Валюта бағамы
  • USD -

    493.7
  • EUR -

    566
  • RUB -

    6.23
ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКІ КЕҢЕСІ БАС ХАТШЫСЫ БАҒДАТ ӘМІРЕЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ
akorda.kz 21 мамыр 2019
ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКІ КЕҢЕСІ БАС ХАТШЫСЫ БАҒДАТ ӘМІРЕЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады. Ыстамбұлда өткен кездесуде Бағдат Құлтайұлы түрік президентіне Түркі Кеңесінің соңғы кездегі жұмыстары мен осы жылдың қазан айында Әзірбайжанда Түркі Кеңесінің құрылуының он жылдық меретойымен тұспа-тұс өтетін Түркі Кеңесінің 7 Саммитіне дайындық барысы мен оның шеңберінде өтетін іс-шаралар туралы айтып берді.

Сонымен қатар, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Түркияның ұйымға мүше елдер арасында іске асып жатқан нәтижелі жұмыстарына белсенді қатысып жатқанына тоқталып,  Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға Кеңес құрылғалы бері оның дамуы мен жобаларына қатысты үнемі қолдау білдіріп келе жатқаны үшін алғысын білдірді.

Бұның сыртында Түркі Кеңесінің соңғы кездері бауырлас елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға баса назар аударуде екеніне тоқталған Бағдат Әміреев оған мысал ретінде жуырда ғана Нұр-Сұлтанда құрылған Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы мен Ортақ инвестициялық қор құру бағытындағы жұмыстар туралы да кеңінен баяндады. Сондай-ақ Будапештте ашылуы жоспарланған Түркі Кеңесі өкілдігі жайлы және мүше емес елдер мен халықаралық ұйымдармен байланыс мәселесі сондай-ақ Түркі Кеңесінің реформасы барысынан да Режеп Тайип Ердоғанды хабардар етті.

Ал Режеп Тайип Ердоған өз кезегінде Түркі дүниясы Түркия үшін әрқашан басым бағыттарды бірі екенін атап өтті. Сосын Түркі Кеңесінің жемісті жұмысына тоқталып, былтыр Чолпон-Атада өткен түркітілдес елдер басшыларының соңғы саммитінде қабылданған қарарларға көңілі толатынын жеткізді. Сонымен қатар, Түркияның мемлекет басшысы Түркі Кеңесінің мүше емес мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен байланысына қатысты, ортақ инвестиция қоры жайлы бұған қоса, ұйымның  реформасына байланысты да өз пікірін білдірді.

RELATED NEWS
Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді
14 мамыр 2025
Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік министрі Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшінсөгіс жариялады, деп хабарлайды Ақорда. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс.

Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.

Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында
22 қараша 2024
Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында

Түрлі халықаралық талдау агенттіктерінің дерегінше, еліміз бірнеше жыл бойы мобильді интернет бағасы арзан мемлекеттер қатарында келе жатыр. MoneySuperMarket сайтының рейтингінде Қазақстан 10-орынға жайғасты. Бірінші орында Израиль 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 доллар, одан кейін Қырғызстан, ал үздік үштікті Италия түйіндейді.  Жалпы алғанда, 20 ГБ интернет-трафик үшін қазақстандықтар 11 доллар төлейді. АҚШ-та – 105 доллар, Ал Норвегияда – 106 доллар. Сарапшылардың пікірінше, өмір сүру деңгейі және табыс көлемі жоғары елдерде кез келген қызмет құны сәйкесінше көтеріңкі болады.

«Бұған әсер ететін тағы бір аспект – инфрақұрылым. Құрылған инфрақұрылым қымбат болса, тұтынушылар қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Байланыс шығындары халықтың орташа табысына байланысты есептеледі. Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда интернет бағасы арзан ел болып саналады», – деді Цифрландыру саласындағы еуразиялық сарапшылар желісінің төрағасы Дмитрий Шедко.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, жылдам интернет құнының арзан болуына цифрлық инфрақұрылымға мемлекет тарапынан жасалып жатқан инвестициялар мен байланыс операторларының желіні кеңейту жөніндегі шараларының арқасында қол жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, базалық станса құрылысына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған.

Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады
20 тамыз 2025
Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын жоғары бағалап, еліміз осынау ізгі мақсатты қуаттайтынын атап өтті.

Президент отандық паралимпиадашылардың әлемдік аренадағы табыстары Қазақстанның инклюзивті, орнықты және әлеуметтік жауапкершілік арқалаған мемлекет ретіндегі келбетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

— Орайлы сәтті пайдаланып, бүкіл әлемде, Азия құрлығында және Қазақстанда паралимпиада қозғалысын ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздермен сенімді серіктес болуға әзірміз. Келешекте қозғалысты дамытып, нығайту мақсатында бірлесіп көп жұмыс істейтінімізге күмән жоқ, — деді Президент.

Эндрю Парсонс пен Маджид Рашед паралимпиада спортына және Астанада Азия паралимпиада комитеті Бас ассамблеясының 8-ші сессиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды.

— Соңғы жылдары біз елеулі прогресс пен ерен табыстарға куә болдық. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларыңыз тоғыз медаль жеңіп алды. Соның ішінде алғаш рет екі атлет алтын медальға ие болды. Қазақстан спортшылары өздеріне дейінгі атлеттердің ізін жалғап, өскелең ұрпақты жігерлендіріп келеді. Бұл кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған бағдардың нәтижесі. Біз Қазақстанның паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту ниетін жоғары бағалаймыз, — деді Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс.

Маджид Рашед 2018 жылы Астанаға келгенін, Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдаймен таныс екенін айтты.

— Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, — деді Азия паралимпиада комитетінің президенті.

Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы пысықталды.

Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 800-ден аса жарыс өткізіледі. Оған 10 мыңнан артық адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.