Валюта бағамы
  • USD -

    501.7
  • EUR -

    586
  • RUB -

    6.51
Қазақстанда электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгерді
Ашық көз 30 сәуір 2024
Қазақстанда электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгерді

30 сәуірде Қазақстан криптографиялық стандартқа көшеді, оған сәйкес электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгереді, деп хабарлайды Ulys ҚР Ұлттық куәландырушы орталығына сілтеме жасап.

Өзгерістер бойынша, ЭЦҚ-ның бір кілтіне көшу, яғни жеке және заңды тұлғаларға ҚР СТ МЕМСТ Р 34.10 – 2015 (МЕМСТ 2015) алгоритмінде ЭЦҚ-ның бір кілті беріледі, ол аутентификация үшін де, қол қою үшін де пайдаланылады.

Заңды тұлғалардың пайдалануына арналған ЭЦҚ кілттерінің мынадай талап етілмеген түрлерін қолжетімді тізімнен алып тастау жоспарланған:

"Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар қызметкер";

"Кадр бөлімінің қызметкері".

"Жаңа МЕМСТ 2015 алгоритмін қолдау жаңартылған NCALayer арқылы қамтамасыз етіледі. Жаңа нұсқа шыққаннан кейін, қолданба автоматты түрде пайдаланушыға NCALayer жаңартуды ұсынады", - делінген хабарламада.

RELATED NEWS
Жасанды интеллект – біз үшін бе, әлде бізсіз бе?
26 наурыз 2025
Жасанды интеллект – біз үшін бе, әлде бізсіз бе?

Кешегі күн компьютерсіз мүмкін емес еді. Бүгінгі күн – жасанды интеллектісіз елестету қиын. Бірақ осы бір «ақылды алгоритм» қазақ қоғамының күнделікті өміріне қалай енді? Оның пайдасынан бөлек, пайымдап үлгермеген қаупі жоқ па? Мәселе – машинаның миында емес, адамның ниетінде.

ЖИ келді. Бірақ есік ашық па еді?

Жасанды интеллект Қазақстанға бір күнде келген жоқ. Жылдар бойы ғылыми мақалаларда, салалық баяндамаларда айтылып келді. Бірақ елдегі алғашқы бетбұрыс – 2020 жылдан кейін басталды. Мектептерге пилоттық жобалар келді, банктер виртуалды ассистенттерге көшті, ал мемлекеттік қызметтерге ЖИ енгізу бастамасы көтерілді. Алайда мәселе біреу: біз оған дайын болдық па?

Қарапайым ауыл мектебін алайық. Компьютері ескі, интернеті баяу, мұғалімі цифрлық сауаттылықтан курс өтпеген. Сонда ЖИ қай жерде іске асады? Ал қаладағы элиталы мектептерде оқушыларға жасанды интеллектпен код жазу, бейнематериалды автоматты жасау үйретіліп жатыр. Бұл – білімдегі цифрлық теңсіздік. Жасанды интеллект емес, жасанды айырмашылық қалыптасып жатыр.

Жасанды интеллект – ұстаз ба, әлде у-шақпа?

Білім беру саласына жасанды интеллект енгізу – әлемдік тренд. АҚШ пен Қытайда оқушыларға үй тапсырмасын бейімдеп беретін алгоритмдер бар. Финляндияда оқушының мінез-құлқын, зейін деңгейін, үйрену тәсілін сараптайтын ЖИ жүйелері іске қосылған. Ал Қазақстанда ше?

Бізде әзірге кейбір платформалар тест сұрақтарын автоматты ұсына бастады. Университеттерде ChatGPT қолдану тәжірибесі бар. Бірақ оқытушы мен оқушының арасына түсетін «ақылды көмекші» бар ма? Жоқ. Және бір маңызды сұрақ: оқушының орнына эссе жазып беретін ЖИ-ді қай жерде тоқтатамыз? Яғни ЖИ – оқытушының көмекшісі ме, әлде оқушының қысқа жолы ма?

