Валюта бағамы
  • USD -

    486.3
  • EUR -

    561
  • RUB -

    6.09
Меккеде қажылық кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды
kaz.orda.kz 19 маусым 2024
Меккеде қажылық кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды

Сауд Арабиясындағы Меккеге қажылық сапары кезінде аптап ыстықтан жүзден аса адам көз жұмды, деп хабарлады DW .  

Көз жұмғандардың нақты саны белгісіз, бірақ AFP агенттігінің хабарлауынша, тек қажылық кезінде кем дегенде 550 адам мерт болған.

Оның ішінде 323-і Мысырдан келген. 

Tunis Afrique Presse ақпарат агенттігінің хабарлауынша, құрбандар арасында Тунистің 35 азаматы бар. 

Иорданияның Сыртқы істер министрлігі қажылыққа Иорданиядан барғандарды жерлеуге 41 рұқсат берілгенін хабарлады.

Иранның ИРНА ақпарат агенттігі 11 ирандықтың қаза тапқанын, тағы 24-і ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. 

Сондай-ақ үш Сенегал азаматы мен 144 Индонезия азаматының қайтыс болғаны айтылды. 

Бұл адамдардың көпшілігі қатты аптап ыстықтан қайтыс болды, деп хабарлады туыстары әлеуметтік желіде.

RELATED NEWS
Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі
22 наурыз 2020
Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі

Наурыз – түркі халықтары кең көлемде атап өтетін мейрам. Әдетте мейрамдардың діни сенімге, ұлтқа ортақ құндылықтарға байланысты пайда болатыны немесе дәстүрден, табиғат пен адамдар арасындағы байланыстан бастау алатыны белгілі. 

Наурыз мейрамы басында диқаншылықпен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күн жаз мезгіліне аусқанда егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан - тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы ойындармен аяқталатын.

Наурызды Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан,Түркіменстан, Әзербайжан республикалары және Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан автономиялық республикасы Наурыз мерекесін «ұлттық мейрам» ретінде жариялаған. 1991 жылы Түркияда да бұл күн түркі әлеміне ортақ күн ретінде жарияланды. Алайда Түркияда бұл күн – жұмыс күні.

Айта кететін жайт, Қазақстанда 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланса, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан тойланып келді.

Ғалымдардың айтуынша, наурыздың түркі халықтарындағы атаулары көп. Түркі әлемінде ғұндар заманынан бізге келіп жеткен, табиғат пен ұлттық оянуды бір мағына ретінде ұсынатын наурыз (жаңа күн) мерекесі мына атаулармен аталғаны белгілі, мәселен невруз, наурыз, новруз, сұлтан-и невруз, сұлтан-и наурыз, наорус, новроз, наврыс, невруз норус, ұлыстың ұлы күні, ұлы күн, Ергенекон, бозкурт, чаган бабу марта, жаңа күн, жаңа жыл, март докузу, мереке, мейрам, нартукан, нартаван, Алтай көдүргені, көктем мерекесі, меврис және т.б.  

«Ата көргеннің ақылы артық» - Ақсақалдар кеңесінің маңызы зор
29 шілде 2024
«Ата көргеннің ақылы артық» - Ақсақалдар кеңесінің маңызы зор

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде мыңдаған Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеуде. Осы ретте Ulys тілшісі аталған кеңестің қазіргі жұмысы мен оның атқарып отырған міндеттері мен маңызына, қоғамдағы салмағына шолу жасап көрді.

Ілгері жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда Ақсақалдар кеңесінің жұмысын одан әрі оңтайландыру туралы пікір айта келе, Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан «Ақсақалдар алқасын» құруды ұсынған еді. Ондағы мақсат - халық бірлігін нығайтуға бірлесе күш жұмылдыру, жастарды арандатушылықтан сақтау және оларға дұрыс жол сілтеу. Оқырмандарға түсінікті болу үшін Президенттің қасиетті Атырау жерінде айтқан сөзін келтіре кетейік.

