Валюта бағамы
  • USD -

    511.5
  • EUR -

    595
  • RUB -

    6.55
Зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет –Тоқаев
25 қаңтар 2024
Зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет –Тоқаев

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін айтты. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу жағдайын тіркеген. Оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі.

– Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды.

– Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан көмек алуға болады?» деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

– Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-не қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін таппай отырғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажет.

Президент Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шыққанын, ал құзырлы органдар табиғаттың бұл сынағынан өте алмағанын атап өтті.

– 2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан Үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар Президент бұл жұмыстың нәтижелерін бағалаудың нақты өлшемдерін әзірлеуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

– Сейсмологиялық мониторинг пен жер сілкінісін болжау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажет. Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан еліміздегі ең ірі қала ретінде Алматыға басымдық берген жөн. Білікті сейсмологтар мен басқа да мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісіне дайын болуға және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс.

– Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар материалдық резерв жеткілікті болуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді қамтамасыз ету керек,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ғимараттар мен нысандардың сейсмикалық орнықтылығын күшейту қажет екенін атап өтті. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма берілді.

– Жалпы, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығын қағаз бетінде емес, іс жүзінде жақсарту қажет. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдайлар кезінде барлық салалық құрылым жедел әрекет етіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Дүрбелең мен хаосқа жол бермей, жағдайды тұрақтандырып, апаттың ауыр салдарын мүмкіндігінше жеңілдету үшін дұрыс және уақытылы әрекет ету маңызды.Төтенше жағдайларға сақадай сай болу – Үкімет бастаған мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді Президент.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

– Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сөзін қорытындылай келе, Алматы қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

– Сабыр сақтаңыздар және әр нәрсеге байыппен қараңыздар. Дүрбелеңге салынып, түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеңіздер. Нағыз алматылықтар әрқашан ақыл-парасатымен және ұстамдылығымен ерекшеленген. Ел басшылығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Оған күмән болмасын. Алматылықтардың талап-тілегі әрдайым біздің басты назарымызда, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сөз сөйледі.

 

RELATED NEWS
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды
16 тамыз 2022
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды

Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

 

inform.kz

МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН  КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ
09 сәуір 2019
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ

Соңғы кезде өзендерге ағатын құйылатын судың көлемі ұлғайды деп қуанатын адамдарды жиі көреміз. Алайда, мамандар бұған қайғарады. Себебі, мұздықтардың жылдам еруі салдарынан судың көлемі артуда. Орталық Азия аймағында Аралдың тартылуына қатысты, Әмудария мен Сырдарияның дұрыс, тиімді пайдаланбауы мен салада жаңа технологиялардың болмауынан тыс аймақта суға қатысты тағы бір проблема бар. Ол соңғы жылдары Тянь-Шянь мен Памир тауларындағы мұздықтардың жылдам ери бастауы. Оған климаттың жылынуы мен Аралдан ұшқан тұзды шаң-тозаң қатты әсер етуде.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Сырдария мен Әмудария су келетін жағы біздің мұздықтар ғой. Оның көлемі азайып жатыр, кейбір жерде 50, кей жерде 40 % кеміген. Климаттың өзгеруіне байланысты негізгі судың көлемі азайып жатыр. Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Су проблемалары, гидроэнергетика және экология институтының аға ғылыми қызметкері Бахром Мамадалиев, Ұсақ мұздықтар жоғалуда. Бұл судың азаюына әкеледі, бүкіл елдердегі өзен суларының экологиялық ахуалы нашарлайды. Соңы су ресурстарының жетіспеушілігі мен тапшылығына ұласады. Яғни  тұтас елді-мекендер сусыз қалып, халық арасында ауру-сырқау артады деген сөз.