Әкімдікке алгоритм, сотқа синтаксис керек пе?

Мемлекеттік секторда ЖИ-ді пайдалану туралы бастамалар бар. Құжат айналымын жеңілдету, тұрғындардың өтініштерін автоматты талдау, қоғамдық көлік қозғалысын басқару – мұның бәрі алгоритммен шешілмек. Бірақ жасанды интеллекттің басты жауы – шала енгізілген реформа.

Мысалы, Цифрлық даму министрлігі халықпен диалог құру үшін «Digital Agent» қосымшасын ұсынды. Бірақ ол халықтың тілін емес, алгоритм тілін жақсы түсінеді. Яғни қолданушы сұранысын шын сараптай ма? Әлде «күтіңіз» деген жауапты сыпайылап жеткізетін программа ма?

Жасанды интеллект пен заң – кімдікі күшті?

Заңнамада ЖИ-ге қатысты түсініктер әлі де толық қалыптасқан жоқ. Мәселен, жасанды интеллект қате шешім қабылдаса, жауапкершілік кімде? Бағдарламалаушыда ма, тапсырыс берушіде ме, әлде ешкімде ме? Мұндай «иесі жоқ шешімдер» ертең адам тағдырына әсер етсе ше?

Еуроодақ 2023 жылы ЖИ туралы арнайы реттеу пакетін бекітті. Ол бойынша медициналық, құқықтық және білім саласындағы ЖИ-дің жұмысы қатаң бақылауда. Қазақстанда бұл мәселе әлі де құқықтық сұр аймақта. Сот процестерінде, мысалы, ЖИ қолдануға болады, бірақ дәл қазір оның алгоритмі қалай жұмыс істейтіні ашық емес. Бұл – қауіп емес, қауіптің алдын алмау.

Жасанды интеллект – жұмыссыздықтың көлеңкесі ме?

Еңбек нарығына келсек, ЖИ-дің жетістігі біреуге мүмкіншілік, біреуге қауіп. Журналистика, мұғалімдік, бухгалтерия сияқты мамандықтар біртіндеп автоматтандырылып келеді. ЖИ мәтін жазады, есеп шығарады, тест құрастырады. Демек, мыңдаған адамның орнын алгоритм баса ма?

БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2025 жылға қарай әлем бойынша 85 миллион жұмыс орны автоматтандыру салдарынан жойылуы мүмкін. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ал бізде қайта оқыту, цифрлық дағдыларды үйрету, жаңа мамандықтарға бағыттау жұмысы жүйелі жүріп жатыр ма? Міне, сұрақтың төркіні осында.

Мәдениет пен тілдің де машақаты бар

ЖИ-дің қазақ тіліне бейімделуі – жеке әңгіме. Бүгінде ірі платформалардың барлығы қазақша сөйлей бастады деуге келмейді. ChatGPT, Google Assistant, Siri – бәрі қазақ тіліне әлсіз жауап береді. Себебі дерек аз, тілдік корпус жеткіліксіз. Ал тілсіз интеллект – ұлттық қауіпсіздікке де, мәдени тұтастыққа да қатер.

Көлеңкеде тұрған тағы бір мәселе – қазақи дүниетанымның бейнеленбеуі. ЖИ-мен жұмыс істеген жасөспірім ағылшын мәтінімен, батыс логикасымен тәрбиеленеді. Ертең қазақ тілінде команда беріп, ұлттық таным аясында тапсырма орындай алмаса – ол интеллект өзге болмыстың көшірмесі емес пе?

Біз дайынбыз ба – сандыққа, сандырақсыз?

Қазақстанда «Жасанды интеллект тұжырымдамасы» әзірленіп, бірнеше министрлік жобаларды қолға алды. Бірақ бұқара не біліп отыр? ЖИ қай саланы өзгертеді, кімнің жұмысын жеңілдетеді, қай жерде орны толмас салдарға әкелуі мүмкін? Бұған қоғам толықтай дайын ба?

