Валюта бағамы
  • USD -

    476.3
  • EUR -

    522
  • RUB -

    5.39
Абай облысында 90 мыңға жуық адам тазалық акциясына қатысты
редактор 01 шілде 2024
Абай облысында 90 мыңға жуық адам тазалық акциясына қатысты

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстың барлық аудандарында көшелерді тазалау, қоқыс шығару, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, акцияға қатысушылар ескерткіштерді, гүлзарларды және басқа да орындарды абаттандырды. Абай облысының  аумағында 10-ға жуық түрлі акция өтті. Ауқымды жобаның мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.
 
Мысалы, Бородулиха ауданында акцияға қатысушылар сенбілік барысында жүзден астам қап қоқыс жинады. Тазалауға қарапайым азаматтар ғана емес, аудандық мәслихат депутаттары, ведомстволардың қызметкерлері мен «Жасыл Ел» экологиялық жасағының жауынгерлері де қатысты.
 
Мақаншы ауданында Алакөл көлінің жағалауын тазалауға 100-ден астам адам шықты. Сонымен қатар, акция аясында ауданда ҚТҚ полигондарына қоқыс шығарылды. Семейде «Гүлдер өмір үшін» акциясы өтіп, қатысушылар көшеттер мен гүлдер отырғызды.
 
Аягөз ауданында «Битан тау» аллеясы тазаланды, оған 40-қа жуық жас атсалысты. Олар тазалықты сақтауға және абаттандыруға өз үлестерін қосты. Осындай жұмыстарды Бесқарағай ауданының тұрғындары да ұйымдастырды. Мұнда көшелер тазаланып, қоқыстан тазартылып, ағаштар әктелді. Акцияға депутаттар, ауыл тұрғындары, спортшылар қатысты.
 
Курчатов қаласында тұрғындар Ертіс жағалауын жиналған қоқыстардан тазартты. Акцияға 50-ден астам еріктілер қатысты. Акция қорытындысы бойынша ҚТҚ полигонына шығарылған 25 қап қоқыс жинауға мүмкіндік туды.
 
Сонымен қатар, Бесқарағай ауданында «Таза көше» акциясы ұйымдастырылды. Науқан аясында көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған 100-ге жуық адам атсалысты.
 
Жалпы, Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыс істеген уақытта оған 83 590 адам белсенділік танытқан. Акцияны 3 519 ұйым мен мекеме қолдап, 2 007 бірлік түрлі техника тартылды. 68 451 аула тазаланды, ҚТҚ полигондарына 41 703 тонна қоқыс шығарылды. Аймақ көлемінде 239 саябақ пен сквер жиналды, 227 ескерткіштің аумағы тазартылды және абаттандырылды, 603 шаршы метр төсеніш жөнделді.

Акция барысында өңірде 135 540 ағаш, 8 622 бұта отырғызылды. 991 әлеуметтік және 2 203 өнеркәсіптік нысан тазалаумен қамтылды. Сондай–ақ, акция аясында жасанды арықтар мен субұрқақтарды қоса алғанда, 731 су айдыны тазартылды.

RELATED NEWS
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде
12 маусым 2024
Вандализммен күрес жан-жақты жүргізілуде

«Таза Қазақстан» road-эстафетасының ІІ-ші күнінде вандализммен күрес жалғасын тапты, деп хабарлайды Ulys.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды. 

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын», - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.   

«Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік», - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады.  Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады. 

«Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз», - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы  қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

 

 

Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты
10 маусым 2024
Жамбылдық келіндер «Ең таза аула» конкурсына қатысты

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады, деп хабарлайды  Ulys.

Бүгінде дарынды мектеп оқушылары да «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл күні Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады.

Мәселен, орталық шәкірттері ұстаздарымен бірге жиналған қоқыс қалдықтарынан 200-ден аса түрлі картина, қуыршақтар мен ыдыстар әзірлеген. Оқушылар мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған жобалар әзірлеген. Атап айтқанда, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенконың «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісханның «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасынның «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебектің «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыт жобалары «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі «Көрме» залында таныстырылады.

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысады. Конкурстың мақсаты – тазалықты сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың бірлігін, татулығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыру.

Арнайы құрылған комиссия конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына баға беріп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттайды.

Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурстары өткізіледі. Атап айтқанда, Байзақта «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай ауданында «Ең үздік аула», Т.Рысқұловта «Ең белсенді тұрғын», Таласта «Ең үздік көше», Шуда «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізіледі. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула» атты тазалық жұмысы, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Осындай акциялар барлық ауданда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында өтеді.

2024 жылы өңірдегі жөл жөндеу жұмыстарына 23,1 млрд теңге бөлінді. 469,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, 155,3 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 286,2 шақырым елді мекен көшелері мен 28,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы. Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.

Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.

2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.

Су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелері марапатталды
30 мамыр 2024
Су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелері марапатталды

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне сертификаттар табыстады

 

 

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің су басқан аймақтарға жұмыс сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасты.

 

29 мамырда Оралда ҚРКФ төрағасы кәсіподақ мүшелерімен – су тасқыны кезеңінде апаттың қауіпті деңгейге жеткен аудандардың тұрғындарымен кездесті.

 

Сатыбалды Дәулеталин жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, табиғи апат әкелген шығын мен залалдың ауқымы зор екенін айтты. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бүкіл ел үшін күрделі кезеңде мемлекет пен қоғам көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік серіктестер тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқтала келе, қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын еске салды.

