Валюта бағамы
  • USD -

    511.5
  • EUR -

    595
  • RUB -

    6.55
Биыл Қазақстандағы егіс алқабы қысқарады
26 наурыз 2024
Биыл Қазақстандағы егіс алқабы қысқарады

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн га құрайтынын, бидайға 429,2 мың га қысқартумен 13,3 млн га жер бөлінетінін айтты. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделуде. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемін 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн гектарға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың гектарға дейін жеткізу күтілуде.

Дәнді, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың жоспарланған көлемі ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарының ауданы 3,2 млн гектарға дейін ұлғаяды. Егіс жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында басталып, мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай науқан басталады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-мен литрі 250 теңге. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.

Сондай-ақ егіс жұмыстарының басталуы және өз болжамдары туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндады.

Премьер-Министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Олжас Бектенов суармалы алқаптарды кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді өзектендіру керек екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады. Сондай-ақ Премьер-Министр бүгінде елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті екенін, импортқа тәуелділік бар екенін атап өтті. Әсіресе, бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр.

«Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып, шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе. Бізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Биыл Қазақстанда топыраққа 1,5 млн тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа тетігін әзірледі, оның аясында шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштар алдын ала берілетін болады. Тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен бөліп-бөліп беру мәселесі зауыттармен пысықталуда. Олжас Бектенов Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы туралы мәселе көтерілді: қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан асады. Премьер-Министр қазақстандық диқандардың жаңа техниканы сатып алуын  жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажеттігін атап өтті. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс. Олжас Бектенов бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.

Үкімет басшысы қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары шеңберінде жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етсін.

Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі 1-ші мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөлсін. Оның түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшерлеме 5%-дан аспауға тиіс.

Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1-ші маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс.

RELATED NEWS
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды
28 сәуір 2025
Ақордада Қонаев және Алатау қалаларын дамыту мәселелері айтылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысының 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 Марат Сұлтанғазиев экономиканың негізгі секторларында өсім байқалатынын баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгені, ауыл шаруашылығы өнімі 97,4 миллиард теңгені құраған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Президентке жыл басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасының іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Оның ішінде «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзеніндегі шағын ГЭС каскадының құрылыстары сияқты ауқымды жобалар бар. Жалпы, өңірде құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 36 776 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысына Қонаев және Алатау қалаларын дамыту барысы жөнінде айтылды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, облыс орталығында «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер жасау және көлік-инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. 2025-2027 жылдары 91 оқу ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға қатысты барлық белгіленген мақсаттарды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызын атап өтті. Президент индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ коммуналдық және елді мекендердегі жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.

Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек
12 сәуір 2025
Қазақстанның үш қаласына ерекше мәртебе берілмек

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Астана, Алматы, Қарағанды «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді, деп хабарлайды Бұл туралы СІМ хабарлады.

Кездесуде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМД ұйымын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер
30 қыркүйек 2024
Тоқаев: Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент өз сөзінде бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық жағдайында дипломатия шешуші рөлге ие болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Геосаясат пен геоэкономикадағы түбегейлі өзгерістер, жаһандық деңгейдегі климаттық және демографиялық сын-қатерлер, пандемияның жаңа қаупі, қарулану бәсекесінің өрши түсуі, технологиялық прогресс, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу жағдайында стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму мәселелері баршамыз үшін өзекті бола түсті. Бұдан шығатын қорытынды анық: халықаралық қоғамдастық сындарлы диалогқа тың серпін беруі үшін күн тәртібіне оң өзгеріс жасауы қажет. Сондықтан біртұтас еуразиялық қауіпсіздік идеясы көпполярлы, әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыруға тұжырымдамалық негіз бола алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пленарлық отырыста Ресей Президентінің көмекшісі Владимир Мединский конференция қатысушыларына Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов оқу орнының 80 жылдығына орай осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда
– Біз конференция тақырыбын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Мұның аясында экономика және қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың дәстүрлі мәселелері климаттық күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлермен, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде энергетика және көлік инфрақұрылымын дамытудың жай-жапсарымен бірге қаралды, – деді Анатолий Торкунов.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына қатысты.
Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті ғалымдары, дипломатиялық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, саясаттанушылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.