Жалпы ЖИ – құрал. Ал құралдың қайда жұмсалатыны – адамның өз қолында. Біз егер оны білім, медицина, экология, ғылым жолына пайдалансақ – ұтатын ұлтпыз. Ал егер оны тек тендер мен тез табысқа арнасақ – жасанды интеллект емес, жасандылықтың заманы орнайды.

Қорытынды орнына

Жасанды интеллект – біздің болашақтағы көршіміз емес. Ол бүгіннен бастап бізбен бір кеңседе, бір сыныпта, бір сот залында отыр. Біз оны танып үлгермесек, ол бізді баяғыда-ақ танып алды. Қазір таңдау кезеңі: біз ЖИ-ді меңгереміз бе, әлде ол бізді меңгере ме? Ұлттық мүдде, тіл, тәуелсіз сана үшін бұл сұрақ – ертең емес, бүгін шешілуі керек сауал.

Сыныптағы сілтемеден сәтсіз шабуылға дейін: киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект білім беру саласында
25 наурыз 2025
Сыныптағы сілтемеден сәтсіз шабуылға дейін: киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект білім беру саласында

Цифрлық дәуір келді. Бірақ онымен бірге қауіп те келді. Енді білім ордалары – тек оқу емес, ақпарат соғысының да майданы. Кибершабуылдар, фишинг, деректердің ұрлануы, жалған мәлімет тарату – осының бәрі мектеп пен университет қабырғасынан бастап төніп тұрған қауіп. Ал екінші жағынан, жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары білім беру саласына тың серпін беріп, оқыту мен бағалау үрдісін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, білім беру екі әлемнің тоғысында тұр – қауіп пен мүмкіндік.

Бүгінгі оқушылар мен студенттер – цифрлық тумалар. Олардың оқу кеңістігі – Google, YouTube, ChatGPT, TikTok араласқан аралас орта. Бірақ осы құралдармен жұмыс істеу мәдениеті мен қауіпсіздік әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Қазақстанда 2023 жылы кибершабуылдардың 22%-ы білім беру мекемелеріне бағытталған деген дерек бар. Бұл – банктер мен мемлекеттік құрылымдардан кейінгі үшінші орын. Себебі білім беру ұйымдары – үлкен деректер базасы. Оқушылардың жеке мәліметтері, ата-ана деректері, ішкі академиялық жүйелер – бәрі шабуыл нысанасына айналады. Мәселен, 2022 жылы Алматыдағы бір жоғары оқу орнының ішкі серверіне хакерлер шабуыл жасап, 5 мыңнан астам студенттің деректері желіге тараған.

Киберқауіпсіздік тек хакерлік шабуылдан қорғану емес. Ол – фишингтен бастап әлеуметтік инженерия, deepfake, жалған сілтемелер, зиянды қосымшалар, гаджеттер арқылы тыңшылық, т.б. қауіп түрлерін қамтитын кешен. Оқушыға жалған олимпиадаға қатысу туралы хат келуі, мұғалімнің телефонына вирус жұғуы – бәрі киберқауіптің қарапайым көрінісі. Ал мұндай шабуылдарға қарсы тұру үшін тек техникалық қорғаныс емес, цифрлық гигиена мен медиасауаттылық керек. Бұл екі түсінік әлі де кең тарала қойған жоқ.

Халықаралық тәжірибеде киберқауіпсіздік білім берудің ажырамас бөлігіне айналған. Мысалы, Эстонияда 6-сыныптан бастап кибергигиена пәні оқытылады. Финляндияда медиасауат мектеп бағдарламасына енген. АҚШ-та K-12 жүйесінде әр сыныпқа бейімделген киберқауіпсіздік модульдері бар. Ал Қазақстанда бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. «Цифрлық сауаттылық» факультативтік сабақ ретінде енгізілсе де, оның ауқымы мен тереңдігі жеткіліксіз. Мектептер мен колледждерге нақты қауіп жағдайында әрекет етуді үйрету, фишингті тану, қауіпсіз пароль құрастыру, қоғамдық Wi-Fi-да жұмыс істеу тәртібі секілді базалық машықтар жүйелі түрде оқытылуы тиіс.

