Ислам – VII ғасырда Араб түбегінде Мұхаммед пайғамдар құрған монотеистік дін. «Ислам» сөзі араб түбірінен шыққан, және «бейбітшілік», «бағыну» немесе «мойынсыну» деген сөздерді, шариғат терминологиясында толық мойынсынуды, Алланың алдында парыздар мен айтылғандарды орындауды, Алладан басқа құдайларға табынбауды білдіреді. Ал осы дінді ұстанушылар өздерін мұсылмандар деп атап, бұл «Алланың еркіне бағынатындар» деп аударылады.
Ислам бірқатар негізгі ілімдермен сипатталады, оның ішінде Құдайға, яғни Аллаға, сондай-ақ Мұхаммед Пайғамдарға оның соңғы елшісі ретінде сенуден құралады. Исламның тұжырымдамаларына сенімнің бес тірегі кіреді, олар, Шахада (сенім мен мойындау), салат (дұға), зекет (қайырымдылық), Рамазан айында саум (ораза) және хадж, Меккеге қажылық жасау.
Қазіргі ислам мәдени, этникалық және әлеуметтік контексттердің кең ауқымын қамтиды. Ол суннизм, шиизм, сопылық және дініи міндеттерді және тәжірибеде өзіндік ерекшеліктері бар басқалар сияқты әртүрлі ағымдар мен ой мектептерімен ұсынылған тұжырымдардан тұрады. Сондай-ақ, исламды ұстанатын адамдар өздерінің сенімдерінің әртүрлі деңгейлеріне ие болуы мүмкін. Кейбіреулер исламның тұжырымдамаларымен бірге дәстүрлі әдет-ғұрыптар мен тәжірибелерді бірге ұстануы мүмкін, ал кейбіреулері исламдық тұжырымдар мен заманауи жағдайлар мен контекстті ескере отырып ұстанымдарын қалыптастырады, ал кейбіреулері аталғандардың барлығын араластырып, өздерінің тәжірибелерін, әдеттері мен сезімдерін қосып, басқа біреулердің исламға қатысты кері түсінулерін ескере отырып дәстүрлі және таза исламға қарама-қарсы келетін көзқарастарын қалыптастырып, соны ұстанулары мүмкін.
Бүгінгі таңда ислам діні әлемде кең таралған, ұстанушыларының саны көп діндердің бірі болып келеді. Планетамыздың әрбір түкпірінде ислам дінін ұстанған, «мен мұсылманмын» дегендердің саны да артып келеді. Аталған үрдіс әрбір аймақтағы мәдениеттің, қоғамның, саясат пен экономиканың әрбір деңгейдің өзгеруіне әсер етуде. Дегенімен, қазіргі кезде «таза» және дәстүрлі исламның өзі де өзгеріп келе жатыр, осындай өзгерістердің және қазіргі заманғы қиындықтар мен өзгерістердің салдарынан ислам діні ішкі және сыртқы өзгерістерге де ұшырауда. Бұл оның ізбасарлары мен ұстанушылары арасында оны түсіндіру мен тәжірибеде ұстануда әртүрлілікті туындатып жатқандығы анық.
Исламның Қазақстан жерінде тарауының тарихы өте қызық, дегенімен қазіргі кезде дәстүрлі ислам мен қазақ дәстүрін, оған қоса заманның талабына сай заманауи көзқарасты бірге ұстанып жүрген азаматтарымыз да бар. Ислам қазақстандықтардың мәдениетіне, әлеуетіне, қоғамына әсер еткен асыл діндердің бірі. Қазіргі кезде ислам қазақстандық бірегейліктің маңызды бір бөлшегі болып қоғамның барлық қырындағы мәселелерге өзінің ықпалын тигізуде. Осындай өзгерістер тұсында дәстүр мен исламды тоғыстырған санаға тағы бір әсер етуші фактор бар, ол әрине ислам дінінің тұжырымдарын теріс түсінгендер мен исламды адамның санасын улаушы саясат құралы ретінде қолданатын адамдардың әрекеттері салдарынан дәстүрлі ислам құндылықтарының ластануы мен құлдырауының басталуында.
