Қазақстанда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді
Президент Қасым-Жомарат Тоқаевтың балалар мен әйелдерге озбырлық көрсетуге қатысты жазаны қатаңдату туралы қол қойған заңы ағымдағы жылдың 16-маусымынан бастап күшіне енді. Құжатқа мемлекет басшысы 15-сәуірде қол қойған. Бұл өз кезегінде қоғамда қызу талқыға түсіп, әлі күнге дейін шуы басылмай келе жатқан даулы мәселе.
Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсетуші жуан жұдырықтылардың жазасын қатаңдату туралы Заң күшіне енді, алдағы уақытта не өзгереді? Ендігі жерде нәзік жандылардың қауіпсіздігіне кепілдік бола ма? Мемлекеттің кез келген отбасының тірлігіне араласып, балалардың тәрбиесіне араласуға, тіпті қорлық көрген балаларды ата-аналарынан айырып алуға құқығы бар ма? Жаңа Заң еліміздегі зорлық-зомбылыққа душар болушы нәзік жандылардың қатарын азайта ала ма?
«Салтанат заңы»
Елімізде әр жылдары отбасында зорлық-зомбылық көретін нәзік жандылардың қатары көбеймесе, азайған емес. Оларды қорғауды көздеген Заң жобасы бес жыл бұрын әзірленгенімен, осы уақытқа дейін өз күшіне енбей келген. Аталған Заң жобасы парламент ғимаратына екі рет «бас сұғып», бес жыл бойы талқыланып, ағымдағы жылдың 15-сәуірінде экс-министр Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтіргеннен кейінгі атышулы сот процесінен соң қабылданды. Сондықтан бұл құжат халық арасында «Салтанат заңы» деп аталып кетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қол қойған Заңы шын мәнінде ұзақ уақыт талқыға түскен құжат. 2020 жылы ол Парламенттің төменгі палатасында болып, депутаттардың қарауына ұсынылған. Алайда, 2021 жылы оны жақтаушылар мен қарсыластарының арасындағы қызу пікірталас шиеленісінен соң заң жобасы Мәжілістен кері қайтарылды.
Заңды жақтаушылар мен қарсыластар
Осыдан кейін бірнеше жыл бойы аталған, заңды қабылдау тұрғысындағы мәселе БАҚ беттерінде арагідік қылаң беріп отырды. Бірақ екі жақтың текетіресі толастаған жоқ, әркім өз ұстанымдарын дәлелдеп бақты.
Мәселен, заңның қабылдануын жақтаушылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық кодекстің бірқатар баптарын мысалға алып, көптеген әйелдер мен балалардың отбасындағы озбырлық салдарынан жапа шегіп, қорғансыздықтың күйін кешіп отырғандарын алға тартуда. Олардың бұл орайдағы негізгі «көзірі» - статистика болатын.
Мәселен, 2022 жылы сол кездері Мәжіліс депутаты болған, бүгінде Қазақстандағы балалардың құқығы бойынша уәкілетті өкілі Динара Зәкиева төмендегідей мәліметтерді алға тартқан еді: 2021 жылы отбасылық озбырлық бойынша 1022 қылмыстық іс тіркеліп, 53 мың әкімшілік құқық бұзушылық орын алған. 2023 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың өзі отбасылық-тұрмыстық саладағы озбырлық деңгейінің артып отырғандығын ерекше атап өткен-ді.
«Кейінгі екі жарым жылдың бедерінде «үй агрессорлары» тарапынан 300-дей өлім оқиғасы орын алды. Денеге ауыр жарақат салудың 878, денсаулыққа орташа зиян келтірудің 808 оқиғасы тіркелді. 37 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол өзінің бір сөзінде.
Ал заңды қабылдауға қарсылық білдірушілер (арасында «Қазақстан ата-аналарының одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бар) мен бірқатар заңгерлер өз дәлелдерін ұсынып бақты.
Қарсы жақтың пікірлерінше, бұл құжатта заңдылық тұрғысынан алғанда бірқатар кемшіліктер мен шикіліктер бар секілді. Мәселен, тұрмыстары жақсы отбасылардың өзінен әкесі құйрықтан бір тартқаны үшін, оларға түрлі міндеттерді жүктегені үшін- (психологиялық қысым), тіпті қалталарында азын-аулақ шығындарға жұмсалатын қаржының жетіспеушілігі үшін - (экономикалық қысым) баланы бірден айырып алуға бола ма? Бұлардың пайымдары осындай.
