Валюта бағамы
  • USD -

    520.9
  • EUR -

    612
  • RUB -

    6.65
АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания? 
Фото: ашық көзден 12 маусым 2025
АЭС жобасына француз акценты: Қазақстанға келген Assystem қандай компания? 

Қазақстанда атом энергетикасы жайлы әңгіме биыл күшейіп тұр. Үкімет білек сыбана кіріскенмен, халық екіұдай пікірде. Бірі қауіптенеді, бірі үміттенеді. Еліміз АЭС саламыз десе – әлем қарап отыр. Ал Қазақстан сол жауапкершілікті мойнына алып, алға қарай қадам басуда.

Сол сәтте сахнаға шыққан бір шетелдік серіктес бар. Аты – Assystem. Қайдан келді, не үшін келді, кім үшін жұмыс істемек?

 Француз ізімен келген тәжірибе 
Assystem – Францияда негізі қаланған, ядролық инженерия бойынша әлемдегі ең ірі үш компанияның бірі. Қазіргі таңда 12 елде 8 000-нан астам маманымен жұмыс істейді. 55 жылдан бері инженерия, цифрлық шешімдер, жобаны басқару мен құрылысты қадағалау бағытында қызмет көрсетеді.

Басты ерекшелігі – қауіпсіздік пен сенімділікке құрылған жоғары технологиялар. Assystem ядролық станцияны жобалап қана қоймайды, оны басқару жүйесіне дейін жетелейді.

 Assystem – енді Қазақстанда 
2025 жылдың басынан бастап Assystem Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясына ресми түрде араласты. Ол «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің техникалық кеңесшісі ретінде бекітілді.

Француздар бұл жобада не істейді? Олар АЭС салу барысындағы инженерлік шешімдерді тексереді, құрылысты бақылауға көмектеседі және жобалық басқару жұмыстарын үйлестіреді. Яғни, технологиялық процестің әділ төрешісі де, сенімді серігі де болмақ.

 "Қазақстан-2050": мұнайсыз болашақтың энергиясы 
Assystem Қазақстанға бизнес үшін ғана емес, болашақтың энергетикалық архитектурасын бірге тұрғызу үшін келіп отыр.

"Қазақстан-2050" стратегиясында 2050 жылға қарай еліміздің энергия өндіруінің 50 пайызы көмір мен мұнайдан емес, таза көздерден алынуы тиіс делінген. Қазір бұл көрсеткіш 30 пайыз шамасында. Демек, АЭС – көмірсіз келешектің бірден-бір баламасы.

 МАГАТЭ ұсынған жолмен 
Assystem АЭС жобасына халықаралық талаппен қарайды. Компания 2025 жылдан бері КАЭС-ке (ЖШС) технология таңдау әдіснамасын жетілдіруге көмектесіп келеді. Бұл процесте МАГАТЭ ұсынымдары – әсіресе NP-T-1.10 стандарты – негізге алынған.

 Француз сөзі – байсалды уәде 
Assystem компаниясының бас директорының орынбасары Стефан Обарбье былай дейді:
«Қазақстанның жаңа атом бағдарламасында серіктес болуға қуаныштымыз. Бұл бағдарлама өте маңызды. Біз оның қауіпсіз әрі тиімді жүзеге асуына үлес қосуға дайынбыз».

 Assystem – ядроның инженерлік ақылгөйі 
Assystem – жәй мердігер емес. Ол – күрделі инфрақұрылымға инженерлік дем беретін жүйе.

Компания тек реактор салып кетуді емес, тұтас технологиялық мәдениетті енгізуді көздейді. Оның фокусында – төмен көміртекті болашақ. Яғни ядролық және жаңартылатын энергия, таза сутегі, электр желілері мен көлік инфрақұрылымын декарбонизациялау.

 Қорытынды 
Қазақстан ядроға иек артып отыр. Бұл – үлкен тәуекел. Ал Assystem – сол тәуекелге халықаралық тәжірибе арқылы кепіл болуға дайын.

Атом энергиясы – бүгінгі емес, ертеңгі әңгіме. Сол ертеңге барар жолда Қазақстанның жанында кімдер болмақ? Қазірше бір жауабы бар: француздар.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.