Қазақстандық ислам қоғамдық моральды, әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды қалыптастыруда, сондай-ақ білім беру мен мәдениет, денсаулық, отбасы институты және т.б. салаларда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, басқа қоғамдардағыдай, исламды бұрмалаған түсіндіруді радикалдандыру қауіпі бар, әсіресе жиһад ұғымын манипуляциялау мүмкіндігі аясында. Жиһад, ең алдымен «Алла жолында күш салу» (джихад фи сабил аллаһ) деген мағынаға ие әрекеттерді білдіреді, ал араб тілінде сөзбе-сөз ықыластану, ұмтылу деген мағыналарды білдіреді. Көп жағдайларда «қасиетті соғыс» деп қате мағынада да аударылады, дәл осы мағынаны экстремистер зорлық-зомбылық пен террорды ақтау үшін бұрмалап қолдануы мүмкін. Мұндай бұрмалаулар қоғамдық қауіпсіздік пен бейбітшілікке кері әсерін тигізеді, ал осындай түсінік пен кері аудармадан шыққан әрекеттер қоғамның санасын улап, дәстүр мен заманауи құндылықтарға сай емес, адам құқығын таптайтын кері әрекеттер де көрінген. Сондықтан, қазіргі кезде дәстүрлі исламның құндылықтары мен жиһад әрекеттері мен құндылықтары арасындағы айырмашылықты көрсетіп, ислам құндылықтарына сай емес әрекеттер жүйесін ашық баяндауымыз керек болып тұр.
Қазақстанда ислам діні дәстүрімізбен бірге тоғысып қолданыста, және елімізде адамдарды діні мен ұлтына сай бөлу деген жоқ. Бұндай бірлік еліміздің тарихында болған оқиғаларға сай, ұлттық кодымызда бірлік пен бейбітшіліктің болуынан сақталып қалған әдетіміз. Сондай-ақ, Қазақстанның ұстанып отырған саяси бағдарынан, яғни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен де нақты көре аламыз: «Қазақ жерін ежелден түрлі діни наным-сенім өкілдері мекендеген. Халқымыз ешкімді діни тұрғыдан алаламаған. Барлығы бейбіт өмір сүрді. Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысушылар ерекше тоқталады», - деген болатын.
Бұл мақалада дәстүрлі ислам құндылықтары мен жиһадизмның әрекеттеріндегі айырмашылықтардың кейбір сәттеріне салыстыру жасалынады, сондай-ақ жиһадшылардың қулық әрекеттерінің біздің адам құқығының сақталуы, неке, отбасы құндылықтарын бұзуға қатысты жасап жатқан қулықтарына тоқталып оны дәстүрлі исламның құндылықтарының тұсында салыстыратын боламыз. Ислам құндылықтары мен жиһадшылардың арасындағы айырмашылықтар өте көп, біз БАҚ арқылы жиһадшылардың әрекеттері мен ұстанымдарын көріп, білудеміз ал исламның асыл құндылықтары туралы Құранда айтылған қасиетті сөздерден білеміз. Бұл мақалада шолу мен сипаттау арқылы салыстыру жасалынған, соның негізінде қоғамда көрінуі керек, адамда болуы тиіс нағыз құндылықтарды ашып көрсеткіміз келеді.
Дәстүрлі ислам құндылықтары мен жиһадизмның арасындағы айырмашылықтар
Ислам діні өзінің болмысына бейбітшілікті негіз қылған әлемдік діндердің бірі, соның негізінде қазіргі кезде әртүрлі діндер бір жерде бейбітшілікте өмір сүруде. Осыған мысал, біздің отанымыз Қазақстан. Біздің елімізде бейбітшілікке негізделген ислам, христиан, синагогтар мен басқа да діндердің өкілдері мен олардың ғимараттары бір жерде тоғысып, ұстанушылары бір-бірінің діни құндылықтарының сақталуына кедергі жасамауда. Дегенімен, әлемде діннің шынайы құндылықтарын кері тұспалдап, оны саясатқа, қоғамға әсер етуші құрал ретінде қолданатындар да көбейіп кетті. Бұндай әрекеттер тікелей біз айтып отырған бейбітшілік пен адами құндылықтарға сай емес болып келеді, ал исламдағы жиһадшылар Ұлы Алланың әміріне қарсы шығушылар, себебі «Бақара» сүресінде: «Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол, сендерге ашық дұшпан» (208) делінген болса, Әли Имран сүресінде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді» (103) делінген.