Жұртшылық арасында аталған заң қаншалықты қажет деген сауалға әлі күнге дейін дау-дамай орын алуда. Бұл ретте оны жақтаушылар мен қарсыластар тарапынан түрлі аргументтер айтылды, әлі де айтылуда. Жоғарғы жақтағы мемлекеттік саладағы лауазымды шенеуніктер қазақстандықтардың отбасылық өмірлеріне ешкім араласпайды, балаларын да тартып алуға ниеттерінің жоқ екендігін түсіндіріп бағуда.
Ата-ана қандай жағдайда ата-ана құқығынан айырылады?
«Бүгінгі қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңда отбасында қылмыстық құқық бұзушылық байқалғанда ата-ана құқығынан айыру туралы норма бар. Бірақ біз жаппай бәрін бірдей ата-ана құқығынан айырудың мәнісін көрмей отырмыз. Мұндай жағдай ел тарихында болған емес. Жуырда ғана Президентіміз қол қойған аталған заң күшіне енген соң да бәрі бірдей жаппай ата-ана құқығынан айрылады деуге негіз жоқ. Бұл менің жеке пікірім», - деген ойын білдіріпті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикері жаңа заңда биліктің қазақстандықтардың балаларын тартып алатын норманың қарастырылмағандығын да айтып өтті.
«Бұл дұрыс түсінік емес, біз көпшілікке, қоғамға аталған заңның ата-аналық құқықтан айыруға бағытталмағандығын түсіндіруге тиіспіз. Ол тек әйелдерді қорғауға, нәзік жандылардың құқығы мен қауіпсіздігін сақтауға арналған», - дейді Мәулен Әшімбаев. Спикердің бұл пікіріне Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі Артур Ластаев та қолдау білдіруде.
Жағдай жақсарса игі еді...
Баланың бағын тайдырып, әйелдің сағын сындыратын осындай келеңсіз жайттар айрандай ұйып отырған бүтіндей бір отбасының тағдырын тас-талқан етіп, көп жандарды азап пен тәлкекке салады. Құзырлы орган өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық ішімдік, мүлікті бөлісе алмау, қызғаныш сынды себептерге байланысты өрбитіндігін алға тартады. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңнің үшінші жақтың от тастап отыруынан да ушыға түсетіндігі анықталған. Соңында отбасындағы ауыр моральдік-психологиялық, физикалық, экономикалық және сексуалдық озбырлықтардан зардап шегетін нәзік жандылар мен балалар екен.
БҰҰ-ы Қазақстанда жыл сайын 500-дей әйел ұрып-соғу мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындығын анықтапты. Бұл тарапта арнайы зерттеу жұмысы да жүргізілген. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, ауыр қылмыстардың 30-40 пайызы «отбасы, ошақ қасында» орын алады. Мұны аталған халықаралық ұйымның өкілдері растап отыр.
Қоғамдық сана өзгермейінше, зорлық-зомбылық азаймайды
Нақты айтсақ, мейлі әйел, мейлі ер азамат немесе бала болсын, адам құқықтарының аяққа тапталмауы аса маңызды. Қысым көрген, таяқ жеген, қорлық көрген нәзік жандылар мен балалардың мәселесі үйдегі зорлық-зомбылық тоқтағанда ғана шешіледі. Ол үшін қоғамдық сана өзгеруі керек. Азаматтардың таным-түсінігіне қозғау салу қажет. Олардың отбасына, жарына және балаларына деген махаббаттарын сөзбен ғана емес күнделікті өмірде өздерінің іс-әректтерімен, қамқорлықтарымен дәлелдеп өмір сүруге қалыптастыру қажет. Отбасының тірегі, отағасы өздері екенін үлкен жауапкершілікпен сезіндіру керек. Осыған орай Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін берері анық. Ал жаңа заң әйелдер мен балалардың құқығын қорғай ала ма? Көп көкейіндегі түйткілді сауал осы...