Валюта бағамы
  • USD -

    477.5
  • EUR -

    547
  • RUB -

    5.97
Әйелге әлсіз деп қарауға болмас - Роза Мұқанова
aikyn.kz 24 қыркүйек 2024
Әйелге әлсіз деп қарауға болмас - Роза Мұқанова

Роза Мұқанованың «Менің үкім» әңгімесі қазақ әдебиетіне бастаған алғашқы қадамы еді. Жазушы осы бір тырнақалды туындысын 6-сыныпта оқып жүргенде жазыпты. Кейін бұл әңгіме «Қазақстан пионері» журналында жарық көреді. «Менің үкіммен» басталған қадам жазушылық жолға бет бұрғызды. Иә, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – қазақ әдебиетіне өзіндік сүрлеуімен, өз әлемімен келген жазушы Роза Мұқанова.  Қаламгермен әңгімеміз де әдебиет төңірегінде өрбіді.  

– Роза апай, кез келген шығармашы­лық адамының (ақын, жазушы) бір төл­құжаты іспеттес шығармасы болады. «Мәңгілік бала бейне» десе, елең ете қа­­ла­­тынымыз – сондықтан. Бұл шы­ғарма сіздің ғана емес, марқұм режиссер Болат Атабаевтың да оң жамбасына тура келген дүние болды десек, артық айт­қандық емес. Дегенмен «Мәңгілік бала бейнеден» де бұрын жазушының жеке қолжазбасында сақталған шығармалар баршылық шығар. Жазу дейтін ауыр жүктің алғашқы баспал­дағы қалай бас­талды?

– Негізі, бір ғана шығармасын тану – обал. Атақты  «Ерке сылқымның» ав­торы Әбдімомын Желдібаев ағамыз­дың айтқаны есімнен кетпейді. «Ерке сыл­қымның» түйесіндей күйлерім бар, бірақ жұрт «Ерке сылқымды» ғана біледі деп. «Мәңгілік бала бейнені» жұрттың бәрі айтады, дұрыс та шығар. Бірақ «Мәңгілік бала бейнеден басқа еш нәрсе жазбаған­дай күйде қаласың.  «Мысықтар патша­лы­ғы», «Сарра», «Фариза», «Бопай хан­ым» сияқты жо­ғары баға алған шығ­арма­­лар­­ым бар. Түркістан театрындағы «Фаризаны»,  Қ. Қуанышбаев атындағы театрға «Бопай ханым» спектаклін көру үшін облыстардан ұшып келетін көрер­мен бар. Бәлкім, «Мәңгілік бала бейне» бағын­дырған шың өз биігінен түскісі келмейтін шығар. Болат Атабаев «Мәң­гілік бала бейнені», М. Әуезовтің «Қара­лы сұлуын» (инсценировкасын жаздым) сахнаға шығарып үлгерді. Оның ең үлкен жобасы «Мысықтар патшалы­ғын» сахналау еді. Менің де арманым осы пьесамның сахнаға шығуы бола­тын. 

Бұл драматург пен режиссердің жұмыс барысындағы бірін-бірі толық­тыра алатын, бірін-бірі ұға алатын шығар­машылық теңдіктің көрінісін  аң­ғартады. Болат бұл шығармаға ерекше қарады, сүйіспеншілікпен бар ынта-шынтасын салды. Ол Ләйлә болып өмір сүрді, Ләйләның жан аза­бын кеше білді. Ләйләның жалғызды­ғына өз басының да жалғыздығын жалғады. Ләйләдан автор­дың жанын көрді. Болат шебер режиссер, ол сөз қумайтын, ой іздейтін РЕЖИС­СЕР еді. 

– Әдебиет жынысқа бөлінбейтіні рас. Оны біз әлемдік классикадан да жақсы білеміз. Жазуы ер-азаматтардан кем түспейтін қаламгер қыздардың шығар­малары әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Әдебиет дейтін ұлы өнердің көшін сүйреуде нәзік қыздардың жұтылып кетпеуі үшін не қажет?

– Жұтылмайтын шығарма жазу қажет. Бәсін бермеуі керек, жасанды жазбауы керек. Шығарма атыңды шыға­ра­ды, атағыңды  да өзі танытады, жазу­шы етіп жария салады. Өзіңді-өзің жазу­шы етіп жария сала алмайсың, атыңды әйгілейтін, даңқыңды асыра­тын көркем шығарма. Көркем шығар­маның деңгейі бөлек, ауқымы кең. Бұл – ақиқат! Әде­биет сөз құраудың үлгісі емес, ӘДЕБИЕТ – ЖАН, САНА, ҚАҚТЫҒЫС! 

Күнделікті өмірдің проблемасын қозғау, мораль айту, тәрбие жүргізу, ақылман болып көсілу, лепіру – әдеб­иет­тің  міндетіне жатпайды. Әдебиет  ұмыт болатын, бүгінгі проблеманы қоз­ғау үшін жазылмайды. Әдебиет ешқашан шешілмейтін, шешімі жоқ адамзаттың азабын, трагедиясын жазады. 

– Жанкештілікті талап ететін шығар­машылық дейтін әлемде әйелдің салмағы қалай көрінеді?

– Әйелдің салмағы  ер-азаматтармен бірдей, тең. «Мен әйелмін», «менің жаз­ған шығармама жолыңды бер», «жеңілдік жасаң­дар» деп айта алмайсыз, айтуға ха­қы­ңыз да жоқ. Әдебиетке гендерлік сая­сатты да кірістірудің қажеті жоқ. Соғы­с­та әйел деп, еркек деп таңдау жасамайды, қару бәріне ортақ. Қалам да сол – қаруың.  Жазушы табиғаты – әйел, еркек деп бөле қарауға келмейтін ұғым. Екеуіне де қара сөздің қасиеті қонған, жан  ортақ, сана ортақ. Бірақ таңдаулысы  ғана танылады. 

– Әйел – нәзік жаратылыс. Солай бола тұра, тарихта қаһарман әйелдердің тұлғасы көп. Оларды ержүрек еткен не сиқыр? Сіз­дің кейіпкерлеріңіз де кіл қаһарман әйел­дерден тұратынын жақсы білеміз. «Әйел қаһарман көрінсе, оның ұрпағы да қаһарман көрінеді, ұлты да қаһарман болады» дегені­ңіз де осыны меңзесе керек. Дегенмен ер мен әйелдің орнын салыстырғанда, қоғам «ба­қыр басты» еркекке көбірек салмақ арта­тынын байқатып қояды. Ал сонда «алтын басты» әйелдің кінәсі неде деп ойлайсыз?

– Ұрпақты АНА тәрбиелейді. Әйел жарды да  өзі таңдайды... Осының өзі әйел қуаты мен қаһармандығының көрінісі. Әйелге әлсіз деп қарауға болмас, әйелдің сырты нәзік көрінгенмен, қуаты мықты. «Жақсы қатын, жаман еркекті адам етеді» дейді біздің  халық. Бірін­шіден, жақсы қатын жаман еркекке өлтірсең де тимейді, тиген жағдайда сөзсіз АДАМ етіп шығаруға ғұмырын арнайды. Қаһарман емегенде не?.. Өйткені еркегінің есіктегі басын,  ұрпағы үшін төрге шығаруға  бел буады, қайсар, ұрпақ алдындағы міндетін зор санайды, жаратылысы сол!  «Әйелдің қыр­ық жаны бар», еркек  неге қырық жанды емес?..  Әйел – болмысында, табиғатында қаһар­ман. 

– Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романы – ІІ Дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен француз қызының көркем образын сурет­теген шығарма. Бізде де соғыста ерлік көр­сет­кен батыр қыз көп. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Бірақ «Бұлбұл» сияқты көркем шығарма жаза алмаған секілдіміз. Қазақ әйелдері тақырыбын жазудағы қиындық неде деп ойлайсыз? 

– Шынымды айтсам, бұл шығарманың мақтауы асып жатқан соң мен де сатып алдым, бірақ тартпады. Әдебиеттің таби­ғи көркем тілі өзіне тән болмай шыққанда оқырман ретінде кітап оқи алмай қала­мын. Қазақ әдебиетінде соғыс тақыры­бына жазылған шығарма аз емес. Соның ішінде әйел образы да қалыс қалмады. 

