Валюта бағамы
  • USD -

    529.7
  • EUR -

    608.5
  • RUB -

    6.51
Абзал Әжіғалиев: Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қандай нәтиже күтуге болады
22 ақпан 2022
Абзал Әжіғалиев: Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қандай нәтиже күтуге болады

Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болғаны туралы өзінің желідегі парақшасында жазды.

 

1.Мұз айдыны. Алау қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. Алауда барлығы идеально болғанымен ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз Алауда дайындалдық. Бірақ бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек.

Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған. Біздің спорт бойынша, нақты біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.

2. Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да Алаудағыдай. Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…

3. Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде госзакуптың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған запчастарды сатып әпереді. Немесе біз “заңда рұқсат етілмеген” деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе.

4.Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипедті алып береміз деп уәде берді. Қазір енді сұрасам тым қымбат дегенде, хотяб станок алып берулерін сұрадым. Өзімше спонсорларға осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді.

5.Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің.

Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?

6. 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығымда проблема болды. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, тем более біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың.

7. Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нәтижесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң талап та жоғары. Соңында бәрі, жанкүйерлер де қысқы спорттан да келіп сондай нәтиже күтеді.

Менің ең үлкен арманым - еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, региондардағы балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе және оның қандай еңбек екенін білсе.

Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.

Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма көп рахмет дегім келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс.

Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын.

 

RELATED NEWS
Ақмарал Ерекшеваның тарихи “ алтыны” - спортшылардың апталық жетістіктері
24 маусым 2025
Ақмарал Ерекшеваның тарихи “ алтыны” - спортшылардың апталық жетістіктері

16–23 маусым күндері Болгария астанасы Софияда өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Аталған жарысқа 7 спортшымыз қатысып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Атап айтқанда, Ақмарал Ерекешева үш бағдарламада финалға шығып, доп және лента жаттығуларында алтын, шығыршық жаттығуында күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, жерлесіміз тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін жерлестеріміздің ең үздік нәтижесі – 4-орын болатын.

Олимпиада чемпиондарымен шеберлік байқасты

16–23 маусым күндері Индонезияның Бали қаласында өткен семсерлесуден сары құрлық бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Командалық сайыста Қазақстан құрамасы әлемдегі көшбасшылардың бірі, Олимпиада чемпионы Жапония құрамасымен сынға түсіп, 24:45 есебімен қарсылас жеңіске жетті.

Команда сапында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов өнер көрсетті.

Айта кетейік, жарыс барысында Қазақстан құрамасы 1/16 кезеңде Түрікменстаннан, кейін Сингапурдан, жартылай финалда Қытайдан басым түсті. Осыған дейін чемпионатта Вадим Шарлаимов жекелей сында қола жүлдегер атанған еді.

Ташкенттегі жарыста 3 спортшымыз тұғыр сатысына көтерілді

18–21 маусымда Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен спорттық гимнастикадан Challenge Cup жарысында ұлттық құраманың 3 спортшысы тұғыр сатысына көтерілді.

Қоссырық жаттығуының финалында Ильяс Азизов күміс (13.100 ұпай), тағы бір отандасымыз Дмитрий Патанин қола жүлдегер (12.700 ұпай) атанды. Бұл жаттығуда жарыс қожайыны Акрорхон Темірхонов 13.550 балл жинап, топ жарды.

Ал әйелдер арасында бөрене жаттығуында Көркем Ербосынқызы финалда үздік үштікті түйіндеді. Отандасымыз 12.100 балл алып, Challenge Cup жарысындағы алғашқы жүлдесін мойнына тақты.

