Валюта бағамы
  • USD -

    474.3
  • EUR -

    562.5
  • RUB -

    6.25
Казино өз құрбанын қалай қақпанға түсіреді
Depositphotos.com/ffotograff65 27 қыркүйек 2024
Казино өз құрбанын қалай қақпанға түсіреді

Бұл жерден ұтылмай шығуым керек! 3 жыл бұрын ол казино табалдырығынан алғаш аттағанда өз-өзіне сондай серт берген. Әуелде ол сертін орындап та жүрді. Оның тым сергек ойнайтынын,  қолы жүрмей бастағанда бірден ес жиып сыртқа шығар есікті іздейтінін көрген бірді-екілі казинолар келесі барғанында кіргізбей қайтарған. Бұл оның ішінде «Мен казиноларға қолайсыз клиентпін» деген мақтаныш туғызған. Осы мақтаныш кейін орға жықты. Алғашында казиноға 500-1000 доллармен ғана баратын кейіпкеріміз кейін құмар ойынға деп қана отбасы бюджетінен тыс 80 мың доллар ұстап жүретін күйге жеткен. 
Ұтысқа салатын ақшаның сомасымен бірге казинода өткізетін уақыт та ұлғая берген еді. Қазір қарап отырса, тәуліктің 24 сағатын түгел құмар ойынның үстелінде өткізген кездері болған екен. 
Салмақты мінезімен, орынды сөзімен, орнықты жүріс-тұрысымен ел-жұртқа сыйлы атанған жігіт қанағаттан айырылған күннен бастап қазақи тәрбиесін тонатып, құмар ойынның құлына айналып шыға келеді. Ең алғаш рет казиноға 30 мың доллармен барып айналасындағыларды «таңғалдырғаны» есінде. «Ұттырған ақшамды қайтармай кетпеймін» дейтін қағидаты басында мүлтіксіз жұмыс істейтін еді. 4 рет 30 мың долларды түгел ұттырып, 4 рет қайтарып алғанда мұны тағдырдың ескертуі деп емес, жолының болғыштығы деп бағалағаны және бар. 
Қатарынан төрт рет есе қайтарғанымен бесінші рет ойбай ұтылған еді. Құмға құйған судай сіңіп жоқ болған 30 мың долларды еселеп қайтарам деген есек дәмемен 15 мың долларды тағы салды. Ол кезде абыройына сызат түсе қоймаған бұған қарыз беретін таныстары баршылық еді. Бірақ соның 10 мың долларын ғана қайтара алды. Қалған 5 мың долларды қайтару керек деген желеумен казино табалдырығынан тағы аттайды, ұтылады. Осылай басталған әуестік оны 200 мың доллар қарызға тап келтіргенде есін бірақ жиған еді.   Қарыздың күліп кіріп, жылап шығатын әдеті. Астында көз жауын алатын көлігінен айырылғаны бер жағы ғана екен. Бұрынғыдай ел алдына шығу түгіл телефон тұтқасын көтеруден қашатын жағдайға жетеді. Кейіпкеріміз мойнындағы 200 мың долларды казинодан қайтару енді тіптен мүмкін емес екенін дос-жаранды қойып үйдегі аға-бауыр мен жарға жексұрын атанған кезде ғана түсінген болатын. 
Бұл ойдан шығарылған кейіпкер емес. Аты-жөні –  Бағлан Әбдірайымов. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, «Жігіттер» квартетінің солисі дәл осылай құмар ойынның құлына айналды дегенге өзі айтпаса сену де қиын. Өз басындағы осы бір оқиға өзгеге сабақ болсын деген ниетпен кейін «Зеро» деген фильм де түсірді. 
«Тек «әттеген-ай» дейтін өкініштер бар. Қарыздан құтылу жолында көп адамға жексұрын болдым. Менің қатарластарым әкесіне көлік, анасына жаңа үй сыйлап жатқанда мен уайым «сыйлағанымды ойласам» отыра алмай кетемін.  Казиноға екінші рет барғанымда маған ешкім: «Қой», «Сен қайтып келіпсің ғой» деген жоқ», - деп еске алады өзі.
