Валюта бағамы
  • USD -

    489.1
  • EUR -

    572.5
  • RUB -

    6.61
«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ»
e-history.kz 29 қараша 2018
«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ»

Уставтың жазылу тарихы

 

      Барлыбек Сырттанұлының аталмыш еңбегі небәрі 4 бөлім,  28 баптан ғана тұрады. Заң, құқық мәселелерін жетік меңгерген қайраткер 1911 жылдың 13 маусымында осы еңбегін аяқтап, ел игілігіне ұсынбақшы болады. Бірақ патшалық жандарм өкілдері революционер-демократ қазақ ұлын қатаң бақылауға алып, ел астанасы – Петербордан қыр даласына қайтарады. Күнделікті тыныс-тіршілігі, тіпті әр қадамы бақылауға алынған азамат өзінің темір құрсаулы торға ілінгенін сезіп, шығармашылық-интеллектуалды мұрасын жасырып қойған-ды. Жөргегінде тұншықтырылған құнды еңбек – еліміз Тәуелсіздігін алып, еңсесін түзеген шақта ғана жарияланды (1994 жыл, «Әділет министрлігінің хабаршысы», №12). Жариялаушы – қайраткер мұрасын зерттеген, заң ғылымының докторы, профессор Cәкен Өзбекұлы. Асыл қазынаны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа көзінің қарашығындай сақтап, қиын-қыстау кезеңдерде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тырнағынан аман алып қалды.

         Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген Уставтың негізгі платформасы мен идеясы кейіннен «Алаш Орда» үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты.

         Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құқық теориясы», «қылмыстық құқық», «халықаралық қатынас», «экономикалық құқық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пәндерді оқыған. Қазақ ойшылы университет қабырғасында игерген теориялық білімін практикамен ұштастырады. Орыс патшалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы билікке айбат танытты. Сөйтіп Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкілі – қазақ жұртының профессионалды Уставы өмірге келді.

 

 

 

 

Уставтың жаңашылдығы мен заманауи сипаты

 

        Өткен күнге бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, «С.Б.Алашинский» жазған Устав, қазіргі стильмен айтқанда, Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі іспетті. Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде: «... Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз», - делінген. ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресіп еді ғой. Б. Сырттанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап, «Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі» деген. Саяси қайраткер қазақ елінің жеке мемлекет ретіндегі басты белгісі басшылық құрылымын былайша белгілеген: елдің басшысы – Президент, «6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. 7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады» деп атқарушы органның жұмысын көрсеткен.

      ХХ ғасыр басындағы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің Конституцияларымен жақсы таныс болған зерек заңгер  адам баласының хұқы туралы: «10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» деп әрі қарай ер мен әйел құқының теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу, бір-бірімен емін-еркін сөйлесу, ұйым немесе партия құруына ешқандай шектеу жоқтығы туралы т.б. демократиялық құндылықтардың мағынасын тарқата жазған. Қарап отырсақ, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен астасып, қабаттасып жатыр. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршеңдігі – осы.

      Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім осы қарапайымдылығынан болар әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отырғаны. Қазіргі уақытта жазылып жатқан түрлі құқықтық-заң құжаттары мен нормаларын оқи отырып, “қазақшасын” түсіне алмай, орыс тілінде жазылған түпнұсқасына жүгінетініміз өтірік емес. Егер, біздің заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе басқа да Алаш зиялыларының құқықтық бағыттағы мұраларымен танысса, сол еңбектердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйегіне, тілдік айшықтарына назар аударса, болашақ заңгерлеріміз бүгінгі олқылықтың орнын толтырар ма еді?!  Қазақылығында дегенімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бәкең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағдыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, таразы басына тартылып тұр емес пе... Ал, сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен.

      Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгендігінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шет елдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбектерімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойлары Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж.Локк еңбектерінің күретамыры болған.

       Устав жазылғаннан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Былтыр ғана мемлекет басшысының шешімімен Конституциялық реформа даярланып, билік тармақтары қайтадан бөлінді. Яғни, Барлыбек атап көрсеткендей, негізгі жұмыс орталық атқарушы орган – министрліктерге беріліп, олардың өкілеттігін қарау, есеп алу, бақылау жұмыстары Парламент құзырына өтті. Саяси-құқықтық идеяның заманауи сипаты – Тәуелсіз Қазақстан республикасының қажетіне қызмет етуі.

