Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұловқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Антикор хабарлады.
Ол футболшының еңбек шартына бонус беру сылтауымен 5,5 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Transparency International «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» халықаралық рейтингінде 2024 жылы Қазақстан нәтижелерін тағы да жақсартты, деп хабарлайды Ulys Антикорға сілтеме жасап.
Әлем бойынша орташа балл – 43, ал «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» аймағында (19 ел) 35 болды.
Қазақстан рейтингінің 2016 жылдан бастап айтарлықтай өскен ел ретінде атап өтілді – 11 баллға (29 баллдан) өсу.
«Орталық Азия өңірі елдерінің ішінде Қазақстан ең жоғары позицияны иеленеді және рейтингті жақсартқан жалғыз ел болып саналады. Индексте Қазақстаннан кейін Үндістан (38), Индонезия (37), Аргентина (37), Сербия (35), Украина (35), Бразилия (34), Таиланд (34), Түркия (34), Беларусь (33), Ресей (22) және т.б. елдер орналасқан. Жемқорлықты қабылдау индексі Қазақстанның рейтингін шығару үшін 9 түрлі ұйымның деректері пайдаланылған композиттік индекс болып саналады. Рейтинг мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың сараптамалық және бизнес-бағалауларына негізделген», - делінген Антикор хабарламасында.
Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulys.
«Біз оның Қазақстанда емес екенін білеміз. Тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Ол Қазақстанда емес. Оны іздеу және елге қайтару бойынша шаралар жүріп жатыр. Іздеу шаралары барлық елді қамтиды, оған мемлекетаралық іздеу жарияланған», - деді Құрақбаев Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Естеріңізге салайық, наурыз айының басында 69 жастағы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланды. Оны іздеуге прокуратура бастамашы болған, ал іздеу шараларын Антикор жүргізеді.
Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulys.
Қаржы мониторингі агенттігі Барменқұловқа, сондай-ақ федерацияның бірқатар бұрынғы қызметкерлеріне қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Барменқұлов 2021-2024 жылдар аралығында ҚФФ басшысы қызметін атқарған.19 қарашада ұйымның кезектен тыс отырысында ол қызметінен кетті.
БАҚ тарапынан келіп түскен сұраныстарға байланысты, ҚМА Қазақстан футбол федерациясының бұрыңғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын растайды,- делінген Қаржы мониторингі агенттігі хабарламасында.