2023 жылы Қазақстанда «Киберқауіпсіз Қазақстан» тұжырымдамасы қабылданып, оған білім беру мекемелеріндегі деректер қауіпсіздігі де енгізілді. Онда мектептер мен ЖОО-лардың ақпараттық жүйелерін тексеру, ішкі IT инфрақұрылымды жаңғырту, оқушылар мен мұғалімдерді оқыту көзделген. Сонымен қатар, «KZ-CERT» қызметі арқылы білім мекемелеріне шабуыл тіркелген жағдайда тез әрекет ету жүйесі құрылуда. Бұл – оң қадам. Бірақ әзірге техникалық қорғаныс құралдарының барлығы қолжетімді емес. Кейбір ауыл мектептері Wi-Fi роутерін де ата-аналардың көмегімен алған. Ондай жағдайда киберқауіпсіздік қайдан болсын?

Енді екінші тарап – жасанды интеллект. ChatGPT, Grammarly, Khanmigo, Scribe, Google Gemini, Copilot сынды ЖИ құралдары білім беру жүйесіне белсенді енуде. АҚШ-та мұғалімдердің 47%-ы күнделікті сабақ жоспарлауда ЖИ қолданады. Ұлыбританияда ЖИ арқылы жеке білім беру траекториясы құрастырылуда. Үндістанда NEP 2020 реформасы аясында әр оқушының прогресін ЖИ арқылы бақылайтын жүйе енгізіліп жатыр. Қазақстанда да кейбір жеке мектептер ChatGPT-ті эссе тексеру мен тіл үйретуде қолданып үлгерді.

ЖИ құралдарының артықшылығы – жекелеу, бейімдеу және масштабтау. Яғни, бір сыныпта 30 оқушы болса да, әрқайсысына жеке тапсырма, жеке кеңес беру – бұрын тек мұғалімнің арманы еді. Енді бұл ЖИ арқылы мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, қате жіберу үлгісін тану, оқушының миға қонбайтын тақырыптарға оралып отыруы, мазмұнды визуалдау – осының бәрі ЖИ-дің көмегімен жеңілдейді. Google-дың жаңа Project Tailwind моделі оқушының жазған конспектісін автоматты түрде қорытындылап, тест жасай алады. Grammarly немесе Scribe сияқты құралдар жазу машығын жетілдіруге көмектеседі.

Дегенмен, ЖИ-дің білімге әсері тек оң бола бермейді. Тексерілмеген дерек, жалған ақпарат, оқушының ойлау қабілетінің азаюы, эссе мен есептерді түгел ЖИ-ге жаздыру – бұл да қауіп. Сонымен қатар, жеке деректердің сақталуы, ЖИ құралдарының оқушы мінез-құлқына әсері секілді моральдық сұрақтар туындайды. Сондықтан ЖИ-мен жұмыс істеу мәдениетін де қалыптастыру қажет. Мұғалім – бағыттаушы, ЖИ – көмекші. Бұл ара-жігін ажырату өте маңызды.

Қазіргі таңда кейбір елдер мектептер мен ЖОО-ларда ЖИ қолдануға қатысты нақты ереже бекітіп үлгерді. Мысалы, Францияда ChatGPT мектептерде қолданылмайды, бірақ ЖОО-ларда бақылауда рұқсат. АҚШ-та ЖИ құралдарын пайдалану оқу саясатына енгізілген: кей колледждерде тапсырмада ЖИ пайдаланылғаны міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Қазақстанда әзірге бұл – сұр аймақ. Яғни, ЖИ қолданған-Қолданбағанын тексерудің жолы жоқ. Бұл – болашақта плагиат пен білімнің сапасына қатысты мәселелерге әкелуі мүмкін.