       Алаш оқымыстысының құқықтық көзқарасының концепциясы түрлі нысанда (мақала, баяндама, саяси-теориялық сараптама, конституциялық құжат) жазылғанымен, ортақ мақсаты қазақ елінің азаттығына қызмет етуге бағытталған, ұлттық мемлекет құрудағы ғылыми доктрина дәрежесіне жеткенін мойындауымыз керек. Барлыбек жазған заң жобасы ресми бекітілмесе де, бұл құжатты сол заманның идеялық-теориялық ілімінің жетістігі деп қарауымыз ләзім.

         PS: Барлыбек Сырттанұлының саясаткер ретінде қалыптасуы 1905-1915 жылдары аса күрделі толқуларға бет алған, патшалық империя билігінің әлсірей бастаған, жаңа қоғамның қалыптасар өтпелі кезеңімен тұспа-тұс келді. Алаш ұранды қозғалыстың бел ортасында жүріп, Түркістан жұртының ауыр тағдырына, тіршілік тауқыметіне бейжай қарамай, атамекенін азат ету үшін инерциялы оқыған топпен бірге болашаққа нық сеніммен «нар тәуекел» деп қадам басты. Пассионар тұлғаның шерлі жүрегін жарып шыққан «Қазақ елінің Уставы» – бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайтын құнды еңбек болып қала берері сөзсіз ақиқат.

                                                                                            Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

RELATED NEWS
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған
02 қыркүйек 2024
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолағы Жолдауында ұлттық қордың ақшасы шетелдік қаржы институттарға қызмет етпеу керектігін айтты.  Сарапшылар Жолдаудың осы тұсын түрліше тәпсірлеп жатыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан шыққан бойда БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы «Ұлттық қор шетелдің қаржы институттарына қызмет етпеу керек» деген сөзі арқылы  сыртқы қарыздар мәселесін меңзеді дегенді айтты.


«Бұл жерде сыртқы қарызды Ұлттық қордың есебінен жауып жатырмыз деген түсінік қалыптаспау керек. Сыртқы қарыздарға қызмет көрсету шығындары туралы айтылып отыр деп ойлаймын. Шынымен де Ұлттық қор қаражатының ондай мақсаттарға жұмсалып жатқаны туралы фактілер бар», - деді депутат. 


Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков әңгіме Ұлттық қор ақшасына сатып алынған құнды қағаздар турасында болып отыр деп есептейді.
«Бүгінгі таңда Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына, акциялар мен облигацияларға, деривативтерге салынған. Оның пайызы төмен. Яғни,  Ұлттық қор ақшасына қай компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Президент шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек дегенде осыны меңзесе керек», - дейді экономист.
Сарапшының дерегін Ұлттық банктің ресми мәліметтері де растап тұр деуге болады. Жалпы Ұлттық қорда сақтаулы тұр делінетін қаржының 10 млрд АҚШ долларынан астам бөлігі тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Активтің бұл түрін жоспарда жоқ шығындар пайда болған кезде тез шешіп алып,  республика бюджеті арқылы экономикаға бағыттауға арналған. Аталған қаражат уақыт сынынан толық өткен, сенімді құнды қағаздарға ғана салынады. Бірақ, Қайырбек Арыстанбеков айтқандай, сыйақы пайызы төмен болуы мүмкін. Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бұл жерде құнды қағаздың инвестициялық табысынан гөрі сенімділігіне басымдық беріп отыр деуге келеді. 
Бұл активті қажет кезінде жылдам шешіп алуға болатынын 2019 жылғы коронавирус пандемиясы көрсеткен болатын. Індет кезеңіндегі дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 6 трлн теңге бөлінген еді.

Ұлттық қорға тиесілі ақшаның тағы бір бөлігі жинақтаушы портфельде сақтаулы. Оның өзі екі арнаға бағытталған. Нақты айтсақ, дамыған және дамушы елдердің бағалы қағаздарына, корпоративтік облигацияларына, дамыған елдерде тіркелген компаниялардың акциялары мен алтын портфеліне салынған.
Ұлттық банк биыл наурыз айында жариялаған мәліметке сенсек, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-і дамыған мемлекеттердегі облигацияларда, 21%-і дамушы елдердің облигацияларында, 30%-і дамыған елдердегі компаниялардың акцияларында, 10%-і корпоративтік облигацияларда, 5%-і балама құралдарда жатыр.
Дамыған елдердегі облигациялар туралы айтсақ, Ұлттық қор ақшасының 62,5%-і АҚШ-тың, 12,5%-ы Еуроодақтың, 10%-ы Ұлыбританияның, 5%-ы Жапонияның, 5%-ы Аустралияның, 5%-ы Канаданың мемлекеттік бағалы қағаздарында шоғырланған.
Ал Ұлттық қор қаржысы инвестицияланған дамушы елдердің қатарында Латын Америкасының, Шығыс Еуропаның, Азия мен Африканың алдыңғы қатарлы мемлектетері бар.
Ұлттық қор ақшасы салынған корпоративтік облигациялар негізінен банк секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика және телекоммуникация саласын қамтиды.
Сондай-ақ Ұлттық қор ел ішінде сақталатын алтын құймалар мен сыртта сақтаулы тұрған алтын құймаларда жатыр.