20 миллион халықтың ішінен суырылып шығып, атақ пен абыройға, байлық пен табысқа жеткен танымал адамның өзін осынша мүсәпір күйге түсірген лудомания дейтін дерт қарапайым адамға қаншалықты ауыр жүк арқалайтынын осы мысалдан-ақ көруге болады. 
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда ойын бизнесінің 26 субъектісі бар. Оның алтауы казино, тоғызы ойын автоматтары орнатылған зал, 11-і букмекерлік кеңсе. Бірақ бұл ресми тіркелгендері ғана екенін ұмытпау керек.
2020 жылы букмекерлік кеңселер мен тотализатор кеңселерінің кассалары түгелдей Қапшағай жағалауы мен Бурабайға көшірілген. Бұл тәртіпке бағынғысы келмегендер де болды. Өйткені ұтыстан пайда тауып отырған кәсіпкерлер Қапшағай мен Бурабайдағы бәсекеге шыдай алмайтынын жақсы білетін. Ол жақта кілең қалталылар жүргенімен, оларды алдау жергілікті аңқау халықты алдаудан әлдеқайда қиын болатынын жақсы білетін. 2021-2024 жылдар аралығында мемлекет талабын орындамаған 36 ойын мекемесі лицензиясынан айырылды. Бұл 28 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор және 2 ойын автоматының залы жабылды деген сөз.
«Ет бұзылса, түс себеміз, тұз бұзылса не себеміз» дегендей оффлайн казиноның жабуға болады. Ал онлайн казиноға айыл жиғызу мүмкін емес деуге де болады. Үкімет заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары арқылы интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттарды жоюды көздеп отыр. 2024 жылы  450 ресурсты, 2025 жылы 990 ресурсты, 2026 жылы 1782 ресурсты бұғаттамақшы. Бірақ мұндай сайттар мен интернет-казиноларды бұғаттау мәселені түбегейлі шешеді десек, жалған сөйлеген болар едік. Қазақстан аумағында бұғатталған сайтқа VPN арқылы кедергісіз кіруге болатынын кәнігі лудоман түгіл ойын баласы да жақсы біледі. 
Кейіпкеріміз Бағлан Әбдірайымов You Tube арналардың біріне берген сұхбатында казинолар кеше ғана тонап қоя берген клиент ертеңінде қайта келсе, үйіне қайтарудың орнына қуана қарсы алатынын айтып шағымданған еді. Дегенмен мемлекет бұл мәселені казиноларды міндеттеу арқылы емес, әр азаматқа өзін құмар ойыннан шектеу арқылы шешуді жөн көріп отыр. Бір жағынан бұл ең ұтымды жолы деуге де келеді. Әр казиноға күн сайын кіретін адамның әрқайсысы кеше қанша ақша ұттырғанын анықтау мемлекеттің шаруасы болады деу және онда шаруаны шашаусыз атқару мүмкін емес те.
Биылғы наурыздан бастап Қазақстанның кез келген азаматы eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы өзін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл мүмкіндік Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, eGov жүйесіне тіркеле алған шетелдіктерге де ұсынылып отыр.  Екі айдың ішінде ғана осы мүмкіндікті 110 мыңнан астам адам пайдаланған көрінеді.
Жоғарыда айтқан заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350 мыңнан 201,6 мыңға дейін  азайту көзделген. Осыған қарап қазір елімізде құмар ойынның шырмауында 350 мың адам жүр деп айтуға болады.