ХХ ғасырдың басында «әйел теңдігі» деген тақырып белең алды. Осыған бай­ланысты ар-ұяты тапталған қазақ қыз­дары­ның ауыр тағдыры еселеп жазыл­ды. Жүсіпбек Аймауытов «Күні­кейдің жазы­ғы», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнә­сі», Мұхтар Әуезов «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», Бейімбет Майлин «Күлпаш» сияқты шығарманың бәрі клас­сикалық шығармалар, бірақ қазақ қызы­ның қамкөңіл, қаралы, ауыр тағдыры бей­не­ленді. Ал қазақ даласында қазақтың  әулие, дана, қолбасшы, саясаткер аналары болғанын тарихтан жақсы  білеміз. Осы тақырыптарға  қадам басу керек. Жазушы Шәрбану Бейсенова­ның «Ұлы дала ару­лары» атты еңбегінде қазақ даласын­дағы  әйгілі аналар бейне­сінің тарихы  жинақ­талып, автор­лар ұжымының  жина­ғы жарық көрді. Сон­дағы Сүзге, Сүйінби­ке, ақын Сара сынды тұлғаларды Шәрбану апай терең зерт­теген.  Домалақ ана, Мұр­ын ана, Қыз­ай ана, Бопай ханша, Айғаным және бас­қалар. Осы зерттеулер түбі  көр­кем шы­ғар­малардың жазылуына  мұрын­дық болады деп ойлаймын. Қазақ қыз­дар­ы­ның әділетті, қаһарман образын жас­а­­й­тын уақыт келді.  Әдеби образ – ең әуелі тақырыпты зерттеу арқылы, төл тари­хымызды терең білу арқылы ғана жүзеге асады, бұған жылдар кететіні дау­сыз. Біздің тарихи тұлғалар тек ауызша тарихтың деректерімен шектеліп келді. Әдебиет, кино, театр –қаһарман, қол­басшы болған Бопай ханша (Кенесары ханның қарындасы ), Назым, Гауһар сын­ды  батыр қыздардың  бейнесін сомдауға атса­лысуы  керек. 

– Бұрын адам баласында белгілі бір құндылықтарды құрмет тұту бар еді. Қазір көп нәрсе өзгерді: бірақ сол өзгерістердің арасында біз адами қасиеттерді сақтап, ұстап қала аламыз ба?

– Сақтай аламыз, егер дәстүрімізді, ұлттық ерекшелігімізді, ана тілімізді құнды деп танысақ. Егер осы құндылық­тардан ажырап қалсақ, біздегі бауырмал­дық пен қайырымдылық та,  адами қасиет­тер де, қарым-қатынас та біртіндеп сөне береді, жойыла береді.

– Бұрын адам жанын сөз емдейтін еді, қазір керісінше сөзбен буллиң жасап, жара­лайтындар көбейді. Сөздің қадірі кетті деп ойлаймыз ба?

– Сөздің бе?... Меніңше, тұлғалардың қадірі кетті. Бұрын тұлғаларға қарапайым жұрттың қолы жетпейтін, биліктің де сөзі өтпейтін. Біздің қоғам тұлғаларды қол­жау­лық етіп алғаны рас, саясатқа да, тойға да ортақ, әр жерде әртүрлі сөз айтады, өзгер­мелі, арзанқол болып кетті.

– Шығармашылық адамы тоқырайтын уақыт бола ма? Сіздің жазу лаборатория­ңыздың ерекшелігі неде? 

– Тоқырайды. Бірақ тоқырағанын білмейтіндері бар, білетіндері бар. Жазғым келетін тақырыптар әуелі өлі қалпы жа­тады, 4-5 жылда санамдағы кейіпкерге ақырын­дап жан біте бастайды, формаға түседі, тәсілі, әрекеті пайда болады, тол­ық­қанды жаратылып болған­да ғана сыртқа шығаруға, жазуға бел байлаймын. Шығар­маларымның арасы тым ұзақ болатыны да сондықтан.

– Екі бірдей шығармашылық адамы бір отбасында тоғысқанда әдеби процесте қи­ын­дық туа ма? Әлде ортақ үйлесім бар ма? Әкім ағаның қай қасиеті сіз үшін құнды? Ол кісі сіздің шығармашылығыңызға баға бере ме?

– Қиындық болған емес, біз бір-бірі­мізге не жазатынымызды, не жазып жүргенімізді айтпайтынбыз. Айта қалсақ, аузымыздан әлдеқалай шығып кетсе, ол шығарма ауаға жайылып кетті деген сөз. Ешқашан  жазылмайды, бітті! Мұндай өкінішті сәттер болған. Сол себепті менің бірдеңе түрте бастағанымды сезсе, Әкім ағаң мазаламауға тырысады. Шығармам­ды бітіргенге дейін бәйек болып жүреді. Мен кейбір өзіме ұнаған тұстарды ағаңа оқы­ғым келіп тұрады, бөліскім келіп тұрады.  Ал Тарази мүлде басқа, ол жазу барысында бой жасырып тығылып, көзге көрінбей жүреді, пәтер жалдап кетіп те қалады, қабағы ашылмайды, күйініп, ыза болып, булығып жүретін. Ондай кезде мен бәйек болып, тамағын, ас-суын дайындап құрақ ұшамын. Бұрын осы күй жиі қайталанатын, шығарманы аяқта­ғанда тау қопарғандай бақытты болатын еді. Ағаң 80 жасында «Андрей» деген көркем эссе жазды. Ғажап шығар­ма! Мұнан кейін Әдебиет деген нақсүйерімен бүтіндей қоштасты. Түсіне­сіз бе?.. Оның мұңын бөлісер, шерін ұғы­сар, ой-санасына ортақ  болар мен ғана қалдым. Осыбір ауырлау сәтті ол кісі тез жеңе алды, ал мен жылап жүрдім, аяйтын­мын... Ол кісі жазуымен табысса екен деп шын тіледім, бірақ қайырыл­мады. Менің түсінігімде  суреткер   жазу­мен мәңгі бірге болады, ерлі-зайыптылар сияқты деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олардың да ерлі-зайыптылар сияқты бірі  ерте кетіп, бірі соңында қалады екен. 

Әкім ағаңның бойында асыл қасиет­тер көп, өте көп! Соның бірі  өсек тыңда­майды, бос  сөзге араласпайды, қиянат сөз айтудан бойын  таза ұстаған адам, кісі сыртынан сөз айтпайтын жан. Бұл – асыл қасиет, мұндай адамдар сирек қой. Әлдекімдер көкелеп келіп, еркін сөйлей бастағанда бірден тыйып тастап отырады. Ондай кезде әлгі адам­ның көңіліне ауыр келді ғой деп мен қиналып отырамын, бір қызығы, жаңағы адам да көңіліне алмайды. Ағаң­­ның әділдігін іштей мойындап кетеді.

Ол кісіні Алла ерекше сабырмен жарат­­қан. Дүние төңкеріліп түссе де сабырын жоғалтпаған адам. Батыл, шешімінен айнымайды. Осындай қас­иет­тер менде жоқ, мұндай қасиет әркімде бола бермейді. 

– Қазақтың қаламгер қыздарының ішінде сіз құрмет тұтатын, үлгі тұтатын кімдер бар? Жалпы, біреуге еліктеген кезіңіз болды ма?

– Мен қазақ жазушы қыздарына елік­темедім, керісінше жазушы ағаларыма еліктедім. Мұхтар Әуезовті ерекше жақсы көрдім, мектеп қабырғасында да, студент кезімде де фотосуреттерін қиып алып, жинап жүретін едім. «Еңлік-Кебектегі» Еңліктің монологын жаттап алып, мектеп­ке барғанша, қайтқанша жағым талмай, рөлін  ойнап, айтып келетінмін. Әуезовті пірім деп білемін. Шығар­ма­шылығыма Тәкен Әлімқұловтың прозасы әсер етті.  Студент кезімде Стефан  Цвейгпен табыстым. Әрі қарай кете береді. Сайын Мұратбеков пен Қалихан Ысқақты Әкім Таразидың ең жақын достары болғандық­тан ерекше ынтамен оқыдым.

– Шығармашылықтан жалығатын кез бола ма? Роза Мұқанова қаламгер болма­са, қай саланы таңдар еді?