«Кәсіп ашам дейтіндерге мүмкіндік көп»
30 қыркүйек 2024
«Кәсіп ашам дейтіндерге мүмкіндік көп»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа жолдауында жеке кәсіпкерліктің дамуына және отандық өнімнің көбеюіне ерекше назар аудар қажеттігі туралы үнемі тапсырмалар жүктейді. Бұл бағытта Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдады. Бұл дұрыс шешім. Себебі ел экономикасының негізгі тірегі – бизнес. Елде бизнес дамып, кәсіпкерлік кеңейсе бос жұмыс орындары ашылады, бұған қоса бюджеттің негізгі жыртығын жамауға мүмкіндік болады, яғни салық түсімі көбейеді.

Жалпы кәсіпкерлік пен шағын бизнесті дамыту мемлекет жүргізіп отырған саясаттың негізгі бағыты бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру. Үкіметтің биылғы жаңа бағдарлама аясында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50%) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. ШОБ жобаларын субсидиялаудың сараланған әдісі қарастырылған, бұл кезең-кезеңімен нарықтық жағдайларға көшіруді көздейді. Субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 2 184 363 тіркелген шағын және орта бизнес субъектісі бар. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 503-ке артқан. Ал соңғы үш жыл ішінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің негізгі үлесін, орта есеппен 66,6%-ын жеке кәсіпкерлер құрайды.

«Жалпы кәсіп ашам дегендерге елімізде мүмкіндік көп. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын стол мен орындық шығара бастадым. Біз жасайтын заттарға сұраныс бар. Орындықтың барлық қажетті құралдарын өзіміз дайындаймыз. Шыққан тауардың басым бөлігін интернет дүкен арқылы саудалаймыз. Құдайға шүкір, өтіп тұр», - дейді кәсіпкер Айжұлдыз Жанатхан.

Кәсіпкерлер санының артуына бірден-бір себеп – жылдан-жылға кәсіпкерлерге қолайлы бағдарламалар республика дәрежесінде енгізіліп жатыр. ҚР Президенті өзінің халыққа жолдауының бірінде «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе», – деп атап көрсетті. Бұның өзі кәсіпкерлерге қолдау жасалу басты маңызды мәселелердің бірі екенін аңғартады.

Биылғы жылы кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында

Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалар жұмысы да өз жемісін беріп жатыр. Биылғы жылдан бастап елімізде кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары жүзеге асуда. Себеп – қаржылық шаралардың ішінде несиелерді субсидиялауға сұраныстың көптігі. Осы орайда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар 2022 жылдан бастап «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025» жылдарға арналған ұлттық жобасына еніп үлгерді. Жоба қаржылай қолдау шаралары бойынша сыйақы мөлшерлемесі бөлігінде мемлекет несиелерді 13,75% субсидиялайды, ал кәсіпкерлер қалаларда оның тек 8%-ын және ауылдық жерлерде 7%-ын ғана мемлекетке қайтарады.

Екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылғалы бері 95 мың кәсіпкерлік жоба 7 трлн теңгеге жуық субсидиялаумен қолдау тапқан. Кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы бойынша 1,4 трлн теңге көлемінде 57 мыңнан аса несие кәсіпкерлерге таратылған. Сонымен қатар биыл «қысқа несиелер» деп аталатын шағын несиелеу құралы да іске қосылды. Онда инвестициялық мақсаттарға 3 жылға 20 млн теңгеге дейін, ал айналым капиталын толықтыруға 2 жыл мерзімге 5 млн теңге беріледі. Аталмыш жоба аясында 255 млрд теңгеге 38 мыңнан аса жобаға мемлекеттен қолдау көрсетілген.

