Валюта бағамы
  • USD -

    471.1
  • EUR -

    554
  • RUB -

    6.29
Нигерияда содырлар 160 адамды ұрлап кетті
AFP 27 мамыр 2024
Нигерияда содырлар 160 адамды ұрлап кетті

Нигерияның орталығындағы Нигер штатында содырлардың шабуылынан кемінде 10 адам қаза тауып, тағы 160 адам ұрланған, деп хабарлайды BBC.

«Боко Харам» исламшыл тобынан болуы мүмкін қарулы содырлар жұма күні кешке Кучи ауылына кірді, деп хабарлады жергілікті кеңес төрағасы Амину Абдулхамид Нажуме BBC World Service.

Оның айтуынша, ұрланғандар арасында негізінен әйелдер мен балалар, ал қаза тапқандар арасында ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жергілікті тұрғындар бар.

Мәліметке қарағанда, содырлар ауылға мотоциклмен кіріп, онда екі сағаттан астам уақыт өткізіп, осы уақыт ішінде өздеріне тамақ әзірлеп үлгерген.

Осыдан кейін олар үй-үйді тонап, жергілікті тұрғындарды алып кеткен.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы жаппай ұрлауға қатты алаңдайтынын хабарлады.

RELATED NEWS
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған
02 қыркүйек 2024
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолағы Жолдауында ұлттық қордың ақшасы шетелдік қаржы институттарға қызмет етпеу керектігін айтты.  Сарапшылар Жолдаудың осы тұсын түрліше тәпсірлеп жатыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан шыққан бойда БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы «Ұлттық қор шетелдің қаржы институттарына қызмет етпеу керек» деген сөзі арқылы  сыртқы қарыздар мәселесін меңзеді дегенді айтты.


«Бұл жерде сыртқы қарызды Ұлттық қордың есебінен жауып жатырмыз деген түсінік қалыптаспау керек. Сыртқы қарыздарға қызмет көрсету шығындары туралы айтылып отыр деп ойлаймын. Шынымен де Ұлттық қор қаражатының ондай мақсаттарға жұмсалып жатқаны туралы фактілер бар», - деді депутат. 


Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков әңгіме Ұлттық қор ақшасына сатып алынған құнды қағаздар турасында болып отыр деп есептейді.
«Бүгінгі таңда Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына, акциялар мен облигацияларға, деривативтерге салынған. Оның пайызы төмен. Яғни,  Ұлттық қор ақшасына қай компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Президент шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек дегенде осыны меңзесе керек», - дейді экономист.
Сарапшының дерегін Ұлттық банктің ресми мәліметтері де растап тұр деуге болады. Жалпы Ұлттық қорда сақтаулы тұр делінетін қаржының 10 млрд АҚШ долларынан астам бөлігі тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Активтің бұл түрін жоспарда жоқ шығындар пайда болған кезде тез шешіп алып,  республика бюджеті арқылы экономикаға бағыттауға арналған. Аталған қаражат уақыт сынынан толық өткен, сенімді құнды қағаздарға ғана салынады. Бірақ, Қайырбек Арыстанбеков айтқандай, сыйақы пайызы төмен болуы мүмкін. Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бұл жерде құнды қағаздың инвестициялық табысынан гөрі сенімділігіне басымдық беріп отыр деуге келеді. 
Бұл активті қажет кезінде жылдам шешіп алуға болатынын 2019 жылғы коронавирус пандемиясы көрсеткен болатын. Індет кезеңіндегі дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 6 трлн теңге бөлінген еді.

