Сенімсіз статистика
Қазақстанда құмар ойын мен бәс тігуге тәуелді адамдардың санын ешбір орган дөп басып айта алмай келеді. Былтыр осы мәселеге арналған заң жобаларын талқылаған кезде Мәжіліс депутаттары 350 мың адамның лудоманияға ұшырағаны екені туралы дерек келтірген болатын. Ал Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған статистика бойынша, құмар ойынға арбалғандардың саны 36 мыңнан аспайды. Екі деректің айырмашылығы 10 есе. Былтырғы мәлімет бойынша, тек 9 адамға ғана ресми «лудомания» диагнозы қойылған.
Деректердің бұлайша құбылуы елде жауапты мамандар мен органдар аталмыш дерттің табиғатын әлі толық түсініп болмағанын көрсетеді.
Құмар ойын мен бәс тігу, ұтыс жариялау біздің елде табысты бизнес болып есептеледі. Ал қоғамнан сұраныс болмаса, бизнестің табысты болуы тіптен мүмкін емес. Құмар ойын бизнесі табысты деп кесіп айтуымызға Ұлттық бюро статистикасының былтырғы ресми мәліметі негіз бола алады.
2023 жылы букмекерлік кеңселер мен казинолар 368,7 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Кейінгі бес жылда көрсетілген қызметтің жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы мемлекет ғылымды дамытуға жалпы ішкі өнімінің 0,14 пайызын жұмсаған. Мұны теңгеге шақсақ, 172,6 млрд теңге болады.
Заң пәрмені
Мұндай ауқымдағы бизнесті заңмен қатаң реттемесе, салдары сұмдық болуы мүмкін екенін Президент те талай айтқан.
Ұлттық құрылтай мүшелері де бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, Парламенттің арнайы заң актілерін қабылдауына ықпал етті. Сол нормалардың ең маңызды дегендері мыналар:
- Лицензиялау процедуралары қатаңдатылды. Нақтырақ айтсақ, құмар ойындарын ұйымдастыратын ұйымдардың лицензия алуы қиындады. Арнайы лицензия алу үшін олар қаржылық тұрғыдан тұрақтылықты кәсіпорын екенін дәлелдеп, тапқан табысы мен төлеген салығы, жұмыс тәртібі туралы жүйелі есеп беруге міндеттелді.
- Жарнамасы шектелді. Яғни, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын көлік сыртына жапсыруға, масс-медиада жарнамалауға, кино мен бейнероликтерге кіріктіруге, анықтамалық қызмет арқылы насихаттауға тыйым салынды. Ұтыс жарнамасын осы іске маманданған, ресми жұмыс істейтін кәсіпорын ғимаратына ғана ілуге рұқсат беріліп отыр. Сондай-ақ, спорт саласына маманданған БАҚ арқылы, спортшылардың жарысқа киетін киімі арқылы жарнамалауға рұқсат бар.
- Құмар ойынға тәуелділіктен емдеу мен алдын алуға арналған орталықтарды дамытуға мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі арттырылды.
- Онлайн ойындар заңмен реттелді. Шетелдік онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерге тыйым салынды.
- Ойын бизнесінің кәсіпорындары ойыншыларды қолдап, ақпараттық-кеңес беруге міндеттелді.
Наурыз айының ортасында қазақстандықтарға құмар ойын мен бәстен өзін -өзі шектеудің онлайн қызметі пилоттық режимде іске қосылған болатын. Айналдырған бір аптаның ішінде 10 мың адам осы қызметті пайдаланып, өзін шектеу туралы шешім қабылдаған.
Қазақстандағы лудомандардың ортақ бет-бейнесі де әлі беймәлім. Бұған бір жағынан аталмыш жаман әдеттің жаппай таралуы кедергі болып отыр. Ойын бизнесі ұсынатын қызметтің әр түрін еңкейген қарттан мектеп қабырғасындағы оқушыға дейін пайдаланып жүр. Психологтар 14-18 жас арасындағы өспірімдердің құмар ойынға айналасындағы достарының әсерінен, гаджеттерде самсап тұратын жарнамалардың кесірінен душар болатынын айтады. Дегенмен баланың бұл ойындарға құмарлығы өмірдегі, отбасындағы басқа қиындықтар кезінде үдейтін көрінеді.
Лудомания жас талғамайды
Ал 18-30 жас арасындағы адамдардың ортасында спорт жарыстары кезінде бәс тігу сәнге айналған. Бұл санаттағы жастар «артылған ақшасын» онлайн казиноға салуға құмар келеді. Бұл жастағы азаматтардың көбі отбасын құрмаған немесе жас отбасы иесі болғандықтан мойындағы жауапкершілікті сезінбей, аз уақыттың ішінде көп пайда табуға әуес келеді.
30 бен 50 жас арасындағылар отбасы мен жұмыстағы күйзелістерден бір сәт арылу үшін ұтысқа салынып жатады. Бұлардың арасында тұрмысы жолға қойылған, тұрақты табысы бар адамдар да жиі кездеседі. Мұны психологтар «комфорт аясының кері салдары» деп түсіндіреді.
50-ден жоғары жастағылардың арасында зейнет жасындағылардың да лудоманияға ұшырау фактілері тіркеле бастаған. Мамандар оның себебін жалғыздықтан көреді. Қазақ қоғамы кейінгі 20 жылда жаппай қалаға көшкенін ескерсек, отбасындағы ата мен әже институтының қала жағдайына сай бейімделуі қарттарды жалғыздыққа душар еткені жасырын емес.
Ойын құмарлық – қымбат дерт
Ойын бизнесі табысты екенін айттық. Ал лудоманиядан емдеу қызметі қаншалықты табысты? Бұл туралы ресми статистика жүргізілмейді. Бізге тек қандай ресми клиникалар бар екені белгілі.
Олар:
- Астана қаласындағы республикалық психикалық денсаулық орталығы;
- Алматы қаласындағы психикалық денсаулық орталығы;
- Шымкент қаласындағы психикалық денсаулық орталығы;
- Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Тараз, Өскемен қалаларындағы тәуелділіктен арылту орталықтары.
Бұл орталықтарда лудоманиядан емдеудің бірнеше тәсілі қолданылады. Нақтырақ айтсақ, психотерапия, дәрі-дәрмекпен емдеу, топтық терапия, отбасы терапиясы.
Мемлекеттік орталықтар негізінен дертке душар адамдарды тегін емдейді. Бірақ ондай орталыққа бір жатып шыққан адам ресми есепке алынады дейтін үрей келешегіне, мансабына алаңдаған адамдардың өздігінен емделуіне кедергі.
Ал жеке меншік клиникалардың қызметі әжептәуір қымбат. Жеке психикалық-терапиялық орталықтар мен оңалту мекемелерінің жарнамасына зер салсаңыз, емделу шығындары 50 мың теңге мен 200 мың теңгенің арасында болатыны айтылады. Өйткені ем нәтижелі болу үшін 3 айдан 6 айға дейін клиникада қамап емдеу тәсілі жиі қолданылады. Өзінің лудоманияға шалдыққанын іштей мойындай білген адамдар түрлі сауалнамаларда әсіресе бәс тігуден, онлайн казино ойындарынан, покер мен рулетканың тәуелділігінен зардап шекенін айтқан.