RELATED NEWS
Сәттілік формуласы: ұтыс, үміт және әлеуметтік жауапкершілік
11 ақпан 2026
Сәттілік формуласы: ұтыс, үміт және әлеуметтік жауапкершілік

Қазақ қоғамында «бақ» ұғымы әрқашан еңбектің, сабырдың және сенімнің серігі ретінде қабылданған. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді халық. Жақында 37 855 200 теңге көлеміндегі ұтыс иесін тапқанда, бұл мәтел тағы бір мәрте өзектілігін дәлелдегендей болды. 5/36 лотереясының жаңа миллионері – Алматы қаласының тұрғыны Нұрбол. Ол 15 жыл бойы лотерея ұтыстарына тұрақты түрде қатысып келген. Бір қарағанда, бұл жай ғана статистикалық сәттілік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ 15 жыл деген – табандылықтың өлшемі, үміттің үзілмеген уақыты.

Нұрболдың «бұл күнді ұзақ күттім» деген сөзі – жеке адамның қуанышы ғана емес, қоғамдағы сенім феноменінің көрінісі. Әр билет – мүмкіндік. Бірақ мүмкіндік пен жауапкершілік қатар жүргенде ғана оның әлеуметтік салмағы артады.

Ұлттық деңгейдегі лотерея нарығында бұл бағытты айқындап отырған құрылым – «Сәтті Жұлдыз». Ұлттық лотерея Президенті Лыткина Мария Владимировна ірі ұтыстардың әрдайым жүйелі әлеуметтік жұмысқа ұласатынын атап көрсетеді. Оның сөзінше, әрбір сатылған билет – тек ұту мүмкіндігі емес, қоғам дамуына қосылған нақты үлес. Бұл жерде маңыздысы – бизнес-модельдің өзегіне 10% әлеуметтік аударымдардың енгізілуі. Операциялық ойын кірісінің 10% отандық спортты дамытуға, тағы 10% «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорына және 3% креативті индустрияның дамуына қолдауға  бағытталады.

Бұл – жай статистика емес. Әлеуметтік капиталды қалыптастырудың нақты тетігі. Мәселен, 9–28 ақпан аралығында өтетін «Марафон Charity» қайырымдылық акциясы аясында жиналған қаражаттың бір бөлігі «100 ауыл» жобасын қолдауға жұмсалады. Бүгінгі таңда осы жоба арқылы 30 000-нан астам бала және 140 мектеп спорттық инвентарьмен қамтылған. Бұл – құрғақ есеп емес, ауыл баласының қолына тиген доп, мектеп ауласында орнатылған турник, қозғалысқа түскен өмір.

Лотерея тек ұтыс механикасымен шектелмейді. Мәселен, «LOTO 6/49» тираждық форматы – лотерея мәдениетін құрылымдаудың мысалы. Қатысушы 1-ден 49-ға дейінгі сандар арасынан комбинация жинайды, автотаңдау мүмкіндігі бар. Әр билет бойынша ұтыс сомасы 500 - 50 000 000 ₸ аралығында белгіленген. Ал супер жүлде – 50 000 000 ₸. Келесі тираж 915 нөмірімен 11 ақпан 2026 жылы, 22:00-де тікелей эфирде өтеді. Бұл ашықтық пен жариялылық қағидатының сақталғанын көрсетеді.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, Ұлыбританиядағы National Lottery жыл сайын әлеуметтік жобаларға миллиардтаған фунт бағыттайды. Францияда FDJ ұлттық мәдени мұра объектілерін қалпына келтіруге қаржы бөледі. АҚШ-та штаттық лотереялар білім беру қорларын толықтырудың маңызды көзіне айналған. Яғни, лотерея – тек көңіл көтеру емес, қоғамдық қаржыландыру құралы.

Қазақ ойшылы Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деген. Қазіргі лотерея нарығында бұл ұстаным бизнестің жаңа этикасына айналуы тиіс. Егер табыс қоғамға қайтса, онда лотерея әлеуметтік келісімнің бір бөлігіне айналады. «Ұтыс – жеке тарих, бірақ оның артында ортақ құндылықтар тұруы керек» деген тұжырым осыдан туындайды.

Әрине, сын да бар. Лотерея – тәуекел. Бірақ тәуекел мәдениеті қалыптасқанда, ол жауапкершілікпен өлшенеді. Қоғамдық бақылау, ашық есеп, нақты пайыздық аударымдар – осы сенімнің тіректері.

37 855 200 теңге ұтып алған Нұрболдың оқиғасы – жеке адамның жеңісі. Ал 50 000 000 ₸ көлеміндегі супер жүлде – келесі мүмкіндіктің символы. Бірақ 30 000 бала мен 140 мектепке жеткен спорттық құрал-жабдық – жүйелі әлеуметтік саясаттың нәтижесі.