Барлық діннің негізі сол бейбітшілік, оның ішінде ислам дінінде адамдар арасындағы өзара достық қарым-қатынасқа, қоршаған ортаға залал тигізбеуге негізделген, яғни адами құндылықтардың толықтай сақталуына беттелген. Ислам дінінің ізбасарлары адамдардың әрекеттерінің бейбітшіліктің сақталуына, бақыт пен берекенің, тыныштықтың болуына жетелейді. Заманауи ислам дінінде де ислам ізбасарлары бір құдайға табынған, жақсылық жасап, өзі өмір сүріп отырған ортасына жақсылық пен ізгілік алып келуі тиіс. Бұл туралы Мұхаммед Пайғамбар: «Басқалармен достық пен келісімді іздейтін және достықты өзі қабылдайтын сенуші адам жақсылық әкеледі, содан кейін, ол басқалармен дос бола алмайтын және дос бола алмайтын адамда жақсылық жоқ, ал ең жақсысы адамдардың ішінде адамдарға ең пайдалы адамдар бар» деген, Сахл ибн Саад сөзінен алынған. Мұсылмандар арасында да ислам дініне қорқыныш, үреймен қарайтын қоғамды қалыптастырғандар да бар, олар ислам атын бүркеліп террористік әрекеттерді жасағандар мен Ислам мемлекетін зорлықпен құрушы адамдар. Осындай әрекеттер адамдардың барлық ізгілікке негізделген құндылықтарын таптайды, қоғамда бүлік пен бөліну туындатып болашаққа үреймен қарауды қалыптастырады.
Дінді ұстанушылар әртүрлі болдаы, соған байланысты бір дінді ұстанатын адамдардың да құндылықтары мен көз-қарастары түрлі. Сонда, біз айтып отырған ислам құндылықтары дегеніміз – өзінің негізіне, бағдарына бейбітшілікті, түсіністікті, әділдікті, толеранттылық сақтайтын және адамдардың өмірі мен құндылықтарын құрметті тұжырымдардың жиынтығы. Көптеген Құранның аяттары мен хадистерінде осы айтылған құндылықтарды сақтауға, бұл құндылықтарды өз өмірлерінде ұстануына және басқаларға да осы ұстанымдар мен қасиеттерді ұстану керектігі айтылған. Ал жиһадизм – исламдағы қасиетті соғысқа шақыратын идеалогияны сипаттау үшін жиі қолданылатын термин. Алайда бұл терминнің мағынасына қатысты пікірлер ислам ғұламалары мен жамағаттары арасында әртүрлі болуы да мүмкін. Кейбір ислам ғалымдары жиһад тек әскери әрекеттерді ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіру мен сенімін қорғауға бағытталған рухани ұмтылысты да қамтуы мүмкін деп санайды.
Жиһад сөзі абстрактілі түрде «қасиетті соғыс» дегенмен танылған, бұндай тұрғыда түсінікте қалуына крест жорығы кезінде қалыптасып қалған. Дегенімен, көптеген мұсылман сенушілері бұл терминнің мағынасында бейбітшіліктің жатқандығын, және ол адамның өзінің нәпсісімен күреске қатыстығы туралы айтады. Дегенімен, жиһад сөзін жеке тұлға басқаша түсінсе, оны әртүрлі топтың, қозғалыстың лидерлері өзіндік етіп түсінеді. Соған сай, жиһад сөзінің мағынасы өте терең, және оны анықтау кезінде аймақтағы уақыт пен жерге тікелей қатысты болатындығы нақ болып тұр.
Құранда 6236 аят бар, оның 275-і тікелей немесе жанама түрде күрес, соғысқа, т.б. осы мағынада айтылғандары бар. Өз кезегінде жиһад сөзі етістіктің әртүрлі формаларында 41 рет қолданылады. Мысалы, «жанның қыңырлығымен күресу» дегенді білдіретін «al-jihad bi anfousikoum» сөзін келтіруге болады.