– Шығармашылықтан жалыққан емес­пін, керісінше уақыт бөле алмадым, қар­ыз­дармын. Оған бар ғұмырымды сарп етіп, жанкешті болып өзімді бүтіндей  арнай алмадым. Жазу – мені таңдады, ал мен сат­қындық жасадым. Жазудан гөрі отбас­ым­ды ілгері қойдым,  бола­шақта кешір­ілемін бе, кешіріл­меймін бе, білмеймін... Жазу – кие! Киеге абай болу керек! Ол мәңгі бірге бола ал­майды, сенен көшіп кететін мезгілі болады, уақытша жаныңнан ұя тауып қонақтайды. Ал сен оның иесі ретін­де баптауың керек, берілуің керек, қара басыңды соған арнауың керек. Бо­йың­дағы барыңды сарпып беруің керек. Кемпірбай ақынның «Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты» дегеніндей,  ЖАЗУ мәңгілікке қалмайды, тастап кете барады. Мен үшін ЖАЗУ – мінә­жат. Тазару үшін, жан­ым­ды сақтап қалу үшін жаздым. Жазу – ойды бұзбайды, Жанды  кірлетпейді. Жазу – жалған сөйлетпейді. Осындай қасиет  бар қаламда.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз рет­інде жастарға не айтар едіңіз? Олар нені, кімді үлгі тұтуы керек?

– Шәкірттерім менен гөрі мықты, талантты, білімді, қайсар, жанкешті болса екен, қаламды кие тұтса, адал болса екен. Бола­шағынан үміт күткен тамаша шә­кірт­­терім бар, тек Алла оларға ғұмыр берсін деп тілеймін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 "Айқын" газеті

RELATED NEWS
Сарапшы: Жасанды интеллект – заман талабы емес, өмірлік серік
30 наурыз 2025
Сарапшы: Жасанды интеллект – заман талабы емес, өмірлік серік

Мейіржан Әуелханұлы — «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы, цифрлық технологиялар жөніндегі сарапшы.

Ulys.kz: Мейіржан мырза, «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітап жазуға не түрткі болды?

Мейіржан Әуелханұлы: Шыны керек, жасанды интеллект (ЖИ) тақырыбы күн сайын маңызын арттырып келе жатқанымен, қазақтілді кеңістікте бұл туралы жүйелі, қарапайым тілмен жазылған дерек аз еді. Әлеуметтік желідегі жазбалар, жеке пікірлер бар болғанымен, толыққанды әрі құрылымды білім беретін еңбек жоқ-тын. Осы олқылықты жою мақсатында оқушыдан бастап ұстазға дейін түсіне алатын «әліппе» форматында кітап жазуды жөн көрдім. Бұл кітап тек теория емес, практикалық қолдануға бағытталған, жасанды интеллектпен жұмыс істеуге нақты қадамдар көрсетілген.

Жалпы жасанды интеллект – бұл компьютерлердің адамға тән ойлану, ақпаратты өңдеу және шешім қабылдау қабілеттерін еліктеуге бағытталған технологиялар жиынтығы. Ол алғаш рет 1950 жылдары ғылыми ортада талқыланып, сол кезде-ақ компьютерлерге логикалық есептерді шешуді «үйрету» идеясы пайда болған. Алан Тьюрингтің «Тьюринг тесті» жасанды интеллектке қатысты негізгі өлшемдердің бірін ұсынса, 1956 жылы АҚШ-тағы Дартмут конференциясы ЖИ-ді дербес ғылым саласы ретінде ресми түрде таныды. Уақыт өте келе, машиналық оқыту мен терең нейрондық желілер пайда болып, Big Data, яғни үлкен деректер мен есептеу қуатының өсуі ЖИ-ді жаңа деңгейге көтерді. Енді жасанды интеллекттің қолданылу ауқымы дауыспен басқару жүйелерінен медициналық диагностикаға, қаржы саласындағы автоматтандырылған талдаудан интеллектуалды көлік жүйелеріне дейін кеңейді. Жасанды интеллекттің ең негізгі жетістігі – адам миының кейбір қабілеттерін компьютерлік алгоритмдер арқылы қайталай алуы. Ол дамудың бірнеше толқынын бастан өткеріп, қазіргі таңда экономиканың түрлі секторларында табысты қолданыс тауып отыр. Әрине, оның әлеуеті зор болғанымен, қауіптері де жоқ емес. Мысалы, технологияны теріс мақсатта қолдану, жеке мәліметтердің құпиялығын бұзу немесе алгоритмдік әділетсіздік орын алуы мүмкін. Сонымен қатар, жұмыс орындарын автоматтандыруға қатысты алаңдаушылықтар да бар. Сол себепті болашақта ЖИ-ді реттеу, оны қауіпсіз әрі тиімді пайдалану – басты міндеттердің бірі болмақ.

Ulys.kz: Жалпы, қазір қоғамда ЖИ-ге деген көзқарас қандай?

Мейіржан Әуелханұлы: Қоғам екіге бөлінген. Бірі — «ЖИ жұмысымды тартып алады» деп қорқатындар, екіншісі — «осы арқылы жұмысымды жеңілдетемін» деп үміт артып отырғандар. Шын мәнінде, жасанды интеллекттен қорыққаннан гөрі, оны түсініп үйренген маңыздырақ. Кез келген жаңа технология басында қорқынышты көрінуі мүмкін. Паровоз да алғаш шыққанда халық үрейленді. Ал қазір онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Сол сияқты ЖИ – бүгінгі өмірдің шынайылығы. Ол — бәсекелес емес, көмекші.

Ulys.kz: Жасанды интеллектті қай салаларда қолдану ең тиімді деп есептейсіз?

Мейіржан Әуелханұлы: Қолдану ауқымы өте кең. Білім беру саласында оқушының деңгейіне қарай оқу траекториясын бейімдей алады. Денсаулық сақтау саласында ауруды ерте анықтап, диагноз қоюда таптырмас құрал. Ауыл шаруашылығында өнімділікті болжауға, климатқа бейімделуге көмектеседі. Медиа мен журналистикада мәтін генерациялау, фактчекинг жүргізу секілді функциялары бар. Әкімшілік басқаруда деректерді талдау арқылы шешім қабылдауға сеп. Яғни әр сала ЖИ-ден өзіне қажет құрал таба алады. Ең бастысы — дұрыс қолдана білу.

Ulys.kz: Қазір оқушылар мен мұғалімдер арасында ChatGPT, Copilot сынды құралдарды пайдалану белсенді. Бұл білім сапасына қалай әсер етеді?

Мейіржан Әуелханұлы: Иә, бұл — өте өзекті сұрақ. Мен әрқашан «ЖИ – оқушыға арналған емес, оқушымен бірге жұмыс істейтін құрал» деп айтып жүрмін. Оны бақылаусыз қолдану — дайын жауапқа тәуелділікке әкелуі мүмкін. Бірақ мұғалімдер оны дұрыс бағытта қолданса — керісінше, шығармашылықты арттырып, уақытты үнемдейді. Мысалы, эссе құрылымын тексеру, жаңа идеялар ұсыну, мазмұнды өңдеу сынды процестерде ЖИ таптырмас көмекші. Бірақ білім беру жүйесі бұл құралдарды пайдалануға нақты ереже мен этика қалыптастыруы тиіс. Бұл әлем елдерінің алдында тұрған ортақ міндет.

Ulys.kz: Қазақстанда жасанды интеллектті оқыту және насихаттау қай деңгейде?

Мейіржан Әуелханұлы: Соңғы жылдары жақсы қадамдар жасалып жатыр. Мектептерде робототехника, информатика пәні күшейтілді. Кейбір жоғары оқу орындарында ЖИ мамандығы ашылды. Мемлекеттік деңгейде «Цифрлық Қазақстан», «Цифрлық трансформация» секілді бағдарламаларда ЖИ енгізу қарастырылған. Бірақ бұл бағыттағы ілгерілеу негізінен қалаларда, ауылдарда әлі де ақпарат аз. Сондықтан «Жасанды интеллект әліппесі» сол алшақтықты қысқартуға бағытталған. Әрі бұл — тек ІТ мамандарына емес, журналист, мұғалім, дәрігер, кәсіпкер секілді кез келген адамға қажет құрал екенін түсіндірудің бір жолы.

