Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    560
  • RUB -

    6.39
АБЗАЛ НҮКЕНОВ — ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
egemen.kz 06 қыркүйек 2019
АБЗАЛ НҮКЕНОВ — ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Абзал Нүкенов — Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. «Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша, оны ұжымға актив жиынында аймақ басшысы Ерлан Қошанов таныстырған. Бұқарамен қоян-қолтық жұмыс істеуде тәжірибесі мол, ұлтқа жаны ашитын азаматтың орталық өңірінің идеологиясын түлетеріне сенім мол.    

«ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Абзал Нүкенұлы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол әлеуметтік сала мен ішкі саясатқа жауап береді. Оған білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласы, тіл саясаты, ішкі саяси тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселесі, жастармен және БАҚ-пен жұмыс кіреді», - деді Ерлан Қошанов. Абзал Нүкенұлы бұған дейін елордадағы «Астана» халықаралық ғылыми кешені Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. 

Нүкенов Абзал Нүкенұлы 1978 жылы 21 маусымда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «саясаттанушы, саясаттану оқытушысы» мамандығы бойынша аяқтаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 2000 жылы «Отан» Республикалық саяси партиясынан бастаған. 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметке кірісті. 

2011-2016 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінде Қауіпсіздік кеңесі Ахуалдық орталығының меңгерушісі болып қызмет атқарған.

2016-2018 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болды.

2018 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Суреттер «Қазақпарат» агенттігі сайтынан алынды. 

RELATED NEWS
Өз үйің – өлең төсегің емес, өміріңнің тынысы
29 сәуір 2026
Өз үйің – өлең төсегің емес, өміріңнің тынысы

Қазақ «Өз үйім – өлең төсегім» дейді, және бұл сөзді біз көбіне жай ғана жылы тіркес ретінде қабылдаймыз, бірақ оның астарына үңілсек, бұл – адамның болмысын, оның өмірдегі орнын айқындайтын терең философия екенін аңғарамыз, өйткені өлең төсегі денеге жайлы болса, үй – жанға жайлы, ал жан тыныш болмай, адам толық бақытты бола алмайды.

Біз кейде үйді шаршы метрмен өлшеп, оның бағасын нарықпен белгілеп, қолжетімділігін несие шарттарымен есептеп жүрміз, алайда осы есептің арасында үйдің ең басты мәні – адамның ішкі тыныштығы екені екінші қатарға ығысып бара жатқанын байқамай қаламыз, сондықтан да «үй – мүлік» деген түсінік күшейген сайын, «үй – өмір» деген ұғым әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады.

Қазақ «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаған, өйткені бұл жерде сөз тек баспана туралы емес, адамның қоғамдағы орны, оның тұрақтылығы мен ертеңге деген сенімі туралы болып отыр, ал осы сенім әлсіреген жерде кез келген әлеуметтік саясаттың да әсері шектеулі болатыны белгілі.

Мәселе – баспанада емес, оған деген көзқараста

Осы тұрғыдан қарағанда, Астанада іске қосылған Shanyraq жобасы жай ғана тұрғын үйге қатысты кезекті бастама емес, керісінше, қоғамның баспанаға деген көзқарасын қайта қарауға жасалған талпыныс деп айтуға болады, өйткені жоба халықтың осал топтарына қауіпсіз әрі қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізуді мақсат етеді және бұл бағытта мемлекет пен халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам мен сарапшылардың күшін біріктіруге ұмтылады.

Қазақстанда бұған дейін де тұрғын үйге қатысты бағдарламалар іске асырылып келді, соның ішінде «Шаңырақ» бағыты арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жеңілдетілген несие беру қарастырылған болатын, әрі бұл бағдарлама әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға арналған нақты тетік ретінде жұмыс істеді , бірақ уақыт өте келе әр отбасының жағдайы бір-біріне ұқсамайтыны, ал бір ғана үлгінің бәріне бірдей шешім бола алмайтыны анық байқалды.

Сондықтан да жаңа жоба тек қаржылық құралдарға сүйеніп қоймай, мәселені кешенді түрде қарастыруды көздейді, яғни тұрғын үй саясатын нақты өмірлік жағдайларға бейімдеу, құқықтық және әлеуметтік қолдауды күшейту, әрі азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес шешімдер ұсыну басты бағыт ретінде алға шықты.

«Бұл – артықшылық емес, негізгі құқық»

Жобаның таныстырылымында Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің өкілі Хуана Мера Кабеллоның «Қауіпсіз, лайықты және қолжетімді тұрғын үй – бұл артықшылық емес, негізгі құқық» деген сөзі кездейсоқ айтылған жоқ, өйткені бұл пікір қазіргі тұрғын үй саясатының қай бағытта өзгеруі керектігін нақты көрсетіп тұр, яғни баспана енді тек экономикалық категория емес, әлеуметтік әділеттіліктің өлшеміне айналуы тиіс.

