Валюта бағамы
  • USD -

    498.7
  • EUR -

    589
  • RUB -

    6.53
9 АЙДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН 463 ІС-ШАРА ӨТКЕН
serke.org 24 желтоқсан 2019
9 АЙДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН 463 ІС-ШАРА ӨТКЕН

Бүгін Ақорда резиденциясында Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен сәттен бергі атқарған жұмысын қорытындылауға арналған арнайы брифинг өткізді. 100-ге жуық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 9 айда атқарған жұмысына қысқаша шолу жасалды.

Қазақстан Президенті баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, шымылдығы жабылатын жыл ел жылнамасында айтулы оқиғаларымен есте қалды. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәттен бастау алады. Одан кейінгі еліміздің саяси өмірінде маңызы зор оқиға – Президент сайлауы. Биліктің ауысуы, сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Көптеген халықаралық кездесулер өткізді, шет елдерге сапарлармен барып, маңызды келіссөздер жүргізді.
Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, 249 қабылдау өткізді. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 елге сапармен барды. Мемлекет басшысы 9 халықаралық жиынға қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялары Елшілік ретінде қайта құрылды.

Жалпы биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға226 Жарлыққа68 Өкімге қол қойылды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылды.
Жалпы Президент биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мен Президенттің Виртуалды қабылдауына азаматтардан 1 тамыздан бері 15 669 өтініш келіп түскен, оның 4025-і Президенттің Виртуалды қабылдауы арқылы қабылданған. Осылардың бәріне уақтылы әрі тиісті жауап берілді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын дәлелдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды бастамалар қолға алынғанын көрсетеді. Атап айтқанда, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларға /көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және т.б./ әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың, 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл жалпы алғанда 107 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды.
Қазақстан Президенті жалпы халықаралық сапарлары барысында шетелдік мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихатын өткізді. Оның отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Президенттік лауазымдағы қызметі, атқарып жатқан жұмыстары туралы жалпы 26 деректі фильм түсіріліп, олар республикалық телеарналарда көрсетілді.
Мемлекет басшысы Твиттер әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде /қазақ, орыс, ағылшын/ 862 твит жарияланды.
Сәуір айында ғана ашылған Қасым-Жомарт Кемелұлының инстаграм желісіндегі парақшасына миллионға жуық /955 мың/ жазылушы тіркелген. Бүгінге дейін 60 пост жарияланды. Жиын соңында ұлттық журналистиканы дамытуға сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан реформаны насихаттауға елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар журналистер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Суреттер Берік Уәлидің фейсбук парақшасынан алынды.

RELATED NEWS
Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді
14 мамыр 2025
Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік министрі Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшінсөгіс жариялады, деп хабарлайды Ақорда. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс.

Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.

Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында
22 қараша 2024
Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында

Түрлі халықаралық талдау агенттіктерінің дерегінше, еліміз бірнеше жыл бойы мобильді интернет бағасы арзан мемлекеттер қатарында келе жатыр. MoneySuperMarket сайтының рейтингінде Қазақстан 10-орынға жайғасты. Бірінші орында Израиль 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 доллар, одан кейін Қырғызстан, ал үздік үштікті Италия түйіндейді.  Жалпы алғанда, 20 ГБ интернет-трафик үшін қазақстандықтар 11 доллар төлейді. АҚШ-та – 105 доллар, Ал Норвегияда – 106 доллар. Сарапшылардың пікірінше, өмір сүру деңгейі және табыс көлемі жоғары елдерде кез келген қызмет құны сәйкесінше көтеріңкі болады.

«Бұған әсер ететін тағы бір аспект – инфрақұрылым. Құрылған инфрақұрылым қымбат болса, тұтынушылар қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Байланыс шығындары халықтың орташа табысына байланысты есептеледі. Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда интернет бағасы арзан ел болып саналады», – деді Цифрландыру саласындағы еуразиялық сарапшылар желісінің төрағасы Дмитрий Шедко.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, жылдам интернет құнының арзан болуына цифрлық инфрақұрылымға мемлекет тарапынан жасалып жатқан инвестициялар мен байланыс операторларының желіні кеңейту жөніндегі шараларының арқасында қол жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, базалық станса құрылысына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған.

Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады
20 тамыз 2025
Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын жоғары бағалап, еліміз осынау ізгі мақсатты қуаттайтынын атап өтті.

Президент отандық паралимпиадашылардың әлемдік аренадағы табыстары Қазақстанның инклюзивті, орнықты және әлеуметтік жауапкершілік арқалаған мемлекет ретіндегі келбетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

— Орайлы сәтті пайдаланып, бүкіл әлемде, Азия құрлығында және Қазақстанда паралимпиада қозғалысын ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздермен сенімді серіктес болуға әзірміз. Келешекте қозғалысты дамытып, нығайту мақсатында бірлесіп көп жұмыс істейтінімізге күмән жоқ, — деді Президент.

Эндрю Парсонс пен Маджид Рашед паралимпиада спортына және Астанада Азия паралимпиада комитеті Бас ассамблеясының 8-ші сессиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды.

— Соңғы жылдары біз елеулі прогресс пен ерен табыстарға куә болдық. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларыңыз тоғыз медаль жеңіп алды. Соның ішінде алғаш рет екі атлет алтын медальға ие болды. Қазақстан спортшылары өздеріне дейінгі атлеттердің ізін жалғап, өскелең ұрпақты жігерлендіріп келеді. Бұл кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған бағдардың нәтижесі. Біз Қазақстанның паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту ниетін жоғары бағалаймыз, — деді Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс.

Маджид Рашед 2018 жылы Астанаға келгенін, Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдаймен таныс екенін айтты.

— Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, — деді Азия паралимпиада комитетінің президенті.

Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы пысықталды.

Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 800-ден аса жарыс өткізіледі. Оған 10 мыңнан артық адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.