Біз әлемдік үрдіске ілесуге тырысудамыз. Бірақ жасанды интеллект саласында толықтай алда келеміз деп айтуға әлі ерте. Расын айтқанда, елімізде ЖИ-ді әзірлеп, қолданып жүрген жобалар көбейіп келеді. Мысалы, техникалық университеттер мен IT компаниялар осы саладағы зерттеулерін бастаған. Кейбір стартаптар да деректерді өңдеу, машиналық көру, аударма жүйелері тәрізді бағыттарда қызықты шешімдер ұсынуда. Дегенмен, бұл бағытта білікті мамандар мен қажетті инфрақұрылымның жетіспеушілігі бізді дамыған мемлекеттермен салыстырғанда біраз артта қалдырады. Шетелде ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру процесі жылдам жүретін болса, бізде ол әлі де баяу қарқынмен жүруде. Сонда да цифрлық трансформация үдерісінің қарқын алуы, мемлекет тарапынан IT саласына берілетін қолдау және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюы ЖИ технологияларын дамытуға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Алдағы уақытта осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, экономика мен технологиялық даму салаларында үлкен жетістіктерге жетуіміз ықтимал. Алайда, егер тиісті инвестициялар мен білім беру бағдарламалары жеткіліксіз болса, онда технологиялық тұрғыдан кейіндеп қалу қаупі де жоғары. Сонымен қатар, ЖИ жобаларын дамыта отырып, деректердің қауіпсіздігі мен технологияларды реттеу мәселелерін де ұмытпаған жөн. Негізі біз жаһандық ЖИ толқынына ілесіп келеміз.

Ulys.kz: ЖИ-дің қауіптері туралы жиі айтылады. Мысалы, deepfake, деректердің ұрлануы, этикалық мәселелер...

Мейіржан Әуелханұлы: Иә, технология пайдамен қатар, қауіп те алып келеді. Deepfake — жалған бейне мен аудио арқылы адамдарды алдау. Бұл саясат пен ақпараттық қауіпсіздікке қатты әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, жеке деректердің қорғалмауы, ЖИ-дің дискриминациялық шешімдер қабылдауы сияқты проблемалар бар. Сондықтан ЖИ құралдарын қолданар алдында қауіпсіздік пен этика мәселесі бірінші тұруы тиіс. Қазақстанда бұл бағытта құқықтық база әлі қалыптасып жатқанымен, әлемдік стандарттарды негізге ала отырып реттеу тетіктерін жасауымыз қажет.

Ulys.kz: Жасанды интеллект қазақ тіліне қаншалықты бейімделіп жатыр?

Мейіржан Әуелханұлы: Бұл — ең күрделі әрі маңызды сұрақтардың бірі. Қазір әлемдік ірі тілдік модельдер арасында қазақ тілі толық қолдау таппай отыр. ChatGPT, Gemini, Claude сынды ЖИ жүйелері қазақша жауап бере алғанымен, сапасы жоғары емес. Себебі қазақ тіліндегі ашық деректер аз. Сондықтан біздің мақсат — қазақша дереккөзді көбейту, ЖИ-ге бейім мәтіндер базасын қалыптастыру. Мысалы, менің кітабымның бір мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы ақпаратты көбейту. Сонымен қатар, ЖИ құралдарын қазақ тілінде жасау үшін отандық стартаптарға қолдау қажет.

Ulys.kz: Қазақстан ЖИ технологияларын әзірлеуде қай деңгейде тұр? Бізге өзіміздің үлгіні жасау мүмкін бе?

Мейіржан Әуелханұлы: Бұл – үлкен сұрақ. Өзіміздің тілдік модельді жасау — стратегиялық маңызы бар қадам. Қытай, Корея, Франция сияқты елдер өз ЖИ жүйесін жасап үлгерді. Себебі ақпараттық қауіпсіздік, дербестік, деректерді бақылау – бәрі соған келіп тіреледі. Қазақстанда мұндай бастамалар бар, мысалы, Тілдерді дамыту комитеті қазақ тілі корпусын цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге — ЖИ зерттеу орталықтары, университеттермен әріптестік, ІТ мамандар дайындайтын платформалар керек. ЖИ – тек технология емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Ulys.kz: Ал жасанды интеллект болашақта адам орнын баса ала ма?

Мейіржан Әуелханұлы: Бұл сұрақ көпшілікті мазалайды. Қазірдің өзінде ЖИ кейбір жұмыс түрлерін алмастырып жатыр – дерек талдау, мәтін жазу, код құрастыру... Бірақ ол әлі де «ойлау», «сезіну», «шешім қабылдау» секілді адами қасиеттерге жете алған жоқ. ЖИ – құрал. Адам оны қалай пайдаланады – нәтиже соған байланысты. Адам болмысы, мәдениеті, санасы ешбір машинамен алмастырылмайды. ЖИ тек адам әлеуетін толықтырып, жаңа деңгейге көтереді. Демек, адам өзгеруі керек – икемділік, үйрену, бейімделу.

Қазір көптеген тапсырмаларды адамның қалай жүзеге асыра алатынынан көрі, ЖИ технологиялары қалай оңтайлы әрі тез шешетінін таңдап отырмыз. ОНың өркениеттің дамуына қосқан үлесі айтарлықтай болды. Дегенмен ЖИ-дің әлеуеті мен қауіптері теңгерілген түрде зерттелуі тиіс. Бұл сала кез келген қауіп-қатерді туындатпауы үшін дұрыс реттеу мен бақылауға назар аударуды қажет етеді. Бұл бір жағынан адамдардың тұрмысын оңайлатып, уақыт үнемдеуге көмектеседі. Екінші жағынан ЖИ жаңа өндірістердің пайда болуына, ғылыми жаңалықтардың жедел зерттелуіне және түрлі саладағы мамандардың жұмыс әдістерінің түбегейлі өзгеруіне түрткі болуда. Әрине, жасанды интеллект өркениеттің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Бұрынғы компьютерлер тек белгілі бір алгоритмдер аясында жұмыс істеген болса, қазіргі ЖИ оларға қарағанда әлдеқайда икемді. Мысалы, машинамен оқыту және терең нейрондық желілердің арқасында ЖИ миллиондаған деректерді өте жылдам талдап, адамдарға қолжетімді емес заңдылықтарды көре алады. Бұл медицина, экология, логистика секілді көптеген салаларда инновациялық шешімдер табуға, қиын міндеттерді жеңілдетуге септігін тигізді. Дегенмен, бұл технологиялардың қарқынды енуі қоғамдағы әлеуметтік, заңдық және этикалық мәселелерді де алаңдатпай қоймайды. Жұмыс орындарының бір бөлігінің автоматтандырылуы, жеке мәліметтердің қауіпсіздігі, алгоритмдік әділетсіздік сынды факторлар болашақта талқыланатын басты тақырыптарға айналып отыр. Сондықтан ЖИ-дің тек артықшылықтарын ғана емес, оның адамзатқа тигізер ықтимал салдарын да ескеріп, бұл саланы тиісті түрде реттеу қажеттігі туындап жатыр. Жасанды интеллект біздің өркениетімізді жаңа бір белеске көтеріп, даму қарқынын үдетті. Оның әлеуеті зор, әрі болашақта түрлі салаларда тереңірек орнығып, адамдармен өзара әрекеттесу деңгейін одан әрі күшейтуі әбден мүмкін.

Ulys.kz: Соңғы сұрақ: қазақ қоғамы ЖИ-ге дайын ба?

Мейіржан Әуелханұлы: Толықтай дайынбыз деп айта алмаймыз. Бірақ сергекпіз. Қызығушылық жоғары. Мәселе — бағыт беру мен түсіндіруде. Мен өзім аймақтарда лекциялар оқығанда, жастардың көзі жанып тұрады. Бірақ оларға құрал керек. Сол құрал – тілде, мазмұнда, бағдарда. Жасанды интеллект қазақ тілінде сөйлеп, қазақ баласына қызмет етуі үшін біз қазірден бастап еңбек етуіміз керек. Кітап жазуымның басты мақсаты да – осы жолдағы алғашқы кірпішті қалау еді. ЖИ жүйелері қызмет көрсету жылдамдығы мен сапасын арттырып, адам факторының әсерін төмендетуі мүмкін. Бұл азаматтардың мемлекеттен алатын қызметтеріне қатысты уақыт пен ресурсты үнемдейді. Дегенмен, мұнда ақпараттың құпиялылығы мен қауіпсіздігін сақтау жағы да өте маңызды. Өйткені ЖИ жүйесі неғұрлым үлкен көлемдегі деректерді пайдаланса, соғұрлым киберқауіпсіздік пен этикалық нормаларды да қатты қадағалау қажет болады. Оған қоса, ЖИ-ді енгізу IT саласының мамандарының, жалпы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеруді талап етеді. Егер білім мен тәжірибесі жеткілікті мамандар жетіспейтін болса, технология бар жерден де толық пайда көре алмай, артта қалып қоюымыз мүмкін. Сол себепті ақпараттық технологиялар саласына инвестиция құю және мамандар даярлауға басымдық беру аса маңызды. Президенттің жасанды интеллектті мемлекеттік қызметке кең ауқымда енгізу туралы айтқаны – цифрлық трансформацияға жасалған қисынды қадам. Бұл шараларды кешенді түрде жүргізіп, қауіпсіздікті, заңнамалық талаптарды және ақпараттың құпиялығын ескерсек, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа белеске шығаруға мол мүмкіндік бар.

