1 наурызға қараған түні 3 мегаполис пен 11 облыста уақыт бір сағат артқа шегерілуіне байланысты намаз уақыттары да өзгереді. 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады.
Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Жалпы Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған.
Жұмыс тобы 2023 жылдың ақпанында қазақстандықтардың ең қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше мәрте келіп түскен өтініштеріне байланысты құрылған. Бұл мәселені өткен жылдан бастап медицина, физиология, география, метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеуде.
Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқасы екенін және Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады деген ортақ пікірге келді.
Осы ретте біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таратқан намаздың жаңа кестесін жариялаймыз.
