Ауғанстандағы жағдай ушығып, Талибан ұйымының аймақтағы ықпалы күн санап артып, бақылау жүргізген аумағының көлемі өсуде.
ВВС ауған қызметінің зерттеуіне қарағанда, Талибан қозғалысы соңғы екі айдың ішінде Ауғанстанның басым территориясын басып алған. Сонымен қатар елдің маңызды Құндыз, Кандагар, Гарат және Лашкар-Гах сияқты қалаларды басып алу қаупін туғызып отыр.
Ауғанстанның солтүстігінде Түркіменстан және Тәжікстанмен шектесетін аудандардың көпшілігі тәліптердің бақылауына өтіп кеткен. Соңғы айларда бұл елдермен де шекаралық жағдай ушығып отыр. Шекаралық жағдайды реттеу үшін Тәжікстан Ауғанстанмен шекараны нығайту үшін резервтен 20 мың адамды әскерге шақыратындығын жариялады. Тәжікстан Президенті 2021 жылы 5 маусым күні елдің Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қорғаныс министрлігіне тапсырма берді.
Сонымен қатар, Талибан қозғалысының өкілдері 20 жылдан кейін қайта күш ала бастады. Соның бір дәлелі, соңғы айларда тәліп басшылары аймақтағы негізгі ойыншылар болып есептелетін Ресей және Қытайға барып, ондағы ресми билік өкілдерімен кездесіп үлгерді.
Ресейлік ТАСС агенттігінің хабарлауынша, 8 шілдеде Талибан қозғалысының (Ресейде қызметіне тыйым салынған – авт.) 4 адамнан тұратын делагациясы билік өкілдерімен кездесті.
Ал 28 шілдеде Қытайдың Тяньцзинь қаласында «Талибан» қозғалысының делегациясы Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И-мен жүздескен.
«Ресей аймақтағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде барлық сценарийге дайын болғысы келеді және өз кезегінде ресми Ауғанстанмен де, Талибан өкілдерімен де қарым-қатаныс орнатуда. Және бұл қарым-қатынастар кеше ғана басталған жоқ. Ол үш жылдан бері жалғасып келеді. Егер Талиб күштері Ауғанстандағы қазіргі билікті толық басып алған жағдайға Ресей өзін дайын ұстағысы келеді. Тәліптер үшін де Ресеймен жақсы байланысты орнату, күш алудың бір құралы. Әрине құқықтық мәселелер бар. Алайда бұл үлкен саясат... Ресей аймақтақтағы жағдай ушыққан кезде өзінің араласа алу мүмкіндігін қарастырып отыр»,- дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.
Талибан қозғалысы неге күш алды?
2001 жылға дейін «Талибан» Ауғанстан жерінің 95 пайызын бақылауда ұстады. Алайда 2001 жылы АҚШ әскер кіргізгеннен кейін талибан күштері шегіне бастады.
Алайда соңғы он жылда шетел күштері Ауғанстандағы әскер санын азайтты және қауіпсіздікті қамту жауапкершілігін ресми Кабул билігіне жүктеді.
Осы жылы көктемде АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан Америка әскерін әкететінін айтты. «Біз Ауғанстанға 20 жыл бұрын әскер кіргіздік. Алайда бұл жайт та ол жақта әскер қалдыру себебін түсіндіре алмайды. Мен Ауғанстандағы Америка әскеріне жетекшілік ететін Американың төртінші президентімін және ол жауапкершілікті бесінші президентке тастап кеткім келмейді. Америка тарихындағы ең ұзақ соғыстардың біріне нүкте қойылмақ» деді Байден.
Сонымен қатар, АҚШ билігі қыркүйек айында Ауғанстандағы әскерін толық шығаратындығын жариялады.
АҚШ неге әсерін Ауғанстаннан алып кетіп жатыр?
Жұмабек Сарабековтың айтуынша, АШҚ әскерінің Ауғанстаннан кетуі америкалықтардың ішкі мәселесінен туындап отыр.