Ulys.kz: Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге сәттілік!

Мейіржан Әуелханұлы: Сізге де рахмет! Бастысы – адамзатқа қызмет ететін ақылды технологияны ақылмен қабылдауымыз керек.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға механизмдер енгізу керек»
30 маусым 2024
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға механизмдер енгізу керек»

 «Өнеге» Отбасы, Денсаулық және Бақыт Орталығы» ЖШС-ның директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік жұмыстар PHD докторы Жазира Тұрсынбековамен сұхбат

Әлеуметтік жұмыс жүйесін дамыту

- Жазира Жұмабекқызы, өзіңіз басқарған «Өнеге» қауымдастығы еліміздегі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында әлеуметтік жұмыспен айналысатын 30 мыңнан астам мамандардың басын біріктіре отырып, министрліктің қолдауымен 3 мыңдай маманды оқытты. Осы туралы айта кетсеңіз?

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі білікті психологтар, балалардың құқығын қорғау мекеме қызметкерлері, әлеуметтік қызметтерге қатысы бар көптеген өкіметтік емес ұйымдардың басшыларынан құрылған сарапшылармен бас қосып, сонда түрлі қиындықтарға тап болып жататын отбасын қалай қорғап қолдаймыз, қиын жағдайлардан қалай алып шығамыз деген сауалдар төңірегінде мәселе көтеріп талқыладық. Сол басқосуда еліміздегі әлеуметтік қызметтерді дамыту және сол әлеуметтік қызмет көрсететін жүйеде жұмыс істейтін әріптестеріміздің біліктілігін жоғарылату керектігін түсініп, жаңа қауымдастықтың негізін қаладық. Елімізде әлеуметтік жұмыспен айналысатын 30 мыңнан астам маман бар. Оларға денсаулық сақтау саласының мамандары, мейірбикелердің кейбір категориялары, әлеуметтік қызметкерлер, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі және халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары, әкімшіліктегі әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі, білім саласы мамандары, мектептегі әлеуметтік педагогтар және құқық қорғау орталықтарындағы учаскелік полиция қызметкерлері, жасөспірімдер жұмыстары бойынша инспекторлар т.б. көптеген мамандар жатқызылады. Қарап отырсақ, аталмыш маман иелері әр түрлі салада қызмет етіп жатқандарымен, негізгі мақсаттары бір. Олар әр салада өз міндеттерін барынша жақсы атқарып жатқандарымен, еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайы еш өзгеріссіз, қордаланып келе жатқан мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай, баяғы жартас сол жартас күйінде қалуда. Осылардың бәріне зер сала отырып, шет елдік тәжірибелерге сүйене келе, бізге әлеуметтік жұмыстармен айналысатын қауымдастықтың керек екеніне көз жеткіздік. Негізгі мақсатымыз – әлеуметтік қызмет атқаратын әр саладағы мамандардың бастарын біріктіріп, бір шаңырақтың астына жинай отырып, жүйелі түрде бірлесе жұмыстар атқарып, халыққа қызмет көрсету ісін жетілдіру. Құрылғаннан бері министрліктердің қолдауымен республика бойынша 3 мыңға жуық мамандарды оқыттық.

 «Елімізге білікті кейс-менеджерлер өте қажет»

  - Көптеген дамыған өркениетті елдерде өндірістік тәжірибеден өткен мамансыз, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымсыз. Сізді қай елдің «әлеуметтік жұмыс» жүйесі қайран қалдырды?

Біздің қоғамда «әлеуметтік жұмыс» дегенде мүлдем басқаша түсінік қалыптасқан. Әлеуметтік жұмыстары кеңінен дамыған, адамға қызмет көрсету сапасы жақсы қалыптасқан мемлекеттердің бәрінде «әлеуметтік жұмыс» жүйесі жақсы дамыған. Мысалы, Скандинавия - сондай елдердің қатарында. Ондай мемлекеттерде әлеуметтік қызметкердің мәртебесі - қалалық прокурордыкімен бірдей. Мәселен, әлеуметтік қызметкер мына үй кешенінің маңайына жаңа құрылым салуға рұқсат етпеймін десе, онымен әкімшілік санасады. Әрине, осындай дәрежеде болу үшін маман – отбасының қажеттіліктерін білетін, оны анықтай алатын, білікті болуы қажет. Біздің елге де осындай білікті мамандар керек.

- Білікті әлеуметтік қызметкерлердің қызмет жүйесі қандай болмақ?

- Олар 2019 жылы министрлік әзірлеген әр азаматтың әлеуметтік жағдайын саралап беретін «Әлеуметтік картадан» ЖНН енгізу арқылы көптеген мағлұматтар алғаннан соң, отбасына барып, көзбе-көз тілдесіп анықтайды. Отбасы мүшелерімен әңгімелесу арқылы мағлұматтарды толықтыра түседі. Ересектер болса, оларды әріптестерінен, көрші-қолаңнан сұрап дегендей жан-жақты зерттейді. Ал балалар болса, олардың әл-ауқатын анықтаудың да өзіндік жеке инструменттері бар. Баланың біліктілігі, денсаулығы, белсенділігі, өзгелермен қарым-қатынасы, тәрбиелілігі, мәдениеті – бәрі-бәрін тексереді. Біз шет елдерде көптен бері жұмыс істеп келе жатқан осы жүйе негізінде мамандарды оқыттық. Осындай әлеуметтік мамандарды кейс-менеджер деп атайды. Елімізге білікті кейс-менеджерлер өте қажет.

- Біздің мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша қолдау көрсететін елдердің қатарына жата ма?

- Әрине, біздің өкімет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ешқашан қаражат аямаған елдердің бірі. Қарап отырсаңыз, елімізде халықтың денсаулығы, білімі, әлеуметтік жағдайын көтеру сынды мақсаттарға жылына қаншама триллион ақшалар бөлінуде. Германияның өзінде мұндай салаларға осыншама көп қаражат бөлінбейді. Өкініштісі, біздің бұл салалар соған қарамастан әлі күнге дейін жақсы көрсеткіштерге ие бола алмай келеді. Осыған қарап отырып, өкіметке де көмектің керектігін байқайсыз. Қауымдастықты құрғанда сол мақсатты да негізге алғанбыз.  

 «Тиран» азаматтарымыз неге көбейіп кетті?

Үстіміздегі жылдың 16-маусымында күшіне енген отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң әлі күнге дейін ел арасында қызу талқылануда. Осы заң қабылданғаннан бері әлеуметтік желілерден отбасында зорлық-зомбылық көріп келген әйелдердің көп екеніне көз жеткізудеміз. Неге мұндай «тиран» ер азаматтарымыз көбейіп кетті?

-   Сарапшылар біздер өзара осы заңды талқылау барысында оған  өзгерістер енгізу керек деген ойға келдік. Әрине, бес жылдан бері талқыланып келген Заңға жақсы өзгерістер енгізіліп, қабылданғаны дұрыс болды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа төзіп келген көптеген әйелдердің көзін ашып, оятты. Құрбан болып жүрген әйелдер мен балаларға жәрдем болды. Бірақ, оның теріс жақтарын ескермей қалғанымыз  өкінішті. Сол жағынан Заңға механизмдер енгізуіміз керек. Шынайы статистикаға сүйенер болсақ, қазір мына Заңға қарап қорытынды жасасақ, біздің елдегі отбасылық зорлық-зомбылық 90 пайызды құрап отырғанын көреміз.

Сондай-ақ, Қылмыстық Кодекс «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» деген жаңа баппен толықты. Ондай қылмысқа барғандар 200АЕК дейін айыппұл төлейді, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Оларға келіспесе, 50 тәулікке қамалады. Ал «Ұрып-соғу» бабы бойынша, яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау» сынды жағдай орын алса да жаза қолданылады. Ондайдың жазасы 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Байқасаңыз, Заң қатал. Ескеретін жайт, бұл жерде көптеген жазықсыз адамдар да қамалып кетуі мүмкін. Біз сол жағын ойламадық. Мысалы, құқық қорғау органдарының сарапшыларын тыңдасаңыз, қазіргі таңда бір құқық қорғау бөлімшесіне күніне 20-40 қоңырау келіп түсуде. 30-40 жыл отасқан азаматтарының атына да арыз түсіріп жатқан әйелдер қаншама. Зорлық-зомбылықты зерттейтін ғалымдардың айтуынша, мұндай жағдайда психикалық зорлық-зомбылық көрсетушілер көбіне ескерілмей қалады.       