Қаржылай қолдаулардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі уақыт өте артып келеді. Қайтарымсыз негіздегі мемлекеттік гранттар беру де табысқа кенеліп отыр. Өткен 10 жылдық аралығында кәсіпкерлер үшін 17,6 млрд теңге сомасына 5 600-ден аса грант үлестірілген. Жоғарыда аталған бағдарламалар іске асырыла басталғалы бері 120 мың жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке 53 трлн теңгеден аса сома салық төленді.

Бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары ауылды айналып өтпеді. Мысал ретінде алсақ, бір жылда тек «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге қаржы бөлінген. Республика құрамындағы ауыл-аудандарда 4 600-ден астам өтінім мақұлданып, 25 млрд теңге сомасында несие берілген. Тиісті сала мамандарының пікірінше, 2029 жылға дейін бағдарлама ауқымы кеңейіп, ауылдықтарға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланған.

Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы
31 шілде 2024
Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ҚР композиторлар Одағының мүшесі, балалар композиторы, Мәдениет қайраткері,  Алтын МАХАМБЕТПЕН сұхбат

- Алтын Шахзадақызы, қазақ ән өнеріндегі бірден-бір балалар әндерінің насихаттаушысы, әрі жанашыры ретінде жауап беріңізші, келешек елдің тізгінін ұстайтын азамат болатын бүгінгі балалардың бойына ұлттық рухты қалыптастыра алатын патриоттық әндер қаншалықты деңгейде жазылуда?

- Патриоттық әндер көп жазылып жатыр. Бірақ, көбіне ол әндер тек мемлекеттік даталы күндерде ғана орындалатындықтан, кеңінен таралып жатқан жоқ. Жалпы, патриоттық ән дегеніміз - адам бойында Отанға, елге, туған жерге деген құрметін асқақтата түсетін, рухты күш беріп, жігерлендіретін туынды. Қазіргі таңда, балалар композиторлары Қазақстан, Отан, туған ел, туған жер тақырыбындағы әндерін жарыққа шығарып жатыр. Әсіресе, өңірлік ақын-сазгерлердің де шығармашылығынан патриоттық туындылар көптеп орын алады. Бірақ, насихаттың болмауы салдарынан, ол әндер өз өңірлерінен асып кете алмай отыр. Негізі, кез келген туындының кеңінен таралуы үшін, міндетті түрде, бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауы қажет. Еліміздің телерадиоларында балаларға арналған музыкалық хабарлар жоқтың қасы. Ал, балалар әндері, әсіресе, патриоттық әндер жарыққа шығып таралуы үшін, әрекет жасап отырған, тек сол авторлардың өзі. Олар өз өңірлерінде өтетін түрлі балалар ән байқауларында, мектептері мен балабақшалардағы мерекелік іс-шараларда шәкірттеріне орындатып, өз мүмкіндіктері жеткенінше балалар репертуарын кеңейту жолында әрекет етіп келеді. Бірақ, өз өңірлерінде ғана таралып, республикаға жетпеген қаншама жап-жақсы туындылар бар. Әндерді тарату жолында әлеуметтік желінің де біршама көмегі бар. 

ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің бастамасымен өткен биылғы «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалінің Тик Токтағы челенджінде Гүлайым Жотаеваның «Тәуелсіз ел-ұраны», Ұшқын Жамалбектің «Отан», Нұрмаш Алғашбаевтың «Егемен ел -Қазақстан» атты патриоттық әндері орындалуы тұрғысынан ең жоғары орындарға ие болды.

Жалпы, авторлардың балаларға арналған патриоттық әндерінің аясын кеңейту үшін, осындай үкімет тарапынан қолдау берілетіндей байқаулар жиірек ұйымдастырылу қажет.  Ол балалардың патриоттық әндерді орындауға деген ықыласын, ынтасын оятады.

- Тәрбие құралының бірі саналатын балалар әнін насихаттау жолында қандай келелі еңбектер жасап келесіз?

