Валюта бағамы
  • USD -

    498.7
  • EUR -

    589.5
  • RUB -

    6.53
Қазақ даласы жаңа Жібек жолының қантамырына айналып келеді
Ашық көз 30 қыркүйек 2024
Қазақ даласы жаңа Жібек жолының қантамырына айналып келеді

2022 жылы елдің жалпы ішкі өніміндегі көлік-логистика саласының үлесі 6,1 пайыз болды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 пайызға жеткізу керек деген меже қойылып отыр. Ашық теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ Қазақстан үшін бұл оңай шаруа емес. Қазақ даласының салыстырмалы түрде жазықта жатқаны, Батыс Қытай-Батыс Еуропа сияқты ірі көлік дәлізінің болуы, Каспий арқылы санкция құрсауындағы Ресей аумағынан тыс өткелдер арқылы бірнеше елге шығуға болатыны дұрыс ұйымдастыра білсе, үлкен мүмкіндіктер ашады.

Жалпы тиісті инфрақұрылым болмайынша сыртқа тауар сату мүмкін емес, инвесторлар да ат-тонын ала қашатын болады. Шындығында, Қазақстан үшін жол мен көлік саласын дамыту - бүгінгідей күрделі кезеңде экономиканы дамытудың ең тиімді тетігі.

2023 жылы Қытайдан Ресейге және кері бағытта Қазақстан арқылы 3,8 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35% көп. Ел Қытай мен Еуропа арасындағы Қазақстан аумағы арқылы өтетін алыс-беріс көлемі 18,7 млн тоннаға жеткен. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 19% артық.

Сәйкесінше жүк транзитінен бюджетке түсетін табыс та артып келеді. 2023 жылдың алғашқы жартысында ғана транзиттік жүк айналымы 39% өсіп, 200 млрд теңгеден астам таза табыс кірген.

Президенттің халықаралық сапарларында, Үкімет мүшелерінің инвесторлармен келіссөздерінде мұнай-газ, металлургия саласымен бірге көлік-логистика бағытындағы жобалар туралы жиі айтылып жүр. Бұл Қазақстан экономикасын көлік-логистика есебінен әртараптандыруға ықпал ететін тенденция деуге болады.

Ресейдің санкция құрсауында қалуы Каспий көлінің транзиттік маңызын арттырды. Қазақстан да бұл тенденцияға лайықты ден қойып отыр. Үкімет елде теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл кешенді жоспарда Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құру көзделген. Оның сыртында Ақтау портынан контейнерлік хаб ашу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын қазір бүкіл әлем «Орта дәліз» ретінде біледі.

Бұл маршрут арқылы 2022 жылы 1,7 млн тонна өтсе, 2023 жылы 2,76 млн тонна болған. Ал 2024 жылдың 7 айында 2,56 млн тонна жүк жөнелтілген. Осы қарқын сақталса, желтоқсан айына қарай 5 млн тонна жүк Орта дәлізбен өтуі мүмкін.

Құры портының жүк қабылдап, жөнелту қабілетін арттыру үшін мейлінше үлкен кемелердің тоқтағаны керек. Сол үшін порт  акваториясының табаны биыл қосымша 2 метрге тереңдетілді.

2030 жылы Орта дәлізбен өтетін жүк көлемін 10 млн тоннаға жеткізу көзделген. Қазіргі қарқынмен өлшеп қарасақ, бұл межеге 2030 жылдан ерте жетуге болатын түрі бар. Меженің қаншалықты ерте орындалатыны Ресейдің санкциялар құрсауынан қашан босайтынына да байланысты. Дегенмен кейбір сарапшылар Ресей санкциялардан арылған күннің өзінде орта дәліз аймақтық

Көктемнен бері елде 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Бұл кейінгі 33 жылда болмаған көрсеткіш. Осы 12 мың шақырым жолдың 8 мың шақырымы республикалық бағыныстағы, 4 мың шақырымы жергілікті бағыныстағы жолдар. Елдегі жолдардың жалпы ұзындығы 95 мың шақырым десек, биылдың өзінде 12,6 пайызы жаңартылып жатыр деген сөз.

2023 жылы еліміз шойын жол арқылы 50 млн тоннаға жуық тауар экспорттаған. Атап айтсақ, Қытайға – 12,7 млн тонна, Өзбекстанға 10 млн тонна, Ресейге 34,6 млн тонна жүк жөнелтілген. Биыл осы көрсеткішті 60 тоннадан асыру жоспарланып отыр.

Көлік министрі Марат Қарабаев жаз болса билет таппай сандалатын жолаушылардың мәселесін шешу үшін 140 жаңа вагон сатып алынатынын айтқан болатын. Теміржол саласында қолға алынған екі ірі жоба бар. Олар: «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» маршруттарын іске қосу. Оның сыртында 1,4 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделген.