Білім беру жүйесінде ЖИ мен киберқауіпсіздік қатар дамуы тиіс. Бірі – тиімділік пен дербестікке жетелейді, екіншісі – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл екеуінсіз қазіргі білім беру – әлсіз әрі болашағы бұлыңғыр жүйе. Сол себепті ЖИ құралдарын пайдалану мәдениеті мен цифрлық қауіпсіздік – мектеп партасынан басталуы қажет.

Қорытқанда, оқушының браузеріндегі іздеу жолы – енді жай ақпарат теретін терезе емес. Ол арқылы шабуыл да, шабыт та келуі мүмкін. Қайсысын таңдайтынымыз – жүйе мен ұстазға байланысты.

Ғарыштан келген ғаламтор: спутниктік интернет және Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері
21 наурыз 2025
Ғарыштан келген ғаламтор: спутниктік интернет және Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері

Ғаламтордың ғарыштан таралатын дәуірі басталды. Бүгінгі таңда спутниктік интернет тек шалғай ауылды интернетпен қамтитын технология ғана емес, ол – цифрлық теңсіздікті жоюдың, ұлттық қауіпсіздікті арттырудың және ғарыш саласын дамытудың жаңа құралы. Бұл бағытта әлем алға озып барады. SpaceX, Amazon, OneWeb сынды алпауыттар жүздеген емес, мыңдаған байланыс спутниктерін орбитаға шығарып үлгерді. Ал Қазақстан ше?

Бүгінде республика халқының 97%-ы интернетке қосылғанымен, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Кейбір шеткері елді мекендерде байланыс мүлде жоқ. Мұндай аймақтарға талшықты кабель тарту – шығыны көп, инфрақұрылымы әлсіз. Осындайда спутниктік интернет таптырмас шешім ретінде көрінеді. Себебі ол – орбитадағы аппараттар арқылы тікелей жердегі қабылдағышқа сигнал таратады. Кабель де, антенна да қажет емес.

Дүниежүзілік тәжірибе бұл технологияның өміршең екенін көрсетіп отыр. Мәселен, SpaceX компаниясының Starlink жобасы – қазіргі таңда ең ірі спутниктік интернет желісі. 2024 жылдың басында Starlink жер маңындағы орбитаға 5000-нан астам байланыс спутнигін ұшырды. Жоба мақсаты – жер шарының кез келген нүктесіне жоғары жылдамдықтағы интернет ұсыну. Қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Еуропа елдерінің шалғай өңірлерінде фермерлер, әскери құрылымдар, экспедициялар осы қызметті пайдаланып отыр. Starlink-тің жылдамдығы 100–200 Мбит/с шамасында, бұл – бейнеқоңырау, онлайн оқу, тіпті стримингке де жететін сапа. Жоба сәтті шыққан соң, Amazon да өз Kuiper жобасын іске қосты – компания алдағы жылдары 3000-ға жуық спутник ұшыруды жоспарлап отыр. OneWeb компаниясы да 600-ден астам аппаратты орбитаға шығарған. Бұл бәсеке тек коммерция үшін емес, ғаламторды стратегиялық инфрақұрылым ретінде қараудың белгісі.

Спутниктік интернеттің басты артықшылығы – қолжетімділік. Ол шалғай ауылға, таулы өңірге, шөлге – яғни инфрақұрылым жетпеген кез келген аймаққа жетеді. Қазақстан жағдайында бұл – Шығыс Қазақстанның тау қойнауы, Маңғыстау мен Атырау облыстарының құмды мекендері, Түркістан мен Жамбылдың жайлаулары деген сөз. Бұдан бөлек, геосаяси тұрақсыздық кезінде спутниктік байланыс – балама арна. Себебі ол тек ұлттық операторға тәуелді емес, ғарыштан таратылады. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік үшін аса маңызды.