Ұлттық қорға тиесілі ақшаның тағы бір бөлігі жинақтаушы портфельде сақтаулы. Оның өзі екі арнаға бағытталған. Нақты айтсақ, дамыған және дамушы елдердің бағалы қағаздарына, корпоративтік облигацияларына, дамыған елдерде тіркелген компаниялардың акциялары мен алтын портфеліне салынған.
Ұлттық банк биыл наурыз айында жариялаған мәліметке сенсек, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-і дамыған мемлекеттердегі облигацияларда, 21%-і дамушы елдердің облигацияларында, 30%-і дамыған елдердегі компаниялардың акцияларында, 10%-і корпоративтік облигацияларда, 5%-і балама құралдарда жатыр.
Дамыған елдердегі облигациялар туралы айтсақ, Ұлттық қор ақшасының 62,5%-і АҚШ-тың, 12,5%-ы Еуроодақтың, 10%-ы Ұлыбританияның, 5%-ы Жапонияның, 5%-ы Аустралияның, 5%-ы Канаданың мемлекеттік бағалы қағаздарында шоғырланған.
Ал Ұлттық қор қаржысы инвестицияланған дамушы елдердің қатарында Латын Америкасының, Шығыс Еуропаның, Азия мен Африканың алдыңғы қатарлы мемлектетері бар.
Ұлттық қор ақшасы салынған корпоративтік облигациялар негізінен банк секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика және телекоммуникация саласын қамтиды.
Сондай-ақ Ұлттық қор ел ішінде сақталатын алтын құймалар мен сыртта сақтаулы тұрған алтын құймаларда жатыр.

«Кәсіп ашам дейтіндерге мүмкіндік көп»
30 қыркүйек 2024
«Кәсіп ашам дейтіндерге мүмкіндік көп»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа жолдауында жеке кәсіпкерліктің дамуына және отандық өнімнің көбеюіне ерекше назар аудар қажеттігі туралы үнемі тапсырмалар жүктейді. Бұл бағытта Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдады. Бұл дұрыс шешім. Себебі ел экономикасының негізгі тірегі – бизнес. Елде бизнес дамып, кәсіпкерлік кеңейсе бос жұмыс орындары ашылады, бұған қоса бюджеттің негізгі жыртығын жамауға мүмкіндік болады, яғни салық түсімі көбейеді.

Жалпы кәсіпкерлік пен шағын бизнесті дамыту мемлекет жүргізіп отырған саясаттың негізгі бағыты бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру. Үкіметтің биылғы жаңа бағдарлама аясында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50%) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. ШОБ жобаларын субсидиялаудың сараланған әдісі қарастырылған, бұл кезең-кезеңімен нарықтық жағдайларға көшіруді көздейді. Субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 2 184 363 тіркелген шағын және орта бизнес субъектісі бар. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 503-ке артқан. Ал соңғы үш жыл ішінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің негізгі үлесін, орта есеппен 66,6%-ын жеке кәсіпкерлер құрайды.

«Жалпы кәсіп ашам дегендерге елімізде мүмкіндік көп. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын стол мен орындық шығара бастадым. Біз жасайтын заттарға сұраныс бар. Орындықтың барлық қажетті құралдарын өзіміз дайындаймыз. Шыққан тауардың басым бөлігін интернет дүкен арқылы саудалаймыз. Құдайға шүкір, өтіп тұр», - дейді кәсіпкер Айжұлдыз Жанатхан.

Кәсіпкерлер санының артуына бірден-бір себеп – жылдан-жылға кәсіпкерлерге қолайлы бағдарламалар республика дәрежесінде енгізіліп жатыр. ҚР Президенті өзінің халыққа жолдауының бірінде «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе», – деп атап көрсетті. Бұның өзі кәсіпкерлерге қолдау жасалу басты маңызды мәселелердің бірі екенін аңғартады.

Биылғы жылы кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында

Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалар жұмысы да өз жемісін беріп жатыр. Биылғы жылдан бастап елімізде кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары жүзеге асуда. Себеп – қаржылық шаралардың ішінде несиелерді субсидиялауға сұраныстың көптігі. Осы орайда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар 2022 жылдан бастап «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025» жылдарға арналған ұлттық жобасына еніп үлгерді. Жоба қаржылай қолдау шаралары бойынша сыйақы мөлшерлемесі бөлігінде мемлекет несиелерді 13,75% субсидиялайды, ал кәсіпкерлер қалаларда оның тек 8%-ын және ауылдық жерлерде 7%-ын ғана мемлекетке қайтарады.

Екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылғалы бері 95 мың кәсіпкерлік жоба 7 трлн теңгеге жуық субсидиялаумен қолдау тапқан. Кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы бойынша 1,4 трлн теңге көлемінде 57 мыңнан аса несие кәсіпкерлерге таратылған. Сонымен қатар биыл «қысқа несиелер» деп аталатын шағын несиелеу құралы да іске қосылды. Онда инвестициялық мақсаттарға 3 жылға 20 млн теңгеге дейін, ал айналым капиталын толықтыруға 2 жыл мерзімге 5 млн теңге беріледі. Аталмыш жоба аясында 255 млрд теңгеге 38 мыңнан аса жобаға мемлекеттен қолдау көрсетілген.

Қаржылай қолдаулардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі уақыт өте артып келеді. Қайтарымсыз негіздегі мемлекеттік гранттар беру де табысқа кенеліп отыр. Өткен 10 жылдық аралығында кәсіпкерлер үшін 17,6 млрд теңге сомасына 5 600-ден аса грант үлестірілген. Жоғарыда аталған бағдарламалар іске асырыла басталғалы бері 120 мың жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке 53 трлн теңгеден аса сома салық төленді.

Бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары ауылды айналып өтпеді. Мысал ретінде алсақ, бір жылда тек «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге қаржы бөлінген. Республика құрамындағы ауыл-аудандарда 4 600-ден астам өтінім мақұлданып, 25 млрд теңге сомасында несие берілген. Тиісті сала мамандарының пікірінше, 2029 жылға дейін бағдарлама ауқымы кеңейіп, ауылдықтарға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланған.

«Ата көргеннің ақылы артық» - Ақсақалдар кеңесінің маңызы зор
29 шілде 2024
«Ата көргеннің ақылы артық» - Ақсақалдар кеңесінің маңызы зор

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде мыңдаған Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеуде. Осы ретте Ulys тілшісі аталған кеңестің қазіргі жұмысы мен оның атқарып отырған міндеттері мен маңызына, қоғамдағы салмағына шолу жасап көрді.

Ілгері жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда Ақсақалдар кеңесінің жұмысын одан әрі оңтайландыру туралы пікір айта келе, Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан «Ақсақалдар алқасын» құруды ұсынған еді. Ондағы мақсат - халық бірлігін нығайтуға бірлесе күш жұмылдыру, жастарды арандатушылықтан сақтау және оларға дұрыс жол сілтеу. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Президенттің қасиетті Атырау жерінде айтқан сөзін келтіре кетейік.

 «Жалпы, қоғамымызда заң мен тәртіптің үстемдігі болуы қажет. Басқа жолмен ешқандай жұмыс табысты болмайды, тек бос сөз бен жалған ұрандардың астында қаламыз. Әрбір әлеуметтік мәселені қаншалықты күрделі болса да, әсіре саясиландырудың қажеті жоқ. Біз бәріміз бір мемлекет болып, бір қоғам болып кез келген түйткілді шеше алатынымызға ешқандай күмән болмауға тиіс. Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиыннан кейін Президенттің тапсырмасын іске асыру барысында бірқатар шара қолға алынды. Қазақстан халқы ассамблеясы мәліметтеріне қарағанда, 1 жылдан аса мерзім ішінде облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде мыңнан аса кеңес құрылған. Бұл жұмыстарға 10 мыңға жуық адам қабылданып, 6,5 мыңдай іс-шара өткізілді. Олардың құрамына танымал тұлғалар,  пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілі кірді. Былтыр қыста Ақсақалдар кеңесінің бірінші республикалық отырысы өтті. Аталған жиында келелі мәселелер, Кеңестің атқаратын жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Қазақ халқы қай заманнан бері үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп бағалай білген. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі еліміздің қоғамдық, мәдени, рухани және саяси өміріне, сонымен қатар этносаралық ахуалды жақсартуға және басқа да қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысып келеді. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтау, насихаттау бойынша жұмыстарда да Ақсақалдар кеңесінің қосып отырған үлесі зор. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру уақыт талабы екені даусыз.

 Ақсақалдар кеңесі қандай ұйым?

 Қазір де ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі және бұл кеңес түрлі деңгейде нәтиежелі жұмыс істеп келеді. Десе де заманның өзгеруіне, қоғамның дамуына қарай жұмыс жүйесі де жаңаланып, жанданып отыруы тиіс.

Ақсақалдар кеңесі Қазақстан халқы Ас­самблеясы жанын­дағы кон­суль­та­тивтік-кеңесші орган. Облыстардағы Кеңес өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеялары жанынан, облыс ауданында және қажет болған жағдайда ауылдық округтер мен ауылдарда – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдіктерінің жанынан құрылады. Кеңес құрамына жергілікті қоғамдастықтың тұрғындарынан, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары кіре алады.

