Валюта бағамы
  • USD -

    491.7
  • EUR -

    573
  • RUB -

    6.31
Елде қуат көзі түгел болуы тиіс – өзбекстандық сарапшы
Әлихан Асқар/Kazinform 26 қыркүйек 2024
Елде қуат көзі түгел болуы тиіс – өзбекстандық сарапшы

Өзбекстан өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясын (АЭС) салуға кірісті. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы дайындалып, жобалау жұмыстары басталды. Осы орайда Kazinform тілшісі белгілі өзбекстандық физик-ядрошы, Ташкенттегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы Шохмирзо Умаровтан сұхбат алып, АЭС-ке қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып көрді.

- Шохмирзо Бахрамұлы, осы кезге дейін Өзбекстанда АЭС салу идеясы талқылау деңгейінде болып келді. Биыл мамырда түпкілікті шешім қабылданды, оның маңыздылығы неде? 

- Өзбекстан аумағында АЭС салу идеясы 1970 жылдардан бастап талқыланып келді. Дегенмен түрлі жобалар келіссөз деңгейінде қалып отырды. АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұсыныстары зерттелді, бірақ түпкілікті келісім «Росатоммен» жасалды.

Биыл 27 мамырда Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу туралы шешім қабылданды, яғни елімізде әрқайсысының қуаты 55 МВТ болатын (жалпы қуаты 330 МВт) 6 энергоблок бой көтермек. 10 қыркүйекте осы жұмыстарды бастау туралы хаттамаға қол қойылды. Оған сай, жобалық құжаттарды дайындау ісі қолға алынды.

АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай, барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді. Тиісінше, біздің елдің энергобалансында барлық энергия өндіру көздері болуы тиіс: күн, жел, су электр станциялары және АЭС.

- Джизак облысында салынатын аз қуатты АЭС осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай серпін береді?

- Джизак облысында ірі энергетикалық нысан бой көтереді. Сәйкесінше, оған қажетті инфроқұрылым қалыптасады, атап айтқанда жол, аурухана, мектеп. Мұның барлығы Джизак облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- АЭС-ті салумен қатар, оған қажетті мамандарды даярлау ісі өте маңызды. Бұл бағыттағы мәселелерді Өзбекстан қалай шешіп жатыр?

- Өзбекстан атом энергетикасы үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударады, тиісінше білім беру бағдарламасын жасақтап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының базасында кафедралар ашты.

Мәселен, Ташкентте Мәскеу физика-техникалық институтының филиалы ашылды. Ол - осы саланың білікті мамандарын даярлайтын үздік оқу орындарының бірі. Биыл оны біздің түлектеріміздің екінші легі тәмамдап, жастар энергетикалық саладағы қызметтеріне кірісті. Аталған институтқа тек оқуды озат аяқтаған оқушылар қабылданады.

Сонымен қатар, біздің өзіміздегі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Өзбекстан ұлттық университеті және Самарқанд ұлттық университетінде де атом энегретикасы кафедраларын аштық.

Бұған қоса, Өзбекстан Ғылым академиясының Ядролық физика институты кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады, онда зерттеулер жүргізіледі, тәжірибелік сабақтар өтеді.

Шетелде білім алуға ниетті жастар үшін де жағдай жасалған. Корея, Қытай, АҚШ және Ресейде оқып жүрген өзбекстандықтар аз емес. Сонымен қоса, мамандарымыз шетелдерге тәжірибе алмасуға барып тұрады.

Кейбір мамандар «Росатом» салып жатқан атом электр станцияларының құрылыс барысына қатысады. Өзбекстанның атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлау стратегиясы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жоғары бағасын алып үлгерді.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

- Қазір әлем елдерінде жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің реакторлары барлығы дерлік сумен салқындатылады. Осы орайда көпшілік АЭС тұщы судың тапшылығына әкеле ме деп алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр станцияларымен (ЖЭС) бір мөлшерде су тұтынады. Өйткені, екеуінде де термодинамикалық цикл жүреді, яғни су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады.

Бұл цикл АЭС-те де, ЖЭС-те де бірдей. Біз алдағы уақытта өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескере отырып, реакторларды «құрғақ» салқындату жүйесін қолдануға ниеттіміз. Ол тұтынатын судың шығынын шамамен 10 есе азайтады.

- Тұрғындарды алаңдататын сұрақтың бірі – АЭС-тің қауіпсіздігі жайлы. Станцияның іргетасы мен өзге де бөліктері біздің өңірге тән жер сілкінісі, сел, дауыл және өзге де төтенше жағадайларға қаншалықты төтеп бере алады?

- Болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларға төтеп беру үшін АЭС-ті жоспарлау кезінде барлық ерекшеліктер ескеріледі. Ол салынатын жерді зерттеуден басталады. Сейсмологиялық тұрақтылығы, топырақтың сапасы және басқа да ерекшеліктері зерделенеді. Осылардың барлығы жоспарлау кезеңінде есепке алынады.

Мысалы, АЭС Армения еліндегідей сейсмикалық белсенді аймаққа салынса, онда реакторлар сол жағдайларға бейімдеп құрылады. Аталған нысан 1988 жылы болған 9 балдық Спитак жер сілкінісіне төтеп бере алды, оның іргетасы мен өзге де қабырғаларына зақым келген жоқ. Бұл АЭС-ті жобалау кезінде тиімді шешімдер қабылданғанын растайды.

Мұнымен бірге заманауи АЭС-тер «пост-фукусималық» талаппен салынады. Онда ең экстремалды сценарийлер ескерілген. Мәселен, АЭС цунами қаупі өте төмен, шөлейтті аймақта салынса да, ол цунамиге төтеп бере алатындай талаппен құрылады. Апаттық кезеңде электр энергиясымен жабдықтау үшін арнайы дизелдік генераторлар қарастырылады. Бұл шаралар кез келген төтенше жағдай сәтінде АЭС-тің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

RELATED NEWS
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады
15 мамыр 2025
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады

 

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жамбыл облысында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асырады, деп хабарлайды Ulys.

Бүгін Сенатта Қазақстан мен БАӘ арасында Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Қазақстан жобаны халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Электр станциясы жылына 3,4 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етпек.

«Жоба аясында 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезінде мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылса, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияларға қол жеткізіп, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ, жоба аясында ұзындығы 425 шақырымдық жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады», - деп атап өтті Энергетика министрлігі.

Жобаны жүзеге асыру барысында инвесторлар қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдаланбақ.

«Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сай келеді. Бұған қоса Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады», – деді Есімханов.

АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания?
12 маусым 2025
АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания?

Қазақстанда атом энергетикасы жайлы әңгіме биыл күшейіп тұр. Үкімет білек сыбана кіріскенмен, халық екіұдай пікірде. Бірі қауіптенеді, бірі үміттенеді. Еліміз АЭС саламыз десе – әлем қарап отыр. Ал Қазақстан сол жауапкершілікті мойнына алып, алға қарай қадам басуда.

Сол сәтте сахнаға шыққан бір шетелдік серіктес бар. Аты – Assystem. Қайдан келді, не үшін келді, кім үшін жұмыс істемек?

 Француз ізімен келген тәжірибе 
Assystem – Францияда негізі қаланған, ядролық инженерия бойынша әлемдегі ең ірі үш компанияның бірі. Қазіргі таңда 12 елде 8 000-нан астам маманымен жұмыс істейді. 55 жылдан бері инженерия, цифрлық шешімдер, жобаны басқару мен құрылысты қадағалау бағытында қызмет көрсетеді.

Басты ерекшелігі – қауіпсіздік пен сенімділікке құрылған жоғары технологиялар. Assystem ядролық станцияны жобалап қана қоймайды, оны басқару жүйесіне дейін жетелейді.

 Assystem – енді Қазақстанда 
2025 жылдың басынан бастап Assystem Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясына ресми түрде араласты. Ол «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің техникалық кеңесшісі ретінде бекітілді.

Француздар бұл жобада не істейді? Олар АЭС салу барысындағы инженерлік шешімдерді тексереді, құрылысты бақылауға көмектеседі және жобалық басқару жұмыстарын үйлестіреді. Яғни, технологиялық процестің әділ төрешісі де, сенімді серігі де болмақ.

 "Қазақстан-2050": мұнайсыз болашақтың энергиясы 
Assystem Қазақстанға бизнес үшін ғана емес, болашақтың энергетикалық архитектурасын бірге тұрғызу үшін келіп отыр.

"Қазақстан-2050" стратегиясында 2050 жылға қарай еліміздің энергия өндіруінің 50 пайызы көмір мен мұнайдан емес, таза көздерден алынуы тиіс делінген. Қазір бұл көрсеткіш 30 пайыз шамасында. Демек, АЭС – көмірсіз келешектің бірден-бір баламасы.

 МАГАТЭ ұсынған жолмен 
Assystem АЭС жобасына халықаралық талаппен қарайды. Компания 2025 жылдан бері КАЭС-ке (ЖШС) технология таңдау әдіснамасын жетілдіруге көмектесіп келеді. Бұл процесте МАГАТЭ ұсынымдары – әсіресе NP-T-1.10 стандарты – негізге алынған.

