2023 жылдың 11 желтоқсанынан басталған Маңғыстау облысындағы West Oil Software жұмысшыларының ереуілі жалғасуда. Компания басшылығы мен ҚазМұнайГаз басшыларының түсініктемелері нәтиже берген жоқ. Екі тараптың да өздерінің айтатын уәждері бар. Біз бұл туралы бірнеше ақпарат берген болатынбыз. Осыған орай Ulys тілшісі ҚР Кәсіподақтар федерациясына хабарласып аталған оқиғаға қатысты және жалпы еңбек дауын реттеудегі федерацияның рөліне қатысты бір пара сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Кәсіподақтар федерациясының талдауы көрсеткендей, барлық аймақтағы еңбек дауының себептері бірдей болатын көрінеді. Көпшілігінде жүйелік проблемалардың болуын көрсетеді, атап айтқанда табыс деңгейінің төмендігі, жұмысшылардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы, көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда лайықты еңбек жағдайларының болмауы.
«Маңғыстау облысы еңбек дауы ең ушыққан аймақ болып қала береді. Онда 46 еңбек дауы тіркелді бұл жалпы еңбек дауыының 55% құрайды. Бұл ретте ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардағы еңбек дауы 65% төмендеді»,- дейді Кәсіподақтар федерациясы.
Өңірлердегі еңбек дауын алдын алу мақсатында федерация 2023 жылы 477 еңбек консультациясын, 126 оқыту семинарын өткізілген. Тек Маңғыстау облысында әлеуметтік серіктестердің қатысуымен 19 оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 1090 адам қатысқан
«Өңірлерде әлеуметтік шиеленістер мен ықтимал еңбек дауын алдын алу үшін жұмыс берушілермен де, қызметкерлермен де келіссөздер жүргізу үшін азаматтық ұстанымы бар беделді адамдар пулын жасақтау бойынша «Еңбек елшісі» институты енгізіледі. Өткен жылы «Еңбек кеңестері» акциясы кеңінен таралды. Федерация еңбек дауларыналдын алу және оны шешу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруға әлеуметтік топтармен бірлесіп жұмыстарды жасауды жалғастыратын болады», - деді ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.