Ал «Отбасы банк» өкілдері өз кезегінде тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, табысы төмен немесе әлеуметтік жағдайы күрделі азаматтарға қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізгенімен, әр отбасының жағдайын терең қарастырғанда әлі де заңнамалық кедергілер мен қайшылықтардың сақталып отырғанын жасырмады, бұл өз кезегінде жүйенің бар екеніне қарамастан, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін жаңа тәсілдер қажет екенін аңғартады.

Жаңа кезең – нақты өмірге бейім саясат

Орталық Азия Еуразия қорының директоры Ринад Темірбековтің тұрғын үй саясаты енді нақты өмірлік жағдайларға бейімделуі тиіс деген пікірі де осы ойды толықтырады, өйткені бір адамға тиімді болған шешім екінші адам үшін тиімсіз болуы мүмкін, ал әлеуметтік саясат дәл осы айырмашылықтарды ескермесе, оның нәтижесі де шектеулі болады.

Сондықтан Shanyraq жобасы тек зерттеу жүргізумен шектелмей, нақты әрекеттерді де қамтиды, оның ішінде тұрғын үйлердің қолжетімділік стандарттарына сәйкестігін тексеру, азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің біліктілігін көтеру сияқты бағыттар бар, әрі бұл шаралардың әрқайсысы жеке адамның тағдырына тікелей әсер ететінін ескерсек, жоба ауқымының қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.

Шаңырақ – ұғым, ал ұғым – жауапкершілік

Біз кейде «шаңырақ» сөзін жеңіл қолданамыз, бірақ оның мәнін терең түсіне бермейміз, өйткені шаңырақ – тірек емес, ол – тұтастықтың белгісі, отбасының амандығы мен адамның ішкі тыныштығының символы, ал осы ұғымды нақты өмірде жүзеге асыру – тек бір мекеменің немесе бір бағдарламаның емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Сондықтан баспана беру – жай әлеуметтік көмек емес, ол – адамның өмірін орнына қою, оның ертеңге деген сенімін қалыптастыру, әрі қоғамдағы тұрақтылықты нығайту деген сөз, ал мұндай міндетті шешу үшін тек қаржы жеткіліксіз, оған жүйелі ой, нақты саясат және адамға бағытталған көзқарас қажет.

Қорытынды: үй – есеп емес, өмір

Қазақ «Өз үйім – өлең төсегім» деп бекер айтпаған, өйткені бұл сөз адамның қай жерде өзін толық сезінетінін, қай жерде оның жаны тыныш табатынын дәл сипаттайды, ал бүгінгі қоғамда осы қарапайым ақиқаттың өзі саясаттың, экономиканың және әлеуметтік шешімдердің өзегіне айналуы тиіс, өйткені үй – есеп емес, үй – өмір.

Ал Shanyraq жобасы сол өмірді реттеуге бағытталған алғашқы қадамдардың бірі ретінде көрінеді, енді оның нәтижесі қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты адамдардың тағдырында көрініс таба ма – уақыт соны көрсетеді.

7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды
26 ақпан 2025
7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды

«Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!» – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

2024 жылы қазақстандық жастармен жұмыс істеудің басты бағыты «Адал азамат» тұжырымдамасы болды. Бұл бағытты Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. Тұжырымдама адалдық, әділдік және еңбекқорлық секілді құндылықтарды насихаттауға негізделген.

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі. 2024 жылы 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды.

Еліміздің бірнеше өңірінде оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары жүзеге асты. Атап айтсақ, Астанада – «Jol Tap» (3,9 мың адам оқудан өтті), Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында – «Jumys Tap» (10 мың адам жұмыспен қамтылды) бағдарламалары. Сондай-ақ Алматыда «Jobfair365» платформасы жұмыс істейді, оның көмегімен 2,5 мың жас маман жұмысқа орналасты.

Астанада «Jol Tap» жобасы аясында 19,5 мың азамат мемлекеттік қолдау шараларының  52 түрі бойынша кеңес алды. Олардың ішінде 3,9 мың адам 10 түрлі мамандық бойынша оқытылды (тігінші, бариста, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есептің негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және дөңгелек ауыстыру жөніндегі авто-маман, Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері және т.б.)

Жастар ресурстық орталықтары 2024 жылы кәсіптік бағдар беру мақсатында 500-ден астам бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырып, 1 миллионнан астам кеңес беріп үлгерді (заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтерлік, жұмыспен қамту және т.б.).

NEET санатындағы жастарға да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл санатқа жататын 160 мыңнан астам жас бар. Олар – білімі мен жұмысы жоқ қазақстандық жастар. NEET жастарының бастамаларын қолдау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Zhas project» аясында 280 грант бөлді (әр гранттың мөлшері – 1 миллион теңге).

