарапынан келіп түскен сұраныстарға байланысты, ҚМА Қазақстан футбол федерациясының бұрыңғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын растайды,- делінген Қаржы мониторингі агенттігі хабарламасында. 

Нығматулиннің іздеуде жүрген ағасы Қазақстаннан қылмыстық іс қозғалмай тұрып кетіп қалған
20 наурыз 2025
Нығматулиннің іздеуде жүрген ағасы Қазақстаннан қылмыстық іс қозғалмай тұрып кетіп қалған

Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulys.

«Біз оның Қазақстанда емес екенін білеміз. Тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Ол Қазақстанда емес. Оны іздеу және елге қайтару бойынша шаралар жүріп жатыр. Іздеу шаралары барлық елді қамтиды, оған мемлекетаралық іздеу жарияланған», - деді Құрақбаев Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Естеріңізге салайық, наурыз айының басында 69 жастағы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланды. Оны іздеуге прокуратура бастамашы болған, ал іздеу шараларын Антикор жүргізеді.

Сырттай 9 жылға сотталған Талғат Ардан Түркияда ұсталды
13 мамыр 2025
Сырттай 9 жылға сотталған Талғат Ардан Түркияда ұсталды

2019 жылғы қыркүйекте Бас прокуратура Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын, деп хабарлайды Ulys.

«Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген. Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталья қаласында ұстады. Биыл 9 мамырда Анталья қаласының соты Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазір қамауда», - деп хабарлады ҰКҚ баспасөз қызметі.

Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының соты Талғат Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырған еді.