Қазақстан ғарышты игеруде посткеңестік елдер ішінде алдыңғы қатарда. Елде 2006 жылдан бері KazSat бағдарламасы жұмыс істейді. Бүгінде KazSat-2 және KazSat-3 байланыс аппараттары орбитада. Олар мемлекеттік органдарды, телеарналарды, кейбір интернет операторларын байланыстыруда қолданылады. Алайда бұл спутниктер негізінен стационарлық байланысқа бағытталған, яғни олар тек нақты координаттағы антеннамен жұмыс істейді. Ал қазіргі тренд – мобильділік. Starlink тәрізді жүйелерді қабылдау үшін шағын антенна жеткілікті. Қазақстанда мұндай деңгейдегі ғарыш желісі жоқ.

Елде бұл олқылықты жою үшін 2023 жылы Цифрлық даму министрлігі «KazSat жаңа буын» жобасын қолға алатынын мәлімдеген. Мақсат – кең жолақты интернетті спутник арқылы тарату. Бұл аппараттар орта орбитаға емес, төмен орбитаға (LEO – Low Earth Orbit) орналастырылып, сигнал тарату кешігуін азайтады. LEO спутниктері арқылы интернет жылдам әрі сенімді болады. Қазірдің өзінде министрлік SpaceX және OneWeb сынды ірі ойыншылармен келіссөз жүргізіп жатыр. 2024 жылдың соңына қарай пилоттық жобалар іске қосылуы мүмкін.

Ғарыш инфрақұрылымын дамытудың тағы бір маңызды аспектісі – жердегі қабылдау және бақылау станциялары. Мысалы, Қазғарыш компаниясының Ақкөл мен Жезқазған маңындағы ғарыштық жер станциялары KazSat аппараттарын басқарады. Егер жаңа буын спутниктері ұшырылса, осындай станцияларды көбейту керек болады. Себебі төмен орбитадағы спутниктер Жерді тез айналады – бір аппарат бір нүктенің үстінен 15–20 минутта ғана өтеді. Демек, сигнал үздіксіз болу үшін ондаған аппарат қажет. Осыны ескеріп, OneWeb және басқа компаниялар Жер шарына жүздеген спутникті бір уақытта орналастыруда.

Спутниктік интернетке көшу тек байланыс емес, жалпы ғарыш саласын дамытуға серпін береді. Себебі спутник жасау, оны орбитаға жеткізу, басқару, деректерді өңдеу – осының бәрі жоғары технологиялық кластерді қажет етеді. Бұл – инженерлер, IT мамандар, радиотехниктер, деректерді талдаушылар секілді жаңа мамандықтарға сұраныс артады деген сөз. Қазақстанда бұл бағытта Назарбаев Университет, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы энергетика және байланыс университеті секілді мекемелер ғарыш инженериясы мен телекоммуникация саласында маман даярлауда. Сонымен қатар, «Ғарыш сапары» компаниясы өзінің технологиялық базасында кішігірім спутниктер құрастыру жобаларын іске асыруда. Мұндай бастамалар ел ішінде ғарыштық ойлау мәдениетін қалыптастырып, бәсекеге қабілетті кадрлар шоғырын құруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда спутниктік интернет жүйелері әлемдік байланыс инфрақұрылымының жаңа негізіне айналып келеді. Бұл – телекоммуникация саласындағы трансформация. Егер Қазақстан осы үдеріске дер кезінде қосыла алса, ғарыш саласында технологиялық тәуелсіздігін сақтап қана қоймай, шалғай ауылдарды да өркениет кеңістігіне шығара алады. Ең бастысы – бұл бағытта саяси ерік, стратегиялық жоспар және нақты техникалық қадамдар үйлесім табуы тиіс.

Ғаламтор енді тек кабель арқылы емес, ғарыштан келеді. Демек, ғарыш – тек зерттеу емес, енді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналмақ.