Валюта бағамы
  • USD -

    502.9
  • EUR -

    593.5
  • RUB -

    6.47
614 мың азаматтың проблемалық берешегі мәселесі шешілді
akorda.kz 04 ақпан 2025
614 мың азаматтың проблемалық берешегі мәселесі шешілді

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Мемлекет басшысына қаржы нарығын дамыту саласының былтырғы қорытындылары туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа банк секторында тұрақтылық сақталып тұрғаны жөнінде баяндалды. 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өсті. Экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде. 

Агенттік 21 банкке жыл сайынғы қадағалау-бағалау жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ 11 банктің активі сапалық тұрғыдан бағаланып, стресс-тестілеу жүргізілді. Аталған шара банк жүйесі активтерінің 85 пайызын қамтыды. Бұған қоса, 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылды.

Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамытуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданып, осы тектес активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа іске қосылғанын айтты.

Бәсекелестікті күшейту үшін банк секторына Оңтүстік Кореядан, Қатар Мемлекетінен және Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік банктер тартылды.

Мемлекет басшысына нақты сектор мен бизнес субъектілерін несиелеу туралы мәлімет берілді. 2024 жылы бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл ретте бизнеске 18,2 триллион теңге сомасына жаңа займдар берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы маусымда кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданды. Сонымен қатар 614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалды, ішінара немесе толық кешірілді.

Агенттік төрағасы азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында заңнамалық түзетулердің жаңа топтамасы әзірленгенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына сақтандыру нарығын цифрландыру нәтижесі таныстырылды. Азаматтардың тұрғын үйлерін апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыру моделі әзірленді. Кредиттік рейтинг агенттіктері туралы, Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы заң жобалары дайындалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейту, қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

RELATED NEWS
Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында
22 қараша 2024
Қазақстан - интернет желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында

Түрлі халықаралық талдау агенттіктерінің дерегінше, еліміз бірнеше жыл бойы мобильді интернет бағасы арзан мемлекеттер қатарында келе жатыр. MoneySuperMarket сайтының рейтингінде Қазақстан 10-орынға жайғасты. Бірінші орында Израиль 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 доллар, одан кейін Қырғызстан, ал үздік үштікті Италия түйіндейді.  Жалпы алғанда, 20 ГБ интернет-трафик үшін қазақстандықтар 11 доллар төлейді. АҚШ-та – 105 доллар, Ал Норвегияда – 106 доллар. Сарапшылардың пікірінше, өмір сүру деңгейі және табыс көлемі жоғары елдерде кез келген қызмет құны сәйкесінше көтеріңкі болады.

«Бұған әсер ететін тағы бір аспект – инфрақұрылым. Құрылған инфрақұрылым қымбат болса, тұтынушылар қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Байланыс шығындары халықтың орташа табысына байланысты есептеледі. Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда интернет бағасы арзан ел болып саналады», – деді Цифрландыру саласындағы еуразиялық сарапшылар желісінің төрағасы Дмитрий Шедко.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, жылдам интернет құнының арзан болуына цифрлық инфрақұрылымға мемлекет тарапынан жасалып жатқан инвестициялар мен байланыс операторларының желіні кеңейту жөніндегі шараларының арқасында қол жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, базалық станса құрылысына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған.

Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді
14 мамыр 2025
Президент көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік министрі Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшінсөгіс жариялады, деп хабарлайды Ақорда. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс.

Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.

Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады
20 тамыз 2025
Президент Халықаралық және Азия паралимпиада комитеттерінің басшыларын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын жоғары бағалап, еліміз осынау ізгі мақсатты қуаттайтынын атап өтті.

Президент отандық паралимпиадашылардың әлемдік аренадағы табыстары Қазақстанның инклюзивті, орнықты және әлеуметтік жауапкершілік арқалаған мемлекет ретіндегі келбетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

— Орайлы сәтті пайдаланып, бүкіл әлемде, Азия құрлығында және Қазақстанда паралимпиада қозғалысын ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздермен сенімді серіктес болуға әзірміз. Келешекте қозғалысты дамытып, нығайту мақсатында бірлесіп көп жұмыс істейтінімізге күмән жоқ, — деді Президент.

Эндрю Парсонс пен Маджид Рашед паралимпиада спортына және Астанада Азия паралимпиада комитеті Бас ассамблеясының 8-ші сессиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды.

— Соңғы жылдары біз елеулі прогресс пен ерен табыстарға куә болдық. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларыңыз тоғыз медаль жеңіп алды. Соның ішінде алғаш рет екі атлет алтын медальға ие болды. Қазақстан спортшылары өздеріне дейінгі атлеттердің ізін жалғап, өскелең ұрпақты жігерлендіріп келеді. Бұл кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған бағдардың нәтижесі. Біз Қазақстанның паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту ниетін жоғары бағалаймыз, — деді Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс.

Маджид Рашед 2018 жылы Астанаға келгенін, Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдаймен таныс екенін айтты.

— Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, — деді Азия паралимпиада комитетінің президенті.

Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы пысықталды.

Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 800-ден аса жарыс өткізіледі. Оған 10 мыңнан артық адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.