Валюта бағамы
  • USD -

    484.3
  • EUR -

    560.5
  • RUB -

    5.95
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
www.gov.kz 02 желтоқсан 2024
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған байқау биыл үшінші рет өткізілді.

Лауреаттарды құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері үшін жазушыларға ризашылығын білдірді.

– «Айбоз» әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық, – деді министр.

Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

– Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасына бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша 2023 жыл 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ, – деді Аида Балаева.

Биыл министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша үш жаңа жобаны жүзге асырды:

Жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде еліміздің өңірлеріне барып, жаңа шығармалар жазды. Жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне жиырма жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 млн теңге көлемінде қаламақы алады;Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті;«ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы ұйымдастырылды.

2024 жылы Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер секілді бірқатар қаламгерлердің мерейтойлық даталары кең көлемде атап өтілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуір Ұлттық кітап күні белгіленді. Осыған орай министрлік «Ұлттық кітап» байқауын жариялады.

Министр әдебиет саласын қолдауға арналған бірқатар маңызды бастамаларға назар аударды. «Айбоз» сыйлығынан бөлек, жас қаламгерлерге арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық, «Дарын» секілді бірқатар сылықтар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді.

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас жазушылар Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығы және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби тур өткізді.

– Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсаттында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы жарияланғанын да айта кеткім келеді. Мұның бәрі ұлт әдебиетін, қаламгерлер қауымын қолдауға бағытталған кешенді жұмыстардың айқын көрінісі деп білеміз, – деп түйіндеді Аида Балаева.

2024 жылы «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторлары өтінім берді: «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8 өтінім.

Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды, «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды.

Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады.

«Айбоз» – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі құрған ұлттық әдеби сыйлық, ол отандық жазушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында беріледі.

 

RELATED NEWS
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

 
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайтын фильм түсірілуде
30 қыркүйек 2025
Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайтын фильм түсірілуде

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде.

Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды.

Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй - жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания архивтерінде, жекелеген музейлер мен альбомдарда жинақталғаны белгілі. Біразы Орталық музей қорында бар. Міне, деректі фильмде осы суреттерде пайдаланылады. Қысқаша түсініктеме берсек, Абай заманынан, қоршаған ортадан ақпар беретін таңдама фотосуреттер нақты драматургия бойынша орналастырылып, құрастырылады. Содан соң ол суреттерге 3D, VFX тәсілдерін ретіне қарай пайдалана отырып, рельеф, қимыл  қозғалыс жүктеледі. Шығармашылық топ Абайдың алғашқы кітабын жарыққа шығарған Кәкітай жолымен жүріп өтеді.

Абай дүниеден өткен соң, Тұрағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақұлының ұйымдастыруымен ел ішіндегі Абайдың қағаз бетіне түскен шығармалары жинақтала бастайды. Абайдың шәкірттері Көкбай, Уәйіс, Бейсембай сияқтылардың аузынан негізгі өлеңдер жазылып алынады. Жинақталған, жүйеленген шығармаларды Мүрсейіт Бікеұлы мен Тұрағұл көшіріп, қағаз бетіне түсіреді. Бұл уақытта Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетіне Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы жарық көреді. Абай шығармаларын жианқтап, баспаға беру ісіне Әлихан Бөкейханов үлкен атсалысады. Дайын болған қолжазбаны алып, Кәкітай Семейге аттанды. Осылайша Абайдың тұңғыш кітабының тарихы басталады. Кітапты бастыру ісінде көптеген қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Қаражат мәселесі шешілмейді... Семейге кеткен Кәкітай Омбы, Қазанды аралап, Санкт Петербургке барып, бір жылдан соң елге бір-ақ оралады. Абайдың кітабы 3 жылдан соң, 1909 жылы Семейге жетеді. Ел аузындағы әңгімеде, Кәкітай кітап қолына тигенде ешқайда бармай, әуелі кітаптың шығуына қаржылай қолдау көрсеткен Бекбайды құшақтап, «Өшкенім – жанды... Абай ағам тірілді...» - деп жылапты дейді. Сол уақыттағы мұсылман әдебиеттерін шығаратын Илья Бораганский Әлихан Бөкейхановтың өтінішімен кітапқа атақты тюрколог Мелиоранскийді жауапты редактор етіп бекіткен дейді. Мелиоранский Семейдегі Әниярдың үйіне кітаптың дайын болған парақтарын поштамен жіберіп тұрған, ол оны елге жіберген, Кәкітай Шыңғыстауда отырып, қате тұстарын жөндеген дейді. Естелік көп, алып-қашпа әңгімеде жетеді. Ең бастысы бұл фильм ұлы Абайдың алғашқы кітабының жарыққа шығуы жайын жан-жақты баяндайды.