Валюта бағамы
  • USD -

    511.5
  • EUR -

    595
  • RUB -

    6.55
Елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі
03 сәуір 2024
Елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі

ТЖМ дағдарыс орталығында вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен кеңес өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.

3 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде 1 364 жеке меншік тұрғын үйді су басқан. Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде. 

Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады.

Облыстағы су айдындарында мұз кептелісін болдырмау үшін мұз жару жұмыстары жүргізілуде.

Су тасқынына қатысты ахуалды бағалау үшін 1-3 сәуір аралығында вице-премьер  мен төтенше жағдайлар министрі Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағын әуеден барлады.

Бүгін Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының аумағы зерттеді, сондай-ақ Преображенский су торабына барды.

Қазіргі уақытта облыста қар жамылғысы шамамен 76% құрайды. ТЖМ күштері мен құралдарын Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының, Көкшетау және Қосшы қалаларының 17 елді мекеніне бөлу ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының аумағында қар жамылғысы шамамен 34% құрайды. Облыста алдын алу іс-шаралары, оның ішінде жағалауды нығайту жұмыстары және қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 700-ге жуық адам және 118 бірлік техника жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақты. 

Қостанай облысы бойынша қар жамылғысы шамамен 71%. 75 тұрғын үй мен 38 аула аумағын су басқан. Аталған елді мекендерге ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан барған қосымша күштері мен құралдары тартылды, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қазір Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұрақталды. Жангелді ауданында жағдай әлі күрделі. Әкімдік барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Өңірлерде шығынды бағалау бойынша жұмыстар басталды. Тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Алдағы күндері еліміз бойынша жауын-шашын және температуралық фонның күрт көтерілуі күтілуде, бұл қардың қарқынды еруіне әкеледі. 

Кеңес қорытындысы бойынша Республикалық штаб басшысының орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су басқан аймақтардан адамдарды алдын ала эвакуациялау және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырмалар берді.

RELATED NEWS
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы
03 сәуір 2024
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы

Елімізде жыл сайын көктем келе салысымен су тасқынымен күрес жұмыстары басталады. Су шаруашылығының маманы, гидротехник Аманбек Рамазанов мұндайға жол бермеу үшін ерте қам жасап, арналар мен қоймалардың дұрыс жөнделу жауапкершілігін заңнама арқылы меншік иесіне жүктеу қажеттігін айтады.

«Су тасқынына дайындықты ауыл шаруашылығында суару маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастаған жөн болды», - деді су маманы.

Оның айтуынша, бұрын әр облыста су шаруашылығы басқармасы және ірі шаруа қожалықтары болды. Мұнан бөлек, жылжымалы механикаландырылған лектер қызмет көрсетті. Олар каналдардың арнасын тазарту, су тығыздағыштарды, бөгеттерді жөндеу жұмыстарын күзде, тіпті жаздың соңында бастап кететін. Қазір осы тәртіпті қолға алу қажет.

«Әкімдіктер жылыту маусымы аяқтала салысымен келесі жылыту маусымына дайындықты бірден бастап кетеді. Яғни, олар келесі жылыту маусымына дайындықты күзде емес көктемде, ағымдағы жылдың жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қолға алады. Дәл солай су тасқынына дайындықты суару маусымынан кейін бірден бастау керек. Әрине, мұны айту оңай, ал жасау  өте қиын екені түсінікті», - деді Аманбек Рамазанов.

Осы орайда гидротехник мұндай жағдайда каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды кім ретке келтіруі тиістігіне тоқталды.

«Меніңше, мұны мемлекеттік немесе жеке меншікте болғанына қарамастан құрылыс нысандарының иелері істеуі керек. Бұл міндеттер заңмен белгіленуі тиіс. Қазір қолданыстағы заңдарда мұндай міндеттер көзделмеген, жоқ. Ал ол жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігі заң жүзінде Су ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі қажет. Сонымен қатар мұндай міндеттерді бассейндік кеңестерге де жүктеуге болады. солай болған жағдайда аталған кеңестердің рөлі мен құрамы заңмен күшейтілуі керек. Осы шаралар қолға алынған жағдайда жұртшылық шешім қабылдауға қатысуға және осы жұмыстардың орындалуын бақылауға мүмкіндік алады. Бұл көптеген дамыған елдерде бар тәжірибе», - деді ол.

Су маманы соңғы жылдары климат өзгеріп, ауа температурасы жылып келе жатқандығына назар аудартып, соның салдарынан туындайтын қиындықтарға қарсы тұруды үйрену қажеттігін баса айтады.

«Ол үшін «Азаматтық қорғау туралы» Заңда қазіргідей төтенше жағдайлар мен оның салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды ғана емес, олардың алдын алуды да көздеу қажет. Сонымен қатар, бұл жоспарлауға тек Төтенше жағдайлар министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер, Қазгидромет қатысуы тиіс»,-  деді гидротехник.

Қазақстанның 10 облысы су астында қалды: Тоқаев үндеу жасады
06 сәуір 2024
Қазақстанның 10 облысы су астында қалды: Тоқаев үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Ulys үндеудің толық мәтінін жариялайды.

***

Құрметті отандастар!

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.

Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.

Алматы облысында жер сілкінді
06 мамыр 2024
Алматы облысында жер сілкінді

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісі таңғы 09:12 кезінде жер сілкінісін тіркеді.

Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 194 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы — 11.2.

MPV Магнитудасы — 5.7. 

Жер сілкінісінің координаттары — 42,73° с. б. 79,21° ш. б.

Тереңдігі — 10 шақырым.

Жер дүмпуі Кеген ауданында 2 балл көлемінде сезілген.  

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.