Астанада өткен бір жиын көп адамның назарынан тыс қалуы мүмкін. Бірақ дәл сол жиынның ішінде ертеңгі Қазақстан мектебінің қандай болатынына қатысты үлкен сұрақтың жауабы жатқандай.
14 мамыр күні елордадағы №109 «Келешек мектептері» базасында халықаралық KUMON пилоттық жобасының қорытындысы жарияланды. Бір қарағанда бұл – жай ғана білім беру жобасы. Бірақ мәселенің астарына үңілсеңіз, бұл – баланың миын қайта жаттықтыруға бағытталған жүйе.

Қазір қоғамда бір үрей бар. Баланың зейіні шашыраңқы. Телефонға телмірген ұрпақ ұзақ отырып кітап оқи алмайды. Бір есепке бес минуттан артық шыдамайды. Мұғалім айтып үлгермейді, ата-ана түсіндіріп үлгермейді. Бала тез жалығады.
Жапондар осы мәселені бұдан жарты ғасыр бұрын байқап қойған.
Сөйтіп, 1954 жылы жапон мұғалімі Тору Кумон өз баласына арнайы әдіс ойлап табады. Мақсаты – баланы «жаттататын» емес, өздігінен ойланатын деңгейге жеткізу. Кейін сол тәсіл әлемнің ондаған еліне тарады. Ал бүгінде KUMON әдісі Қазақстанға да келіп отыр.
Жоба Caravan of Knowledge қоры мен Kumon Institute of Education арқылы жүзеге асуда. Оған Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі қолдау білдіріп отыр. Ал қаржылық серіктестер қатарында Chevron мен INPEX компаниялары бар.
Пилоттық жоба Астанадағы «Келешек мектептері» жүйесіне енгізілген. Бағдарламаға 3-сыныптың 39 оқушысы қатысыпты. Балалар күн сайын небәрі 15 минуттан планшет арқылы тапсырма орындаған.

Бірақ мәселе уақыттың аз-көптігінде емес. Мәселе – жүйеде.
Жапон әдісі баланы бірден күрделі есепке тастамайды. «Бала сүрінбей жүрсін десең, алдымен табанын қатайт» деген қазақы қағидаға келеді. Оқушы өз деңгейінен бастайды. Қарапайымнан күрделіге біртіндеп өтеді. Ең бастысы – ешкім оны сүйремейді. Бала есепті өзі шешуге үйренеді.
Қазақ «Балық берме, қармақ бер» дейді. KUMON-ның философиясы да осыған жақын.
Жоба нәтижесі де жаман емес.
Тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсеткен балалардың үлесі 36,8 пайыздан 81,3 пайызға дейін өскен. Ал төмен нәтиже көрсеткен оқушылар саны мүлде нөлге түскен.
Бұдан да қызығы – балалардың тек білімі емес, мінезі өзгере бастаған.
Мұғалімдер балалардың зейіні артқанын айтады. Бұрын саусақпен санайтын оқушылар ойша есептеуге көшкен. Тапсырманы тез орындай бастаған. Ең бастысы – өз күшіне сенім пайда болған.
Сынып жетекшісі Мақпал Қанатовна:
«Балалардың зейін қоюы, тапсырмаларды орындау жылдамдығы және математикаға қызығушылығы айтарлықтай жақсарды. Олар тапсырмаларды сенімдірек әрі жылдамырақ орындай бастады», – дейді.
Ал педагог Жанар Амангелдиевнаның сөзінде бүгінгі мектеп үшін өте маңызды мәселе жатыр.
«Балалар тұрақты тәжірибе мен біртіндеп оқудың маңызын түсіне бастады», – дейді ол.
Қазіргі қоғамның ең үлкен мәселесінің бірі де осы емес пе?
Біз бәрін тез қалаймыз. Жылдам нәтиже күтетін заманға кірдік. Бірақ адамның миы TikTok-тың жылдамдығымен емес, табиғаттың ырғағымен дамиды. KUMON сол табиғи ырғақты қайтаруға тырысады.

Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі – мұғалімнің рөлін өзгертуі.
Біздегі жүйеде мұғалім көбіне ақпарат жеткізуші ретінде қалып қойды. Ал KUMON-да ұстаз бағыт беруші. Ол баланың орнына есеп шығармайды. Қателігін бетіне баспайды. Баланың өздігінен табуына мүмкіндік береді.
Қазақ «Баланы бесіктен тәрбиеле» дейді. Ал жапондар сол тәрбиені күнделікті дағды арқылы қалыптастырады.
Күніне 15 минут.
Бірақ сол 15 минуттың ішінде тәртіп бар. Тұрақтылық бар. Жүйе бар.
Жобаға қатысқан ата-аналардың пікірі де қызық.
Олар балалардың тек математикасы емес, жауапкершілігі өзгергенін айтады. Өздігінен отырып тапсырма орындай бастаған. Қатарынан қалмауға тырысады. Бұл енді жай есеп емес, мінез тәрбиесі.
Әлемде білім саласындағы бәсеке әлдеқашан басталып кеткен. Қазір мемлекеттер мұнаймен емес, миымен жарысады. Кімнің баласы ертерек ойлануды үйренсе, сол ел ұтады.
Қазақстан үшін де бұл – маңызды кезең.
Өйткені соңғы жылдары еліміз мектеп салуға көп көңіл бөлді. «Жайлы мектептер» салынып жатыр. Инфрақұрылым күшейді. Бірақ мектептің қабырғасынан бұрын, оның ішіндегі баланың ойлау жүйесі маңызды.
Ал KUMON сияқты жобалар сол ойлау жүйесін өзгертудің бір тетігі болуы мүмкін.
Жапондарда бір сөз бар: «Баяу жүрген адам да тоқтамаса, межеге жетеді».
Қазақ та бекер айтпаған:
«Тамшы тас жарады».
Мүмкін, күніне 15 минуттан басталған осы тәжірибе ертең Қазақстан мектебіндегі үлкен өзгерістің басы болып қалар.


