Валюта бағамы
  • USD -

    529.7
  • EUR -

    551
  • RUB -

    5.15
«Беташар» салты ЮНЕСКО-ның тізіміне кірді
Фото: ашық көзден 05 желтоқсан 2024
«Беташар» салты ЮНЕСКО-ның тізіміне кірді

Парагвай астанасында «Беташар» салты ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл туралы  Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Facebook парақшасында жазды.

- Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, - деп жазды Қарин.

 

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!
10 қыркүйек 2019
БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!

Көне Грек заманында Диоген деген атақты ойшыл өмір сүріпті. Ол қолына майшам жағып алып, шаңқай түсте көше аралап кетеді екен. Оны көрген таныстары:

- Әй, Диоген, шаммен күн жарықта не іздеп жүрсің?- деп сұрайды. Диоген:

- Адам іздеп жүрмін, - депті. Олар:

- Тұрмыз ғой міне, қанша адам керек? – дегенге.

- Ал сен адамсың ба?- деген екен.

 

Диоген бұл ісін былай түсіндіреді:

 Ит туғанда ит болып туады, өскенде ит болып өседі. Яғни, мысық я жылқыға айналмайды. Мысық та туғанда мысық болып туады, өскенде де мысық болады. Яғни, ит не басқа жануарға айналмайды. Мұндай заңдылық Құдай жаратқан мақұлық атаулының барлығына тән. Тек, бір ғана жаратылысына емес, ол – адам. Яғни, адам туғанда адам болып туады, өскенде қандай болатыны өскен ортасына байланысты. Мысалға: адамды туғанда маймылрдардың арасына жіберсе, өскенде тура маймылдарша өмір сүреді. Егер, ақсүйек адамдардың ортасына жіберсе ақсүйек болып өседі. Сол себепті де надандыққа батқан қоғамнан адам деген атқа лайық адамды табу өте қиын, тіпті майшам жағып іздесең де таппайсың. Қоғамдық тәртіпті түбегейлі өзгертпейінше, қанша адам туса да олардың адам деген атқа лайық болуы екіталай, - деген екен.

 

  Енді, Диогеннің шамын осы заманға әкелсек, Диоген іздегендей адам табу оңай болмасы анық. Неге десеңіздер, қоғамда адамдар тарапынан болып жатқан азғындықты айтпасақ та өздеріңіз жақсы білесіздер.  Мәселе осы азғындықты шама келгенше тоқтатып, жаңа туған адамдарды адам етіп тәрбиелеуде болып тұр. Әйтпесе, жаманды жамандап, айыпты болып қалған үкімет қызметкерлерін түрлі шоуларда келеке-мазақ қылып отыра беру түк пайда бермейді. Керісінше, екінші бір проблемаға соқтыратын қаупі бар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз, қандай қоғам болуымыз керек?  Қоғамды қалай түзейміз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

 Әдетте, адам көшеге шығарда түр-әлпетін ретке келтіру үшін айнаға қарайды. Сөйтеді де, артық-кем жерін түзеп, үсті лас болса оны жуып, тазалап, реттеліп шығады.

 