Қазақ әдебиетінде Сәкен Сейфуллин «Өмір – күрес» деген еді. Бұл күрес тек жеке табыс үшін емес, ортақ игілік үшін де жүруі керек. Лотерея саласының болашағы да осы теңгерімде жатыр: мүмкіндік пен міндеттің, ұтыс пен үлестің, жеке қуаныш пен қоғамдық жауапкершіліктің тоғысында.

Сәттілік – кездейсоқтық емес. Ол сеніммен, жүйемен және ортақ құндылықтармен бекітілгенде ғана тұрақты модельге айналады. Бәлкім, келесі 50 000 000 ₸ иегері басқа бір қала тұрғыны болар. Бірақ маңыздысы – әр билеттен қоғамға қайтатын үлес. Себебі ұлттың ұтысы – бір адамның байлығы емес, ортақ дамудың қарқыны.

 

Сенбеген жеңіс: Алматыдағы студент қыздың күтпеген бақ жолы
26 наурыз 2026
Сенбеген жеңіс: Алматыдағы студент қыздың күтпеген бақ жолы

Кейде өмірдің өзі адамға сценарий жазып береді. Әсіресе ол сценарий күтпеген жерден басталып, бір сәтте тағдырдың бағытын өзгертіп жіберсе, оған сену де оңай емес. Бүгінгі кейіпкеріміз — Карина. Батыс Қазақстан облысынан Алматыға келіп, оқу мен жұмысын қатар алып жүрген қарапайым студент қыз. Бірақ дәл осы қарапайым өмірдің арасында оның басынан өткен оқиға көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

Карина — үлкен қалаға арман қуып келген жастардың бірі. Алматыға қоныс аударғанына көп болмаған. Қазір оқып жүр, сонымен қатар қосымша жұмыс істейді. Яғни, оның күнделікті тіршілігі мыңдаған студенттің өмірінен айтарлықтай ерекшеленбейді: сабақ, жұмыс, күйбең тіршілік. Бірақ бір кешкі қоңырау оның өміріне жаңа парақ ашты.

«Шынымды айтсам, маған кешкі уақытта хабарласты. Жеңіске жеткеніме мүлдем сенбедім. Қазір көп нәрсені алаяқтық деп қабылдаймыз ғой, мен де дәл солай ойладым», — дейді Карина.

Оның күмәні орынды еді. Бүгінгі цифрлық заманда адамдар кез келген күтпеген жаңалыққа сақтықпен қарайды. Әсіресе, «сіз ұттыңыз» деген хабарламалар көбіне күдік тудырады. Карина да алғашында бұл жағдайды шынайы деп қабылдамаған. Бірақ ол эмоцияға берілмей, нақты әрекетке көшеді.

«Кейін барлық сайттарды, Instagram парақшаларын тексердім. Маған келетін мекенжайды нақты айтты. Содан кейін ғана барып, осы жерге келдім», — дейді ол.

Бұл — қазіргі жастардың жаңа мінезі. Олар сенуден бұрын тексереді. Ақпаратты сүзгіден өткізеді. Карина да дәл солай істеді. Жеңістің шын екеніне көз жеткізу үшін бірнеше дереккөзді қарап, барып көз жеткізген.

Алайда ол әлі де сенер-сенбесін білмей отырғанын жасырмайды.

«Енді ғана бұның шындық екеніне көзім жеткендей. Бірақ әлі де толық сене алар емеспін», — дейді ол күлімсіреп.

Каринаның айтуынша, ол лотерея әлеміне жақында ғана қызыға бастаған. Бұрын бұл бағыт оған мүлде қызық болмаған.

«Лотереяға қатыса бастағаныма көп болған жоқ. Loto 6/49 лотереясынан қатыстым, бірнеше рет TeleBingo-ға қатыстым. Бұрын ешқашан ештеңе ұтып көрмегенмін. Тіпті қызықпайтынмын да», — дейді ол.

Бұл қызығушылықтың пайда болуына оның әпкесі себепкер болған.