- Еліміздің балалар әндерін жарыққа шығарып, насихаттау жолында «бала балаша ән салсын» деген ұраныммен жалаулатып келе жатқаныма ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.  Алғашқы телевизиялық жобам - Алматы (ЮСА) телеарнасында 2002 жылы жарыққа шыққан «Әнші болғым келеді» атты балаларға арналған музыкалық ән байқауым болды. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, қазақ ән өнеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында ашылған тележобам - өнерге қол созған балалардың ән мектебі болып қалыптасты. Бағдарлама фестиваль ретінде «31», «СТВ» телеарналарында жалғасын тауып, эфирде үздіксіз жүрді. Нәтижесінде балалар әндеріне деген сұранысты қалыптастырдым десем де болады. Көптеген композиторлармен, ақындармен тығыз шығармашылық  қарым-қатынаста болып, үлкен сахналарда көптеген түрлі тақырыптық балалар әндерінің тұсауы кесіліп, жарыққа шықты. А. Дүйсенов, Қ. Жәнібеков, Б. Жұмалин, Д. Сыздықов, М. Жәутіков, Е. Әлікей, В. Питерцев сынды тағы да басқа композиторлардың жүздеген әндері сол кезде жарыққа шықты. 2004-2013 жылдар аралығында жылына бір рет дәстүрлі түрде өткізіп келген «Мен бақытты баламын» балалар ән фестивалімнің сахнасында да тек қана балалар әндерін насихаттадым. Бала мен белгілі әншінің қос дауыспен тек балалар әндерін шырқайтын ән фестивалім үздіксіз он жыл қатарынан көрермен назарына ұсынылды. Әрине, республика арналарынан көрсетуге ол кездері мүмкіндігім бола қоймады, тек «Алматы», «СТВ» арналарынан  көрсетіліп келді. 

Ақын-сазгерлерге балаларға ән жазуға шабыт бере жүріп, өзім де балалар әндерінің қатарына біраз авторлық туындыларымды қостым. 2012 жылы «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауымның 10 жылдық мерейлі кешін «Алматы» эстрадалық-симфониялық оркестрімен өткізіп, концертте  танымал әншілер мен жас өнерпаздар менің балалар әндерімді орындады, әрі сол кеште балаларға арналған ән жинағымның тұсауын кестім.

2019-2021 жылдары «Қазақ радиосында»  тікелей әуе толқынында жүргізген авторлық «Балапан саз» ақын-сазгерлер арасындағы балалар әндері радиобайқауым да оң нәтижесін беріп, 300-ден аса балалар әндерінің радио желісі арқылы тұсауы кесілді. Қазіргі таңда, радиохабардың насихатының жемісі ретінде көптеген әндер балалар репертуарынан кеңінен орын алып отыр. 2021 жылы көп жылғы еңбегімнің қорытындысы десем де болады, «Болашақ музыкант-педагогқа заманауи балалар әндерінің ерекшеліктерін меңгерту» тақырыбы бойынша магистрлік диссертациямды қорғадым. «Балапан саз» радиобайқауы - тәжірибелік бөлімінің негізін құрады.

Балалар әндері насихатының аздығы бүгінгі күннің де өзекті мәселесі. Бір ғана менің ұйымдастырып жүрген жобаларымның ауқымы, таралу аясы тар. Балалар әндері-басты тәрбие құралы. Ән мәтіндері - туған жерге, Отанға, ата-анаға, табиғатқа, мектеп, ұстазға, қоршаған ортаға-табиғатқа деген құрмет, сүйіспеншілікке баулиды. Ән сөзін жаттаған бала жүрегіне жақсылық нәрі сіңіп, дәні егіледі. Сол себепті, балалар тек жас ерекшеліктеріне сай сүйкімді әндерді орындаулары тиіс. Авторлық жобаларымның жемісі ретінде 2002-2021 жылдар аралығында жарыққа шыққан қаншама авторлардың  балалар әндері насихатталмай отыр. «Балапан саз» радиобайқауымда ұмытылып кеткен көптеген  балалар әндерін тауып, қайтадан өңдетіп, қайта жаңғыртық. Жаңа әндер де жазылды, жаңа авторларды да таптым. Ел ішінде балаларға арнап ән жазып, өз күндерін өздері көріп  жүрген 40-қа жуық  музыкант-педагогтардың басын құрап, шығармашылық одағын құрып отырмын.  

«Балапан саз» республикалық радиобайқауының заманауи авторлық әндерді таратуда маңызды рөлі болды. Аталмыш бағдарламаның әр санында 7-8 жаңа балалар әндері жарыққа жол тартып отырды. Өкініштісі, радио басшылығының бағдарламаны жалғастыруға аса құлықтары болмады. Хабардың редакторы, продюсері, жүргізушісі, администраторы ретінде алып отырған мардымсыз азғантай жалақыма «қаржы жетіспейді» деген желеумен, бағдарлама эфирдегі жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, еліміздегі балалар әндерінің жаршысы болып отырған жалғыз хабардың тұқымына тұз құйылды. Бірақ, радиобайқау ізсіз қалмай, байқау қоржынына келіп түскен балалар әндерінің арасынан іріктеліп, жинақталған  «Балапан саз» заманауи балалар әндерінің антологиясын  жарыққа шығарып,  2023 жылдың 29-тамызы күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен тұсаукесері өтті. Әрине, 22 автордың 200-ден аса балалар әндері жинақталған кітап авторлардың өз қаражаттарымен 400 данамен ғана жарыққа шықты.  Бұл да болса, жасалған еңбектің, төккен тердің  нәтижесі деп айта аламын.