Қазақстан грек-рим күресінен Азия чемпионатында топ жарды

2025 жылғы 18–21 маусым күндері Вунгтау қаласында (Вьетнам) өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында отандық палуандар 6 алтын (Ерасыл Мамырбеков, Исхар Құрбаев, Бағдат Сабаз, Ақжан Ықыласов, Майис Әлиев, Виктория Хусаинова), 6 күміс (Мақсат Сайлау, Юсуф Мациев, Джохар Узаров, Мерей Базарбаев, Елнар Шілдебай, Нұрдәулет Бекенов, ) және 7 қола медаль (Диас Қалтай, Нұрдәулет Сейілбеков, Асхаб Хаджиев, Әлімжан Сәлімжан, Зейнеп Баянова, Ангелина Первухина, Тыныс Дубек) жеңіп алды. Әсіресе, грек-рим күресінің өкілдері үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Стелла Суханованың бір өзі Азия чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды

Таиландтың Районг қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден 18 бен 23 жас санатындағы Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық бәсекесінде U23 санатында ұлттық құрама спортшылары сынға түсіп, 6 алтын (Денис Кленин, Стелла Суханова, Дмитрий Холмогоров, Егор Краснонос), 6 күміс (Әнуар Алмағамбетов, Ольга Сурмина, Мария Бровкова, Дмитрий Холмогоров, Егор Краснонос, Денис Кленин, Дмитрий Ладюков, Ольга Сурмина, Мария Бровкова, Виктория Фалалеева, Татьяна Гладкова) және 3 қола медальмен (Нұржан Муфуқұлұлы, Әнуар Алмағамбетов) жалпы есепте 2-орынға тұрақтады.

Биылғы чемпионатқа 16 мемлекеттен 270 спортшы қатысты. Қазақстан 18 бен 23 жас санатын қосқанда барлығы 12 алтын, 12 күміс, 7 қола жүлде иеленді.

Александр Бублик Галле турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевті жеңді – 6:3, 7:6 (7:4). Осылайша, Бублик спорттық жолында ATP турнирлеріндегі бесінші титулына қол жеткізді. Соның ішінде ол екінші рет Галле (2023) додасында үздік шығып отыр.

Қысқы Универсиада: Қазақстандық фристайл-могулдан чемпион атанды
14 қаңтар 2025
Қысқы Универсиада: Қазақстандық фристайл-могулдан чемпион атанды

Италияның Турин қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада фристайл-могулдан қазақстандық Анастасия Городко чемпион атанды, деп хабарлайды Ulys Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Финалға бірінші орынмен шыққан А.Городко ең жоғары ұпаймен (79,79) алтын медальға ие болды.

Жапониялық Харука Накао 76,29 балмен екіншіорынға ие болды.

Германиялық Ханна Вессе (75,04 балл) үздік үштікті түйіндеді.

Қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шыққан Аяулым Әміренова бұл бәсекеде 70,52 балмен бесінші орынға табан тіреді.

Айта кетейік, қысқы Универсиадада бүгін қазақстандық жастар үш спорт түрінен сынға түсуде.

Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды
08 мамыр 2025
Ер Жәнібек батырдың есімі ұлықталды

Өскемен қаласының Жекпе-жек сарайында аты аңызға айналған Ер Жәнібекті еске алуға арналған жасөспірімдер мен кадеттер арасында семсерлесуден ХІХ ашық республикалық турнир өтті.
Ер Жәнібек ұрпақтары ұйымдастырып отырған турнирге Шығыс Қазақстан, Абай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген 200 жасөспірім спортшы қатысады. 

- Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирді осымен 19-шы мәрте өткізіп отырмыз. Біз жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, спортқа, оның ішінде семсерлесуге баулу мақсатында өткізіп келеміз, - деді турнирді ұйымдастырушы, Ер Жәнібек ұрпақтарының өкілі Әлібек Ерубаев. 

Турнирдің салтанатты ашылуында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортсүйер қауымды мемлекеттік мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Отан қорғаушылар күнінде өтіп отырған жарыстың мәні мен мағынасы зор екенін айтты. 

- Ер Жәнібек батырдың құрметіне өтіп отырған турнирге жастардың көптеп қатысып отырғаны бізді қуантады. Облысымызда бұл спорт түріне ерекше ден қойылып отыр. Жас қатысушыларымыз көп болған сайын болашақ Олимпиада чемпиондарының қатары толысатынына сенім білдіреміз, - деді Ербол Нұрғалиев. 

Турнир 9 мамыр күніне дейін жалғасып, шапшаңдар мен алғырлар Жеңіс күнінде анықталады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.