«Жақында ғана қызығушылығым оянды. Өйткені әпкем лездік лотереялар сатып алады. Сосын бізге онлайн қатысуға да болатынын айтты. Сол кезде қосымшаны жүктеп, тіркеліп, өз бақытымды сынап көрейін деп шештім», — дейді Карина.

Оның бұл қадамы — бүгінгі цифрлық дәуірдің айқын көрінісі. Қазір кез келген мүмкіндік смартфон арқылы қолжетімді. Ал адам тек батылдық танытып, әрекет етсе жеткілікті.

Ең қызығы — Карина бұл жаңалықты әлі ешкімге айтпаған.

«Әзірге ешкімге айтқан емеспін. Бұл ата-анам үшін тосынсый болғанын қалаймын», — дейді ол.

Бұл сөздерден оның қарапайымдылығы мен отбасына деген құрметі анық байқалады. Көп адам мұндай жаңалықты бірден жария етер еді. Ал Карина үшін ең маңыздысы — ата-анасының қуанышы.

Оның алғашқы жоспары да осыған байланысты.

«Әрине, ата-анама көмектесемін. Оқу ақысын төлеймін. Қалғанын әлі нақты білмеймін», — дейді ол.

Бұл жауапта үлкен өмірлік ұстаным жатыр. Яғни, кездейсоқ келген табысты тек жеке қажеттілікке емес, отбасылық құндылықтарға бағыттау. Бұл — қазақы тәрбиенің айқын белгісі.

Карина өзінің жеңісін «сәттілік» деп бағалайды. Бірақ оның сөздерінің астарында бір ғана сәттілік емес, белгілі бір батылдық та жатыр. Өйткені ол жаңа мүмкіндікті байқап, әрекет етті.

«Әрине, егер бір рет жолым болса, тағы да жеңіске жетемін деп ойлаймын. Сәттілік тек қана сәттілік тілеймін», — дейді ол.

Каринаның оқиғасы — бүгінгі жастар үшін маңызды сигнал. Біріншіден, кез келген ақпаратты тексеру керек. Екіншіден, мүмкіндікке сену үшін әрекет қажет. Үшіншіден, табыс келген жағдайда оның құнын түсініп, дұрыс бағытқа жұмсау маңызды.

Бұл оқиғада романтика да, реализм де бар. Бір жағынан — күтпеген жеңіс. Екінші жағынан — күмән, тексеріс, нақты әрекет. Үшінші жағынан — қарапайым армандар: ата-анаға көмектесу, оқуын жалғастыру.

Сондықтан Каринаның хикаясы — жай ғана лотерея туралы әңгіме емес. Бұл — қазіргі қазақстандық жастың портреті. Сенім мен күмәннің, мүмкіндік пен жауапкершіліктің, арман мен шынайылықтың тоғысқан тұсы.

Ал өмірдің басты парадоксы — кейде ең үлкен өзгерістер дәл сенбеген сәтте басталады.

ӨМІРДІ ӨЗГЕРТКЕН ЖЕҢІС
30 шілде 2025
ӨМІРДІ ӨЗГЕРТКЕН ЖЕҢІС

Кейбір күндер бар. Таңмен таласа тұрып, кешке дейін күйбең тірлікпен өтіп кетеді. Ал кей күндер бар – өмірдің беталысын басқа арнаға бұрады. 20 шілде сондай күн болды. Себебі дәл сол күні TeleBingo ойынының эфирінде бір емес, екі бірдей тағдыр өзгерді. Бірі – астаналық Ғалымжан, екіншісі – Түркістан облысының тұрғыны, Вера есімді үй шаруасындағы әйел.

Бұл – жай ғана жеңіс емес. Бұл – жүрекке үміт, көзге қуаныш, өмірге өзгеріс сыйлаған сәт.

6 842 242 теңге. Бір сәтте келген жеңілдік

Мұнай мен газдың арасында жүріп, күнде еңбек етіп жүрген Ғалымжан – елорда тұрғыны. TeleBingo, LOTO 6/49 және 5/36 секілді лотереялардың бұрыннан қатысушысы. Бұл жолы да сәттілік қасынан табылды. Тура 6 842 242 теңге. Бұл – тек ақша емес, бұл – еркін тыныс, жеңіл дем, болашаққа деген сенім.