 Осы секілді қоғам да айнаға қарағандай өзінің тұрмыс-тіршілігіне сырттан қарап, артық-кем жерін түзеп отыру керек. Әйтпесе, Диоген айтпақшы, адамды шаммен іздеп таба алмаспыз. Бірақ, ол үшін қоғамда «психоаналитик» деген мамандар көп болуы керек. Олар қоғамның не ішіп, не жеп, не оқып, нені көріп, нені тыңдап жүргенін бақылап, сараптама жасайды. Жасаған сараптамаларын түрлі жолдармен халыққа таратып, жұрттың қай бағытта кетіп бара жатқанын аңғартып отырады. Осылайша психоаналитиктер адамды кемелдікке жеткеретін жол тауып, ғылым мен халықтың тығыз байланыста болуына септігін тигізеді. Ал, бізде өкінішке қарай, ғылым бір жақта, халық бір жақта жүр. Ғалымдар ғылымның жоқтығынан надандыққа батқан халықты «тобырлар» деуден жалығар емес, ал, халық болса, оқымыстыларды «оқу оқып милары ашып қалған, оқу өтіп кеткен» деген секілді сөздер айтып, мүсіркей қарайды. Яғни, ғылым мен халық арасында байланыс жоқ. Енді, осы жерде екі жақтың басын қосатын тағы бір мамандық шығады. Оларды «медиатор» дейді. Яғни, «екі ортадағы тасымалдаушы» деген мағына береді. Біздің елде медиаторлар жоқтың қасы. Бар болса да тек бір тарапты. Яғни, діннің медиаторы «менің айтқаным дұрыс» десе, бизнес, психолог-коучтар «менікі дұрыс» деп жүр. Оларды медиатор деуге аузың бармайды. Себебі, арнайы бас қатырып, оқу оқып, ғылыми оқу орындарынан білім алмаған, өз бетінше оқып алған дилетанттар. Осы дилетанттардың айтып жүргендерін теріске шығарып,  дұрыс-бұрысын сауатты талдап бере алатын психоаналитиктер жоқ десек те болады. Осының себебінен қоғамнан ориджинал адамды табу өте қиын және алдау, арбау, ұрлық-зорлық деген қылмыстар бір секундқа да тоқтамай, қоғамда қылмыскерлер қаптайды.

 Қоғамды түзететіндер осы психоаналитиктер мен медиаторлар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз?

 Ғылымда мынандай екі термин бар. Ассимилейшн және социализейшн.

  Ассимилейшн  (assimilation)  дегеніміз – қоғамның түрлі себептерге байланысты ыдырап, қоғам болмай, жоқ болып кетуін айтамыз.

  Социализейшн (socialization)  дегеніміз – адамдардың бір идеяға, құндылықтарға, қоғамдық қағидаларға бірігіп, етене араласуын айтамыз.

 

Бізде, қазіргі таңда социализейшнге қарағанда ассимилейшн белең алып келе жатыр.  Оған көп себептердің бірі – «нарықтық ориентейшн». Яғни, қоғамның көзқарасы нарықтағы көзқарастай болып кеткен.

  Енді, әңгіме осы бағытта өрбімек.

 

 Нарықтық ориентейшнды түсіну үшін алдымен нарықтың жүйесін түсініп алсақ оңай болады.

 

 Саудагер нарыққа барарда алдымен оның жағдайын біліп алады. Яғни, әрбір нәрсені  сата бермейді. Нарықта қандай заттар жақсы өтеді, соны ғана сатады. Сатып алушылар да нарықтың ығына жығылып, жұрт көбіне қандай зат алып жатқанына қарайды да ала береді. Яғни, заманауи тілмен айтқанда тренд, модаға жүгінеді. Ал, бұл тренд, мода дегендерді монополистер басқарып отырады.

 

 Негізінде нарықтағы жүйе басқаша болуы керек еді. Тренд, мода деген ұғым жоқ, нарықты монополист басқармайды. Сатушы тренд, модаға сүйенбей, «негізі, адамға керегі осы» деп адамгершілік принциптерге сүйеніп, тауар сатады.

 

 Адамдардың да қоғамда өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, ойы осы нарықтағыдай болып кеткен. Олар өзін танумен айналысудың орнына сатумен айналысады. Яғни, бақытқа, жетістікке жету үшін үш түрлі іс-әрекет жасайды.

 Бірінші – өзін тауар етіп ұстайды.

 Екіншісі – сатушы ретінде.

 Үшінші – менеджер ретінде.

