Валюта бағамы
  • USD -

    501.1
  • EUR -

    593.5
  • RUB -

    6.47
ТҮРКІСТАНДА МИГРАЦИЯЛЫҚ ХҚО АШЫЛДЫ
kaz.inform.kz 15 мамыр 2019
ТҮРКІСТАНДА МИГРАЦИЯЛЫҚ ХҚО АШЫЛДЫ

Азаматтарға арналған үкімет ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) ашты. Бұл туралы ақпаратты Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай өзінің фейсбук парақшасында жариялады.

Оның жазуынша, енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін 15-ші орталық.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының акімі Өмірзақ Шөкеев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісов, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков қатысты.

Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айынан бастап миграциялық ХҚО арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді ҚР-на уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. 
Жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс:
- ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
- Шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы;
- Еркін түрде жазылған қолдаухат.

Қызмет алушылар ҚР аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекенжайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5*4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек. 
Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады. 
Айта кету керек, Түркістан қаласында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 6700 қызмет көрсетілген. 
Жаңа фронт-офис Түркістан қаласы 160 квартал, № 209 ғимаратта орналасқан. Орталық дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

RELATED NEWS
Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев
24 сәуір 2025
Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтардың бірі екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», - дейді президент ҚХА XXXIV сессиясының пленарлық отырысында.

Президент отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар екенін атап өтті.

«Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды», - дейді ол.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.

«Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты», - дейді мемлекет басшысы.

Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр – Тоқаев
01 қыркүйек 2025
Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр – Тоқаев

Қазақстанда қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар.Бұл туралы дәл қазір Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп жатқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulys.

Ақорда жазғандай, Тоқаев «Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін» атап өткен.

«Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардың іргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев сондай-ақ Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салғанын хабарлай келе, елімізде қытай капиталы бар неше кәсіпорын тіркелгенін мәлім етті.

«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды
28 сәуір 2025
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 Марат Сұлтанғазиев экономиканың негізгі секторларында өсім байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Президентке жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасының іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Жалпы, өңірде құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына Қонаев және Алатау қалаларын дамыту барысы жөнінде айтылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өтті. Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.