Валюта бағамы
  • USD -

    522.1
  • EUR -

    613
  • RUB -

    6.61
Қазақстандағы АЭС: Дерек пен дақпырт
Фото: jjtv.kz 21 қыркүйек 2024
Қазақстандағы АЭС: Дерек пен дақпырт

Елімізде жасыратыны жоқ атом электр станциясының құрылысы төңірегінде дәйексіз деректерге негізделген дүдәмәл пікірлер мен негізсіз тұжырымдар толастамай тұр. Алайда  атом қуаты таяу болашақта еліміздегі   бірқатар экологиялық және экономикалық мәселелердің кілтіне айналады. Меншікті атом электр стансасы энергия тасы­малдаушылардың импортына тәуел­ді­лікті азайтуға, елдің энергетикалық қау­іп­­сіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ отандық атом өнеркәсібін өрістету  энергетикалық жүйенінің теңгерімін үйлестіруге септеседі. 

Атом энергетикасын игеру төңірегінде туындаған  дақпырт  ескірген әрі дәйексіз мәліметтерге негізделген. Уақыт өткен сайын атом энергетикасы саласындағы технологиялар қарқынды дамып, олардың  қауіпсіз және экологиялық таза энергияның қайнар көзі екеніне сенім артты. 
Атом электр станцияларының қауіпсіздігіне  қатысты халықтың  күмәні Чернобыль (Украина) және "Фукусима 1" (Жапония) сынды АЭС орнаған  алапат апаттан кейін үдей түскені мәлім . Алайда, жаһандық сарапшылардың басым бөлігі қазіргі заманғы атом электр станциялары қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарына сәйкес  салынып жатқанын айтады. Технология уақыт өткен сайын  үздіксіз даму үстінде, сондықтан қорғаныс механизмдері ықтимал апаттардың алдын алады. 
Атом станциялары туралы  қате түсінікті  көбінесе  атом бомбалары  мен  атом электр станцияларының құрылымы туралы білімі жоқ адамдар қалыптастырады.  Ядролық бомба мен реакторлық қондырғылардың жұмыс бағдары мен принципі мүлдем  екі бөлек нәрсе. Атом электр станцияларының жарылуы мүмкін еме,  себебі тізбекті реакция қауіптің алдын алады. 
3 + буынды реакторық қондырғылар салқындату жүйелерімен жабдықталған. Бұл электр қуаты өшкен жағдайда да бірқалыпты температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде апаттың болу қауіпін сейілтіп, құрылғының қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бұдан бөлек, реакторлық қондырғылар заманауи басқару және бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. 

Көптеген адамдар атом электр станциялары қоршаған ортаға  зиян келтіреді деп санайды. Шындығында, атом станциялары көмір және газ электр станциялары сияқты дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда ауаға көмірқышқыл газының ең аз мөлшерін шығарады. Сондай-ақ әлемдік ғылымда АЭС  қалдықтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу технологиялары дамып келеді. Экономикалық жүйесі дамыған көптеген елдер қазірдің өзінде жердің терең қабатына қалдықтарды көму тәжірибесін қолданады.
Кейбіреулер табиғи қуат  көздері (мысалы, күн немесе жел) жақын арада атом электр станцияларын толығымен алмастырады деп санайды. Дегенмен, атом энергиясы электр желісіне негізгі жүктемені қамтамасыз ете алатын ең тұрақты көздердің бірі болып қала береді. Күн және жел энергиясының   энергия тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. 
Атом электр станциясының құрылысы айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет еткенімен ұзақ мерзімді перспективада мұндай станциялар арзан электр энергиясының басты көзіне айналады. АЭС  іске қосылғаннан кейін пайдалану шығындары мен энергия құны дәстүрлі электр станцияларымен салыстырғанда едәуір төмен болатынын атап өткен жөн. 
 
Қоғамда атом станциялары террористердің нысанына айналуы мүмкін деген қауіп те бар екені мәлім. АЭС сияқты сан деңгейлі  стратегиялық нысандарда  қорғаныс  қатаң қадағаланады. Атом станциясының конструкциялары ауыр апаттарға, соның ішінде ықтимал террористік актілерге төтеп береді. Ядролық нысандардың қауіпсіздігі көптеген елдер үшін ең басты басымдық  және АЭС ең қорғалған нысандардың бірі болары шүбәсіз. 
 
Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жүргізу тарихи шешім болмақ. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран қорына ие,  сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және отын-энергетикалық шикізатқа тәуелділікті төмендету үшін өз ресурстарын тиімді пайдалануға ұмтылады.
Мемлекеттің энергетикалық әлеуетін дамытуға деген ұмтылысы ұрпақ  болашағына бағытталған басты игілік деп ұғынуымыз керек. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жер жаһанда энергияны тұтыну екі есе артады. Сарапшылар Жапонияда апат салдары мен аса қайғылы  оқиғаларға және одан кейінгі бейбіт атомға деген халықтың күмәнінің артуына қарамастан, атом энергетикасы ең перспективалы бағыттардың бірі болып қала беретінін айтады. Әлемдік экономиканың дамуымен бірге күннен күнге артып келе жатқан электр қуаты  жаңа энергия блоктарын салуды талап етеді. Сондықтан ядролық энергетиканың негізгі ресурсы — уранға сұраныс артып келеді. 
 Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан жылына шамамен 113 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді,ал 128 млрд кВт/сағ тұтынады. Көмір және газ станцияларының көміртегі шығарындылары климаттың өзгеруіне және қоршаған ортаның ластануына ықпал етеді. 

Көптеген елдер қазірдің өзінде неғұрлым таза және тиімді энергия көздеріне көшуде, және Қазақстан орнықты даму және қоршаған ортаға әсерді азайту жөніндегі жаһандық мақсаттарды қолдай отырып, бұл бағытта  ілгерілеу үстінде. 
Сөзімізді қорыта айтар болсақ,  елдегі электр қуатының  тапшылығы, сондай-ақ атом өнеркәсібіне қатысты кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін табиғи ресурстардың мол қоры, Қазақстанда АЭС салу уақыт талабына сай қажеттілік екенін айғақтай түседі.

Голрох Жеменей
Маңғыстау облысы

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.