 

 Бірінші, өзін тауар етіп көрсеткен адам өтімді болу үшін заманауи талаптарға сай киім үлгісін киеді, талапқа сай адамның қырларын, іс-әрекетін ұстанады. Нарықта ар-ұят, жұмсақ мінез, ілтипат деген адамның киелі қырлары тренд болмаса, онда одан бас тартуға мәжбүр. Ондай кезде адам өз өмірі мен бақыты үшін емес, қаншалықты өтімді бола алатынына басы қатады. Жан-дүниесіне үңіліп, өзіне тән адами қырларын шыңдаудың орнына нарықтағы өтімді қырларды игеруге әлек болады. Бұл істің барлығы дерлік жетістікке жетудің амалы. Телеарна, газет, журналдағы бизнесмендер оңай әрі жылдам жетістікке жету үшін, қандай киім киюін, өзін қалай ұстау керектігін, қас-қабақтарын сенімді етіп көрсетуін үйретеді. Мысалға, жас бойжеткен кинодағы жетістікке жеткен жұлдыздың шаш үлгісіне, киген киіміне, қас-қабағы мен бет-әлпетінің бояуына дейін меңгеріп алады және сол жетістікке жеткізеді деп ойлайды. Ал, ол жетістіктің артында қаншалықты  бақытты өмір бар екені ойландырмайды. Мұндай кезде адам өзінің қаншалықты бағалы екенін өзгелердің пікірмен өлшеп, соларға тәуелді болады. Егер ол жетістікке жеткен адам болса – бағалы, жетпесе – құнсыз. Сол себепті бұл жолда сәтсіздік құрдымға түскенмен бірдей ауыр тиеді. Мұндай адамдар қоғамда көбейген сайын сол қоғамның ойын, деңгейі қандай екенін оңай білуге болады. Бәрі бір-бірінің іштей не ойлап тұрғанын, нені қалап тұрғанын біліп тұрады. Себебі, барлығы бір арқанға жармасып тұр.

 

  Екіншіден, саудагер ретінде тауарды сататын жер іздеу керек болады. Ол кезде тоздырмаған табалдырық қалмайды. Газет-журналдар, интернет желісі жер-әлемді шарлап кетеді.

 

 Үшіншіден, менеджерлік қызмет атқарады. Сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, таққан қымбат сағаты, сапалы киім үлгісі, мінген көлігі, осының барлығы адамды өткен ғасырлардағы ориджинал менеджердей етіп көрсетеді. Сатып алушы жұрт та осындай үлгідегі көрініске үйреніп қалады. Енді астыңда көлігің, қымбат сағатың болмаса сені адам екен демейді.

  Бұл нарықтық ориентейшн қоғамның барлық саласын меңдеп алса бітті дей беріңіз. Салт-дәстүр, дін, кәсіп, музыка, сурет өнері, кино, БАҚ, отбасын құру, тіпті бала тәрбиесі де осы көзқараспен жүріп-тұратын болса, онда бірінші орынға әр адамның бақытты болуы емес, нарықтағы жетістікке жеткен, беделді азаматтардың істеген ісі мен айтқан мәнсіз сөздеріне сай болуы маңызды болады.

 Әлбетте, бізде мұндай көзқарасқа берілмейтін азаматтар да бар, дегенмен саусақпен санарлық. Олар көшкен сеңмен ілесіп көшпейді. Нарықтың талаптары оларға заң емес. Өздерінің ішіне үңіліп, адамгершілік принципті негізге алып жүріп-тұрады. Мысалға, көп журналистердің арасында рейтингті көтеріп, жетістікке жетудің жолы біреудің ажырасқаны я болмаса ашынасымен ұсталып қалғаны секілді пайдасы жоқ «ақиқатты» жариялау болса, ал, бұлардың ойы жеңіл жетістікке жетуде емес, қоғамдағы тасада болып жатқан негізгі әрі маңызды жайттарды жариялап, жұрттың көзін ашу.

  

 Ағартушылық саласында да дәл осы секілді. Кейбір азаматтардың мақсаты үкіметтік стипендия, тендер, атақ-даңқ болатын болса, ал, нарықтың талабына берілмеген азаматтарды мадақ, медаль, стипендия қызықтырмайды. Олардың мақсаты қоғамға ең маңызды, негізгі құндылықтарды насихаттап, елдің сауатын ашу, экзистенциялық проблемаларын шешу.