 

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақталып, 8,5 мыңнан астам адам үйлеріне оралды. Облыста су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда. 8 882 адам жалпы сомасы 3,3 млрд. теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды. Қазақстан бойынша барлығы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемдерді 11 млрд теңгеден астам сомаға 30 770 отбасы алды. Бүгінгі таңда 432 отбасыға қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер берілді, 1862 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 394-і Батыс Қазақстан облысында салынуда.

 

Еліміздің барлық салалары мен өңірлерінен Кәсіподақтар федерациясы мен оның филиалдары төтенше жағдай кезінде мемлекетпен біртұтас майдан болып, зардап шеккендерге көмек көрсетуге бірден кірісті.

 

"Су тасқыны залалын жою – барлық күштер мен ресурстарды біріктіруді талап ететін ортақ міндет. Елімізде табиғи апат болған алғашқы күннен бастап кәсіподақтар мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, апаттың салдарымен күресу жұмыстарын атқарды. Кәсіподақтар қаражат жинауды, гуманитарлық көмекті ұйымдастырып, уақытша баспанамен қамтамасыз етуге көмектесті», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

 

Кәсіподақтар зардап шеккендерге көмек ретінде 225 миллион теңге материалдық көмек пен 14 миллион теңгеге жуық тауарлық көмек көрсетті.

 

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ шипажайларынан мұқтаж жандарға 269 орын бөлу туралы шешім қабылдады. ҚРКФ шипажайларына 179 адам орналастырылды, оларға ем қабылдауға, психологиялық және қажетті құқықтық көмек алуға мүмкіндік берілді.

 

Өз кезегінде БҚО Кәсіподақ орталығының төрағасы Айгүл Есекенова хабарлағандай, ТЖ кезінде Батыс Қазақстан облысының "Ақжайық" шипажайында су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізуге келген 100 әскери қызметші орналастырылды.

 

Оның айтуынша, аймақтық кәсіподақ жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері облыстық қоғамдық штаб пен еріктілер қозғалысының жұмысына белсене атсалысты. Кәсіподақ ұйымдарынан БҚО халқын қолдауға шамамен 14 млн. теңге гуманитарлық және 5 млн. теңгеден астам материалдық көмек түсті.

 

Кездесуде ҚРФБ басшысы кәсіподақтың 45 мүшесіне тұрмыстық техниканы сатып алуға 100 мың теңге номиналды сертификаттар табыстады. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ТКШ, сондай-ақ энергетика және машина жасау салаларының қызметкерлері бар.

 

Су тасқыны салдарын жою барысында құтқарушылар мен еріктілердің жанқиярлық үлесі Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен ерекше аталып өтілді. БҚО ТЖД авариялық-құтқару жасағының басшысы Асқар Қылышев, облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау және анестезиология бөлімшесінің медбикесі Рита Уалитденова, Теректі ауданы Аңқаты орта мектебінің экономикалық бөлімінің меңгерушісі Сабыржан Аралбаев, Бәйтерек ауданының жеке кәсіпкері Олег Тюрин, Бәйтерек ауданы Январцево ауылдық округі әкімі аппаратының жүргізушісі, ерікті Самат Жантулин, Теректі ауданы «Сенім» Отбасы орталығының»  төрағасы Анар Қайрекенова, Орал спорт кешенінің әдіскері Жанбоз Байдәулет, Орал қаласындағы кітапхана меңгерушісі Ганди Шамкелова, Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Қанат Ермұханов, сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің №3 жатақхана коменданты Әлфия Ғұмарова ҚРКФ марапатына ие болды.

 

Жиынға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге қиын кезеңде қолдау көрсетіп, қызметтерін лайықты бағалағаны үшін алғыстарын білдірді.

 

Батыс Қазақстан облысы қоғамдық штабының басшысы Ербол Салықов ҚРКФ Төрағасы мен бүкіл кәсіподақ қоғамдастығына алғысын білдіріп, жан-жақты қолдау көрсете отырып, кәсіподақтар өздерінің күш-қуаты мен бірлігін көрсетіп, қиын кезеңдерде бірлесе әрекет ету маңызды екенін растады.

 

«Төтенше жағдай басталғалы біздің отандастарымыз, кәсіподақтар, кәсіпкерлер және басқа да құрылымдар көмек қолын созды. Осы уақыт ішінде өңірге 2000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді», - деді ол.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин су басқан елді мекендердегі өмірдің тез арада қалпына келтіріліп, адамдардың бұрынғы өміріне оралатынына сенімді екенін жеткізді. Ол өз тарапынан Кәсіподақтар федерациясы алдағы уақытта да қарапайым еңбекшілердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

«Бүгінгі мақсатымыз – жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау. ҚРКФ Бас кеңесі 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады. Бүгінгі таңда лайықты еңбек жағдайлары – бұл лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек және тұрақты жұмыспен қамту. Кәсіподақтар федерациясы лайықты жағдайлар мен еңбекақыны қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараларға бастамашы болды, ең төменгі жалақыны реттеудің және халықтың табысын арттырудың жаңа тетіктерін ұсынды. Елімізде Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ең төменгі жалақы деңгейі көтеріліп, ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі және 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттің бұл қадамдары еңбекшілердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған кәсіподақ бастамаларына қолдау көрсетудің бір көрінісі болды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.