Сонымен қатар 20 жылдан астам уақыт бойы елдің әр өңірінде жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы жүзеге асып келеді. Соңғы 3 жылда 100 мыңнан астам жас қамтылса, оның 30 мыңнан астамы – ауыл жастары.

Мемлекет жастарға тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылдан бастап, мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 200-ден астам жас қазақстандық баспанаға ие болды.

Бүгінде «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар да іске қосылды. Шарттарын атап айтатын болсақ, 10% бастапқы жарна төленіп, пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан басталады, 19 жылға дейін несие беріледі.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады, бірақ отбасылы болған жағдайда ерлі-зайыптының біреуі ғана  өтініш бере алады.

Сондай-ақ жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған республикалық тұрғын үй бағдарламалары да бар.  Атап айтсақ, «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. 2024 жылы осы бағдарламалар аясында 3 923 жас азаматқа жалпы сомасы 103,4 млрд теңге несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 жас азамат жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде несие алды.

Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру.«Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас  мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам). Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам Резервке қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 және 2023 жылдары – 50 адам).

Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

2024 жылы алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл бастама органдардың жұмысына жаңа серпін берді.

Бұдан бөлек мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 90 млн. теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жоба алты бағыт бойынша грант бөлді. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтерлік секілді тақырыптар қамтылды.  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Биыл жастарға арналған арнайы гранттық жобалар 6 бағыт бойынша (лудомания мен нашақорлықтың алдын алу, жастардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыру және т.б.) бөлінеді. Жобаның жалпы сомасы шамамен – 720 млн теңге (2025-2027 ж. ж. кезең үшін).

Стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың өсуінк ықпал етеді.

Кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырады.

Жалпы, көпвекторлы жастар саясаты жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың азаматтық жауапкершілік деңгейінің артуына ықпал етеді.

УРБАНИЗАЦИЯ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ
01 ақпан 2021
УРБАНИЗАЦИЯ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ

Әлемдегі урбанизацияның негізгі трендтері

Урбанизацияның мемлекет үшін рөлін түсінудегі ең маңызды факторлардың алғашқысы – оның экономикалық өсімді едәуір ынталандыруында. Атақты әлеуметтанушы, жаһандану үрдісін зерттеуші ғалым Саскиа Сассеннің айтуынша, урбанизация мен ЖІӨ арасында тікелей байланыс бар. Екіншіден, кез-келген мемлекеттегі қала халқының саны 5%-ға артқан сайын жан басына шаққандағы экономикалық белсенділіктің өсімі 10%-ға өсіп отырады. Сонымен қатар, болашақта әлем экономикалары емес, ірі қалалар арасындағы бәсекелестік арта түседі деп жоспарлануда. Үшінші факторды айтатын болсақ, дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалаларда тұрады: Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, АҚШ-та – 82%, Францияда – 79%, Германияда – 75%-ды құрап отыр. Атақты “Климаттың жаңа экономикасы” атты баяндаманың деректері бойынша, Токио қаласының ЖІӨ-і Испанияның ЖІӨ-нен асады, дәл сол сияқты Лондонның жалпы ішкі өнімі Швецияныкінен озып тұр. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, 2030 жылға қарай бар болғаны 600 қалаға әлемжің ЖІӨ өсімінің 60% тиесілі болады. Дегенмен, бұндағы негізі қозғаушы күштер дамушы елдердің қалаларына, қалалық агломерациялары құрайтын болады (Қытай, Африка, Азия).

 

 

Қазақстандағы урбанизация үрдісі

Биылғы жолдауда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу  тапсырылды. Бұл еліміздегі урбанизацияның жаңа картасына айналатыны анық. Астана мен Алматының қатарына Шымкенттің қосылуы, ішкі миграцияны реттеуге қатысты әрекеттер – урбанизацияға қатысты тың ұстанымның қалыптасқанын көрсетеді. Бірақ, бұл бағытта бірнеше кедергілер бар. Олар: еліміздегі ірі қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындар санының жедел өсіп келе жатқан қарқынына ілесе алмауы мен халықтың қажеттіліктеріне сай келмеуі һәм болашағы жоқ ауылдар санының көбеюі. Осы орайда «урбанизация қазіргі жағдайда несімен маңызды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл процестің халықтың әл-ауқатын арттыруда қаншалықты маңыздылығы бар?