 

Бұл жерде айтқымыз келгені, елді бөлу емес, керісінше, пайдалы іспен айналысып жүрген азаматтардың әрекетіне көз жеткізіп қою ғана. Жастар соларға еліктеп жолын қуса, онда Диоген іздеген адамды өз арамыздан тәрбиелеп шығаруымыз ғажап емес. 

 

Әлбетте, нарықтық ориентейшнмен де өмір сүре берсе болады. Ол әркімнің өз еркі. Бірақ, оның ақыры төмендегідей болуы әбден мүмкін: 

Логотерапевт В.Франклға күйзелісте жүрген бір бойжеткен келіп, мұңын шағыпты. Ол нарықтық көзқарасқа ұрынғаны сонша, тіпті, ақыр-аяғында «мен өмір сүріп жатырмын ба, әлде өмір мені сүріп жатыр ма» деген екен.

 

Құрметті әлеумет! Біздің қоғам болмай ыдырап бара жатқанымызға бірден-бір себеп осы «нарықтық ориентейшн». Осыны біліп, одан аулақ жүретін болсақ, болашақ жарқын болатынына сенім мол!

 

 

 

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог

 

САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...
08 қаңтар 2020
САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...

Құдайға жер бетіндегі барлық адамдар ғасырлар бойы сеніп келеді, мен де сенемін. Құдайға деген асыл сенімін айта беру, құндылықтарды араға салу манипуляциясы. Намаз оқығанда да құбылаға қарап, адам өздігінен оқиды ғой. Логикаға салып ойланып көрейік.

Психосоматиканы (эмоцияның адам ағзасына тигізер әсері) оқып, меңгеру арқылы, әділетті Құдай әркімді өзіне жазалатып қойғанын ұғып таң қалдым.
Тәндегі ауру-сіздің қандай адам екеніңіздің индикаторы. Адамды ауру ететін үш ақ нәрсе:
1.
Өзін кінәлі сезіну.
2. Қызғаныш.
3. Өкпе, реніш.
Осыны білген соң ауырдым деудің өзі ұят.

Абай атамыз:
"Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес... " дейді.
Сондықтан, мен Алланы аз айтамын, аса мәртебелі сезімімді саудаға салуға жүрегім дауаламайды.

Қазіргі мотиваторлардың ғылыми ақпаратты дұрыс түсіндірмеу себебінен "Мотивированная дура мен мотивированный дурак" тар көбейді.

Адам өз күші, ақыл-ойы жететін нәрсеге жауапкершілік алғаны абзал. Деніңіз сау болып тұрып, дәрі ішсеңіз ол ішкі органның қызметінің бұзылуына әсер етпей ме? Дәл сол сияқты, орнымен қолданылмаған аффирмация, визуализация, мотивация да кері әсерін тигізеді.

Түрлі тренингтерге барып жүрген адамдардың жанарында сынық сәуле бары байқалады, өзіне сенімсіз бала сияқты, жалтақ-жалтақ етеді, әлдене десең ашуға булығып, бет жыртысуға дейін барады. Тренингте түрлі деңгейдегі адамдар отырады, ақыл-ойы әртүрлі, берілетін ақпарат сарапталмайды, аудиторияға бейімделмейді. Сәйкесінше әркім әртүрлі қабылдайды.

Интеллект деңгейі жоғары, дәл сол сәтте жеке бас проблемасы жоқ адамдар қажетін алады. Ал ақыл-ойы кемдеу немесе сол сәтте жеке бас проблемасы бар адамдар сол лекторға, мотиваторға сенеді! «Ана кісі айтты ғой, өзгеге емес өзіңе жұмыс жаса», - деп дауласады тағы.

Соңында өз деңгейіне, жағдайына шақ келмейтін аффирмация, визуализация жасап, қуыршақ құсап қалады. Тағы кім не деп айтар екен деп, айналаға қарап, алақ-жұлақ етіп жүргені.

Абай атамыз:
"Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап" деді емес па?!

 

Салтанат Смағұлова, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.