Валюта бағамы
  • USD -

    474.9
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды
редактор 28 мамыр 2024
Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды

Бас прокуратура Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталғанын растады, деп хабарлайды Ulys.

Бас прокуратура 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысы Қарасай ауданы Кошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау орнында азаматтарды азаптау бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде, 2024 жылғы 28 мамырда ҚПК-нің 128-бабына сәйкес Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Б. Абильбеков ұсталды», - делінген хабарламада.

RELATED NEWS
АЛАШ МЕЦЕНАТТАРЫ
08 сәуір 2019
АЛАШ МЕЦЕНАТТАРЫ

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа, әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі — қазақ байлары болды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталған әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Өйткені жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ қалталылары тарапынан өтеліп отырды.

Алашорда үкіметінің экономиклық және қорғаныстық тірегі саналған қазақ байлары қатарында Семейлік Үкібаев Қаражан, Шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Ақаев Хасен, ағайынды Бекметевтер, Ақпаев Ыбырай, Жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен Қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Әлниязов Тобанияздарды ерекше атап өтеміз.

Қазақ байларының Алаш мұраты жолындағы ерен еңбегі – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Жалпы қазақ байларының ЖОО оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы тағайындауы, демеушілік жасауы әлі де болса зерттелуі тиіс.

Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қолдаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, “Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю” деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алқашқы қадамы болғаны анық.

Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекеттері үшін жергілікті әкімшілік тарапынан қуғынға түсіп, түрмеге қамалды. Сол қиын сәтте Алаштықтарға көмек қолын созып, демеу болған қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады.

1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан кейін Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль төлеп шығарған.

Әлихан Бөкейханов 1908-інші жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп «Әлекеңдер қазаққа керек адам»  деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған.

Қазақ байларының меценаттық қызметінің келесі кезеңі – қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген “Қазақ” газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, “Қазақ” газетінің 1915 жылғы санында “Ауқатты алаш азаматтарына” атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны аңғарылады. Жетісудың Қапал уезін жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл, Тұрысбектердің байлығын ұлт мәдениетіне, мектеп ашу ісіне бағыттай білгенін қазақ меценаттығының айқын көрінісі де деп айта аламыз. Атап айтар болсақ, 1913 жылы “Қазақ” газетінде басылған Есенғұл қажы Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабары қазақ оқығандарының арасында сілкініс тудырды.

Қазақ баспасөзі тарихына қаржылай көмекетескен келесі бір бай – Қаражан Үкібаев. Қаражанның игілікті істерінің бірі – “Абай” журналының жарық көруіне қол ұшын беруі еді.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібаевқа қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұхаңа: «Журналды шығарсаңыздар болды, оған қанша қаражат керек, үнемі беріп отырамын» - дейді. Жоғарыда келтірілген мысалдарды тұжырымдай келе айтарымыз, баспасөз, мәдениет саласындағы байланыстар Алаш қайраткерлеріне қазақ байының бейнесін анықтап берді.

Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдері үшін сын сағат 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін басталды…

Алашорда үкіметі Орынбордан Семейге көшірілгенде жергілікті аймақта оларға үлкен қолдау жасаған қазақ байлары болды. Жаңадан орналасып жатқан үкіметке жергілікті байлар, соның ішінде Үкібаев Қаражан үлкен демеушілік жасады. Мәселен, 1918 жылғы Семей Земство басқармасының жиналыстары мұрағат деректерінде көсетілгендей, Үкібаев Қаражанның Алашорда үкіметіне берген үйлерінде өтіп тұрған.

“Қазақ” газетінің 1917 жылғы қарашаның он төртіндегі санында жарияланған үндеуде “Өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады…” – делінген осы мақалада 5 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін шақыру жөнінде үндеу жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады. Сөйтіп екінші жалпықазақ съезінде қоғамда болып жатқан талан-тараж, бүлікшілікті ескеріп, қырғыз-қазақты бүліншіліктен қорғау үшін милиция құру мәселесіне байланысты 12 тармақтан тұратын ереже қабылдайды. Онда жасақ құру мәселесінде бүкіл қажеттіліктер Алашорда өкіметі есебінен бекітілген. Алаш автономиясының қауіпсіздігіне кепіл болатын Ұлттық Алаш милициясын құру ісіне қазақ байлары айтарлықтай қолдау көрсетті.  Солардың бірі аты жоғарыда аталған Үкібаев Қаражан еді. Кеңес үкіметіне қарсы құрылған Алаш атты әскерін үйымдастырушылардың қатарында атақты бай Үкібаев Қаражанның есімі аталады.

Сонымен қатар, Қарқаралы өңіріне аты шыққан бай, әрі Алаш қайраткері Жақып Ақпаевтың туған ағасы Ақпаев Ыбырайды тәркілеуге байланысты декреттегі жеке ісінде мынадай мәліметтер кездеседі: “…1918 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алашорда жасағы үшін Алаш полкінің полковнигі Тоқтамышевқа 600 жігіт аттандырды және осы қызметіне орай 2 корпус командирі генерал Лукин атаман Анненков арқылы 13. 08. 1918 г. Ақпаев Ыбырайды алтын медалмен марапаттаған” деген дерек бар. Ақпаев Ыбырайдың 600 жігіт шығарып беруі қисынға келмесі анық. Бұл ОГПУ-дің Ақпаевтарға жала жауып, қылмысын көбейтуге арналған әрекеттері болса керек. Алайда Ақпаев Ыбырайдың Алаш қозғалысына, Алаш милициясына қатысы бары анық. Бұл жағы әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз.

Алаш милициясын жасақтау Алашорданың батыс бөлімшесінде де қарқынды жүрді. Жергілікті бай, Алаш партиясының мүшесі Иса Көпжасаров Алаш милициясын жасақтауға көп еңбек сіңіріп, оның пайдасына өз дәулетінен 100 ат берген болса, Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен 3 съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Кеңес Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени артта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі-рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар Кеңес билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізі отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ен алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды деп айтылған.

Аталған қаулыға сәйкес, қазақ қоғамында ерекше әлеуметтік топты құраған қазақ байларының мал-мүліктері тәркіленіп, отбасыларымен Қазақстанның басқа өңірлеріне жер аударылды.

Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқында» кітабында: «Байдың малы белгілі бір дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған. Табиғи ортаның құбылмалы сипаты, малдың табиғи апаттарға барынша тәуелділігі, сыртқы жаудың шапқын-шабуылы және т.б. жағдайлар көшпелі шағын руларға ылғи да ашаршылық қатерін төндіріп тұратын. Сондай күйге ұшырағанда ру ішіндегі ауқатты адамдардың дәулеті барша ағайынның жан сақтар нәпақасы болған» —  деп қазақ қоғамындағы байлардың экономикалық әлеуетіне тарихи тұрғыда әділетті бағасын берген.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда тарихшы-ғалымдар тарапынан Алаш қозғалысы тарихы зерделеніп, Алаш қайраткерлеріне объективті баға берілуде. Алайда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кеңестік баспасөз тарапынан «алашордашыл», «контробанда», «ұлтшыл» деп айыпталған қазақ байлары мемлекеттік деңгейде әлі ақталған жоқ. Алаш партиясынның төңірегіне топтасып, қазақтың ұлттық мемлекеттігін өркениеттілік тұрғыда қалыптастыруға тырысқан Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамында арқа сүйеген тұлғалары – қазақтың байлары болды. Қазақ халқының сол кездегі негізгі әлеуметтік құрылымындағы үлкен экономикалық тізбекті құраған қазақ байлары ХХ ғасырдың басындағы прогрессивті оқиғалардан тыс қалмады. Жаңаша тың саяси идеялармен қаруланған Алаш арыстарына қаржылық және материалдық қажеттіліктер тарапынан қолдау көрсетіп, Алашорда деп аталатын мемлекеттік жүйенің қажеттіліктерінің түзілуіне мұрындық болған алашордашыл байлар арнайы зерттеу нысанына айналуы тиіс. Және саяси қызметтері ақталып, аталмыш топ өкілдерінің тізімі жасалып, Алашорда энциклопедиясына енгізілсе, Алаштанудың ақтаңдақ беттері түгенделер еді. Бұл Алаш қозғаласы тарихын зерттеудің ендігі сатысы болмақ.

 

 

Еркін РАХМЕТУЛЛИН, Алаштанушы

Әлихан БӨКЕЙХАН:  Біздің іздегеніміз Алаштың аты бәйгеден келгені
05 наурыз 2019
Әлихан БӨКЕЙХАН: Біздің іздегеніміз Алаштың аты бәйгеден келгені

Бүгін 5-ші наурыз ұлт көсемі, қабырғалы қайраткер Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. Алашорда үкіметінің көшбасшысы Ә.Бөкейхан бастаған алаш арыстарының еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Соңғы кезде балаларға Әлихан есімін қою көбейіп келеді. Бұның өзі ол кісіге деген махаббат пен шексіз құрметті көрсетеді. Осыдан ғасыр бұрын Әлихан «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», — деп жазыпты. Айтқаны айдай келді. Өз еркіміз өзімізде, өз тізгініміз өзімізде жеке ел болдық. Жалпы, Алаш көсемінің өз дәуірінде жазған салиқалы дүниелері әлі де құнды. Оның отты пікірлері уақыт өткен сайын бізге бағдаршам болып, бағытымызды бағамдап тұрады. Сондықтан біз Әлекеңнің артында қалған өлмес мұраларын тағы бір ақтарып, рухымен сырласу арқылы «ULYS» журналына дайындалған арнайы сұхбатты жариялауды жөн көрдік.

ULYS: Өзіңізбен бірге «Алаш» партиясының жетекшісі болған үзенгілесіңіз, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов "газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» депті. Сіздердің замандарыңызда қазақ халқына газет ашу өте қиын іс болды. Бірақ, сол кездің өзінде Америкада 21 мың 435 газет-журнал болыпты, Францияда 9 мыңдай, Германияда сегіз мыңдай Италияда 3 мыңнан астам, ал Ресейде екі мыңнан астам басылым шығып тұрыпты. Сіздер де тар заманда тарихи миссия атқарған, Алаштың аймаңдай ұлдарының алтын ұясы болған — "Қазақ" газетін 1913 жылы Орынборда шығара бастадыңыздар. Содан бері де 105 жыл өтіпті. Сіз «газета-журнал шығару-үлгілі рухани дүкен» деп санайсыз. Халықты сапалы ақпаратпен сусындату үшін, саналы контент жасау үшін біз де жаңа журнал шығаруға бел будық... "Қазақ" газетін шығару қиынға соқпады ма?

Ә.БӨКЕЙХАН: «Қазақ» газеті-әуелі тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі, екінші пұлмен емес, тәуекелмен бастаған істің бірі. Шығаруға бел байлағанда қолдағы пұлымыз небары 750 сом еді. Халықта баспасөзге аңсаған адамдардың барлығымен газет жүріп кетті. Әйтпесе 750 сом қаншаға шыдар еді? Дүниеге шығып көрінуі мұң-ақ екен, жұрт жабылып көтермелеп кетті. Сондықтан бастауға себепкер біздер болсақ та, жүргізуге себепкер болған жұртқа кірген саңылау һәм яғни жүрт ішіндегі саңылаулы, саналы адамдар. Жұрт азаматтарының бірсыпыралары пұл жағынан, бірсыпыралары қалам мен білім жағынан, бірсыпыралары екі жағынан да жәрдем етті.