Орталық Азия елдері таяу жылдары үлкен проблемаға айналатын осы мәселелерді қазірден шешуі тиіс. Алайда бірауыздық танытқаннан гөрі бас-басына би болуға асық. Тағы бір үлкен проблема — судың басындағы елдер тіпті өзендерді басы бүтін өз меншігі ретінде көруге көшкен.  БҰҰ-ның кеме жүрмейтін халықаралық су арналарын пайдалану құқығы туралы конвенциясының (Нью-Йорк, 1997 ж.) 5-бабының 2-тармағында «Судың бойындағы мемлекеттер халықаралық ағын суды әділетті және парасатты түрде пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысуға, осы Конвенцияда қаралған суды пайдалану құқығы сондай-ақ оны қорғау мен игеру мәселесінде ынтымақтасуға қатысты міндеттер де жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Түркия Республикасы Әлеуметтік инновация зерттеу орталығының үйлестірушісі, профессор  Жемал Зехир бұл мәселеге қатысты былай дейді:  «Трансшекаралық суларды халықаралық құқық су басындағы  елдердің басы бүтін өз меншігі ретінде қолдануына рұқсат бермейді. Бұл өте маңызды. Яғни Қазақстанға аққан Сырдария мен Әмударияны басқа мемлекеттер өз құқықтарын шектен асыра пайдаланып, басқара алмайды. Қазақстанның қажеттелігін ескеруі тиіс әрі келіссөз жасаулары керек. Аумағын басып өтетін үшін оларды қолдануларына хақтары бар, бірақ шектен асыра пайдалана алмайды». Тағы бір түркиялық ғалым Хасрет Чомак та, «1997 жылы шыққан БҰҰ-ның келісіміне сай, трансшекаралық және шекара маңы өзеннің басында отырған елдер су саясатына өзгеріс жасауда оны пайдаланатын өзге мемлекеттердің мүддесіне кесірі тию ықтималы жоғары болса, кем дегенде алты ай бұрын оларға хабар беріп, рұқсатын алуы тиіс. Судың бастауы бізден шығады, мен ойлағанымды істеймін, қалағанымша  қолданамын деген түсінік болмайды. Себебі халықаралық ұйымның құжаты осыны мұқият ескертеді» деді.

Расында да, табиғатта су мен жел адамдар сызған шекараларға мойынсұнбайды.  Бір елден екінші елге виза, паспорт алмастан емін-еркін өте береді. «Бұл су менікі» деуге ешбір мемлекеттің хақы жоқ. Әрине, қолдану құқына, қажеттіліктерін өтеу құқына ие. Алайда халықарлық құқық көршіңіздің де құқына зардап етпеңіз, қажет болғанда, оған да су бересіз дейді. Сондықтан біріге отырып келісу керек, мүмкіндік болса, ортақ су қоймаларын жасау керек. Энергия мәселесін де бірігіп шешу қажет.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов, Екі конвенция бар. Біреуі 1992 жылы қол қойылған Хелсинки конвенциясы. Ол жақсы жұмыс істеп тұр. 45-тен астам ел мүше. Оның ішінде: біз де мүшеміз, Өзбекстан да мүше. Бірақ оны Қырғызстан мойындамай отыр, Тәжікстан мойындамай отыр. Содан кейін барып 1997 жылғы Нью-Йорк конвенциясы бар. Басында шарты болған 35 мемлекет мойындағаннан кейін күшіне енеді деп, былтыр күшіне енді. 35 мемлекет мойындады. Біз оған кірген жоқпыз, Өзбекстан оған кірген.

Мәселен, Қырғызстан «Қамбар Ата» су електр стансасын, Тәжікстан болса «Рогунды» салуға шетел инвесторларын іздеуде. Бірақ, мұндай жобаларға үшінші елдердің қаржы салуы қауіпті. Су мәселесін басқару үдересіне шетелдіктерді араластыру алаңдатпай қоймайды. Ертең ойынға айналдырып жүрмей ме? Сондықтан Орта Азия елдері су электр стансаларын бірігіп салуы керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, Бүгін инвесторлар керек деп жатамыз, бірақ шеттен келгендерден мен қорқамын. Ашық айтайын Қырғызстанда қазіргі кезде экономикалық аухал нашар. «Қамбар Ата-1» мен жоғары Нарын су электр стансаларын құруға Қытай екі алақанын ысқылап дайын отыр. Кел мен ақша берейін деп. Ал орыстар Ресей де  біздің ең жақын дос мемлекет. Олар да сұқтанып отыр. Ендігәрі Орта Азиядан шықпаймын деп Трамп та қатты айтып жатыр. Олар бұл аймақтан ешқашан шықпайды, өйткені олардың әрбірінің осы жерде өңірлік саясаты мен мүддесі бар.

Ал Түркиядағы «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті  Дурсун Йылдыздың көзқарасы: «Орта Азияда энергия мәселесін су проблемасымен қатар шешу қажет. Әйтпесе, тек судың жайын реттеу оңайға соқпайды. Себебі, Кеңес дәуірінде экономиканың су көп қолданылатын салалары дамытылды. Мысалы, Өзбекстанды суға аса мұқтаж тікелей егістікке тәуелді сала етті. Судың жоғары жағында орналасқан қырғыз бен тәжік энергиясы жоқ болған соң судан энергия алуға ұмтылса, керісінше суармалы алқабы көп төмендегі елдер суға мұқтаж болды».