Осының ішінде, Мари Терез Урвуаи атап өткендей, «Jhd» түбірімен қолданылатын сөздерге егжей-тегжейлі талдау жасай отырып, алты жағдайда Құдай үшін күрес деген мағынаны бөліп көрсетеді, бұл күрестің зорлық-зомбылықсыз сипатына нақты сілтеме жасайды, және тек екі жағдайда – кәпірлермен күресу мағынасында, оларға қатаңдықпен қарау туралы айтылады (9:73; 66:99). Ал басқа жағдайларда біреудің мүлкі немесе иелік үшін күрес дегенді білдіреді.
Ислам теологиясы қайнарларының басқа тобына жататын Имам Әл-Бухаридің «Әл-Жими ас-Сахих» кітабында, Дуглас Э.Стрейс көрсеткендей, жиһад, керісінше, қарулы әрекет құралы ретінде 199 жағдайда кездеседі. Ол сондай-ақ Бернард Льюистің пікірін келтіреді, ол былай деп айтқан: «Исламның классикалық теологтары мен дәстүршіл заңгерлердің (хадис ғалымдарының) басым көпшілігі жиһадтың парызын әскери мағынада түсінеді» деп жазған.
Жиһадтың рухани өмір саласындағы айқын артықшылығы көрінеді, ол маңыздылығы бойынша жиһадтың басталуынан бастап оның аяқталуына дейінгі қатаң ораза арқылы күшейтілген дұғаға теңестіріледі. Яғни, жиһад жасайтын адам өзінің моральдық категориясында дұғадан немесе оразадан жоғары рухани әрекетті орындайды. Бұдан әрі жиһадтың жоғары дәрежеге көтерілгенін көруге, бұл оны әлемдегі теңдесі жоқ іс ретінде анықталынатындығын көруге болады. Тірі кезінде материалдық игіліктер, басып алынған мүлік ретінде анықталған кейінгі сияқты кем емес; жиһад кезінде қайтыс болған жағдайда Алланың лезде сыйы ретінде жұмаққа кіру. Жиһад адам өлтіргені үшін тағайындалған жазадан рухани және әкімшілік құтылуға кепілдік береді. Жиһад кезіндегі күрестік мақсаты мен оның қандай ниетпен жүргізілгендіне ерекше назар аударылады. Негіз іс-әрекетке жеке мотивацияға, түпкі себептерді ынталандыруға айналады; Жеке пайданы көздейтін пайдакүнемді ниеттер қатаң түрде айыпталады. Жанқиярлық жиһад өзін толықтай тапсыру, өлімнен қорқуды менсінбеуді білдіріп, сол кезеңді бақыт дәрежесіне көтерілуді білдіреді. Сонымен қатар, жиһадтың құндылықтарына Алланың есімін асқақтату мақсатымен «биік» мұраттарға қызмет ету мүмкіндігі, ең жоғарғы шындық ретінде қабылданылады. Тілектің өзі оны орындауға мүмкіндік болмаса да, сол намыс деңгейіне көтерілген әрекетпен тең дәрежеде жігерлендіріледі.
Жиһадтың әртүрлі түрлері болады, ол туралы Абдул Валид Мұхаммад ибн Ахмад ибн Рушд жиһадтың төрт түрін атап өтеді, олар: жүрек, тіл, қол және қылыш жиһадтары. Көріп отырғандарыңыздай бұл жиһадтар адамның өзінің нәпсісі мен құндылыққа сай емес әрекеттерін тыйу үшін жасалатындар, тек қылыш қана бұл жерде әскери әрекеттерді білдіреді. Үш жиһад тікелей үлкен жиһадты білдіріп, адамның өзінің жан дүниесі мен әрекеттерін түзеуге бағыттайды. Жиһадтың орын алуының да өзіндік себептері мен итермелеуші факторлары бар, дегенімен қазіргі кездегі біздің қоғамдағы жиһадшылар аталған әрекеттердің барлығына кері әрекет жасап, өзінің нәпсісіне қатысты болған соғысты қылыш алып басқамен соғысуды, зорлық жасауды, нәпсі түгіл барлық адами құндылықтарды жерге таптайтын әрекеттерді жасауда.