ULYS: «Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта...» деп емексітіп қоясыз. Сосын «Абай, Шәкәрім, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп өз дәуріңізді мысал ете отырып өзекке су тамызасыз... Алайда ширек ғасырдан асып барамыз биліктің тілі әлі шықпады. Тәуелсіздіктің тұтас бір буынын, егемендіктің құрдастарын орысша ойланатын етіп тәрбиелеп шығардық. Бірақ жуырда президент Үкімет пен Парламентке қазаша сөйлеңдер деп ішімізді жылытты. Қазақ тілінің көсегісі қашан көгереді?

Ә.БӨКЕЙХАН: Түбінде біздің қазақ тілі бізбен тіл тұқымы бір өзге мұсылманды байытпаса, біз біреуге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.

ULYS: Бүгінде ел қазынасын қалтасына басатын пысықайлар тыйылар емес. Етекбастылық, жемқоролық, ақсақализм мәселесі әлі ушығып тұр...

Ә.БӨКЕЙХАН: Келешек уақыттағы бала-шаға, үрім-бұтақтың бақыт, махаббаты үшін жұрт бүлдірген партия басы ақсақал, пысық қулар тыйылғаны жұрт пайдасы. Бірақ адам баласы нәпсінің құлы, бұлар маңдайына тас тимей тоқтамас. Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!

ULYS: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап» деген Абайлық көңіл-күй сол қалпы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандай....   

Ә.БӨКЕЙХАН: Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған-хайуан тұрмыс салты. Қағушы, соғушы, күзетші хайуандық жолда адақан адам баласына ғана керек. Бостандық, теңдік, туысқандық қазақ баласына олжа болды. Қазақ баласының істеп отырған ісіне қарасақ, бүркітті қоянға, сұңқарды торғайға салған көрінеді. Қазақты бастаған ақсақал, мырза, хазірет бұрыңғы ескі ауруға салып, батпақ аяғын астауға салған құлын болып жүр. Жалпы жұрт надан болмақ емес. Бір қора қойды жалғыз қотыр лақ былғайды. Жалпы жұртты қотыр қылатын жалғыз-жарым адасқан атқа мінген. Бүкірді көр түзетеді.

ULYS:  Өзіңіз қазақтың бас ақыны деген Абай тағы да «бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес» дейді. Ақыл бірлігіне әлі жете алмай келеміз....   

Ә.БӨКЕЙХАН: Жұрт болып сөйлесетін сөз көп, қазақ баласы бірігіп тізе қосып іс қылса халық мақсұты сонда орнына барады. Әдейі сөз белгілеп бас қосуға жарамасаң, кез келген бас қосқан жерде мұқтаж сөзді сөйлеп, іс қылуға тырбану керек. Бізден басқа өзге көп жұрт, атын атап не қылайын, осындай кезде бас қосуды олжа қылып, осыны сылтау қылып, бұғып жүріп мақсұт ісін істеп алады. Халық ісін орнынан салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылға шебер істеген әдіс керек. Тіршілік-ғұмыр белгісі-алыс-тартыс, арбау, әдіс. Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая берсе, мұнан түк өнбейді. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал» деген. Балапан болмай әдіс қыл дегені ғой. Ашыққа шығып, жүріске салатын заман жоқ, бұғып жүріп жазған соң, аз сөз көпке айналып, хат кестесі бұзылып тұр. Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман.

ULYS: Ал бұрыңғының бірлігі қалай еді өзі?