 «Жалпы, қоғамымызда заң мен тәртіптің үстемдігі болуы қажет. Басқа жолмен ешқандай жұмыс табысты болмайды, тек бос сөз бен жалған ұрандардың астында қаламыз. Әрбір әлеуметтік мәселені қаншалықты күрделі болса да, әсіре саясиландырудың қажеті жоқ. Біз бәріміз бір мемлекет болып, бір қоғам болып кез келген түйткілді шеше алатынымызға ешқандай күмән болмауға тиіс. Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиыннан кейін Президенттің тапсырмасын іске асыру барысында бірқатар шара қолға алынды. Қазақстан халқы ассамблеясы мәліметтеріне қарағанда, 1 жылдан аса мерзім ішінде облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде мыңнан аса кеңес құрылған. Бұл жұмыстарға 10 мыңға жуық адам қабылданып, 6,5 мыңдай іс-шара өткізілді. Олардың құрамына танымал тұлғалар,  пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілі кірді. Былтыр қыста Ақсақалдар кеңесінің бірінші республикалық отырысы өтті. Аталған жиында келелі мәселелер, Кеңестің атқаратын жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Қазақ халқы қай заманнан бері үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп бағалай білген. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі еліміздің қоғамдық, мәдени, рухани және саяси өміріне, сонымен қатар этносаралық ахуалды жақсартуға және басқа да қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысып келеді. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтау, насихаттау бойынша жұмыстарда да Ақсақалдар кеңесінің қосып отырған үлесі зор. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру уақыт талабы екені даусыз.

 Ақсақалдар кеңесі қандай ұйым?

 Қазір де ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі және бұл кеңес түрлі деңгейде нәтиежелі жұмыс істеп келеді. Десе де заманның өзгеруіне, қоғамның дамуына қарай жұмыс жүйесі де жаңаланып, жанданып отыруы тиіс.

Ақсақалдар кеңесі Қазақстан халқы Ас­самблеясы жанын­дағы кон­суль­та­тивтік-кеңесші орган. Облыстардағы Кеңес өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеялары жанынан, облыс ауданында және қажет болған жағдайда ауылдық округтер мен ауылдарда – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдіктерінің жанынан құрылады. Кеңес құрамына жергілікті қоғамдастықтың тұрғындарынан, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары кіре алады.

Облыстық кеңестің құрамын Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Кеңесі, аудандар, ауылдық округтер мен ауылдар деңгейінде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктері бекітеді. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ үлгілік ережені басшылыққа алады. Кеңес мүшесі облыс, аудан, ауылдық округ немесе ауыл шегінде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы бола алады. 

Ақсақалдар кеңесіне мынадай міндеттер жүктелген: мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу; азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту; қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру; жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру; мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдарды профилактикалауға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу; этномедиацияны жүзеге асыруға, қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі диалогты ұйымдастыруға жәрдемдесу және тікелей қатысу; жастар арасында тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру, қоғамды шоғырландыру ісінде жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау; халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибені беру.

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра»

Қазақ халқының пәлсапасы терең. Қазақтардың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлығы дерлік ұлағаттылыққа, сабақтастыққа, тәлім мен тәриеге негізделген. Дала халқының дана түсініктері әйелден қалыптасқан. Осы  ретте қария, қарт, ақсақалдарға қатысты мына әбсананы келтіре кеткенді жөн санаймыз.

«Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатында оларды өлтіруге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп «Дәл жиырма жыл бұрын дәл осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады. Бір күні жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бір қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады. Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы «иә» дейді. Сонда шал баласына: «Дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың» дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыз сандыққа тығып бағып жүрген жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқаннын айтады. Хан риза болып, қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Содан бері халық арасында «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл сөз қалған. Осы айтылған әпсанаға сүйене отырып Ақсақалдар кеңесінің қазіргі алмағайып, тұрақсыз заманда атқаратын міндеттері мен көтеретінің жүгінің салмақты екенін бағамдау қиын емес.

 Осы ретте Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрметті төрағасы Салман Героевте Ақсақалдар кеңесінің маңызы туралы өзекті пікірін білдіреді.

 «Біздің халық қиын кезде бейбітшілік пен жүрегімізге тыныштықты қазақ жерінен таптық. Бұл шындық. Егер шешендер мен ингуштар басқа елге тап болғанда, бізге мұндай мүмкіндіктер берілер ме еді деп ойлаймыз. Біздің өмірімізді сақтап қалған халыққа алғысымыз шексіз. Осыдан біраз жыл бұрын Ингушетияда конференцияда қазақстандық ингуштар мен шешендер бас қосты. Сонда мен бізге екінші өмір сыйлаған ұлы Сарыарқа даласына алғысымды өлең жолдарымен жеткіздім. Мен қазақ халқына алғыс айтудан шаршамаймын. Қазақстанды біріктіретін осы ұйымшылдық. Мен көп жерлерде Ақсақалдар кеңесінің жұмысының дұрыс екенін үнемі айтып келем. Себебі бұл өте маңызды ұйым. Үлкенді сыйлаған, соның сөзіне тоқтаған, ақылын алған ұлт ешқашанда жерде қалмайды. Сондықтан мен Ақсақалдар алқасы Кеңесінің жұмысын мектептерде, оқу орындарында оқушылармен, студенттермен кездесуден бастауды ұсынып жүрмін. Бұдан бөлек ел ішіндегі мәселелерді тереңірек зерттеп, зерделеу үшін Кеңес мүшелері қалалық мекемелер ұжымдарымен де кездесіп, жиындар өткізуі керек», - дейді Салман Героев ақсақал.

Ал саясаттанушы ғалым Лилия Зайниева ҚХА институтының қазіргі уақытта аса қажеттігін айтады. Оның айтуынша, Қазақстан түрлі этносқа, дінге жататын азаматтар арасында татулық, өзара түсіністік пен достықты нығайтуда бай тәжірибе жинақтады. Соның арқасында кез келген этностың өкілі кез келген қала мен ауылда өз өмірі мен денсаулығы үшін еш қорықпай, еркін жүре алады. Бұл көп елге бұйырмаған игілікті іс. Бұдан айрылып қалмауға тиіспіз дейді ғалым.

Жалпы қазақ халқында «Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық» деген дана сөз бар. Жас өсемін деп ұмтылса, қарттың ақылы демеу болады. Жастар үйренемін деп құлшынса, жайсаң ақсақалдар мен қарттар үйретерін бүгіп қалмайды. Сондықтан да қазіргі Ақсақалдар кеңесінің жұмысын заманға сай ары қарай дамыта түсу уақыт талабы болып қала береді.

 

 

 

Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы
31 шілде 2024
Патриоттық әндер көп жазылып жатыр -балалар композиторы

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ҚР композиторлар Одағының мүшесі, балалар композиторы, Мәдениет қайраткері,  Алтын МАХАМБЕТПЕН сұхбат

- Алтын Шахзадақызы, қазақ ән өнеріндегі бірден-бір балалар әндерінің насихаттаушысы, әрі жанашыры ретінде жауап беріңізші, келешек елдің тізгінін ұстайтын азамат болатын бүгінгі балалардың бойына ұлттық рухты қалыптастыра алатын патриоттық әндер қаншалықты деңгейде жазылуда?

- Патриоттық әндер көп жазылып жатыр. Бірақ, көбіне ол әндер тек мемлекеттік даталы күндерде ғана орындалатындықтан, кеңінен таралып жатқан жоқ. Жалпы, патриоттық ән дегеніміз - адам бойында Отанға, елге, туған жерге деген құрметін асқақтата түсетін, рухты күш беріп, жігерлендіретін туынды. Қазіргі таңда, балалар композиторлары Қазақстан, Отан, туған ел, туған жер тақырыбындағы әндерін жарыққа шығарып жатыр. Әсіресе, өңірлік ақын-сазгерлердің де шығармашылығынан патриоттық туындылар көптеп орын алады. Бірақ, насихаттың болмауы салдарынан, ол әндер өз өңірлерінен асып кете алмай отыр. Негізі, кез келген туындының кеңінен таралуы үшін, міндетті түрде, бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауы қажет. Еліміздің телерадиоларында балаларға арналған музыкалық хабарлар жоқтың қасы. Ал, балалар әндері, әсіресе, патриоттық әндер жарыққа шығып таралуы үшін, әрекет жасап отырған, тек сол авторлардың өзі. Олар өз өңірлерінде өтетін түрлі балалар ән байқауларында, мектептері мен балабақшалардағы мерекелік іс-шараларда шәкірттеріне орындатып, өз мүмкіндіктері жеткенінше балалар репертуарын кеңейту жолында әрекет етіп келеді. Бірақ, өз өңірлерінде ғана таралып, республикаға жетпеген қаншама жап-жақсы туындылар бар. Әндерді тарату жолында әлеуметтік желінің де біршама көмегі бар. 

ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің бастамасымен өткен биылғы «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалінің Тик Токтағы челенджінде Гүлайым Жотаеваның «Тәуелсіз ел-ұраны», Ұшқын Жамалбектің «Отан», Нұрмаш Алғашбаевтың «Егемен ел -Қазақстан» атты патриоттық әндері орындалуы тұрғысынан ең жоғары орындарға ие болды.

Жалпы, авторлардың балаларға арналған патриоттық әндерінің аясын кеңейту үшін, осындай үкімет тарапынан қолдау берілетіндей байқаулар жиірек ұйымдастырылу қажет.  Ол балалардың патриоттық әндерді орындауға деген ықыласын, ынтасын оятады.

- Тәрбие құралының бірі саналатын балалар әнін насихаттау жолында қандай келелі еңбектер жасап келесіз?

- Еліміздің балалар әндерін жарыққа шығарып, насихаттау жолында «бала балаша ән салсын» деген ұраныммен жалаулатып келе жатқаныма ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.  Алғашқы телевизиялық жобам - Алматы (ЮСА) телеарнасында 2002 жылы жарыққа шыққан «Әнші болғым келеді» атты балаларға арналған музыкалық ән байқауым болды. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, қазақ ән өнеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында ашылған тележобам - өнерге қол созған балалардың ән мектебі болып қалыптасты. Бағдарлама фестиваль ретінде «31», «СТВ» телеарналарында жалғасын тауып, эфирде үздіксіз жүрді. Нәтижесінде балалар әндеріне деген сұранысты қалыптастырдым десем де болады. Көптеген композиторлармен, ақындармен тығыз шығармашылық  қарым-қатынаста болып, үлкен сахналарда көптеген түрлі тақырыптық балалар әндерінің тұсауы кесіліп, жарыққа шықты. А. Дүйсенов, Қ. Жәнібеков, Б. Жұмалин, Д. Сыздықов, М. Жәутіков, Е. Әлікей, В. Питерцев сынды тағы да басқа композиторлардың жүздеген әндері сол кезде жарыққа шықты. 2004-2013 жылдар аралығында жылына бір рет дәстүрлі түрде өткізіп келген «Мен бақытты баламын» балалар ән фестивалімнің сахнасында да тек қана балалар әндерін насихаттадым. Бала мен белгілі әншінің қос дауыспен тек балалар әндерін шырқайтын ән фестивалім үздіксіз он жыл қатарынан көрермен назарына ұсынылды. Әрине, республика арналарынан көрсетуге ол кездері мүмкіндігім бола қоймады, тек «Алматы», «СТВ» арналарынан  көрсетіліп келді. 

Ақын-сазгерлерге балаларға ән жазуға шабыт бере жүріп, өзім де балалар әндерінің қатарына біраз авторлық туындыларымды қостым. 2012 жылы «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауымның 10 жылдық мерейлі кешін «Алматы» эстрадалық-симфониялық оркестрімен өткізіп, концертте  танымал әншілер мен жас өнерпаздар менің балалар әндерімді орындады, әрі сол кеште балаларға арналған ән жинағымның тұсауын кестім.

2019-2021 жылдары «Қазақ радиосында»  тікелей әуе толқынында жүргізген авторлық «Балапан саз» ақын-сазгерлер арасындағы балалар әндері радиобайқауым да оң нәтижесін беріп, 300-ден аса балалар әндерінің радио желісі арқылы тұсауы кесілді. Қазіргі таңда, радиохабардың насихатының жемісі ретінде көптеген әндер балалар репертуарынан кеңінен орын алып отыр. 2021 жылы көп жылғы еңбегімнің қорытындысы десем де болады, «Болашақ музыкант-педагогқа заманауи балалар әндерінің ерекшеліктерін меңгерту» тақырыбы бойынша магистрлік диссертациямды қорғадым. «Балапан саз» радиобайқауы - тәжірибелік бөлімінің негізін құрады.

Балалар әндері насихатының аздығы бүгінгі күннің де өзекті мәселесі. Бір ғана менің ұйымдастырып жүрген жобаларымның ауқымы, таралу аясы тар. Балалар әндері-басты тәрбие құралы. Ән мәтіндері - туған жерге, Отанға, ата-анаға, табиғатқа, мектеп, ұстазға, қоршаған ортаға-табиғатқа деген құрмет, сүйіспеншілікке баулиды. Ән сөзін жаттаған бала жүрегіне жақсылық нәрі сіңіп, дәні егіледі. Сол себепті, балалар тек жас ерекшеліктеріне сай сүйкімді әндерді орындаулары тиіс. Авторлық жобаларымның жемісі ретінде 2002-2021 жылдар аралығында жарыққа шыққан қаншама авторлардың  балалар әндері насихатталмай отыр. «Балапан саз» радиобайқауымда ұмытылып кеткен көптеген  балалар әндерін тауып, қайтадан өңдетіп, қайта жаңғыртық. Жаңа әндер де жазылды, жаңа авторларды да таптым. Ел ішінде балаларға арнап ән жазып, өз күндерін өздері көріп  жүрген 40-қа жуық  музыкант-педагогтардың басын құрап, шығармашылық одағын құрып отырмын.  

«Балапан саз» республикалық радиобайқауының заманауи авторлық әндерді таратуда маңызды рөлі болды. Аталмыш бағдарламаның әр санында 7-8 жаңа балалар әндері жарыққа жол тартып отырды. Өкініштісі, радио басшылығының бағдарламаны жалғастыруға аса құлықтары болмады. Хабардың редакторы, продюсері, жүргізушісі, администраторы ретінде алып отырған мардымсыз азғантай жалақыма «қаржы жетіспейді» деген желеумен, бағдарлама эфирдегі жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, еліміздегі балалар әндерінің жаршысы болып отырған жалғыз хабардың тұқымына тұз құйылды. Бірақ, радиобайқау ізсіз қалмай, байқау қоржынына келіп түскен балалар әндерінің арасынан іріктеліп, жинақталған  «Балапан саз» заманауи балалар әндерінің антологиясын  жарыққа шығарып,  2023 жылдың 29-тамызы күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен тұсаукесері өтті. Әрине, 22 автордың 200-ден аса балалар әндері жинақталған кітап авторлардың өз қаражаттарымен 400 данамен ғана жарыққа шықты.  Бұл да болса, жасалған еңбектің, төккен тердің  нәтижесі деп айта аламын.

Астанаға Алматыдан 2020 жылы қаңтар айында қоныс аудардым. Бүгінгі күнге дейін, 2021 жылы «Менің өлкем», 2022 жылы 1-маусымда «Балапан саз» радиобайқауының нәтижесінде танылған үздік әндерінің «Гала концертін», 2023 жылы «Алтын Маханбетованың «Бақытты балалық шақ әуендері» атты екі шығармашылық кешімді  өткіздім. «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өткізген ән кешімде тек балаларға арналған әндерім орындалды.

2021-2022 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Музыка» пәні бойынша аға ғылыми қызметкері қызметінде болдым. Академияның қолдауымен «Менің өлкем» атты балалар әндерімнің оркестр орындауына лайықталған әнжинағым  2021 жылы жарыққа шықты.

2022 жылы 1 маусымда «Бақытты балалық шақ ретро әндері» ән фестивалін, биыл «Балалардың халықаралық мерекесіне» орай Астаналық балалар композиторлары ҚР композиторлар одағының мүшелері Әліби Әбдінұровтың, Гүлайым Жотаеваның, Думан Байтлеуовтің, Шолпан Қорғанбектің және өз әндерімнен «Балапан саз» атты  авторлық балалар әндері кешін өткіздім.

Республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауынсыз әндердің таралу аясы тар болады. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей жалғыз өзімнің балалар әндерін тарату жолында жасап жүрген шығармашылық еңбектерімнің  пәрмені аз.

 Биылғы жылдың ең басты жаңалығы - ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Әншуақ» республикалық қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалі жарияланып, ақпан мен мамыр аралығында Тик-Ток әлеуметтік желісінде балалар әндерінің челленджі ұйымдастырылды. Осы аралықта 10000-аса жас өнерпаздардың бейнежазбалары  тіркелді. Арнайы көркемдік кеңестің шешімімен Тик-Токта жиі орындалған 20 туынды танымал әндері қатарынан орын алып, 1-маусым күні еліміздің барлық қалаларында, өңірлерінде аталмыш 20 әнді еліміздің барлық балалары шырқады. Балалар әндерін насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның екінші маусымы алдағы 1қыркүйектен бастап өз жалғасын табады. 

- Өзіңіз өткізетін балалар концерттерінде «бала баланың әнін айтуы керек» деген талаптарыңызды қойып жатасыз? Осы туралы айта кетсеңіз?

- Бізде қазір ерінбегеннің бәрі балалар концертін, балалар байқауларын ұйымдастырып жүр. Олардың басты мақсаттары - ақша табу. Көпшілігі солай. Еліміздегі балалар әндерінің бас насихатшысы ретінде - барлық жерде мен бір талапты қоямын. Бала  өз деңгейіндегі, жас ерекшелігіне сай әнді орындауы керек. Балалар байқауларында орындаушыларға «дауыс көрсету керек»  деген қате талап бар.  Менің талабым бойынша-бала өзіне лайықты әнді мәнерімен, сөзін ұғынып, нотаны таза алып, әдемі, жеңіл орындап беруі тиіс. Ересектердің махаббат әнін, тойдың хит әндерін орындап, ересек әншіге пародия жасап тұрған немесе шетелдік әлем жұлдыздарының әндерін күре тамыры білеуленіп, тамағына салып, барынша сол әдем жұлдызына еліктеп жұлқынып тұрған бала мен үшін өте сүйкімсіз әсер береді.  Ондай балалардың өнер әлемінен орын алғандар саны аз. Өйткені, өзіндік менін жоғалтып, өзгелердің образын қайталаған бала одан ары қалай даму жолын білмей, тоқырауға ұшырайды. Есейе келе, ол баланың әнге деген ықыласы мүлдем жойылады немесе үнемі ауыр әндерді орындау салдарынан дауыс желбезегіне күш түсіп, мүлдем дауыссыз қалады. Бала өнер жолындағы мектептен өтіп, бірте-бірте биікке көтерілсе, оның жемісі әлдеқайда мол болады.

Мен, алдыма кеңес сұрап келген, өнерге қанат созған балалардың ата-аналарына балаларын музыкалық мектептерге беріп, сауаттарын кәсіби тұрғыда ашу керектігін түсіндіремін. Сол кеңесіммен, мектеп тәрбиесінен өткен талай бала қазір өнер әлемінде өз орындарын тауып отыр. Бала ержеткенде, өнер адамы болсын деген мақсатта емес, қосымша рухани тәрбие алу бағытында, әрі жан-жақты азамат болып қалыптасуы үшін кәсіби тұрғыда сауатты болғаны дұрыс. Олардың арасынан нағыз өнер жолын таңдайтын бала  өсе келе үлкен өнер әлемінің есігін сенімді ашатын болады.

-  Қазіргі таңда балалар байқаулары көп ұйымдастырылады және тойларда ән айтып ақша табатын өнерлі балаларды да көріп жүрміз. Маман ретінде осыған не дейсіз?

- Жоғарыда айтып өткеніміздей қазіргі таңда өткізіліп жатқан балалар байқаулары өте көп. Ерінбегеннің бәрі ұйымдастырғыш болып кетті. Көпшілігі коммерциялық жоба болғандықтан тәрбие жағы мүлдем қарастырылмайды. Қатысушыларға үш орынды теңдей бөліп беретін ақылы балалар байқауларына тыйым салатын кез келді. 4-5 жасар  балаларға ән  орындап қатырмаса да, қолдарына кубок ұстатып, мойнына медальон тағып, алғысхат беріп, әлден  мақтангершілікке тәрбиелеп жатырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес.  Біз бала күнімізде ән салғанымызға қуанатын едік. Қазір бала аттаған қадамына алғыс хат сұрайды. Біздің көп ұстаздардың, ата-аналардың ең үлкен қателігі - балаларға ересектер  әндерін орындауға жол беріп, сана-сезімдерін ерте есейтіп жіберулерінде.

 Менің балаларға тек қана балалар әнін айтқызуымның басты себебі – баланы балалыққа оралту. Бала балаша ойлап, балаша қуана білуі керек. Ал,  шет елдің немесе  ересектердің танымал әндерін шырқап дағдыланған жас өнерпаздардың балалар әндерін  орындауға ықыластары жоқ. Оның басты себебі, оларда тұрған жоқ. Ол ұстаздың дұрыс бағыт-бағдар бере алмауында. Олар ата-ананың сұрауы бойынша деп, балаларға той әндерін үйретеді. Бұл екі жақты қателік. Танымал хит әндермен ауызданған бала, той-томалаққа шығып, ақша таба бастайды. Оның бар ойы - ендігі жерде әнге емес, болашақта әнші болып, жұлдыз болып, ақша тапсамға тіреледі. Қазіргі таңда, әнші болғысы келетін бала көп. Неге? Өйткені, әншілікке олар өнер ретінде емес, табыс көзі ретінде қарайды. Қазір, телеарна, радио, әлеуметтік желі, ойын-сауық орталықтары, тіпті, қоғамдық көлікте, жеке көлікте осы той әндері күндіз-түні насихатталып келеді. Бала бұл әндерді ұстазсыз да жатқа біледі. Тыңдай-тыңдай еріксіз адам жадында сақталып қалып жатқан бұл әндерден қашып кету мүмкін емес. Бірақ, бәрі ұстаз қолында. Балаға өз жасына лайықты әнді ғана орындату керек. Өйткені, болашақта жап-жақсы әнші болады-ау деген талантты бала, есейе келе барынан айрылып қалады. Сол себепте, ұстаздар қауымы «Бұлақ  көзін дұрыс ашып, дұрыс арнаға бұра білулері» керек.

- Балалар әндерін насихаттау мақсатында үстіміздегі жылы өткізілген «Әншуақ» республикалық балалар әндері фестивалі әлі де жалғасын таппақ. Оған неше жастағы өнерлі балалар қатыса алады?

2024 жылдың қыркүйек айынан бастап, ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің  «Әншуақ» қазақ тіліндегі республикалық балалар әндері фестивалі екінші маусымын бастайды. Фестивальдің әлеуметтік желідегі іріктеу кезеңі - 2025 жылдың мамыр айына дейін жүреді. Талап бойынша тек қана балалар әндері, патриоттық әндер  орындалуы тиіс. 5 жастан бастап мектеп жасындағы балалар қатыса алады. Қатысу үшін ән орындаған бейнежазбасын Тик-Токқа #Әншуақ хэштегі бойынша тіркейді. Ақын-сазгерлер үшін де әндерін насихаттауға үлкен мүмкіндік болатын жоба.

- Қазіргі хит болып жатқан қазақ әндеріне көңіліңіз тола ма? Жалпы ән авторлары жаңа туынды жазарда нені ескерулері керек деп санайсыз?

- Бұрыңғы қазақ композиторларының әндерінде ұлттық реңк, таза қазақи әуен айқын байқалып тұратын. Бүгінгі әндердің әуендерінде өзгелерге еліктеушілік басым. Қазіргі хит деген әндердің көбісінің әуені ұрланған. Сөздері қазақша, оның өзін  өздері шимайлай салған, әуені болгардың, латыштың, түріктің, үндінің, әлде арабтың ба – әйтеуір өзге ұлттың әндерінен құралған әнсымақтар қазақ әнінің қаймағын ірітіп жатыр. Біздің танымал композитормыз деп жүргендердің көбі, ән құрастырудың майталман шеберлері болып алған. Олар хит болады-ау деген әндердің иісін жазбай танып, аранжировкасын әрлеп, сөздерін сәндеп, әр жерден алғандарын біріктіріп ән деп шығарып  жүр. Олары рас, ол әндер «хит» болып, қазақ тойының көркін қыздыруда. Қазір, той-думандарда апа-аталарымыздың өздері жаңағы әндерге естері кетіп билеп жатады. Бала тұрмақ, мазмұнды, мәні бар, лирикалық әндер тыңдайтын жастағы үлкендеріміздің де  санасын «кірме әндер» жайлап алды. Бір сорақысы, бұл әндер енді сахна төрінен ойып орын алып жатқаны! Телеарна, радио құралдары рейтинг көтерудің құралдары ретінде осындай дүбәра әндердің жарыққа шығуына жол беріп отыр. Әрине, сезімге толы, әуені жүректі баурайтын нағыз қазақ әндерін жазып жүрген авторларымыз да жетеді. Бірақ, біздің тыңдарманның санасын жеңіл әндер жаулап алуына байланысты, нағыз қазақ әндері тасада қалып отыр.

- Ұзақ жылдар бойы музыкалық мектепті басқарған сазгер-педагогсыз. Бүгінде ел алдында өнер көрсетіп жүрген қандай шәкірттеріңізбен мақтанып марқайып жүресіз?

- 2007-2017 жылдары Алматы қаласындағы Р.Глиэр атындағы балалар музыка мектебін, 2017-2019 жылдары №6 Оқушылар үйінде басшы қызметінде болдым. Басшы бола жүріп, жас өнерпаздарды өнерге баулу жолындағы ұстаздық қызметін қоса атқардым. Шәкірттерім түгел дерлік – музыка мектебінің түлектері. Бір ғана аспаппен шектелмей, бірнеше аспапты меңгеріп шыққандары бар. Алды Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын, соңы Чайковский атындағы музыка колледжін, Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тәмамдап жатыр. 

Менің авторлық «Әнші болғым келеді» телевизиялық байқауым жас өнерпаздардың ән мектебі болды деп үлкен сеніммен айта аламын. Мектеп дейтінім-балаларға қайта-қайта қатысып, көрермен алдында өнерлерін шыңдауға мүмкіндік беретін едім. Байқауымның алғашқы қатысушылары - танымал әнші Қайрат Нұртас, Домино тобындағы Шолпан Төлегенова, Жігер Ауыпбаев, Әбдіжаппар Әлқожа, ал, төл шәкірттерім – байқауымның алғашқы жүргізушісі, әрі әнші-өнерпазы «Келінжан» сериалындағы Сара Амангелді, танымал ақын Салтанат Қайырбек, белгілі режиссер Айдана Аламан, «Мәрмәр» өнер студиясының директоры, әнші-жетігенші Назгүл Әбибек,  қазір көптеген фильмдерде басты рольдерді сомдап жүрген киноактер Жасұлан Көпберген, «Кешю»  тобының әншісі Балауса Ерғалина, әнші-актриса Әйгерім Мергенбай (C.C.TAY).  актер Әли Тұрсынхан және т.б.

Менің  телевизиялық ән жобаларым қазақ эстрада әлеміне қадам басқан көптеген жас әншілердің де өнерге шыңдалу фабрикасы болды. Олардың қатарында Нұрболат Абдуллин, Арман Жиеналиев, Айбат Жанғалиев, актер Алмат Асановтар бар. Басқа да өнер жолына енді қадам басқан, болашақтарынан үміт күтетін шәкірттерім бар.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көптен-көп рахмет!

 

Авторы: Мара Келес