Астанаға Алматыдан 2020 жылы қаңтар айында қоныс аудардым. Бүгінгі күнге дейін, 2021 жылы «Менің өлкем», 2022 жылы 1-маусымда «Балапан саз» радиобайқауының нәтижесінде танылған үздік әндерінің «Гала концертін», 2023 жылы «Алтын Маханбетованың «Бақытты балалық шақ әуендері» атты екі шығармашылық кешімді  өткіздім. «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткізген ән кешімде тек балаларға арналған әндерім орындалды.

2021-2022 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Музыка» пәні бойынша аға ғылыми қызметкері қызметінде болдым. Академияның қолдауымен «Менің өлкем» атты балалар әндерімнің оркестр орындауына лайықталған әнжинағым  2021 жылы жарыққа шықты.

2022 жылы 1 маусымда «Бақытты балалық шақ ретро әндері» ән фестивалін, биыл «Балалардың халықаралық мерекесіне» орай Астаналық балалар композиторлары ҚР композиторлар одағының мүшелері Әліби Әбдінұровтың, Гүлайым Жотаеваның, Думан Байтлеуовтің, Шолпан Қорғанбектің және өз әндерімнен «Балапан саз» атты  авторлық балалар әндері кешін өткіздім.

Республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауынсыз әндердің таралу аясы тар болады. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей жалғыз өзімнің балалар әндерін тарату жолында жасап жүрген шығармашылық еңбектерімнің  пәрмені аз.

 Биылғы жылдың ең басты жаңалығы - ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Әншуақ» республикалық қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалі жарияланып, ақпан мен мамыр аралығында Тик-Ток әлеуметтік желісінде балалар әндерінің челленджі ұйымдастырылды. Осы аралықта 10000-аса жас өнерпаздардың бейнежазбалары  тіркелді. Арнайы көркемдік кеңестің шешімімен Тик-Токта жиі орындалған 20 туынды танымал әндері қатарынан орын алып, 1-маусым күні еліміздің барлық қалаларында, өңірлерінде аталмыш 20 әнді еліміздің барлық балалары шырқады. Балалар әндерін насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның екінші маусымы алдағы 1қыркүйектен бастап өз жалғасын табады. 

- Өзіңіз өткізетін балалар концерттерінде «бала баланың әнін айтуы керек» деген талаптарыңызды қойып жатасыз? Осы туралы айта кетсеңіз?

- Бізде қазір ерінбегеннің бәрі балалар концертін, балалар байқауларын ұйымдастырып жүр. Олардың басты мақсаттары - ақша табу. Көпшілігі солай. Еліміздегі балалар әндерінің бас насихатшысы ретінде - барлық жерде мен бір талапты қоямын. Бала  өз деңгейіндегі, жас ерекшелігіне сай әнді орындауы керек. Балалар байқауларында орындаушыларға «дауыс көрсету керек»  деген қате талап бар.  Менің талабым бойынша-бала өзіне лайықты әнді мәнерімен, сөзін ұғынып, нотаны таза алып, әдемі, жеңіл орындап беруі тиіс. Ересектердің махаббат әнін, тойдың хит әндерін орындап, ересек әншіге пародия жасап тұрған немесе шетелдік әлем жұлдыздарының әндерін күре тамыры білеуленіп, тамағына салып, барынша сол әдем жұлдызына еліктеп жұлқынып тұрған бала мен үшін өте сүйкімсіз әсер береді.  Ондай балалардың өнер әлемінен орын алғандар саны аз. Өйткені, өзіндік менін жоғалтып, өзгелердің образын қайталаған бала одан ары қалай даму жолын білмей, тоқырауға ұшырайды. Есейе келе, ол баланың әнге деген ықыласы мүлдем жойылады немесе үнемі ауыр әндерді орындау салдарынан дауыс желбезегіне күш түсіп, мүлдем дауыссыз қалады. Бала өнер жолындағы мектептен өтіп, бірте-бірте биікке көтерілсе, оның жемісі әлдеқайда мол болады.