Сонда, исламдық құндылық пен жиһадтық құндылықтардың айырмашылығы қандай? Олар, жиһадшылардыкы «қасиетті соғыс» үшін әрекеттері, діни экстремизм мен терроризмді айта аламыз. Ал ислами құндылықтарға бейбітшілік пен әділеттілікті, толеранттылық пен құрметті, өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыс пен мейрімділікті айта аламыз. Екеуіндегі құндылықтар бойынша айырмашылықтарды бірнеше мәселелер төңірегінде көрсеткіміз келеді, себебі бір бағыттағы мәселе арқылы салыстыру жасасақ, айырмашылықты нақты көре аламыз. Сондықтан, алдымен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі жағынан ислам құндылықтары мен жиһадшылардың әрекеттері арасындағы айырмашылықтарға шолу жасағымыз келеді.
№ |
Ислам құндылықтары тұрғысынан |
Жиһадшылардың әрекеттері мысалында |
1 |
Қайырымдылық пен кедейлерге көмек. Діншіл мұсылмандар барлық қайырымдылық шараларына және қоғамдық жұмыстарға қатысады. Ол өзінің уақытын, мүмкіндіктерін және мүлігінің бір бөлігін болсын әлеуметтік жобаларға, мысалы мектеп, балабақша салу, кедейлерге көмектесу шараларымен айналысады. |
Экстремизмге шақыру немесе насихаттау. Жиһадшылар әртүрлі әлеуметтік желілер немесе танымал адамдардың насихаттаулары арқылы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға шақырады, бұндай әрекеттері арқылы экстремистік әрекеттерге толы ақпараттар таратып, өздеріне бір топты жау етіп таңдап соларды жазалау үшін «қасиетті соғыс» аштық деп зорлық әрекеттерін насихаттайды. |
2 |
Адам құқықтарын құрметтеу. Діншіл адамдар адам құқықтарының сақталуын қолдайды, өзінің әрекеттерін де осы құқықты сақтау мен басқа адамды құрметтеуге бағыттайды. Мұсылман адам тең құқықтың болуын, адамдардың жынысына, шығу тегіне, дініне, жынысына, әлеуметтік статусына қарамай оны құрметтеуге ұмтылады, осы жолда өзін ұстамды әрекеттерін көрсетеді. |
Адам құқықтарын сақтаудағы жиһадтың көрінісіне келетін болсақ, жиһадшылар негізгі адам құқықтарының сақталуына кері әсер етеді. Мысалы террористік актілер орын алған кезде барлық адамдардың өмірін қиюы мысал. Жанжал мен зорлық-зомбылықтың орын алуына тигізер ықпалы. Жиһадшылар мен исламның басқа да мазхабтарын ұстанушылар арасында өзара сәлемдесулері арқылы олардың басқаларды өздерінен бөлулері де көрінеді, мысалы дінді ұстанатын адамдардың, діни киімдегі ханымдардың бір-бірімен амандасуы, ал сырт келбетінен «діншіл емес» деп есептейтін адамдармен амандаспауы өзара бөлінуді, соның негізінде жаңа әлеуметтік құрылымның туындап отырғандығын да айтуға болады. |
Қазақстанның дамуында көптеген тұлғалар еңбек етті, дегенімен оның ішінде саяси бағдарымызды бұрмалап, өздерінің кері, яғни дұрыс емес әрекеттерін көрсеткендер де бар. Қазақстандық қоғамның дамуында осы адамдардың оңды әрекеттерін қарастыру маңызды, бұл мемлекеттегі азаматтарымыз бой түзеп отырған адамдардың әрекеттеріне қарап өзіндік құндылықтарын қалыптастыруларына мүмкіндіктер алады. Соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттік қызметін атқарып келе жатыр, осы уақыттың ішінде Президенттің қасиетті жерлерге, ата-баба аруақтарына құрмет әрекеттерін, мемлекетімізде ұлттық құндылықтар мен діни құндылықтарды біріктірген әрекеттерін көріп жүрміз. Сонымен қатар, мемлекет басшысының назары мемлекеттің зайырлығын сақтайтын құндылықтарға бағытталғандығын көруіміз керек. Бұл туралы ол өз сөзінде: «Дегенмен, зайырлы және толерантты ел болу түрлі радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге көз жұмып қарау дегенді білдірмейді. Біз ешқашан елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтірмейміз. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы шариғат нормаларын ұлттық тұрмыс-тіршілікпен үйлесім тапқан ислам дінін ұстанған. Ислам құндылықтары ұлт бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Біздің борышымыз – ата-баба дәстүрін қорғап, қастерлеу. Осы тұрғыда жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды» - деп ойын білдірген болатын Президент.