- Нақты мысалдармен түсіндіре кетсеңіз...

- Біз бірде әріптестерімізбен бірге Шымкенттегі «Қызыл-ай» қоғамы қоғамдық бірлестігінің отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерді орналастыратын орталығындағы 650 әйелге сауалнама жүргіздік. Онда тек қана Шымкент облысының ғана емес, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Ақтау, Ақтөбе өңірлерінен келген қыз-келіншектер де болды. Араларында теріс діни ағымдарының құрбандары да бар. Сарапшылар жүргізген сауалнаманың қорытындысын шығару барысында, өкінішке қарай, әйелдердің 70-75 пайызы өздерінің жолдастарына психикалық зорлық-зомбылық көрсетіп келгендерін білмейтінін анықтады. Шынайы зорлық-зомбылықтың құрбандары 10 пайыздан аспады. Және басқа да дамыған елдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикасына үңілер болсақ, шынайы 100 жағдайдың 10 пайызы ғана нағыз абьюзерлікті көрсетеді. Ол дегеніміз психикалық ауытқуы бар, өз-өзіне жауап бере алмайтын, қатігездікпен айуандыққа баратын азаматтардың іс-әрекеттері. Қаншама елдердегі зерттеулер қорытындысы осы 10 пайыздан аспай келеді.

Сонда қалай, бізде қалайша абьюзерлік оқиғалар күн санап көбейіп тіркеліп жатыр деген сауал туындайды? Осы жерде біз ойлануымыз керек. Бәлкім, біздегі жағдайлар отбасындағы зорлық-зомбылық емес, отбасындағы ұрыс-керіс болар. Отбасы болғаннан соң «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Әр отбасындағы ұрыс-керісте жаппай ер азаматтың қолын қайырып ұстатып қамата беруге бола ма? Болмайды. Бұл мәселеде де бізге білікті әлеуметтік қызметкерлер керек. Қоңырау түскен бойда учаскелік полиция  қызметкерлері оқиға болған орынға барып, жәбірленушінің арызын алады. Сол негізде жолдасын қамауға алады. Егер арызын қайтарып алатын болса, айыппұл төлейді. Учаскелік полиция қызметкері жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізбейді, анкеталық сауалдар қоймайды. Ал әлеуметтік қызметкер өзі заңгер, өзі педагог, өзі дәрігер, өзі адвокат, өзі психолог болған соң алдымен протокол жасайды. Екі тарапқа да түрлі сауалдар қоя отырып, анкета алады. Басқа да мамандар керек болса, шақыртады. Егер де білімдері жеткіліксіз, заңдардан хабары жоқ жас отбасылар болса, оларға заңдарды түсіндіреді. Осылай жан-жақты көмек қолын созады. Өзара дұрыс диалогқа келе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға бір-біріне өздерінің талаптарын дипломатиялық түрде жеткізу керектігін айтып ескертеді. Бірінші протоколды осылай толтырып, екіншіде арнайы комиссиямен келіп толтыратындарын айтып түсіндіреді. Кейін бір айдан үш айға дейін бақылау жұмыстарын жасайды. Осы аралықта кімнің физикалық абьюзер, кімнің психикалық абьюзер екендігі белгілі болады. Физикалық абьюзерлердің іс-әрекеті бірден көзге көрініп қалады. Ал психикалық абьюзерлердікі көріне бермейді. Бәлкім әйелі ер азаматын кемсітіп, сөзбен намысына тиетін шығар. Бәлкім, әйелдік міндетін атқармайтын шығар. Осылардың бәріне диагностика жасау арқылы анықтап алуымыз керек. Тек бір учаскелік полиция қызметкерінің мойнына бәрін іліп қоймай, мамандандырылған көзқараспен диагностика жасалынып, шынайы зорлық-зомбылық па, әлде отбасылық ұрыс-керіс пе екені анықталуы керек. Содан кейін ғана шешім шығарылса, дұрыс болмақ.   

 Биыл үйленген әрбір екінші жұп ажырасуда

- Егер жаңа Заңға өзгертулер енгізбесек, оның тигізер зардабы қандай болмақ?

- Егер Заң осы қалпымен кете беретін болса, ажырасатындардың саны көбейеді. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жыл ажырасқандардың саны екі-үш есеге көбейіп кетті. Өткен жылы үйленген әрбір үшінші жұп ажырасса, биыл үйленген әрбір екінші жұп ажырасуда. Ең қорқыныштысы, некелесу саны екі есе төмендеген. Ол төмендесе не болатынын білесіз бе? Туу көрсеткіші төмендейді. Біз Еуропаның халық санына күліп келдік, он жылдан соң біздің олардың аяғын құшып қалмауымызға кім кепіл?! Шынайы олардың статистикасы бойынша халқының 35 пайыздан астамы 70-тен асқан қарттар. Өзіңіз ойлап көріңізші, әрбір үшінші адам қарт кісі. Ойласаңыз, қандай қорқынышты. Ал біздікі 11 пайыз деп кеудемізді ұрдық, ал туу көрсеткіші төмен болса он жылдан соң не болмақпыз? Ол мемлекетке салмақ болады. Оларды кім асырап бағады? Зейнетақыларын кім төлейді? Кім? Ал қазір Еуропаны құтқарып жатқан Палестина, Иран, Ирактан келіп жатқан босқындар... Бұл бірінші жағдай.

Екіншіден, ер азаматтарымызды жаппай қамата берсек не болмақ? Бас бостандығынан айырылған азаматтардың саны көбейеді. Олардың көбеюі – мемлекетке үлкен салмақ. Оларды асырап, бағу керек. Оларды түрмеден шыққаннан соң, қайтадан әлеуметтендіру керек. Жұмысқа орналастыру қажет. Олар өз отбасыларына қайта барып қосыла ала ма, жоқ па? Өш алу, кек алу сынды жағдайлар да орын алуы мүмкін. Статистика бойынша сондай болжамдар болады. Сондықтан да біздің, яғни әлеуметтанушылардың  көзқарасы бойынша бұл заңға механизмдер енгізу керек. Бұлай тисе терекке, тимесе бұтаққа деп заң қабылдауға болмайды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Авторы: Мара КЕЛЕС

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН: ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА 3 МАҚСАТТА ҚАТЫСТЫМ
25 маусым 2024
ҚАРАҚАТ ӘБДЕН: ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА 3 МАҚСАТТА ҚАТЫСТЫМ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қарақат Әбден «Ulys kz» тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

 Президенттік сайлауға қатыстыңыз. Шындығын айту керек осы кезден бастап халық арасында кең таныла бастадыңыз. Жалпы Президенттік сайлауда кандидат болып, үлкен додаға қатысу сізге не берді?

Мен Президенттік сайлауға қатысқан кезде өзім үшін 3 нәрсені дәлелдегім келді. Бірінші, мен өзімнің қоғамдық жұмыстарымдағы идеяларымды жоғары мінберден айтқым келді. Мысалы, мен үнемі көтеріп жүрген ұлттық тәрбие құндылықтарының маңыздылығы және бірқатар әлеуметтік мәселелердің ауқымдылығын көрсетуге тырыстым. Екіншіден, біздің қоғамда барлық адам үшін жол ашық екенін дәлелдегім келді. Әйелсің бе, ерсің бе, қандай отбасыдан шықтың, қандай тап өкілісің бәріне тең құқық пен жағдай жасалған. Бізде әділдік жоқ, әйелдер сайлауға қатыса алмайды деген сыңаржақ пікірлер бар. Осы пікірді жоққа шығарсам дедім. Үшіншіден, мен өзімнің жеке жолымды салғым келді. Мен өте қарапайым отбасынан шыққанмын. Әке-шешем қарапайым зейнеткерлер. Мен осы деңгейге өзімнің білімім мен еңбегімнің арқасында жеттім. Егер менде қандай да бір сәтсіздіктер болса, оған тек өзім ғана кінәлімін. Сондықтан адам қаласа өмірде бәрі болады. Мен Президенттік сайлауға қатысу арқылы қазақ әйелдері де ешкімнен кем еместігін дәлелдедім, көрсеттім. Мен емес менен кейінгі әйелдерге жаңа жол аштым деп білем. Президент сайлауына түсу және онда жеңіске жету әрине қиын. Бірақ мен осы жолды таңдадым, бұл менің жолым.  Келесі сайлауда барынша мықты, барынша өзіне сенімді әйелдер сайлауға қатысатындығына сенімдімін. Мен оларға жаңа жол аша білдім деп есептеймін.