"Үлкен қызығушылықпен қатысамын. Бірақ жауапкершілікті де ұмытпаймын. Әрине, мұндай жеңіс қуаныш пен жеңілдік сезімін әкеледі", – дейді Ғалымжан. Үйленген, екі баланың әкесі. Бұл ақша – тек өзіне емес, отбасының болашағына салынған инвестиция. Қарыз жабылады, күнделікті шығын реттеледі.

Жеңіс – еңбекпен үйлескенде ғана шынайы бақытқа айналады.

Төлеби ауданы. Үй шаруасындағы әйел. 15 миллион теңге.

Вераның оқиғасы тіпті киноға сұранып тұрғандай. Жәй ғана әйел. Жәй ғана ана. Үш баланың анасы. Жолдасының сүйеніші. Әжесінің күтушісі. Алғашқы лотерея билетін үш ай бұрын ғана сатып алған. Бұрын-соңды мұндайға қатыспаған. Бірақ іштей бір үмітпен сатып алған. Сол үміт ақталды.

Теледидардан пәтер ұтысы жайлы естігенде, сене алмады. Ұлттық лотереяның call-орталығына өзі хабарласып, тексеріп көрді. Сосын ғана Шымкенттегі "Сәтті Жұлдыз" кеңсесіне барып, ұтысын рәсімдеді. Бірақ пәтер емес, 15 000 000 теңге ақшалай сыйлықты таңдады. Себебі өмірдің жоспары кейде пәтерден де кең.

"Негізі менің жолым болды. Ал әрі қарай не боларын өмір өзі көрсетеді", – дейді Вера күлімдеп. Бұл күлкі – ішкі сенімнің, жүрек қуанышының бейнесі.

Лотерея – үміттің екінші аты

Кейде біз лотереяны тек сәттілік ойыны деп қабылдаймыз. Бірақ әрбір билет – бір тағдыр. Әрбір тираж – жаңа тарау. TeleBingo, LOTO 6/49, 5/36 – бұл сандар ғана емес. Бұл – қарапайым адамдардың ерекше оқиғалары. Бұл – еліміздің түкпір-түкпіріндегі үміт сәулесі.

"Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймын! Біз әрқашан лотерея қатысушыларына қуаныш пен жақсы эмоциялар сыйлауға дайынбыз. Әрбір жеңіс – бұл жай ғана сәттілік емес, шабыт беретін және армандарға сенім ұялататын шынайы оқиға", – деді "Сәтті Жұлдыз" Ұлттық лотереясының президенті Мария Лыткина.

Бұл сөздің астарында – жүздеген, мыңдаған тағдырдың үні жатыр.

29 шілде. Тағы бір мүмкіндік.

Жеңіс есігін қаққан сәт – қайта айналып соғуы мүмкін. Ол үшін бір ғана билет жеткілікті. 29 шілдеде "Сәтті Жұлдыздың" YouTube арнасында тікелей эфирде LOTO 6/49 қатысушылары арасында отбасылық кроссовер ұтысы өтеді. Қатысу үшін 3 000 теңгелік билет сатып алу жеткілікті. Билеттер сауда нүктелерінде және sz.kz сайтында қолжетімді.

Бұл тек темір мен дөңгелек емес. Бұл – отбасыға арналған жаңа саяхат. Жаңа бетбұрыс.

Бір билет – бір өмір

Ғалымжан мен Вераның хикаясы – лотереяның жай ойын емес екенін дәлелдейді. Бұл – сенім мен шабыттың, үміт пен болашақтың тоғысқан тұсы. Кейде тек бір билет – өмірдің бағытын түбегейлі өзгертіп жібереді.

Ulys.kz оқырмандарына айтарымыз: сәттілік күтпеген сәтте келеді. Бірақ оған дайын болу – өз қолыңызда.

Ал сіздің билетіңіз дайын ба?