Валюта бағамы
  • USD -

    519.1
  • EUR -

    611
  • RUB -

    6.57
АЭС экологияға зиян деген пікір ол шындыққа жанаспайды - маман
Фото: ашық көзден 07 тамыз 2024
АЭС экологияға зиян деген пікір ол шындыққа жанаспайды - маман
АЭС - базалық генерацияның ең экологиялық таза түрі. АЭС – экологияға зиян деген пікір ол шындыққа жанаспайды. Мұндай пікірді ғалым Бақберген Керей айтты, деп хабарлайды Ulys.
"Атом электр станциялары көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі саналады. Сондықтан, одан мүлдем экология зардап шекпейді. Керісінше, бұл электр орталығы парниктік газдың әсерін азайтуға көмектеседі. Айталық, 1000 МВт болатын атом электр станциясын жыл сайын пайдаланса да, парниктік газдар шығыны 8 миллион тоннаға азайып отырады.Атом электр станциялары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады, бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) ұйғарымымен, тек осы атом энергетикасы ғана парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекітілген.
Ал, одан өзге энегрия түрлері, мәселен: көмір – 820 грамм/кВт/сағ (СО2 баламасы), табиғи газ – 490 грамм, су электр станциялары – 24 грамм, СЭС (күн концентраторы) – 48 грамм, атом – 12 грамм бөледі", - дейді ғалым.
Оның айтуынша атом энергиясы қазіргі жаһандық жылынумен күресу құралдарының негізі. Мысалы, Еуропадағы атом электр станциялары жыл сайын 700 миллион тонна СО2 шығарындыларын болдырмайды.
"АЭС  қоршаған орта мен адам денсаулығына кесірі мол деген жаңсақ пікір. Атом электр станциясын салудағы басты негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы. Алдын ала бағалаулар жүргізілген болатын. Нәтижесінде, атом электр станциясын салу және оны пайдалану кезінде Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне ешқандай қауіптерді анықтаған жоқ. Мұнымен жұмыс тоқтамайды. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде ғылыми және инженерлік мамандар жан-жақты және жан-жақты зерттеу жұргізетін болады. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше 2021 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәйкес, Ертіс өзені бассейнінің су ресурстары 30,4 млрд м3 құрайды. Атом электр станциясының технологиялық циклі кезінде судың булануынан болатын шығын жылына шамамен 63 млн м3 деп бағаланды (қуаты 2400 МВт атом электр станциясы үшін). Бұл жалпы су ресурстарымен салыстырғанда пропорционалды түрде әлдеқайда аз. Осыған байланысты атом электр станцияларының су тұтынуы Ертіс өзені бассейнінің жағдайына айтарлықтай әсер етпеуі керек деген болжам жасалды. Балқаш-Алакөл бассейні су ресурстарының көлемі 25,2 млрд м3 деп бағаланады, бұл да атом электр станциясын салқындату үшін қажетті көлемнен айтарлықтай көп, сондықтан станция бұл бассейннің су құрамына кері әсер етпейді.
Жалпы әлемде табиғи су қоймаларының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі кең тараған және атом электр станцияларын пайдаланатын дүниежүзінде станциялардың су қоймасына теріс әсер ету факторлары әлі бірде-бір рет кездескен жоқ. Керісінше, тәжірибе көрсеткендей, атом электр станцияларын қоршап тұрған экожүйе белгілі бір даму үстінде. Мысалы, атом электр станцияларының салқындатқыш тоғандарында балықтар олардың алуан түрі жиі өсіріледі, кейбір жағдайларда балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар өткізіледі. Сондықтан, сарапшылар атом электр станциясы – базалық қуаттың тұрақты әрі сенімді көзі дегенді зор сеніммен айтады", - деп толықтырды маман.
RELATED NEWS
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады
12 мамыр 2025
Арабтар Қазақстанда жел электр станциясын салады

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жамбыл облысында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асырады, деп хабарлайды Ulys.

Бүгін Сенатта Қазақстан мен БАӘ арасында Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Қазақстан жобаны халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Электр станциясы жылына 3,4 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етпек.

«Жоба аясында 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезінде мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылса, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияларға қол жеткізіп, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ, жоба аясында ұзындығы 425 шақырымдық жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады», - деп атап өтті Энергетика министрлігі.

Жобаны жүзеге асыру барысында инвесторлар қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдаланбақ.

«Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сай келеді. Бұған қоса Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады», – деді Есімханов.

Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.