Валюта бағамы
  • USD -

    481.9
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.27
Тоқаев: Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс
Фото: Ақорда 29 тамыз 2024
Тоқаев: Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл датаның айтулы белес екенін атап өтіп, сала қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

– Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай өнеркәсібі өз тарихы мен дәстүрі бар сала екеніне тоқталып, оның қалыптасып, дамуына елімізге белгілі тұлғалар зор еңбек сіңіргенін жеткізді. 

мұнай
Фото: Ақорда

– Геологтеріміз көптеген кен орнын ашты. Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев бастаған мамандар кеніштерді ел игілігіне жаратты. Олардың тағылымды еңбек жолы әрдайым жас ұрпаққа үлгі болары анық. Аға буынның өнегелі ісін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Бұл салада тұтас еңбек династиялары бар, яғни, қара алтын өндірісі бүгінде мұнайлы аймақтың ата кәсібіне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атады. Бұл ретте мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады. 

мұнай
Фото: Ақорда

– Қазір осы салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасты. Қазақстанда мұнай өндірумен қатар, оны өңдеу жұмысы жолға қойылған. Негізгі жанар-жағармай өнімдерінің көбі өз елімізден шығады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл жұмысқа зор үлес қосып келе жатыр. Қазақстан әлемдік мұнай нарығында басты рөл атқаратын елдердің біріне айналды. Дүние жүзіне белгілі брендіміз бар. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі нығая түсті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Chevron, ExxonMobil, CNPC, Eni, Shell, ЛУКОЙЛ, Total және Sinopeс сияқты жетекші әлемдік мұнай-газ корпорациялары елімізде аталған саланы дамытуға ерекше ықпал етіп отыр. 

мұнай
Фото: Ақорда

 

– Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспий құбыр желісі консорциумы жобасын іске асыру – мемлекет пен инвесторлар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан бұл салада ашық және жан-жақты ойластырылған саясат жүргізу арқылы жаһандық экономикаға дендеп еніп, үлкен көлемде инвестиция тартып жатыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы энергетика саласының түбегейлі өзгергеніне, логистика, экология мәселелерінің маңызы артқанына назар аударып, бұл секторда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндетке тоқталды. 

мұнай
Фото: Ақорда

– Ғылыми-технологиялық прогресс әлемдік мұнай-газ саласын дамытуда айрықша рөл атқарады. Мұнай өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлау және кен орындарын игеру ісіне озық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бұрын-соңды болмаған халықаралық тұрақсыздық жағдайында экспорттық бағыттарды одан әрі әртараптандыру – басты міндет. Мұнай өңдеу секторын дамыту маңызды. Заманауи экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерінің тұрақты өндірісін қамтамасыз ету керек. Мұнай-газ химиясының да келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жақында Атырауда полипропилен зауыты іске қосылғанына тоқталып, осы саладағы басқа да жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

– Біз өңделу деңгейі жоғары өнім шығару мүмкіндігімізді еселей түсуіміз керек. Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Аталған секторда қызмет ететін ірі кәсіпорындар отандық кәсіпкерлердің өнімдерін өз қажетіне жаратуға басымдық бере отырып, жергілікті үлесті кезең-кезеңімен арттыра беруі қажет. Әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымның дамуына қомақты үлес қосу – негізгі міндет. Білікті мамандар даярлауға баса мән беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

АЭС қатысты референдумды өткізуге 15 млрд теңге қажет
03 қыркүйек 2024
АЭС қатысты референдумды өткізуге 15 млрд теңге қажет

Атом электр станцияға қатысты жалпыұлттық референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге қажет. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Республикалық референдум туралы конституциялық заңға сәйкес, Орталық референдум комиссиясы шығындардың болжамды сметасын әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынады. Біз президенттің жарлығы жарияланғаннан кейін, есеп-қисап жүргіздік. Біздің болжамды сметаға сәйкес, шығындардың жалпы сомасы 15,5 млрд теңгені құрап отыр», деді ОСК мүшесі Сабила Мұстафина.

Айта кетейік, жалпыұлттық референдум  6 қазан күні өтеді.

1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды
11 маусым 2024
1 шілдеден бастап газдың бағасы қымбаттайды

Энергетика министрлігі ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Ulys.

Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасының жоспарланып отырған ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 шілдеден бастап автомобиль газының құны:

  • Астана - литріне 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы – 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шымкент - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Ақтөбе облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Атырау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Ақмола облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Алматы облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Шығыс Қазақстан облысы-84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жамбыл облысы - 78 теңге (қазір 71 теңге);
  • Батыс Қазақстан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қостанай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Қызылорда облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Қарағанды облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Маңғыстау облысы - 59 теңге (қазір 54 теңге);
  • Павлодар облысы - 81 теңге (қазір 74 теңге);
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 89 теңге (қазір 81 теңге);
  • Түркістан облысы - 70 теңге (қазір 64 теңге);
  • Абай облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Жетісу облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге);
  • Ұлытау облысы - 84 теңге (қазір 76 теңге).

Бұйрық 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп көзделген.

Құжат 17 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.