Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизонында офицер көз жұмған. Гарнизонның баспасөз қызметі әскери қызметкер өз үйінде суицид жасады деді. Бұл оқиғаға Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulsy.
Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев айтуынша, марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған.
«Офицер далалық жұмыспен байланысты емес қаржылық қызметте лауазым атқарған. Қоныс аударуына байланысты барлық өтемақыны, ақшаны алды. Кеше соңғы рет әкесімен сөйлескен, әскери қызметке ешқандай шағым түсірмеген. Мүмкін, Аягөз гарнизонына көшуіне, яғни орын ауыстыруына байланысты психологиялық әсер болған шығар. Қазір енді біз болжам жасамай-ақ қояйық. Тергеуші әріптестеріміз мән-жайды анықтайды. Біз оның ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бұл дұрыс емес. Біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу амалдары жүреді», - деді Басхожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Офицердің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.