Қоғамда кіші жиһадтың белгілері көп көрінеді, ал бұл әрекеттерде адам құқықтарын таптау мен қол сұғу, қинау мен зорлық әрекеттері арқылы жасалынды. Құранда айтылған үлкен жиһадқа қатысты әрекеттердің адамды өмір бойына дейін өзін жетілдіру мен әлеуметтендіру керектігін көрсетуде, яғни сол адамды нағыз мұсылман, кемел адам болуға тәрбиелеуге бағытталған. Бірақ, көп жағдайда айтылған үлкен жиһадтың орындалып жатқандығына да күмән келеді, себебі жүректің тазалығы, иманның беріктігі, тілдің ластанбауына қатысты көп мәселелер туындауда. Мысалы ретінде, сауда жолында жүргендердің тауардың құнын қымбат етіп сатуы, бұл заманда кедейліктен қаны тамған халықты одан әрі қанауды көрсетуде. Құнға құн қосып сауда жасап жатқан бауырларымыздың арасында да асыл дінімізді ұстанғандар бар, мұсылман дінінің ізбасарлары арасында зорлықты насихаттаған исламдық қозғалыстарды қолдайтындар да бар, бауырларымыз арасында исламның отбасы, некеге қатысты айтылғандарды орындамай, қоғамда отбасы мен некелік қарым-қатынастарға деген көз-қарас пен ұстанымды бұзғандар да бар. Келесі бл отбасы және некелік қарым-қатынастар мен білім алу бағыттары бойынша ислам құндылықтары мен жиһадшылардың құндылықтары арасындағы айырмашылықтар айтылатын болады.
Ислам құндылықтары мен жиһадизм ұстанымындағы отбасы және некелік қарым-қатынастарға қатысты құндылықтарға шолу
Қазіргі кезде отбасындағы қарым-қатынастар, ер мен әйелдердің арасындағы тең құқық мәселесі, неке мәселелері өзекті болып, талқылануда. Діни жоралғылардың шеңберінде, яғни ислам төңірегін алып қарайтын болсақ, бұл сұрақтардың әрдайым назарда болғандығын көре аламыз. Исламның құндылықтары тікелей отбасы мен некедегі бейбітшілікті және достықты көздеген, яғни осылай жүріс-тұрыс пен мінез-құлықтың әлеуметтік нормалары мен стандарттарын қалыптастырылған. Дегенімен, исламның әртүрлі бағыттары мен ағымдарында, және жиһадизмді бірге алып қарастырсақ, отбасы мен некелік қарым-қатынастарға қатысты құндылықтар әртүрлі түсіндіріледі, соның негізінде дінді ұстанушылар арасында да осыған қатысты жүріс-тұрыс нормалары мен мінез-құлық стандарттары да өзгеріп отыр.
Дүниежүзіндегі миллиондаған адамдар үшін маңызды діни және мәдени дәстүр болып табылатын Исламда неке теңдікке, құрмет пен қамқорлыққа негізделген ер мен әйел арасындағы қасиетті келісім ретінде қарастырылады. Мұсылман дінін ұстанушылар өзара сыйластық пен құрметке негізделген, ерлі-зайыптылардың екеуі де Құдай алдында және заң алдында тең құқылы отбасылық ортаны құруға ұмтылады. Олар бір-біріне қамқорлық пен қолдау көрсетудің, отбасылық өмірде өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа ұмтылудың маңыздылығын атап көрсетеді. Алайда экстремистік идеалогия болып табылатын жиһадизм жағдайында отбасылық қарым-қатынастар бұрмаланып, авторитарлық нысандарға айналуы мүмкін, онда әйелдердің тең құқықтары мен бостандықтары жоққа шығарылады, ал некеге тұру саяси немесе діни мақсаттарға жету құралы ретінде қарастырылуы мүмкін, яғни бұл жағдайда некеге тұрушылар арасында өзара құрмет пен қамқорлыққа негізделген одақтың болмауы көрінеді.