Демек, судың басындағы елдердің де, соңындағы елдердің де мүддесі толық үйлесім табуы керек. Сонда ғана мәселе толық шешімін табады. Бұл үшін ортақ су банкін құру — тиімді жолдардың бірі. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі  Жумакадыр Акенеевтің пікірінше, Бірігіп су банкі түзілсе, ол банк Сауд Арабиясы сияқты қаржылы елдермен келіссөз жасап, сіздер су құбырын тартып  беріңіздер деу керек. Одан соң су құбыры арқылы өзімізден асқан суды оларға сатып, түскен ақшаны су мәселесін шешуге пайдалансақ болады. Аралды толтыруымыз керек, халқымыз жақсы су ішуі керек. Өйткені, денсаулығы жақсы адамның өмір сүруі ұзарады.

Су банкісін құру үшін әрбір елдің өзінің квотасы болады. Су энергетикалық ресуртарға кейбір жерлерде осы квоталарды алмастыру қажет. Құқықтық сұрақтарды реттеу жеке мәселесі тұрақты диалогты қажет етеді. Жылдың әр түрлі маусымында энергетикалық ресурстарды реттеу мен пайдалану тағы да осы мәселелер бойынша тұрақты жұмыс қажет етеді. Бұндай бастаманы 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол суды жеткізіп беруші елдер мен тұтынушы елдер арасында диалог бола алатын су-энергетикалық консорциумын құруды бастама етіп көтерді. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері  ол кезде дайын болмады деп есептеймін. Өйткені су мен энергетика бірге жүрсе, әр мемлекет одан пайда табады. Сол үшін оның бәрі бір консорциумның қолында болу керек. Гидроэнергетика, су мәселесі бәрі бір басқармада болу керек. Сонда әр мемлекет өз пайдасын көреді.

Қазір трансшекаралық су бассейндерінде қазір мынадай өткір мәселелер тұр: су ресурстарының азаюы, балық қорының азаюы, суармалы жер өнімділігінің күрт түсуі, биоресурстардың жоғалуы, мұздықтардың деградацияға ұшырауы, сел қауіпінің артуы мен шөлдердің ұлғаюы сонымен қатар өзен сағасындағы ормандардың деградацияға ұшырауы. Сондықтан трансшекаралық өзендер мәселесін бес мемлекет біріге отырып жуық арада жедел шешуі тиіс.

Әлемдегі су проблемаларын шешкен елдерге қарасақ, олардың ерекшеліктері Орта Азия мемлекеттерінде де бар. Ол ұқсас мәдениет. Еуропаға қарасақ та, Америка мен Канада арасындағы байланысты алсақ та, бір-бірлеріне ұқсас, тілі бір адамдар. Түбі де бір, мәдениеті де. Бір отбасының мүшесі сияқты. Орта Азия аймағындағылар Кеңес Одағы кезінде де бірге өмір сүрді. Сондықтан тарихи-мәдени байланыстар терең, діні бір, адамдары бір-біріне өте жақын. Мәселенің шешілмеуіне ешбір негіз жоқ. Бірақ аймақ көшбасшыларына саяси ерік-жігер керек. Олар бастарын бәйгеге тігуі тиіс.  Себебі, көршінің қажеттілігін өтесең ғана, сенің де мәселең шешімін табады.

«Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады». Аймақта     гидроэнергетикалық саясат шатқаяқтап тұр. Суды дұрыс бөлісіп, басқара алмағандықтан көп дүниеден ұтылып отырмыз. Мәселен, су-энергетикалық саясатындағы әріптестікке немқұрайлылықтың салдарынан Орта Азия елдері жылына 1,7 миллиард АҚШ долларынан айырылады. Яғни бұл аймақ елдері жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы. Орталық Азия су энергетикасының біртұтас саясатсыз проблеманы шеше алмайды. Бұл тек аталған елдердегі өзара әріптестік арқасында ғана қол жететін дүние. Қазіргі кезде бұл мәселе пісіп жетілді. Су мәселесін шешетін де кезең жетті.

Өзбекстан басшысы, Қырғызстан басшысы ауысты. Орталық Азия басшыларының бір-бірімен байланысы артып, біраз проблемалар шешілді. Енді аймақ басшылары зардабы ауыр болатын су проблемасын жедел бірігіп, ақылдаса отырып қолға алуы тиіс. Әйтпесе, көп дүниеден кеш қаламыз.

 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, журналист

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ
05 ақпан 2019
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ

Н.Назарбаев: Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске өтініш білдіруіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданыпты. Соның  22-сін Президент жөнелтіпті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым»,-дейді Н.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінде қоғамды сайлау мәселесі мен транзит жайы қызықтыратынан тоқталған ол: «Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек»,-деді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдағаны туралы Кеңестің сайтында ақпарат шыққан болатын. Онда «2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», -деп жазылған еді хабарламада.

 

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.