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұрын қазақ бөтен жұртты шабамын деп жорыққа аттанса, хан сайласа жиылатын еді. Бұл екі есеп орыс патшалығы панасына кірген соң жоққа шықты. Бөтен жұрт шабам десе де, төрені хан қоямын десе де, бұл жиылысқа келген ақсақалдар, билер сиезде не қылатынын үйде анықтап, илеп, пісіріп келетін. Осы күнгі сөзбен жазсақ, бұл жиылысқа келген ақсақал, билер ел сайлап жіберген депутаты болатын. Солай етіп жиылысқа қазақ әр жерінен, әр руынан келген депутаттар әрқайсысы өз жұртының мынаны қыл деген, пісірген жарлығын алып келіп ортаға салып жұртының айтқанын, тапсырғанын тәмәм қазақ атынан көпке мақұлдатып аламын деп дауласатын еді. Біз бұл күнгі Еуропа жұртының бас қосқанына, жиылысына қарасақ, бұлардың жиылысы да бұрынғы біздің қазақ жиылысы сияқты. Жиылысқа келетін кісілер бұл жиылыста болатын сөзді анықтап, үйінде пісіріп келеді. Жиналысқа келетін адамдар - депутаттар жұрт сайлаған не оқымысты, не жұртқа істеген ісі белгілі кісілер болады, жиналысқа барып жұрт мақсатын орнына келтіремін деген жігіттер, жұрт жиып жиналыс қылып, мынаны қыламын деп сөйлеп, қара жарыс қылады. Осы ауылдағы қара жарыста үлкен бәйгеге баратын сөз әбден сөйленіп, пісіп болады, осы жұрт мақұлдаған сөзді жиылыс ортасына сал деп әр жұрт қара жарыста озғанды депутат сайлап жиылысқа жібереді. Әр жердің әр рудың мақсаты әр түрлі, мұның бірін мінеп жойып, бірін түзеп, бірін өсіріп, жұрт жігіті бас қосқан жиылыс жұрт мақсаты осы деп сөз шығармақ; бұл сөзді байламақ, сөзіміз осы деген жұрт бұл сөзді айтып тастамай, орнына салмақ, мұны іс қылмақ. Біздің осы күнгі қазақ бас қосамын дегенде, елде, жұрт арасында не піскен сөз бар?

ULYS: Жер қазақтың осал тұсы. Арада ғасыр өтсе де жер мәселесін әлі біржақты ете алмай келеміз. Билік пен халық арасында ырғасу бар қазір.

Ә.БӨКЕЙХАН: Қазақ жерінде мал бақпаса, пайда бермейтін көп жер бар. Жақсы жерді мұжық алған соң, қазақ мал жеріне қысылған соң бұл мал жері деп қазақ пайдасына қалдырған жер кескен, кесілмеген оброчная статъялар пайда беретін болып тұр, бұл жерлерді мал бағамын деп сұраушы бар. Кедей, сорлы, қаңғырған, жетім-жесір мұжықтан басқа қосақ түртінген, қазақ жеріне телмірген, жерге еңбек сіңірмей, мал бақпай, егін салмай, құр жер менікі қылып ат қойып, жерді еміп отырмақ болған жетім ұлықтар бар. Бұлар қазақ жеріне мал бағамын, мұжық пен қазаққа өнер үйретемін деп әуелі аренда, мұнан кейін мүлде өзінікі қылып алмақ. Мал бағатын жерден мұжықтан басқа орыс баласына қазақ жері берілмесін деген закон жоқ. Орыс мақалы бар: «заң-арба жетегі, қалай қарай бұрсаң, сол жақта болады»-деген. Жер министрінің мекемесі Министрлер Советіне мақұлдатып, патшаға қол қойғызып алып отыр. Сібірде, Сетной облыстарда һәм Түркістанда мал бағамын десе, отыз алты жылға торгсыз арендаға мал бағатын жер берілсін деп. Оброчний устав деген закон бар. Мұның 93-101 статъяларында айтылған, қазына жері торгсыз арендаға берілмейді, қазына жері арендаға торгсыз берілетін мұжық обществосы деген. Жер министрі осы жаңа айтылған законды аттап өтіп, судай кешіп отыр. Бұл бір айналма.

ULYS: Дін мәселесі де ушығып тұр? Қазір Парламентте саланы реттейтін заңжоба қаралуда. Артында астыртын демеушісі бар дін атын жамылған қауіпті ағымдарды құқықтық тұрғыдан тұсаудан басқа жол қалмады. Өйткені, теріс діни ағымдар «модаға» айналып кетті... Соңы үлкен қауіп...

