Валюта бағамы
  • USD -

    520.9
  • EUR -

    543
  • RUB -

    5.33
Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясына арналған 40 метрлік мурал ашылды
Фото: Астана әкімдігі 04 қыркүйек 2024
Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясына арналған 40 метрлік мурал ашылды

Сурет Сығанақ көшесі, 1 үйінің қабырғасына салынды. Оның биіктігі – 40 метр және ауданы 480 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Муралда ұлттық киімдегі балалар бейнеленген. Көшетті суарып тұрған балалар өсу мен өркендеуді бейнелейді. Көк аспанның фонында шаңырақ пен уықтарды және Астананың көрнекті жерлерімен безендірілген жасыл планетаны көруге болады. Муралда «Таза Қазақстан - Таза болашақ» деген жазу жазылған.

Мурал осы жылдың сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының аясында салынған. Осы бастама аясында елордада түрлі іс-шаралар өткізіліп, оған мыңдаған астаналық қатысты. Тұрғындар қаланы абаттандыруға, ағаш отырғызуға, өзендерді тазартуға және рұқсат етілмеген полигондарды жоюға белсенді қатысып, әлеуметтік бастамаларға қолдау беруде.

RELATED NEWS
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде
12 маусым 2024
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде

«Таза Қазақстан» road-эстафетасының ІІ-ші күнінде вандализммен күрес жалғасын тапты, деп хабарлайды Ulys.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды. 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын», - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.   

«Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады.  Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады. 

«Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз», - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

 

 

Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты
10 маусым 2024
Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады, деп хабарлайды  Ulys.

Бүгінде дарынды мектеп оқушылары да «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл күні Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады.

Мәселен, орталық шәкірттері ұстаздарымен бірге жиналған қоқыс қалдықтарынан 200-ден аса түрлі картина, қуыршақтар мен ыдыстар әзірлеген. Оқушылар мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған жобалар әзірлеген. Атап айтқанда, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенконың «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісханның «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасынның «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебектің «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыт жобалары «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі «Көрме» залында таныстырылады.

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысады. Конкурстың мақсаты – тазалықты сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың бірлігін, татулығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыру.

Арнайы құрылған комиссия конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына баға беріп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттайды.

Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурстары өткізіледі. Атап айтқанда, Байзақта «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай ауданында «Ең үздік аула», Т.Рысқұловта «Ең белсенді тұрғын», Таласта «Ең үздік көше», Шуда «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізіледі. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула» атты тазалық жұмысы, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Осындай акциялар барлық ауданда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында өтеді.

2024 жылы өңірдегі жөл жөндеу жұмыстарына 23,1 млрд теңге бөлінді. 469,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, 155,3 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 286,2 шақырым елді мекен көшелері мен 28,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы. Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.

Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.

2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.

Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды
02 қараша 2024
Жетісу облысында қоқыс сұрыптайтын контейнерлер тегін таратылды

Жетісу облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тек сенбілік шараларын  ұйымдастырумен шектелмей, ақпараттық-түсіндіру және қайырымдылық бағыттарында да жұмыстар атқаруда, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мәселен, жастарға қызмет көрсету орталығында 1 қараша күні «ЭКОtime» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, қатысушыларға қоқысты дұрыс сұрыптау және сол арқылы қайырымдылықпен айналысу жолдары түсіндіріліп, іс жүзінде көрсетілді.

Өңірдегі экобелсенді, волонтер Ғазиз Аманжолұлы  2021 жылдан бері өз үйінің ауласында целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын бөшкеге бөлек сұрыптап, барша азаматтарды аталған істен үлгі алуға шақырады.

Экобелсенді сұрыпталған қоқысты шикізат қабылдап алушы компанияларға ай сайын өткізіп, түскен қаржыны қайырымдылық қорларына табыстап келеді, соның бірі «Харекет» қоры. Бұл бастама бір оқпен екі қоянды атқандай деп есептейді.

2024 жылдың тамыз айында республикалық акцияға қолдау білдіру мақсатында экобелсенді өзінің жеке бастамасымен спонсорлық көмекпен Талдықорған қаласындағы аз қамтылған отбасыларға 100 дана қоқыс сұрыптайтын контейнерді тегін таратып, қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары түсіндірді. Сонымен қатар, сұрыпталған қоқысты қабылдайтын компаниялардың тізімін де қосып берген. 

Жақсымен пайдалы іске барша жетісулықтарды шақырамыз!

Жалпы, өздеріңізге мәлім, тек ел аумағында ғана емес, табиғаттың қоқыспен ластануы барлық мемлекеттердің жерлеріне де мұхиттарға үлкен зардаптарын тигізуде. Жанған қоқыстар улы химикаттар бөліп, адам денсаулығының асқынуына бірден бір себеп болып отыр. Өкінішке орай, адамдардың қоқысты сұрыптау мәдениетіне әлі де алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлоффанға салып, тастай салу немесе жолда кетіп барып, кез-келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлары азаймай тұр.

Сонымен қатар, Жетісу облысының Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары ұйымдастырумен «Таза орта» акциясын ұйымдастырды. Акциясының мақсаты,  ғимарат тазалығын сақтау барысында артқарылатын тазалық жұмыстарын жүргізу,  жұмыс орнында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету.  Акцияға Жастарға қызмет көрсету орталығының мамандары, техникалық қызметкерлері қатысты.

Таза болса табиғат – аман болса адамзат деген ұранды ұстай келе, адамзат баласын табиғатты таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз деп есептейміз. 

Айта кету керек,  «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1990 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 10714 тонна қоқыс шығарылып, 2445 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 38003 түп көшет отырғызылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 226 мыңнан астам адам атсалысты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.