 

Урбанизацияға қатысты бағдарламалар мен әрекеттер

Жалпы елімізде урбанизацияға қатысты бастамалар бұрын да көтерілген. Атап айтар болсақ, Президенттің 2014 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстандағы қала халқын 70%-ға жеткізу мақсаты алға қойылған. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарында белгіленген жеті реформаның бірінде “Қуатты аймақтар мен урбанизация” атты арнайы жоспар бар. Осы реформада көрсетілгендей, елдегі урбанизацияның қарқыны мен қалаларды дамыту елдің тұтастай дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің маңызды факторлары болып табылады.

“Қуатты аймақтар мен урбанизация”– бұл әр аймақтың экономикалық тұрғыда өздігінен дамуын ынталандыру және тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сапасының теңдігін қамтамасыз етудің алғышарты. Бұл саладағы реформалар әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды және аймақтар арасындағы дисбалансты азайту мақсатында тек ірі қалаларды қамтып қана қоймай, моноқала статусын иеленген елді мекендерге де қатысты болады.

 

Елдегі урбанизацияның негізгі проблемалары

Жоғарыда аталған шараларға қарамастан, елдегі урбанизация науқаны тиісті нәтижелерді бере алмай келеді.  Қазақстандағы урбандалу әлі төмен деңгейде қалуда: 2014 жылы әлемдік урбанизация көрсеткіші бойынша Қазақстан 228 елдің ішінде 140-позицияға жайғасты.

Қазақстанның контекстіне келетін болсақ, Астана мен Алматы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, донор, яғни бюджетке ақша құятын қалалар болып отыр. Бұл тізімге биыл республикалық маңызы бар қала статусын алған Шымкент те қосылуы әбден ықтимал. Өзге әлем елдеріндегідей, бізде де ауыл мен қала халқының арасындағы өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айқын байқалады. Бұл айырмашылықтың әлі де ұлғаю ықтималдығы бар: ауылдағы еңбек өнімділігінің төмен болуы, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның жетік дамымауы, ауылдағы өндірушілер үшін облыс орталықтарындағы негізгі тұтыну нарығынан алыс орналасуы және де климаттық жағдайлар себеп болуда. Осы орайда, Қазақстан үшін халықты қалаларға көшуін ынталандыру мен қалаларды дамыту өзектілігі туындап отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының 57 проценті қалада шоғырланған. Еліміздің ЖІӨ-нің 95 процентін қала өндіретін болса, небәрі 5%-ы ауылға тиесілі. Бұл – еліміз үшін ауқымды урбанизацияның қажеттілігін көрсететін тағы бір көрсеткіш. Миллион тұрғыны бар және одан асып кететін үш қала қарқынды “ресипиентке”, яғни қабылдаушыға айналуда: соңғы деректер бойынша Алматыда халық саны 1 900 000-ға жуықтаса, Астанада 1 047 000 адам, Шымкентте 1 005 000 тұрғын тұрады.

Елдегі соңғы 10 жыл ішіндегі урбанизацияны талдайтын болсақ, қала мен ауыл халқының үлесі жалпылама және өңірлік деңгейді өзгерістерге ұшырады. 2009 жылға қарағанда қала халқының саны 4,4 процентке артты. Өңірлердің көрсеткішімен алатын болсақ, урбанизация еліміздің көптеген облысында жүрді, тек біраз бөлігінде ғана қала халқының азаюы байқалады.

Еліміздің кей аймақтары урбандалуы бойынша республикалық орта көрсеткіштен төмен нәтижелерді көрсетуде.  2018 жылдың 1-шілдесіндегі дерекке сүйенсек, ең аз урбандалған өңір – жақында құрылған Түркістан облысы (қала халқының саны 19,5%.-ды құрайды). Сондай-ақ, урбандалу көрсеткіші төмен өңірлерге Алматы облысын (қала халқының үлесі 22,7%), Жамбыл облысын (39,7%) және Маңғыстау облысын (40,5%) жатқызуға болады.  Осы орайда, қала халқының өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға оңтайлы және қолайлы урбанизация моделін әзірлеудің маңызы арта бермек. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында бірқатар факторлар ескерілуі қажет.

 

Қорытынды

Урбанизация Қазақстан үшін сөзсіз адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдардың бірі. Урбандалған ортада қалаға тән өзіндік ерекше мәдениет қалыптасады, халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу тез жүреді. Сондықтан дамыған елдердегідей орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық әлеует шоғырланған мегаполистер мемлекеттік байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз ету Қазақстан үшін де маңызды. Осы орайда, біздің елді сапалы урбанизацияны жүргізуге аса мән беруіміз қажет:

Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және жайлылығын барлығынан жоғары қою. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет.

Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.

Бастысы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі жалған урбанизацияға, яғни тек қалалық территорияларды үлкен көлемде кеңейтіп, оны бос қалдыруға жол бермеу. Үкімет тарапынан агломерациялар құруда толықтай бақылаудың болуы қажет.

 

Исатай МИНУАРОВ, социолог