Ә.БӨКЕЙХАН: Хохол жұртының жақсы мақалы бар, қай діндесің деп хохол жұртынан сұраса, бұл бишара жауап берген: «Май берген діндемін»—деп.

 

ULYS: Біз әлі шикізатқа тәуелді елміз, аранымыз ашылып, тек жұта беретін тұтынушы елге айналдық. Ештеме өндіре алмаймыз. Өзіміз өндірмей өзгелерге жету екіталай секілді....

Ә.БӨКЕЙХАН: Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда ақылды болып, қолы шебер болып айырылады... Байлық түбі — ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды. Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы  жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр. Бұрын қазақ «Аһау, үһеу» деп неше мың жыл босқа өзінен-өзі өсіп-өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден мұхық келе сала қазына суырып алып, байып отыр. Күні-түні қызметке жанын жалдағанның рахатын көріп отыр.

ULYS: Тәуелсіздіктің тұғыры қысқа уақытта нығайды. Бірақ, қазір қас қаққанша өзгерістер болып жатқан заман. Ендігі бағытымыз қалай болу керек?

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұл тіршілік-үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік, ақыл, ұсталық, жаһитшілікте. Еріншек өзге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ. Мал бағып, малының артынан еріп көшкен қазақ сияқты халық байлық, қазына мал кіндігінде деп біледі. Қазынаға қуат беретін адам ақылы, адам қолы, адам жаһиты екенін білмейді. Біздің қазақша өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елге адам ақылы, адам ұсталығы, адам жаһиты көрінбейді.

ULYS: Бізде тамыр-таныстың дәуірі бітпей тұр, қазір ғылым-білімнің заманы екенін әлі де болсын мойындағымыз келмейді...

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұрыңғы кеңшілікте қазақ қошқарға сыйынып та күнелтті, өтірікші, өсекші, құдай қарғағанды да болыс, би, ауылнай һәм елубасы қойды. О заман енді өтті. Жаңа заман ақыл, ұсталық, жаһитшілік күтеді. Қазақ жері тарылды, қазынаны күшті жалдап іздемегенге бәйге мүше жоқ. Болыс, би һәм елубасы болып мал табам деген қулардың заманы кейін қалды.

ULYS: Жаңа бір сөзіңізде «би» деп қалдыңыз, соттардың әділдігі қазір де өткір проблема болып тұр...

Ә.БӨКЕЙХАН: Жұртқа ғаділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орынан қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы. «Ауылнай— тозақы» бұл ауылнайларға шаншардың қойған аты «тозақта мұнан артық бұған не жаза болар, қолында не бар» деп. Ауылнайлыққа хат білетін, жол көрген, жасты сайлау керек. Елбасылық — пара алып, ант ішіп, бо... жемесе бір құрметті орын: болыс, би қандай адам болуы осының қолында. Бұған ең құрметті ақсақал, ғаділ, жұрт-қамшыл, сатылмайтын, жөн білетін жақсыны сайлау керек.

ULYS: Кейде ұлттық болмыстың бүгінгі кебіне налығанда «қашан, қалай ел боламыз?» деген сұрақ көкіректі тораулдайтыны бар... Жалпы Алашқа не айтар едіңіз..

Ә.БӨКЕЙХАН:  Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!

Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет, Алаш жұрты бұл айтқандарыңызды тағы бір ой елегінен өткізер!

Сұхбатты дайындаған, Серік ЖОЛДАСБАЙ, Алаштанушы

 

Қазақстандағы ірі ЖОО-ның ректоры 11 млн теңге парамен ұсталды
31 мамыр 2024
Қазақстандағы ірі ЖОО-ның ректоры 11 млн теңге парамен ұсталды

Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасын әшкереледі, деп хабарлайды Ulys Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

«Ол медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын кедергісіз аударғаны үшін Алматы қаласының кәсіпкерінен 11,6 млн теңге көлемінде пара алған», - делінген хабарламада.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.