Валюта бағамы
  • USD -

    511.9
  • EUR -

    596
  • RUB -

    6.51
Мұсылмандар үшін қасиетті ай –  Рамазан басталды
11 наурыз 2024
Мұсылмандар үшін қасиетті ай –  Рамазан басталды

Осыған орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі бүкіл мұсылман қауымды құттықтады. 

«Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!», - деп жазылған Президент құттықтауында.

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын деп басталады Бас мүфтидің құттықтауы.

 «Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан — он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабыр, қайырымдылық, мейірім, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл — Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: „Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!“ — деп дұға еткен. Сауап еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала  „Ораза — тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін“ деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Демек шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады», — дейді бас мүфти.

Ораза — күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза — рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.

Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге «мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый — жәннат.

Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да — үлкен сауап.

RELATED NEWS
 Рамазан айы 1 наурызда басталады
30 қаңтар 2025
Рамазан айы 1 наурызда басталады

Биыл Рамазан айы 1 наурыз күні басталып, 29 наурыз күні аяқталады. 30 наурыз күні елімізде Ораза айт басталады, деп хабарлайды Ulys muftyat.kz сілтеме жасап.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 2025 жылдың діни мереке күндерінің кестесіне сай, биыл ораза 1 наурыз басталады. Қасиетті Қадір түні наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні болады.

30 наурыз күні елімізде Ораза айт басталып, үш күн жалғасады. Құрбан айт 6 маусымда басталып, 8 маусымда бітеді. Егер 6-маусым жұмыс күніне тұспа-тұс келсе, онда қазақстандықтар бір күн демалады.

Димаш  Діндер съезінің  елшісі болды
08 қазан 2024
Димаш Діндер съезінің елшісі болды

Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulys.

Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында съездің Ізгі ниет елшісі лауазымына 5 адам ұсынылды. Осы бес адамның ішінде әнші Димаш Құдайберген де бар. 

Діни рәсім бойынша жасалған некенің Қазақстанда  күші жоқ - министрлік
31 қазан 2024
Діни рәсім бойынша жасалған некенің Қазақстанда күші жоқ - министрлік

ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли діни неке мен заңды некенің айырмашылығын айтты, деп хабарлайды Ulys.

Діни рәсімдер бойынша жасалған некенің Қазақстан Республикасы аумағында заңды күші жоқ. Сәйкесінше мұндай неке құқықтық реттеу тетіктерімен қорғалмайды. «Сожительство», яғни ері мен әйелдің заңды некеде тұрмастан бірге өмір сүруі де неке ретінде танылмайды. Заңды неке құзыретті мемлекеттік органда ресми тіркелуі тиіс», - дейді ол.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.