Астанада өткен IX UMAI Қазақстан әйелдері форумына еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам кәсіпкер әйел жиналды. Бір қарағанда бұл кезекті бизнес-форум сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мәселенің мәніне үңілсеңіз, бұл жиынның астарында әлдеқайда терең мағына жатыр.
Қазақ «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Бүгінгі Қазақстанда осы сөздің шындыққа айналып келе жатқанын көріп жүрміз. Бұрын кәсіпкерлік десе көз алдымызға зауыт, өндіріс, құрылыс немесе үлкен компанияларды басқарып отырған ер азаматтар елестейтін. Ал бүгінде шағын бизнестен бастап ірі өндіріс орындарына дейін әйелдердің үлесі артып келеді.

Астанада өткен UMAI форумы соның айқын дәлелі болды. Еліміздің әр өңірінен келген мыңнан астам әйел бір алаңда бас қосып, кәсіптің қыр-сырын талқылады. Олар цифрландыруды сөз етті, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін саралады, бизнесті қалай ұлғайту керектігін талқылады. Ең бастысы, әйелдің қоғамдағы орны мен оның экономиканы дамытудағы рөлі туралы ой бөлісті.
Қазіргі заманның талабы өзгерді. Кеше ғана дүкен ашуды кәсіп деп есептеген қоғам бүгінде интернет арқылы әлемдік нарыққа шығатын кәсіпкерлерді тәрбиелеп жатыр. Бұл өзгерістен қазақ әйелдері де шет қалған жоқ. Керісінше, жаңа мүмкіндіктерді алғашқылардың бірі болып игеріп келеді.

Форум барысында сөз алған «Қазақстанның жарқын кәсіпкер әйелдер қауымдастығы UMAI» жеке қорының құрылтайшысы Жәмилә Ерназарова әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетіне ерекше тоқталды.
– Бүгінде әйелдер бизнесті белсенді түрде дамытып, экономиканың түрлі салаларында жаңа жобаларды іске асырып жатыр. Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі икемділігі мен өзгерістерге тез бейімделу қабілетінің арқасында жоғары даму әлеуетін көрсетуде. UMAI форумы – әйелдер қолдау таба алатын, жаңа білім алатын, пайдалы байланыстар орнатып, өздерін дамытуға мүмкіндік алатын алаң, – деді ол.
Шын мәнінде, әйелдер кәсіпкерлігінің бір ерекшелігі бар. Олар тек табыс табуды ғана ойламайды. Әдетте әйел кәсіпкер өз кәсібімен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де арқалап жүреді. Бірі ауылдағы аналарды жұмыспен қамтыса, енді бірі ұлттық қолөнерді жаңғыртады, үшіншісі балаларға арналған өнім шығарады. Сондықтан әйелдердің бизнеске келуі – экономикалық құбылыс қана емес, әлеуметтік құндылықтардың да дамуы.

Форум аясында өткен «Анамның қолымен жасалған» көрмесі осы ойды тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстанның әр өңірінен келген 45 қолөнерші мен өндіруші әйел өз өнімдерін ұсынды. Қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы дүниелер, шағын өндірістен шыққан тауарлар – мұның бәрі қазақ әйелінің еңбекқорлығы мен шеберлігінің көрінісі.
Кейде біз кәсіпкерлікті тек үлкен цифрлармен, миллиардтаған инвестициялармен өлшеуге бейімбіз. Алайда кез келген ірі кәсіптің бастауы шағын қадамнан тұратынын ұмытпауымыз керек. Бүгін қолөнермен айналысып отырған ана ертең ондаған адамды жұмыспен қамтитын өндіріс иесіне айналуы мүмкін. Бүгін әлеуметтік желі арқылы өнім сатып отырған қыз ертең экспортқа шығатын бренд қалыптастыруы ғажап емес.
Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетіп отыр. Әйелдердің экономикаға араласуы артқан сайын қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық күшейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, отбасылардың әл-ауқаты жақсарады. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – жекелеген адамдарды қолдау емес, тұтас қоғамның дамуына инвестиция салу.

UMAI форумы тағы бір маңызды шындықты көрсетті. Қазақ әйелі бүгінде тек отбасының ұйытқысы ғана емес. Ол – жұмыс беруші, кәсіпкер, жаңашыл, көшбасшы. Уақыт өзгерген сайын оның қоғамдағы миссиясы да кеңейіп келеді.
Ал әйелдің қолы тиген жерде береке бар екенін қазақ әлдеқашан айтып кеткен. Бәлкім, бүгінгі форумның басты қорытындысы да осы шығар. Әйелдің кәсібі дамыса, отбасы нығаяды. Отбасы нығайса, қоғам күшейеді. Қоғам күшейсе, мемлекет ұтады.