«Ауғанстандағы соғыс америкалықтар үшін түсініксіз соғысқа айналып кетті. АҚШ әскер кіргізгеннен кейін 20 жылдай уақыт өтті. Талибан жойылып кетпеді немесе Ауғанстан тұрақты елге айналмады. Бұл жерде Байданнің сөзімен келтірсек, «Америка өзінің әскерін мәңгі Ауғанстанда ұстай алмайды. Америкалықтар бұл соғысты ары қарай жалғыстырғысы келмейді». Бұл ең бірінші АҚШ-тың ішкі саясатымен және қаржылық шығынмен байланысты. Жалпы алғанда Американың, Батыстың Орталық Азиядағы ықпалы азайып келеді. Бұл кеше басталған процесс емес. Ол біріншіден. Екіншіден, шындығында біз өзімізді әлемнің кіндігі ретінде қарастырғанды жақсы көреміз. Біз АҚШ үшін аса маңызды аймақ емеспіз. Яғни, Американың басты мүдделері Азия-Тынық мұхит аймағы, Еуропа елдерімен байланысты. Ал Орталық Азия бұл тізімде соңғы қатарда. Себебі Орталық Азия демография, экономика қуаты тұрғысынан мықты емес. Сондықтан да болар Орталық Азияға деген деген қызығушылық төменгі сатыда. Оның үстіне Американың Трампқа дейін одан кейін де әлемдегі орны өзгеруде. АҚШ бұрынғыдай әлемнің барлық елдердің мүддесінде болуға тырыспауда. Олар өздерінің жалпы көп нәрсеге ресурстарының жетпейтіндігін түсінуде. Бір сөзбен айтқанда АҚШ өздерінің ресурсын оңтайландырып жатыр. Бірақ бұл АҚШ-тың Орталық Азиядан мүлдем кетіп жатыр дегенді білдірмейді. Және ол әлемдік держава болғандықтан белгілі бір деңгейде өзінің С5+1 сияқты платформалар арқылы Орталық Азия елдерімен байланысты орната беретін болады», - дейді Ж.Сарабеков.
Ауғанстандағы жағдай Қазақстанға қандай қауіптер туғызады?
Ж.Сарабековтың айтуынша, жалпы жағдай Ауғанстандағы жағдайдың қалай өзгеретіндігіне байанысты болады. Қазіргі таңның өзінде тәліптер көптеген жерді жауап алып жатыр, олардың Ауғанстандағы билікті толық алуға дәрмені жетеді ме? Басты мәселе осы. Және жалпы меніңше, Ауғанстандағы болып соңғы уақытта жатқан тұрақсыздық Қазақстанда бірнеше қауіп-қатердің өсуіне алып келеді.
Біріншіден, наркотрафик. Ауғанстан әлемде героинның 85 пайызын өндіретін мемлекет және нарколабороторияға айналғаны белгілі. Егер аймақта тұрақсыздық орнап, террористік топтар билікті басып алатын болса бұл есірткі өндірісінің одан да өсуіне алып келуі әбден мүмкін. Бұл Қазақстан үшін Орталық Азия елдері үшін қауіпті. Себебі өндірілген есірткіні тасымалдау жолы солтүстік машрут -Қазақстан арқылы өтеді.
Екінші, терроризм қаупі. Ауғанстанстан территориясында бірнеше террористік ұйымдардың, атап айтқанда Талибан және Асбат аль-Ансар сияқты топтардың базасы бар. Солардың тарапынан қауіп күшюі мүмкін.
Үшінші қауіп, егер Ауғанстандағы қазіргі жағдай одан әрі ушығатын болса гуманитарлық дағдарыс болуы мүмкін. Егер гуманитарлық дағдарыс болса босқындар мәселесі туындайды деген сөз. Әрине босқындардың көбі Орталық Азияға қарай беталады деп айта алмаймын. Бұған дейін Ауғанстаннан қашқандар Иран мен Пәкістанға қоныстанған. Бірақ белгілі бір топтың Орталық Азия елдеріне қарай бағыт алуы да әбден мүмкін. Біз осы қауіпті де ескергеніміз жөн.
Қазақстан қауіп-қатерге қаншалықты дайын
Қазақстан билігі Ауғанстан төңірегіндегі ахуал туралы ақпараттарды үнемі бақылауда ұстап, сараптаудан өткізіп отырғанын жеткізді.
«Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахуал айтарлықтай күрделі. Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. ҚР Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі ахуал туралы ақпараттарды үнемі зерделеп отыр. Оның ішінде шетелдік әріптестермен, өңірлік ұйымдармен өзара әрекеттерді жіті пысықтауда. Жағдайды қадағалап, тиісті шешім қабылдап жатырмыз және күту режимінде тұрмыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаевтан Ауғанстандағы жағдайдың қалай өрбуі мүмкін екені туралы БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Авторы: Саягүл Жарылқасын