№ |
Ислам құндылықтары бойынша |
Жиһадшылардың құндылықтары бойынша |
1 |
Сыйластық пен қамқорлық. Ислам ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен қамқорлықтың маңыздылығын атап өтеді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейірімділікпен және төзімділікпен қарауы керек делінген. Бұған қатысты Ар Рум сүресінің 21 мен 20 аяттарында айтылғанды, Ан-Ниса сүресінің 19 аяттарын айта аламыз. |
Иерархия және бағыну. Кейбір жиһадтық топтар отбасындағы қатаң иерархия идеясын ілгерілетуі мүмкін, онда күйеуі басым рөл атқарушы, ал әйелі оның еркіне бағынатын болып келеді. Бұндай отбасы немесе некелік қарым-қатынаста бағынатын адамның немесе көп жағдайда әйелдің диалог немесе өзін-өзі көрсету мүмкіндігі жоқ болып келеді. Жиһадышлардың әйелдердің құықтарын таптау бойынша әрекеттерін олардың адам құқықтарын таптаушы әрекеттер желісінен көруге болады. Аталған әрекеттерді мәдениет пен әлеуметтік факторлар тұрғысынан қарайтын болсақ, кейбір белсенді жиһадшылар қоғамында отбасындағы қатаң иерархия идеясын және әйелдердің ерлерге бағынуын қодайтын терең сіңген мәдени және әлеуметтік нормалар бар. |
2 |
Алланың алдындағы теңдік. Исламда ерлер мен әйелдердің белгілі бір рөлдері мен міндеттері болғанымен, олардың Алла алдындағы құқықтары мен міндеттері бірдей. Бұл туралы Али Имран сүресінің (3 бөлімінің) 195 аятын айта аламыз. Бұл аят Аллаһтың алдында жынысына, мал-мүлкіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық адамдардың ізгілік пен Алланың разылығына жетуде бірдей екендігі көрсетіледі. Нағыз сауап пен шынайы құндылықтың материалдық игіліктерге ие болу немесе әлеуметтік жағдайға байланысты емес, игі істер мен тақуалықта екенін білдіреді. Демек, аят Исламда Алланың алдында барлығының теңдігін растайды. |
Құқықтар мен бостандықтарды шектеу. Жиһадтық контексттегі әйелдер білім алу, жұмыс істеу, еркін әрекеттер жасау, сөз бостандығы сияқты құқықтары мен бостандықтарында шектеулерге тап болуы мүмкін. Саяси контекстте жиһадтық топтар отбасы иерархиясы мен бағыну идеясын өз билігін нығайту және өз мүшелерін, соның ішінде ерлер мен әйелдерді бақылау әдісі ретінде пайдаланады.