Мен, алдыма кеңес сұрап келген, өнерге қанат созған балалардың ата-аналарына балаларын музыкалық мектептерге беріп, сауаттарын кәсіби тұрғыда ашу керектігін түсіндіремін. Сол кеңесіммен, мектеп тәрбиесінен өткен талай бала қазір өнер әлемінде өз орындарын тауып отыр. Бала ержеткенде, өнер адамы болсын деген мақсатта емес, қосымша рухани тәрбие алу бағытында, әрі жан-жақты азамат болып қалыптасуы үшін кәсіби тұрғыда сауатты болғаны дұрыс. Олардың арасынан нағыз өнер жолын таңдайтын бала  өсе келе үлкен өнер әлемінің есігін сенімді ашатын болады.

-  Қазіргі таңда балалар байқаулары көп ұйымдастырылады және тойларда ән айтып ақша табатын өнерлі балаларды да көріп жүрміз. Маман ретінде осыған не дейсіз?

- Жоғарыда айтып өткеніміздей қазіргі таңда өткізіліп жатқан балалар байқаулары өте көп. Ерінбегеннің бәрі ұйымдастырғыш болып кетті. Көпшілігі коммерциялық жоба болғандықтан тәрбие жағы мүлдем қарастырылмайды. Қатысушыларға үш орынды теңдей бөліп беретін ақылы балалар байқауларына тыйым салатын кез келді. 4-5 жасар  балаларға ән  орындап қатырмаса да, қолдарына кубок ұстатып, мойнына медальон тағып, алғысхат беріп, әлден  мақтангершілікке тәрбиелеп жатырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес.  Біз бала күнімізде ән салғанымызға қуанатын едік. Қазір бала аттаған қадамына алғыс хат сұрайды. Біздің көп ұстаздардың, ата-аналардың ең үлкен қателігі - балаларға ересектер  әндерін орындауға жол беріп, сана-сезімдерін ерте есейтіп жіберулерінде.

 Менің балаларға тек қана балалар әнін айтқызуымның басты себебі – баланы балалыққа оралту. Бала балаша ойлап, балаша қуана білуі керек. Ал,  шет елдің немесе  ересектердің танымал әндерін шырқап дағдыланған жас өнерпаздардың балалар әндерін  орындауға ықыластары жоқ. Оның басты себебі, оларда тұрған жоқ. Ол ұстаздың дұрыс бағыт-бағдар бере алмауында. Олар ата-ананың сұрауы бойынша деп, балаларға той әндерін үйретеді. Бұл екі жақты қателік. Танымал хит әндермен ауызданған бала, той-томалаққа шығып, ақша таба бастайды. Оның бар ойы - ендігі жерде әнге емес, болашақта әнші болып, жұлдыз болып, ақша тапсамға тіреледі. Қазіргі таңда, әнші болғысы келетін бала көп. Неге? Өйткені, әншілікке олар өнер ретінде емес, табыс көзі ретінде қарайды. Қазір, телеарна, радио, әлеуметтік желі, ойын-сауық орталықтары, тіпті, қоғамдық көлікте, жеке көлікте осы той әндері күндіз-түні насихатталып келеді. Бала бұл әндерді ұстазсыз да жатқа біледі. Тыңдай-тыңдай еріксіз адам жадында сақталып қалып жатқан бұл әндерден қашып кету мүмкін емес. Бірақ, бәрі ұстаз қолында. Балаға өз жасына лайықты әнді ғана орындату керек. Өйткені, болашақта жап-жақсы әнші болады-ау деген талантты бала, есейе келе барынан айрылып қалады. Сол себепте, ұстаздар қауымы «Бұлақ  көзін дұрыс ашып, дұрыс арнаға бұра білулері» керек.

- Балалар әндерін насихаттау мақсатында үстіміздегі жылы өткізілген «Әншуақ» республикалық балалар әндері фестивалі әлі де жалғасын таппақ. Оған неше жастағы өнерлі балалар қатыса алады?

2024 жылдың қыркүйек айынан бастап, ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің  «Әншуақ» қазақ тіліндегі республикалық балалар әндері фестивалі екінші маусымын бастайды. Фестивальдің әлеуметтік желідегі іріктеу кезеңі - 2025 жылдың мамыр айына дейін жүреді. Талап бойынша тек қана балалар әндері, патриоттық әндер  орындалуы тиіс. 5 жастан бастап мектеп жасындағы балалар қатыса алады. Қатысу үшін ән орындаған бейнежазбасын Тик-Токқа #Әншуақ хэштегі бойынша тіркейді. Ақын-сазгерлер үшін де әндерін насихаттауға үлкен мүмкіндік болатын жоба.