 Француз сөзі – байсалды уәде 
Assystem компаниясының бас директорының орынбасары Стефан Обарбье былай дейді:
«Қазақстанның жаңа атом бағдарламасында серіктес болуға қуаныштымыз. Бұл бағдарлама өте маңызды. Біз оның қауіпсіз әрі тиімді жүзеге асуына үлес қосуға дайынбыз».

 Assystem – ядроның инженерлік ақылгөйі 
Assystem – жәй мердігер емес. Ол – күрделі инфрақұрылымға инженерлік дем беретін жүйе.

Компания тек реактор салып кетуді емес, тұтас технологиялық мәдениетті енгізуді көздейді. Оның фокусында – төмен көміртекті болашақ. Яғни ядролық және жаңартылатын энергия, таза сутегі, электр желілері мен көлік инфрақұрылымын декарбонизациялау.

 Қорытынды 
Қазақстан ядроға иек артып отыр. Бұл – үлкен тәуекел. Ал Assystem – сол тәуекелге халықаралық тәжірибе арқылы кепіл болуға дайын.

Атом энергиясы – бүгінгі емес, ертеңгі әңгіме. Сол ертеңге барар жолда Қазақстанның жанында кімдер болмақ? Қазірше бір жауабы бар: француздар.

Power Central Asia + China форумы мұнай-газ химиясы мен «жасыл» энергетика саласында стратегиялық жобаларды іске қосады
16 маусым 2025
Power Central Asia + China форумы мұнай-газ химиясы мен «жасыл» энергетика саласында стратегиялық жобаларды іске қосады

Бүгін АстанадаPower Central Asia + China алғашқы өңірлік энергетикалық форумы басталды. Халықаралық шара ҚР Энергетика министрлігі мен «Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығының» (АСИИР) ұйымдастыруымен өтуде. «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында ұйымдастырылған басқосуда үкіметтік және іскерлік топ өкілдері энергетика, өнеркәсіп және жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық бастамаларды талқылап, іске қосуды жоспарлауда.

Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшылары  қол жеткізген екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық пен келісімдерді іске асыру. Нәтижесінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтатын, шикізатты терең өңдеуді жеделдететін және тиімді энергетикалық экономикаға көшуге жағдай жасайтын стратегиялық жобалар жүзеге асып, ірі инвестициялық келісімдер жасалады.

Форумның негізгі бағыттары

ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жиынды ашып, өз сөзінде форумның негізгі басымдықтарын атап өтті:

«Энергетикалық ынтымақтастық – Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің өзегі. Бүгінде біз «алтын отыз жылдыққа» қадам баса отырып, мемлекетаралық байланысты дамыту тарихында жаңа деңгейге көтеріліп жатырмыз. Негізгі бастамалар қатарында – Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаларды іске асыру бар. Бұл – әртараптандырылған, технологиялық экономика құруға бағытталған қадамдар».

Флагмандық жобалар мен келісімдер

Пленарлық сессия барысында Қазақстан мен Қытай өкілдері стратегиялық келісімдер арқылы жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды:

Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту: ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен CNPC зауыт қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қояды. Нәтижесінде еліміздің шикізат өңдеу, мұнай өнімдерін экспорттау әлеуеті артады.

Газ саласы: Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауытты іске қосу. Негіздемелік келісім «QazaqGaz» ҰК, Ақтөбе облысы әкімдігі мен қытайлық серіктестер арасында жасалады. Сонымен қатар, China Construction Bank Corporation инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін 1 млрд доллар көлемінде несиелік желі ұсынатын болады.

«Жасыл» энергетика: Форум жаңа бастамаларға жол ашады. Мәселен, энергия жинақтау құрылғысымен жабдықталған «Сауран» күн электр станциясының құрылысы, China Southern Power Grid компаниясымен гидроаккумуляциялық станциялар салу және China Energy International компаниясымен сутегі энергетикасы саласында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған.

Технологиялық ынтымақтастық және өндірісті жергіліктендіру

Қытайлық PowerChina, Huawei және Longi корпорациялары Қазақстан аумағында озық технологияларды енгізіп қана қоймай, оларды жергіліктендіруге де дайын екендіктерін жеткізді. Форум аясында зерттеу және даму (R&D) орталықтарын құру, цифрлық шешімдерді енгізу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөнінде бірқатар келісімдер жасалады.

Қорытынды және тың жобалар бастауы

Форумдағы шешуші сәт – энергетика саласының жетекші өкілдері мен инвесторлардың келісімдер топтамасына ресми қол қою рәсімі. Негізгі құжаттардың қатарында Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту, газ-химия өндірісін құру және жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жөніндегі келісімдер бар.

Power Central Asia + China форумы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласындағы әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын көрсетті. Қол қойылған келісімдер мен ауқымды жобалар өңірлік энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты экономиканың негізі болмақ.