Биыл шілденің басында Астанадағы «жайлы мектепке» баласының құжатын өткізуге келген ата-аналар түннен бастап кезекке тұрып, дүрбелең туындатқан болатын. Мұның астарында елордадағы мектеп тапшылығы жатқанымен, негізгі мәселе баласын «жайлы мектепте» ауыстырғысы келетін ата-аналардың көптігінде еді. Осыған қарап ел ішінде «жайлы мектептердің» жарнамасы жақсы жүргенін көруге болады. Бұл жобаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Егер оператор құрылыс пен жабдықтау жұмыстарының сапасын ойдағыдай бақылай алса, шынымен де «білім ошағы» деген атқа лайық нысандар есігін айқара ашады. Бұлай дейтініміз, аталған мектептердің мемлекет есебінен салынған өзге мектептерден бірнеше артықшылығы бар.
Ұлттық жоба басталған кезде Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің бұған дейін салынған мектептерден 8 айырмашылығын атаған еді.
«Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған. Төртінші – мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі», - деді ол.
Аталмыш мектептерде ерекше мұқтаждығы бар балаларға барынша жағдай жасалған.
«Алтыншы – спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған. Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады. Сегізінші – жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады», - деген болатын Асхат Аймағамбетов.
Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында өңірлер мен республикалық бағыныстағы қалаларда 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңнан астам оқушыны екі ауысымдағы орта біліммен қамтамасыз етеді деген сөз.
Биыл желтоқсан айына дейін 208 мектепті қолданысқа беру көзделген. Қалған 151 мектеп 2025 жылдың аяғына дейін салынып бітуі керек. Оның сыртында Астана және Алматы қалаларында 10 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сатып алу арқылы ашылады. Жоспардағы 369 «жайлы мектептің» 44%-ы ауылдарда салынады.
Қазан айындағы мәліметтерге сенсек, ұлттық жоба қолға алынғаннан бері елде 31 жайыл мектеп қолданысқа берілген. Ол нысандарда 109 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. 1 қыркүйектің өзінде ғана 20 мектеп ашылған.
Жобаның жалпы бюджеті 2,38 трлн теңге деп белгіленген. Оның ішінде Ақмола облысына 35,1 млрд теңге, Атырау облысына 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысына 23,3 млрд теңге, Қостанай облысына 15,2 теңге, Алматы қаласына 63,2 млрд теңге, Астана қаласына 118,6 млрд теңге бекітілген.
Бұл қаражаттың басым бөлігі Ұлттық қордан алынатынын айту керек. Қалғаны республикалық бюджеттен тартылады. Былтыр 499,9 млрд теңге жұмсалса, биыл 976,7 млрд теңге игерілуі керек. Ал келесі жылға 909,4 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауынан бастау алған бұл ұлттық жоба елдегі апатты мектептер мен үш ауысымды жою үшін, мектеп тапшылығын сейілту үшін қолға алынған болатын.
Бұл бір жағынан жеке меншік мектептер мен мемлекеттік мектептердің техникалық жабдықталуындағы айырмашылықты азайтуға да септігін тигізеді. Өйткені ғимараттың сәулет және техникалық көрсеткіштері халықаралық стандарттарға сай жасалған. Соған қарай құрылыстың құны да қымбат.
300 орындық жайлы мектептердің құны 3,8 млрд теңгенің айналасында болса, 2000 орындық мектептердің құны 10,8-11 млрд теңгеге дейін барады.
Осынша қаражат жұмсап салынған мектептердің білім сапасын арттыруға қалай ықпал ететінін, Назарбаев зияткерлік мектебі, Haileybury, «Мирас», TAMOS Education, Kazakhstan International School сияқты әйгілі жеке меншік мектептермен қаншалықты бәсекелес болатынын уақыт көрсетеді.
Ең бастысы, бұл жоба заманауи мектептің қазақстандық стандартын қалыптастыра алды. Енді жеке меншік мектеп салғысы келген инвесторлар бәсекеге қабілетті болу үшін «жайлы мектептің» көрсеткіштерінен кем мектеп сала алмайды деген сөз.
Оның сыртында ұлттық жобаның арқасында мектеп тапшылығы жойылып қана қоймай, 100 мың уақытша, 145 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.