Жастар. Олар бүгін тек жастық шақтың емес, ертеңгі елдің шынайы бет-бейнесін айқындайтын буын. Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 6 миллионға жуық. Халықтың үштен бірі. Демек, болашақтың үштен бірі. Бұлай болған соң, мемлекет те қарап отырмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесіне келгенде нүктелі емес, лепті сөйлеммен сөйлейді. 2023 жылы жастар саясаты туралы заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Енді «жастар» деген ұғым 35 жасқа дейінгі азаматтарды қамтиды. Бұл – бір ғана анықтама емес, үлкен мүмкіндік.
Бұрын «Жастар практикасы» сияқты бағдарламаларға 29-дан асқандар қатыса алмайтын. Енді жол ашық. «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жасыл ел»... бәрі 35-ке дейін. Тіпті «Алғашқы жұмыс орны» мен «Жастар практикасының» мерзімі де ұзартылды. Жалақы көлемі артты. Ал жас кәсіпкерлерге 2,5% жеңілдетілген несие берілді. 5,6 мың жобаға 26 миллиард теңге бөлінді. Бұл – бос ұран емес, нақты іс.
Жастарды дамыту үшін заң ғана емес, тетік керек. Сол тетік – нақты жоба, белсенді ұйым. Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесі осыған жауапты. Кеңес 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылдады. NEET санатындағы жастарға арналған «Zhas Project» жобасы осының бір парасы. 280 грант бөлінді. Бұған дейін бейтарап тұрған жастар енді белсенділікке бет бұрды.
Еліміздің әр облысы мен қаласында жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. NEET жастармен жеке айналысатын бөлімдер ашылды. Жәрмеңке, бағдар, оқыту. Нәтиже де бар. 2023 жылдың алғашқы тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық 4,1%-ға, ал NEET үлесі 7,9%-ға дейін төмендеді. Бірден болмаса да, беті бері қараған көрсеткіш.
Жастар – тек қолдауға мұқтаж ғана емес. Олар өздері де қол ұшын соза алады. Қазір елімізде «Жастар – ел тірегі», «Қазақстан студенттер альянсы», «Ұлттық волонтерлік желі» сынды ұйымдар белсенді. 2024 жылы ынтымақтастықты күшейту үшін жол картасы қабылданды. «Дарын» сыйлығы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары табысталды. Бұл – марапат емес, мотивация.
Волонтерлік қозғалыс – қазіргі жастардың айнасы. 2020 жыл Волонтер жылы болды. 500 мың адам тартылды. Пандемия, тасқын, қиындық – қай кезде де жастар алда жүрді. 2024 жылы ТМД кеңістігінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп белгіленді. Қазақстан – көшбасшы. БҰҰ 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бастамашы – Қазақстан.
Бүгінгі буын – Gen Z. Ақпараттық қоғамда өсті. Ақиқат пен фейкті ажырата алады. Олар саясатқа бейжай емес. 2022 жылғы референдум, 2023 жылғы сайлау – соның дәлелі. Қоғамдық науқандарға үн қосып жүрген де солар. #EcoJer, #МеніңДауысым – жәй ғана хештег емес, азаматтық позиция.
Еуропа елдері жастарды шешім қабылдау процесіне тартуға тырысып жатыр. Бірі дауыс беру жасын 16-ға дейін түсірді. Бірі Жастар парламентін құрып қойды. Еуропалық Solidarity Corps бағдарламасы жастарды волонтерлікке жұмылдырады. Швецияда басталған Fridays for Future қозғалысы жаһандық деңгейге шықты. Себебі жастар үнсіз емес.
Ал біз ше? Біз де үнсіз емеспіз. Бірақ әлі де жастар «тәжірибесі жоқ» деген желеумен кейбір процестерден шеттетіліп жатады. Тоқаев осыны да айтты. «Жастарға арналған саясаттан жастармен бірге жасалатын саясатқа көшу қажет» деді. Яғни, объект емес, субъект болу керек. Құптарлық тұжырым.
«Жасыл ел» жобасы 2023 жылы 35 мың жасты жұмыспен қамтыды. «Жол тап», «Жұмыс тап» бастамалары жүзеге асты. Мемлекеттік қызметте жүрген жастар үшін «Jas Ánes sýılyǵy» сыйлығы табысталды. Бұл – жарқыраған беттер ғана. Ал тереңіректе ғылым мен кәсіпте, спорт пен өнерде де қазақ жастары топ жарып жүр.
Әйтсе де, шешімін күткен түйткіл бар. Баспанасыз жүрген жастар көп. Статистика: әр төртінші жас – жалдамалы пәтерде, жартысынан көбі – ата-анасының үйінде. Тек 18%-ның ғана жеке баспанасы бар. Осыны ескерген мемлекет «Алматы жастары», «Елорда жастары» бағдарламаларын кеңейтпек. Бұған дейін үш қалада 7 мыңнан астам пәтер берілді. Бұл – үміт.
Бүгінде аймақ жастарының мәселесі де ерекше назарда. Ауылдық жерлерде жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған инфрақұрылым кемшін. Мәдениет үйлері мен спорт алаңдары жетіспейді. Кітапхана, ІТ сынып, жас кәсіпкерлікке арналған хабтар – бәрі қалада ғана шоғырланған. Осыны ескерген Үкімет биылдан бастап ауыл жастарына арналған арнайы кешенді жоспар әзірлеп отыр. Бұл – аймақ пен орталық арасындағы алшақтықты жоюдың алғы қадамы.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жастар да назардан тыс қалмауы тиіс. Олар үшін кедергісіз білім алу, қолжетімді орта, инклюзивті жұмыс орындары ауадай қажет. 2024 жылы алғаш рет ерекше жандарға арналған жастар форумын ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл – тек ниет емес, нақты іске айналуы тиіс қадам.
Қорыта айтқанда, жастар – елдің болашағы емес, бүгінінің де белсенді тірегі. Қазір олармен жұмыс істеудің емес, олармен бірге жұмыс істеудің уақыты келді. Себебі олар – статистика емес, стратегиялық ресурс. Егер дұрыс бағыт берілсе, олар өзгерістің авторы ғана емес, өзегіне айналады.