Қазақстан жерінің Еуропа мен Қытай арасында қолайлы транзиттік аумақ болатынын халықаралық инвесторлар да жақсы түсініп отыр.  Оған елдің көлік және логистика саласына көптеген ірі халықаралық және ұлттық инвесторлардың ақша салып жатқанын мысал ретінде атауға болады.  

Кейінгі жылдары Қазақстанның көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Еуропалық инвестициялық банк, Еуропа қайта құру және даму банкі сияқты ірі қаржы институттарымен жалпы сомасы 800 миллион еуро болатын меморандум жасалып, Еуропалық инвестициялық банк арқылы салаға  500 миллион еуро әкелінді.

Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Сингапурдың PSA International  компаниясымен, әзербайжандық инвесторлармен бірге бірнеше ірі жобаны қолға алмақшы.

TransLogistica Kazakhstan медиа орталығының мәліметі бойынша, Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын тауардың  70%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Осының арқасында Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы ең ірі транзиттік хабқа айналды. Бұл жерде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы  жемісін беріп жатыр деуге болады.

Қазақстанның Қытай-Еуропа арасындағы теміржол тасымалында да жоғары үлес алып отыр. Екі ортада теміржолмен тасымалданатын жүктің 20-25%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтіп жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, Қытай бизнесі Ұлы Жібек жолын жандандыру деген стратегиялық идеядан шет қалған жоқ. Мұны әлеуметтік жауапкершілік деп айтуға да болады.

 

RELATED NEWS
Қазақстанда орташа жалақы 423 мың теңге болды
12 мамыр 2025
Қазақстанда орташа жалақы 423 мың теңге болды

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша жалақының медианалық (жалақы қатарының орталық деңгейі) мәнін жариялады, деп хабарлайды Ulys.

Ведомство мәліметінше, осы жылдың алғашқы тоқсанында жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құрады. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болды, бұл былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 10,7% артық.

«2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғар өсімі ақпарат және байланыс 31,3%, ауыл, орман және балық шаруашылығы 17,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс 16,1% салаларында байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 6,2%, білім беруде орташа айлық жалақы көлемі 6,1% өсті.

Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысында 19,4%,  Қостанай облысында 14,6%, Алматы қаласында 14,2% және Павлодар облысында 13,5% тіркелді», - делінген бюро хабарламасында.

Доллар 550 теңгеден асты: Ұлттық банк интервенция жүргізеді
30 шілде 2025
Доллар 550 теңгеден асты: Ұлттық банк интервенция жүргізеді

«Валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуына және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуге кірісті. Негізгі экономикалық жағдайлар қолайлы болып қалып отыр: мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ долларынан асып тұр, доллардың жаһандық әлсіреу үрдісі сақталуда. Осыған байланысты теңгенің қазіргі әлсіреуі іргелі факторларды көрсетпейді және ұлттық валютаның жеткіліксіз бағаланғанын білдіреді», - делінген хабарламада.

Ұлттық банк биржалық және биржадан тыс валюта нарығындағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда айырбастау бағамының ауытқуына жол бермеу, шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қалпына келтіру, сондай-ақ валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға дайын.

Алтын бағасы тағы қымбаттап рекорд орнатты
16 қыркүйек 2025
Алтын бағасы тағы қымбаттап рекорд орнатты

Дүйсенбі күнгі сауда барысында Comex биржасында желтоқсан айындағы фьючерстердің бағасы қымбаттады. Бұл күнгі саудада алтынның унциясы 3722,4 долларға жетті. 16 қыркүйек күнгі бағалы металл бағасы 3682 долларды құрап тұр. Бұл туралы kursiv.media хабарлайды.

Trading Economics басылымының жазуында, АҚШ долларының әлсіреуі және америкалық мемлекеттік облигациялар кірістілігінің төмендеуі алтынға деген сұраныстың артуына ықпал етті.

Инвесторлар сейсенбі-сәрсенбі күндері өтетін отырыс қорытындысы бойынша АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) желтоқсаннан бері алғаш рет пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді деп күтіп отыр.

CME FedWatch дерегіне сәйкес, нарық қатысушылары қыркүйек айында ФРЖ мөлшерлемесін 25 базистік пунктке төмендету ықтималдығын 96,1%, ал 50 базистік пунктке төмендету ықтималдығын 3,9% деп бағалап отыр.

2024 жылы 27%-ға өскен алтын бағасы биыл жыл басынан бері шамамен 35%-ға қымбаттады. Бұған, ең алдымен, әлемдік орталық банктердің алтын сатып алуы, ақша-несие саясатының жұмсаруы, сондай-ақ геосаяси және экономикалық тұрақсыздық әсер етті.