 Парламенттегі мінбердегі бір сөзіңізде басшылық қызметтегі әйелдер санын 50 пайызға жеткізу керек деген болатынсыз. Егер әйелдердің көпшілігі басшы болып, қоғамдық жұмысты арқасына іліп алып жүргенде, отбасындағы бала-шағасының тәбиесін ақсатып алмайды ма?

Президентіміз биліктегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу керек деген тапсырмасы бар.  Әзірге биліктегі әйелдер үлесі аталған межеге жетпей отыр. Әрине оны ешқандай нәрсемен реттей алмаймыз. Жалпы біздің бағытымыз әйелдердің саяси белсенділігін арттыру болып қала береді. Меніңше, әйелдер саясатта көп болған сайын біздің әлеуметтік жағдайымыз дұрысталады. Себебі әйел қоғамға не керек екенін біледі. Ол өзін ғана ойламайды, үйдегі баласын, отбасын, барлық жағдайды жан-жақты қарастыра алады. Сондықтан да билік жүйесінде әйелдердің көбірек болғаны дұрыс. Тұрғындардың 51 пайызы әйелдер. Пропорция барлық жерде болу керек. Бірақ біздегі биліктегі әйелдердің үлес салмағы өте төмен. Мәселен, Астанада әкімнің 5 орынбасары бар. Оның бірде-біреуі әйел емес. Астана 7 аудан бар. Сол әкімдердің ішінде бірде-бір әйел жоқ. Тек бірең-сараң әкімнің әйел орынбасарлары бар.

Ал саясатта, қоғамдық жұмыстарда жүрген әйелдер отбасындағы негізгі жұмысын ақсатып алмайды ма деген сұраққа менің өзімнің айтарым бар. Қазақ әуелден «әйелдің қырық жаны бар» деп тегін айтпаған. Әйел бәріне үлгереді... Әйел әрқашан білімді, сауатты болуы тиіс. Жетістікке жеткен ананың баласы да жетістікке жетеді. Жақсылыққа, жаңашылдыққа, білімге талпынған әйелі бар қоғам алға жылжиды. Негізгі бағыт сондай болу керек. Әрине, таңдау болады... Бірақ білімсіз әйелден білімсіз бала туады, одан білімсіз қоғам пайда болады.

Әйелдердің мәселесіне қатысты бұдан басқа да депутаттық сауалдар жолдап жүрсіз. Соны тарқатып айтсаңыз?

Депуаттық мандатымды алғаннан бері осы бағытта 9 депуттық сауал жолдадым. Сауалдарымның ішінде әйелдердің басшылық қызметі ғана емес ауылдағы тұрғындар мәселесін де көтеріп жүрмін. Еліміздегі бүкіл әйелді алатын болсақ, сол әйелдердің 42 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Осы ауылда тұратын әйелдер жұмыс істеп, бизнеске араласқылары келеді. Оларға жеке бағдарлама керек. Соңғы депуаттық сауалым осы бағытта болды. Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігі үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс және оған ерекше көңіл бөлінуі қажет. Ауыл әйелдеріне арналған жеке шағын гранттар болды, алайда ол мардымсыз. Сонымен қатар олардың бизнесті дамытуға банктен несие алуға мүмкіндіктері аз. Оның үстіне ауылдағы әйелдердің банктерге кепілге қоятын мүліктері жоқ. Бір сөзбен айтқанда біз ауылдағы әйелдер кәсібін дөңгелетуге толық мүмкіндік бермей отырмыз.

 «Ауыл» партиясының Парламенттегі фракция жұмысы туралы не айтуға болады? Партия Аграбанк құру және Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлкен бағдарлама әзірлеп жатыр. Сіз айтып отырған әйелдер кәсіпкерлігі бастамасы осы аталған жобаларда бар ма?

Қазір Аграбанк жобасы жақсы көтеріліп жүр. Бұл «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында бар жоба. Егер біз аталған банкті құрсақ азық-түлік қауіпсіздігін және мен айтып отырған ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігінің көш ілгері болуына мүмкіндік ашамыз. Себебі аталған шаруалардың бәрі қаржымен реттеледі. Қашан ауыл тұрғындары, ауыл әйелдері жеңілдікпен несие алады, сол кезде бастап олардың жұмыстары жүретін болады. Біз Агробанк құрудың кірісі мен шығысын есептедік. Банк құрылса одан тек біз ұтамыз. Тек ауылды қаржыландыратын банк құру жобасын көпшілік қолдайды.  Қазір жан-жақты талқылаулар жүріп жатыр. Үлкен жоба болғандықтан оған уақыт, жанжақты пысықтаулар қажет. Осы бағытта да жұмыстар жүргізілуде. Азық-түлікпен қамтамасыз ету де негізгі бағыт болу керек. Қазір ел бюджетін жер қойнауынан алған мұнай мен газ толтырып тұр. Ертең-ақ мұнай қоры таусылса не боламыз?! Егер біз осыған сеніп отыра берсек, оның арты жақсылыққа апармайды.  Азық-түлік бағдарламасы - ол біздің экономикамызды құтқарушы. Ауылда шіріп жатқан тері мен жүн, таза экологиялық сүт, ет өнімдеріміз, бидайымызды бағалап, оларды өңдеу өнеркәсібін дамытсақ ғана біз азық-түлік қауіпсіздігін жасай аламыз және ол экономиканың негізгі драйвері болады.

 

«ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ МӘЗ ЕМЕС»

Сіз Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесісіз. Комитетте қазір қандай маңызды заң жобалары қаралуда?

Мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы критикалық жағдайда тұр... Мысалы, сіз банктен қарызды алған кезде, сізде бір белгілі бағдарлама болады. Алған қарызды мында жұмсаймын, одан сондай пайда түседі дегендей. Оның бір бөлігін алған қарызымды қайтаруға жұмсаймын деген сияқты. Ал бізде қазір осы схема бұзылған. Себебі бізде өндіріс жоқ, өнім шығармаймыз. Біздің экономика мемлекеттік қарызды қайтарып үлгермей жатыр. Сондықтан бұған біз шындап кірісуіміз керек. Әлі де кеш емес деп ойлаймын. Жоғарыда мен айтып отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қолға алып, тиісті өндірістерді іске қосуға жан-жақтан қолдау жасайтын болсақ, экономика оңалады. Әрине, ол бірден құйылып келетін табыс болмайды, бірақ оның нәтижесі мен пайдасын ұзақ уақыт көретін боламыз.

 Бюджет тапшылығы қаншалықты сезілуде?

Бюджет тапшылығы қатты сезілуде. Себебі өзіңіз білетіндей, биылғы жыл су тасқыны бізді көп әбігерге салды. Қаншама үй, жол табиғат апатынан бұзылды. Көптеген мас басы қырылды. Оның бәрін қалпына келтіру керекпіз. Осы бағытта бюджеттен миллиондаған қаражат бөлініп, көмек жасалып жатыр. Бұл да бюджет тапшылығына өзінің әсерін тигізіп отыр.

Жуырда уәкілетті органдар Салық кодексінің жаңа тұжырымдамасын таныстырды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының сынынан кейін, жаңа Салық кодексін жазу тұжырымдамасы мен тәсілдері өзгертілді. Бұл өте дұрыс қадам болды. Біздің  Комитетке азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің мүддесі таразы басына түскен үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, бұл жерде тиімді жолды табу маңызды. Біздің болжамымыз бойынша, жаңа Салық кодексінің жобасы Парламент Мәжілісіне жақын арада келіп түседі. Яғни, жыл соңына дейін ауқымды жауапты жұмыс күтіп тұр. Негізгі Салық кодексінің жаңа жобасы өткен жылдың желтоқсан айында кіруі керек. Біз жаңа салық кодексінде кәсіпкерлерге қатты салмақ түсіріп жібердік. Бұдан басқа көптеген салықтық преференциялар, салықтық жеңілдіктерді бере бергенбіз. Ол керек пе, керек емес пе оған ешкім бас қатырмаған. Ешқандай оның тұжырымдамасы болмаған. Мысалы,  еркін экономикалық аймақтағы кәсіпорындар не жерге, не корпоратив салық не қосымша құн салығын төлемейді. Олар табыс тауып жатып, бір күні жабылып қалды. Ол жерден біз не таптық? Бұл бір ғана мысал, осы типтегі жағдайлар өте көп. Әрине, біз бизнесті ойлауымыз керек. Бірақ бюджет ненің арқасында толады. Салық жүйесі дұрыс болғанда ғана бюджет толады. Біз Қаржы және бюджет комитеті осы мәсенің заңнамалық негіздерін қамтамасыз етеді. Бұрынғы Салық кодексінің жобасы туралы мен ешқандай пікір білдірген жоқпын. Себебі оның олқылықтары өте көп. Ал бұл жолғы жобада бюджет кірісін арттыру бағыттарында көптеген қызықты  әрі маңызды ұсыныстар бар. Кейбір жерлерде салық жеңілдіктері алып тастау, кей жерінде салықтарды біріктіру бағыттары қарастырылған.  Бюджет кірістілігін көтеру дегеніміз не? Ол біздің әлеуметтік жағдайымыызды көтеру деген сөз.