- Қазіргі хит болып жатқан қазақ әндеріне көңіліңіз тола ма? Жалпы ән авторлары жаңа туынды жазарда нені ескерулері керек деп санайсыз?

- Бұрыңғы қазақ композиторларының әндерінде ұлттық реңк, таза қазақи әуен айқын байқалып тұратын. Бүгінгі әндердің әуендерінде өзгелерге еліктеушілік басым. Қазіргі хит деген әндердің көбісінің әуені ұрланған. Сөздері қазақша, оның өзін  өздері шимайлай салған, әуені болгардың, латыштың, түріктің, үндінің, әлде арабтың ба – әйтеуір өзге ұлттың әндерінен құралған әнсымақтар қазақ әнінің қаймағын ірітіп жатыр. Біздің танымал композитормыз деп жүргендердің көбі, ән құрастырудың майталман шеберлері болып алған. Олар хит болады-ау деген әндердің иісін жазбай танып, аранжировкасын әрлеп, сөздерін сәндеп, әр жерден алғандарын біріктіріп ән деп шығарып  жүр. Олары рас, ол әндер «хит» болып, қазақ тойының көркін қыздыруда. Қазір, той-думандарда апа-аталарымыздың өздері жаңағы әндерге естері кетіп билеп жатады. Бала тұрмақ, мазмұнды, мәні бар, лирикалық әндер тыңдайтын жастағы үлкендеріміздің де  санасын «кірме әндер» жайлап алды. Бір сорақысы, бұл әндер енді сахна төрінен ойып орын алып жатқаны! Телеарна, радио құралдары рейтинг көтерудің құралдары ретінде осындай дүбәра әндердің жарыққа шығуына жол беріп отыр. Әрине, сезімге толы, әуені жүректі баурайтын нағыз қазақ әндерін жазып жүрген авторларымыз да жетеді. Бірақ, біздің тыңдарманның санасын жеңіл әндер жаулап алуына байланысты, нағыз қазақ әндері тасада қалып отыр.

- Ұзақ жылдар бойы музыкалық мектепті басқарған сазгер-педагогсыз. Бүгінде ел алдында өнер көрсетіп жүрген қандай шәкірттеріңізбен мақтанып марқайып жүресіз?

- 2007-2017 жылдары Алматы қаласындағы Р.Глиэр атындағы балалар музыка мектебін, 2017-2019 жылдары №6 Оқушылар үйінде басшы қызметінде болдым. Басшы бола жүріп, жас өнерпаздарды өнерге баулу жолындағы ұстаздық қызметін қоса атқардым. Шәкірттерім түгел дерлік – музыка мектебінің түлектері. Бір ғана аспаппен шектелмей, бірнеше аспапты меңгеріп шыққандары бар. Алды Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын, соңы Чайковский атындағы музыка колледжін, Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тәмамдап жатыр. 

Менің авторлық «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауым жас өнерпаздардың ән мектебі болды деп үлкен сеніммен айта аламын. Мектеп дейтінім-балаларға қайта-қайта қатысып, көрермен алдында өнерлерін шыңдауға мүмкіндік беретін едім. Байқауымның алғашқы қатысушылары - танымал әнші Қайрат Нұртас, Домино тобындағы Шолпан Төлегенова, Жігер Ауыпбаев, Әбдіжаппар Әлқожа, ал, төл шәкірттерім – байқауымның алғашқы жүргізушісі, әрі әнші-өнерпазы «Келінжан» сериалындағы Сара Амангелді, танымал ақын Салтанат Қайырбек, белгілі режиссер Айдана Аламан, «Мәрмәр» өнер студиясының директоры, әнші-жетігенші Назгүл Әбибек,  қазір көптеген фильмдерде басты рольдерді сомдап жүрген киноактер Жасұлан Көпберген, «Кешю»  тобының әншісі Балауса Ерғалина, әнші-актриса Әйгерім Мергенбай (C.C.TAY).  актер Әли Тұрсынхан және т.б.

Менің  телевизиялық ән жобаларым қазақ эстрада әлеміне қадам басқан көптеген жас әншілердің де өнерге шыңдалу фабрикасы болды. Олардың қатарында Нұрболат Абдуллин, Арман Жиеналиев, Айбат Жанғалиев, актер Алмат Асановтар бар. Басқа да өнер жолына енді қадам басқан, болашақтарынан үміт күтетін шәкірттерім бар.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көптен-көп рахмет!

 

Авторы: Мара Келес