Облыстық кеңестің құрамын Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Кеңесі, аудандар, ауылдық округтер мен ауылдар деңгейінде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктері бекітеді. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ үлгілік ережені басшылыққа алады. Кеңес мүшесі облыс, аудан, ауылдық округ немесе ауыл шегінде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы бола алады. 

Ақсақалдар кеңесіне мынадай міндеттер жүктелген: мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу; азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту; қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру; жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру; мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдарды профилактикалауға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу; этномедиацияны жүзеге асыруға, қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі диалогты ұйымдастыруға жәрдемдесу және тікелей қатысу; жастар арасында тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру, қоғамды шоғырландыру ісінде жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау; халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибені беру.

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра»

Қазақ халқының пәлсапасы терең. Қазақтардың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлығы дерлік ұлағаттылыққа, сабақтастыққа, тәлім мен тәриеге негізделген. Дала халқының дана түсініктері әйелден қалыптасқан. Осы  ретте қария, қарт, ақсақалдарға қатысты мына әбсананы келтіре кеткенді жөн санаймыз.

«Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатында оларды өлтіруге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп «Дәл жиырма жыл бұрын дәл осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады. Бір күні жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бір қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады. Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы «иә» дейді. Сонда шал баласына: «Дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың» дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыз сандыққа тығып бағып жүрген жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқаннын айтады. Хан риза болып, қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Содан бері халық арасында «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл сөз қалған. Осы айтылған әпсанаға сүйене отырып Ақсақалдар кеңесінің қазіргі алмағайып, тұрақсыз заманда атқаратын міндеттері мен көтеретінің жүгінің салмақты екенін бағамдау қиын емес.

 Осы ретте Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрметті төрағасы Салман Героевте Ақсақалдар кеңесінің маңызы туралы өзекті пікірін білдіреді.

 «Біздің халық қиын кезде бейбітшілік пен жүрегімізге тыныштықты қазақ жерінен таптық. Бұл шындық. Егер шешендер мен ингуштар басқа елге тап болғанда, бізге мұндай мүмкіндіктер берілер ме еді деп ойлаймыз. Біздің өмірімізді сақтап қалған халыққа алғысымыз шексіз. Осыдан біраз жыл бұрын Ингушетияда конференцияда қазақстандық ингуштар мен шешендер бас қосты. Сонда мен бізге екінші өмір сыйлаған ұлы Сарыарқа даласына алғысымды өлең жолдарымен жеткіздім. Мен қазақ халқына алғыс айтудан шаршамаймын. Қазақстанды біріктіретін осы ұйымшылдық. Мен көп жерлерде Ақсақалдар кеңесінің жұмысының дұрыс екенін үнемі айтып келем. Себебі бұл өте маңызды ұйым. Үлкенді сыйлаған, соның сөзіне тоқтаған, ақылын алған ұлт ешқашанда жерде қалмайды. Сондықтан мен Ақсақалдар алқасы Кеңесінің жұмысын мектептерде, оқу орындарында оқушылармен, студенттермен кездесуден бастауды ұсынып жүрмін. Бұдан бөлек ел ішіндегі мәселелерді тереңірек зерттеп, зерделеу үшін Кеңес мүшелері қалалық мекемелер ұжымдарымен де кездесіп, жиындар өткізуі керек», - дейді Салман Героев ақсақал.

Ал саясаттанушы ғалым Лилия Зайниева ҚХА институтының қазіргі уақытта аса қажеттігін айтады. Оның айтуынша, Қазақстан түрлі этносқа, дінге жататын азаматтар арасында татулық, өзара түсіністік пен достықты нығайтуда бай тәжірибе жинақтады. Соның арқасында кез келген этностың өкілі кез келген қала мен ауылда өз өмірі мен денсаулығы үшін еш қорықпай, еркін жүре алады. Бұл көп елге бұйырмаған игілікті іс. Бұдан айрылып қалмауға тиіспіз дейді ғалым.

Жалпы қазақ халқында «Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық» деген дана сөз бар. Жас өсемін деп ұмтылса, қарттың ақылы демеу болады. Жастар үйренемін деп құлшынса, жайсаң ақсақалдар мен қарттар үйретерін бүгіп қалмайды. Сондықтан да қазіргі Ақсақалдар кеңесінің жұмысын заманға сай ары қарай дамыта түсу уақыт талабы болып қала береді.