|
3 |
Ортақ шешім қабылдау. Отбасындағы маңызды шешімдер ері-зайыптылардың пікірлері мен қалауларын ескере отырып, бірлесіп қабылдау керек. Бұл жерде Аш-Шура сүресінің (4 бөлім) 38 аятын, Ан-Ниса сүресінің (4 бөлім) 19 аятына сілтеме жасай аламыз. |
Әйелдерді қару ретінде пайдалану. Кейбір жиһадтық топтар әйелдерде өз мақсаттарына жету құралы ретінде, соның ішінде содырлар немесе террористтер ретінде пайдалануы мүмкін. Кейбір жиһадтық топтар әйелдерді өз мақсаттарына жету үшін құрал ретінде пайдалануы, соның ішінде үгіт-насихат тарату, жаңа мүшелерді тарту, тіпті лаңкестік әрекеттерге қатысу, бұл олардың ерлердің басшылығына бағынуына әкелуі мүмкін. |
4 |
Отбасына қамқорлық. Ерлі-зайыптылар отбасының материалдық және эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, бірлесіп қамқорлық жасауы керек. Бұл туралы Ан-Ниса сүресінің (4 бөлім) 34 аятына сілтеме жасай аламыз. Бұл аятта «отбасына қамқорлық» түсінігі тікелей айтылмаса да, ол жерде отбасына қамқорлық жасау принциптері мен ерлердің асыраушы мен қорғаушы қызмттерін атқаруы кезіндегі міндеттері айтылады. |
Некелік жиһад және уақытша некелік қарым-қатынас. Бұл аталған некелік қарым-қатынас жиһадтық топқа жаңа мүшелерді қосу үшін немесе бұл қозғалысқа деген қызығушылықты ояту үшін жасалады. Уақытша неке немесе некелік жиһад ол дәстүрлі исламға қарсы. Шииттік исламда «мути» немесе сунниттік исламда «никах мисяр» деп аталатын уақытша некеге исламда белгілі бір жағдайларда рұқсат етілген, бірақ көп жағдайда олар жиһадтың бір бөлігі ретінде қарастырылмады. Уақытша неке әдетте белгілі бір кезеңге арналған және жыныстық қажеттіліктерді қанағаттандыру, уақытша серіктес болу немесе әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты әртүрлі мақсаттарға ие болуы мүмкін. Дегенімен, жиһад жағдайында уақытша некелерді радикалды топтар өз мақсаттарына жету үшін теріс пайдалануы немесе бұрмалануы мүмкін, соның ішінде жаңа жауынгерлерді тарту немесе жиһадтағы қызмет үшін әйелдерді «сыйақы» ретінде пайдаланады. Бұл тәжірибе көбінесе әйелдерді қанауға және олардың құқықтарының бұзылуына алып келеді. |
Қорытындылай келе, қазіргі кезде қоғамда адами құндылықтар, отбасы құндылықтарына қатысты болған құндылықтар мен ұстанымдар жоғала бастауда. Ислам атын жамылған террористер мен эктремистердің әрекетінен кейін мұсылмандардың дінін бейбітшілікке қарсы, қару асынған дін деген көзқарастар қалыптасты. Ауғандағы немесе басқа аймақтарда Ислам мемлекетін құрамыз деген топтардың әйелдерге жасаған әрекеттерінен кейін барлық ислам дінінде әйелдерді құл сияқты ұстайды деп шықты, дәл осындай бүлік салушылардың бірнеше әйелге үйленуі мен «талақ айту» әрекеттерінен кейін басқа мұсылмандарда осындай екен деген ой мен пікірге шықты. Бұндай жағдайлар көп, дәл осындай жиһадшылар мен дәстүрлі исламға қарсы, мұсылман қағидаларын бұрмалап алған адамдардың әрекеттерінен кейін барлық қоғам, әлем ислам дінінің шынайы бейнесіне қатысты, оның бейбітшіліктің жақтаушысы мен қорғанышы болатындығына қатысты күмән келтіріп, оған сескене қарауға алып келді. Дегенімен, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарының оң нәтижелері көрінуде, ол барлық террористік әрекеттерді жасағандар олар мұсылмандар ғана емес оның атын жамылып алған бұзақылардың әрекеттері де арасында бар екендігін анықтап жатыр.
Ислам құндылықтары мен жиһадшылардың ұстанымдары арасында үлкен айырмашылықтар бар. Ислам діні адамды кемел тұлғаға айналдыру жолында бейбітшілік әрекеттерді ұстанады, ал үлкен жиһад (жүрек, тіл, қол) адамның нәпсісін, бойындағы қисық пиғылын тәрбиелеу мен тоқтату барысында болатын күресті білдіреді. Ең бастысы ислам қағидалары мен үлкен жиһадтың әрекеттері арқылы адам өзінің ішкі жан-дүниесін тәрбиелеуге бағыттау керектігі айтылған. Яғни, қорытынды екі құндылық та адамның жанын тәрбиелеп, оның ниетін түзеуге бағытталған. Ал осындай тәрбиелеу мен әлеуметтендіру үрдісінен кейін кемел адам қалыптасатын болса, сол адам өзінің әрекеттері арқылы қоғамды жақсылыққа дәріптей, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағыттай алады.