Біз салықты көбейтеміз деп кәсіпкерлеріміздің жағдайын нашарлатып алмаймыз ба?

Жоқ, осы жолғы Салық кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты қарастырылған. Салық түзетулері алдағы айларда шамамен тамыз айында Парламенттің қарауына ұсынылады. Бұл аса маңызды жобалардың бірі болғандықтан жан-жақты талқылаулар жүргізіледі. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылады. Олар кәсіпкерлеріміздің мүддесін қорғайды. Осы жерде айта кетейін, біз мемлекеттен бәрін тегін ала беремін деген түсінікті қоюымыз керек. Егер кәсіпкер табыс тауып отыр ма, онда оған салық төлеуі тиіс. Салық ашықтығы болуы қажет. Өзіңіз білесіз, Астанада орташадан жоғары тұратын адамдардың көпшілігінің қосымша жалға беретін пәтерлері бар.  Олар ол үшін салық төлемейді, бірақ үлкен табыс тауып отыр. Осы сияқты мәселелер бақылауға алынып, салықтың жаңа нормалары көлеңкелі экономикаға тосқауыл жасауы тиіс. Мен бұл жерде саяжайда өсірген жеміс-жидегін көшеде сатып күнін көріп отырған адамдар туралы емес, жалпы үлкен көлеңкелі экономика жайында айтып отырмын. Сондықтан осы мәселелердің бәрін заң аясында шешуіміз керек. Әрине, бюджетті тек салықты көтеру арқылы шешу дұрыс емес. Экономиканы сауықтыру керек. Өнім өндіру саласын дамытуымыз керек. Біздің партияның негізгі бастамасы болып санатын Агробанк, Азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелерді нақты қолға алған дұрыс. Біз әлемді мойындата алатын таза, экологиялық өнімдер шығаруға мүмкіндігіміз де әлеуетіміз де жетеді. Ештемені жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. Білім мен ғылымды да дамытуымыз керек. Бюджеттің біраз бөлігін білім-ғылымға жұмсап жатырмыз. Біз Болашақ бағдарламасы арқылы немесе Назарбаев университеттеріне өте көп қаражат бөлеміз. Алайда өкінішке орай, біз оның нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Мысалы, кішкентай ғана Сингапур мемлекетін алайық, ешқандай қазба байлығы жоқ ел. Алайда олар ақпараттық технологиялары арқылы әлемді аузына қаратып, содан қомақты табыс табуда. Олардың фишкасы ақпараттық технологиялар. Ал біздің фишкамыз ауылдық өнімдері болуы керек. Әрине басқа бағыттарды да дамыту қажет деп білем.

«ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІНДЕ ДОС, ТАНЫС, ТУЫС БОЛМАУЫ КЕРЕК»

Депутаттық сауалдарыңыз, аймақтарды аралаған кездегі тұрғындардың арыз-шағымдарының Мәжілісте қаралуы туралы айтып берсеңіз?

Біздің басты мақсатымыз сапалы заң шығару. Заң сапалы болу үшін біз халықтың ішін аралаймыз, жағдайды өз көзімізбен көреміз. Сондықтан сайлаушымен үнемі кездесуге тиіспіз. Менің жетекшілігімде өзім жақсы білетін Қорғалжын ауданы мен Ұлытау өңірі. Ұзақ ауылдарға ерінбей барып, жағдайды өз көзіммен көргенді жақсы көрем. Шешілген де және шешілмеген де мәселе болады. Жалпы менде мынадай тактика. Бірінші, проблема туындаған жерге барып сайлаушылармен кездесемін. Сосын сол жерде сол өңірдің әкімімен сөйлесіп, мәселенің бетін ашып алам. Егер мәселе олай шешілмесе онда ол бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдаймын. Халықтың мәселесінде дос, құрбы, таныс, туыс деген болмауы керек. Себебі біздің артымызда халық тұр. Халықтың бізден басқа сенім артары жоқ. Бір мысал айтайын, Баршын деген ауылға бардым. Қорғалжыннан шыққаннан кейін Шұбаркөлге дейін 500 шақырым жер. Осы аралықта қанша елді мекенде адамдар тұрады. Бірақ ол жақта жанармай құятын бекет жоқ. Онда тұратын халық көліктеріне жанармай құю үшін 100-деген шақырымды артқа тастап, жанармай тасиды. Бұрын болған жанармай бекеті жабылып қалған. Мен облыс әкіміне өтініш айттым. Әкім  мәселені шешеміз деп шығарып салды. Сосын мәселе шешілмеген соң мен бұл бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болдым. Мәселе шешемін тапты. Қанша халық маған алғысын айтып жатыр. Мұндай фактілер көп. Қарағанды облысына қарайтын Құланөтпес деген ауыл бар. Сол ауылда су жоқ. Жаңа су құбырына қаржы бөлінген. Бірақ оны орындайтын мердігер компания ақшаны алып, жұмысты істемей кетіп қалған. Мен өзім бұл істің басында жүрдім. Қазірге дейін мәселе шешілген жоқ. Мұны да өз бақылауыма алып отырмын.  Сондықтан мен қолымнан келгенше басталған істі аяқтауға, өзімнің сайлаушыларыма берген уәдімді орындауға тырысатын болам...

 

«ТАҢҒЫ САҒАТ 5-ТЕН ТҰРАМ»

Сіз көпбалалы анасыз. Осы жұмыстардың  барлығына қалай үлгересіз?

Адам болған соң бәріне үлгеру керексің. Мен депутат болсам да менің үйдегі ана, әйел рөлімді ешкім алмастыра алмайды. Мен негізі үлкен әулеттің үлкен келінімін. Бәрі маған қарап тұр. Менің келіндік міндетімді де ешкім атқармайды. Мен негізі бәріне үлгеремін. Менде тайм-менеджмент деген жақсы жолға қойылған. Мен үнемі таңғысағат  5-те тұрам. Әйел болған соң өзіңе қарау керексің оған да уақыт керек. Менің 4 балам бар. Ешқандай мейрамхана, ешқандай аспаз балаңа немесе күйеуіңе өзің сияқты тамақ жасап бере алмайды. Себебі олар сенің күйеуіңнің және балаларыңның қандай тағамдарды жақсы жейтінін сенен басқа ешкім білмейді. Бірақ қазіргі көмекші техникалық құралдар біздің өмірімізді айтарлықтай жеңілдетіп отыр деп айта алам. Әйелдің жауапкершілігі көп, сондықтан бәріне үлгеруге міндеттісің. Бұл менің қолымнан келіп жатқан сияқты.

 «Мейірім құшағы» комиссиясының жұмысы туралы айтсаңыз?

Ауыл партиясының ішінен «Мейірім құшағы» атты комиссияны аштық. Бұл менің идеям болды... Қазір әр өңірде партия жанынан комиссия жұмыс жасауда. Ауылдағы әйелдер кез келген мәселе бойынша осы комиссияға жүгіне алады. Онда барлық мәселе бойынша ақпараттық, консультативтік, қамқорлық бағыттарында жұмыстар жүргізіп жатыр. Ендігі кезекте алыс ауылдарға бармақпыз. Жақында мен өзім оның орталық жиынын өткіздім. Қаладағы әйелдердің көздері ашық, түрі бағдарламалар бар. Негізі ауылды жерлерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өте көп кездеседі. Ол кезде олар қайда барарын білмей жатады. Біздің комиссия осы бағыттағы жұмыстарды да қамтиды. 

Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!